Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 сәуір, 2020415

Кино шолу: «ВА-БАНК» фильмі туралы

Отандық кинематографиямызда банк жүйесі туралы тағы бір комедиялық фильм түсірілген болатын. Бұл жолғы картинаны танымал актриса, белгілі кинопродюсер Құралай Анарбекованың шығармашылық тобы  ұсынды. Алишер Утев режиссерлік еткен картина халықты несімен жаулап алды? Фильмде қандай артықшылықтар мен кемшіл тұстар кездеседі? Оны бірге анықтап көрелік. 

Фильм желісі бойынша банк қызметкері Марат 10 жыл бойы өз жұмысына адал қызмет етіп, банк жүйесіне өзін толығымен арнайды. Күтпеген жерден жұмысында жаңа бастық ауысып, оны бірнеше саты төменгі қызметке тағайындайды. Ал ол өз кезегінде  ипотекаға алынған тұрғын үйінен, көлігінен айырылып, ата- анасының сенімін ақтай алмайды. Бәрінен көңілі қалып, үміті ақталмаған Мараттың ойына банк жүйесінен, жаңа басшысынан кек алу келеді. Ол үшін оған өз досы әрі әріптесінен бөлек өзі секілді банк жүйесінен көңілі қалған жандар көмектесетінін түсінеді. Сол мақсатта ол әртүрлі жандардан құралған команда жинайды. Марат құраған кішігірім бандасында мектеп оқушысынан бастап зейнеткер қарияға дейін бар, тіпті сұлу лашмейкер бойжеткенге дейін банктік қызметті жек көреді. Әрқайсысының өз тарихы бар. Олардың барлығы қаржы жүйесіне алданып, дәрменсіз күйге түскен жандар. Ең бастысы, олар да Марат секілді банк қызметкерлерін жек көреді. Банкты тонамақ болған олар жоспар құрады. Бірақ сол жоспарды жүзеге асыру үшін көптеген қызық оқиғалар мен жағдайларға тап болады. 

 

Бастапқыда картинаның түсірілімдері Нұр-Сұлтан қаласында жүргізіледі деп жоспарланғанымен, бірақ кейіннен Алматы қаласына ауыстырылды. Фильмнің продюсері Құралай Анарбекова "Ва - Банк" бюджетін ашық айтпағанымен, бұл картина оған "Брат или брак" комедиясынан қымбат болғанын атап өтті. Продюсер әрі актриса фильмді түсіру үшін біраз шығындалғанын жеткізді, өйткені арнайы дәл осы туынды үшін көптеген локациялар құрастырылды, тіпті фильмді  түсіру үшін арнайы банк декорациялары да салынды. Картинаның мақсаты - әрбір адамда кездесетін проблемалар, әрбір жанның қазір несиелердің бар екенін, бірақ ең басты байлықтың – денсаулық пен отбасы, достар екенін көрсету. Ақша үшін қылмысқа бару дұрыс емес екенін экран арқылы, әзілдің көмегімен жеткізу. Қазір фильмнің толық нұсқасының көрсетілімі YouTube платформасында көрермендер үшін қолжетімді. Айта кеткен жөн, картина қазір Қазақстандағы YouTube - тегі тренд тізімінде 1- орында тұр. 

Фильмнің ең басты құралы картина сценарийінің қаншалықты  қызықты жазылғанында. Туындының сценарийі бойынша режиссер Алишер Утевпен бірге Сергей Литовченко 3 жыл бойы жұмыс жасаған көрінеді. Мүмкін, бұл уақыт оқиғаның ішіне толық енуге аз болып қалды ма, әлде керісінше тым ұзақ созылды ма кім білсін. Дегенмен, картинада біршама артық сахналар көп. Оқиға біраз созылып кеткендей болып көрінді. Сонымен қоса, кино барысында кей декорациялардың кішігірім шындыққа үйлеспей қалғанын да байқауға болады. 

"Ва-Банк" кинофильмінің басқа картиналарға қарағанда, бір артықшылығы туындыдағы жаңа тыныс, жаңа бейнелер. Ол кинодағы басты рөлдерді сомдайтын кейіпкерлердің әзірге көпке онша таныла қоймаған актерлердің таңдалғанында. Халықтың бір типті актерлерден жалыққанын сезген продюсер әрі актриса Құралай Анарбекова өз картинасында көпке аса таныс емес, дегенмен өте талантты актерлерді түсіргендігін айтып кетпесе болмас. Кинодағы басты рөлдердің бірін сомдайтын Нышанбек Жұбанаевтың бұл толық метражды екінші фильмі. Оған дейін актер «Қарлығаш ұя салғанда» сериалында бой көрсетіп үлгерген. Келесі басты рөл Нұркен Иманқұловқа бұйырған. Ол халық арасында біршама танымал жүргізуші, шоумен атанып кеткен. Алайда аталмыш картина оның кино саласындағы алғашқы еңбегі болды. Картинадағы тағы бір танымал актерлердің бірі – Ерлан Пірімбетов. Оның фильмографиясында еліміздегі алғашқы қара комедия саналатын «Жаным, ты не поверишь!» фильмі бар, сондай-ақ Ерланды актриса Құралай Анарбекованың продюсерлігімен түсірілген премьерасы 1 шілдеге жоспарланып отырған кезекті «ТойХана» атты жаңа фильмінен көре аламыз. Фильмнің келесі үздік актері Досжан Жанботаев. Ол бәрімізге белгілі танымал театр актері, бүгінде "Ва -Банк"  картинасынан бөлек "Қаламгер" туындысында да рөл сомдаған болатын. Фильм продюсері Құралай Анарбекованың айтуынша, картинадағы айтулы рөлді сомдаған, отандық киноиндустриямыздың болашақ жарық жұлдызы Димаш Жұматай. Ол бұған дейін бірнеше қазақстандық жобаларға түсіп үлгерген. Мысалы, “Қарлығаш ұя салғанда 1/2”, “Гудбай мой бай”, “Еңбекші”, “Кішкентай аю”, “Ералаш” сынды картиналарбар. Дариға Бадыкова да аталған фильмде бой көрсеткен еді. «Үздік әйел рөлі» атағын алған актриса бұған дейін біршама: «Келінжан», «Ата- ана. Бала-шаға», «Бизнес по-казахски в Корее», «Бизнес по-казахски в Америке», «Бизнес по-казахски в Африке»,  «Гудбай, мой бай 1/2» сынды фильмдерге түскен болатын. Қарап отырсаңыз, таңдалып алынған құрам жалпы актерлер деңгейі жақсы. Бірақ, басты рөлге ұсынылған  Нышанбек Жұбанаевтың дайындығы аз болды ма әйтеуір берілген рөлге толыққанды кіре алды деу біршама қиындау. Көрермен біраз сеніңкіремей қалған секілді. Бірақ Ерлан Пірімбетовтің кейіпкері халықты біраз күлкіге қарық қылып, өзіне көрерменді баурап алғаны рас. Шын мәнінде, оның рөлі бұған дейінгі түскен «Жаным, ты не поверишь!» фильміндегі кейіпкерінен мүлде басқа, жаңаша образ. Оны көрсеткен эмоциялары мен айтатын әзілдерінің барлығы дәл осындай жанрдағы фильмдерге дәл келетіндей. Айтпақшы, әзіл деп қалдық. Оған тоқталмасқа болмас па. Комедиялық жанрда әзілдер екі топқа бөлінеді: ұзақ жасайтын және бір мезеттік. Біреуі есіңде көп уақытқа дейін сақталып, келесісін керісінше кино біткеннен кейін ұмытып кетесін. Өкінішке орай, есіңде қалатын әзілдер картинада тым аз. Есесіне, ұсақ әзілдер көрсетілім барысында көрерменге жақсы эмоциялар сыйлап, көтеріңкі көңіл-күй бере алады. Айта кететін тағы бір сәт, фильмдегі жалғыз зұлым адамның рөлін сомдаған Абильмансур Сериковтың көрсеткен ойынын да айта кеткен жөн. Актер көбіне тарихи фильмдерде жиі түскендіктен, көп көрермен оны бұл картинада тани қоймас. Барлық актерлердің потенциалы мен деңгейіне қарап отырып, барлығы бірлесіп жақсы дүние шығарғаны көрініп- ақ тұр.

Картинадағы музыкалық туындыларға келер болсақ. Кинофильммен жұмыс істеген музыкалық мамандар керекті музыка мен әуендерді қажетті деңгейінде, ешқандай артықшылықсыз қоса білген. Мәселен, кино сүйер қауым "Ва -Банк"  картинасынан Ирина Кайратовна - Кеттік, Darkhan Juz – Құралай, Darkhan Juz – Былығып, Өктем Алтаев – Ақ сәулем, АБК – Тамшылар, Ерболат Құдайбергенов – Бойжеткен сынды әсем әуендерді тыңдай алады.

Қазіргі таңда фильмнің сапалы толық нұсқасы интернет желілерінде 3 миллионнан астам қаралым жинаған. Қалдырылған пікірлерге қарағанда, фильм киносүйер қауымның көңілінен шығып жатқанға ұқсайды. Әлбетте, фильм сапалы түсірілген, айтар ойы да бар делік. Дегенмен, біздің отандық кино мамандарымыз бұдан да жоғары әрі берер мағынасы мен көрсетер жүйелі хикаясы бар картиналарды түсіре беруден жалықпаса деген ниет бар. 

 

 

 

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  кадрдан алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы