Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 тамыз, 2020535

Киносыншы таңдауы

48 Hour Film Race Қазақстан киносыншылары қауымдастығының мүшесі, киносыншы Дмитрий Мостовойдан соңғы елу жылдың әр онжылдығының бір-бір басты деген фильмін таңдауды өтінді. Олардың ішінде отандық киноның классикасы Шәкен Аймановтың «Тақиялы періште» картинасы бар.

Киносыншы бұл тізімге 1968 жылы режиссер Шәкен Айманов түсірген «Тақиялы періште» комедиялық кинолентасын, 1988 жылы режиссер Рашид Нұғмановтың түсірген «Игла» драмасын, 1994 жылы түсірілген режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың «Жизнеописание юного аккордеониста» комедиялық драмасын, 2008 жылы Сергей Дворцевой түсірген «Тюльпан» картинасы мен 2014 жылы режиссер Әділхан Ержанов түсірген «Хозяева» көркем фильмдерін енгізді. Дмитрий Мостовойдың пірікінше, бұл туындылар қазақстандық кинематографты бейнелеп, оған ғашық болуға баулиды.

Енді әр фильм сюжетіне тоқталып өтсек.

«Тақиялы періште»

Бұл фильм айтпаса да түсінікті, отандық кинематографтың классикасы. Аға буын ғана емес, қазіргі ұрпақ та сүйіп көретін фильмдердің бірі. Фильмнің бас кейіпкері батыр денелі әрі періштедей мінезді Тайлақ - география пәнінің мұғалімі. Ақкөңіл әрі жайдары жігіттің әлі басы бос. Бұл оны қатты жақсы көретін анасы Танаға маза бермейді. Содан ол ұлына қалыңдық іздеуге кіріседі. Іздестіру үрдісі барысында Тайлақтың анасы Нияз есімді ер адаммен танысады. Ол өз кезегінде беймаза анаға көңіл білдіре бастайды. Осы кезде Тайлақтың өзі Айша есімді қызбен танысады, алайда анасы ұлының таңдауына разы болмайды. Себебі қыздың әкесіне деген ескі реніші бар. Дей тұрғанмен фильм соңы екі қос жұптың тойымен аяқталады.

«Тақиялы періште - бұл жеңіл әрі көңілді музыкалық комедия. 1968 жылы «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілген картина Орта Азия кинематографшылары арасындағы байқауда дипломға ие болған. Фильмде жас Алма-Ата қаласының әдемі көріністері көрсетілген. Барлық кейіпкерлер ұлттық киім киіп, әдемі әуендер ойналады. Картинадағы барлық музыкалық композицияларды Леонид Гайдай фильмдерінің музыкасын жасаған композитор А.Зацепин жазды. Фильмдегі бас рөлдерді актриса Әмина Өмірзақова мен актер Әлімғазы Райымбеков сомдады. Сонымен қатар кинолентада актерлер Юрий Саранцев, Әубәкір Ысмаилов, Шолпай Алтайбаев және КСРО Халық әртістері Ермек Серкебаев пен Бибигүл Төлегеновалар өнер көрсетті.

«Игла»

Бұл танымал кеңестік әнші Виктор Цойдың қатысуымен Казақстанда түсірілген атақты картиналардың бірі. Сюжет желісі бойынша бас кейіпкер Моро Алма-Атаға оралып, өзінен қарыз алған танысынан ақша қайтарып алмақ болады. Тұратын жері болмаған соң, бұрынғы құрбысы Динаға баруға мәжбүр болады. Бірақ қыз есірткі сату бизнесіне белшеден батып, өзі де түрлі заттарды қолданып жүр. Жігіт оны бұл былықтан алып шығып, теңізге апарып емдегісі келеді. Теңіз жағасында Дина шипа тауып, қайта өмірге оралады. Барлығы түзелгендей болады, алайда үйге оралған соң қыз бұл кәсіпке қайта тартылады. Мороға бұл ұнамайды. Ол барлық прблемалардан құтылып, тауарды әкелетіндердің көзін жоймақшы болады. Бірақ әділдікті іздеу жолында оған талай кедергілер кездеседі.

Фильмде Виктор Цойдан бөлек «Звуки Му» тобының вокалисі әрі актер Петр Мамонов пен Александр Башировтер рөлдер сомдады. Картинада оның бас кейіпкерінің рөлін орындаған атақты әншінің әндері қолданылған. Сондықтан «Кино» тобы фильм үшін бірнеше саундтрек жазды. Картина 1988 жылы «Золодой Дюк» кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» байқауында киноклубтар жүлдесіне ие болды. 1989 жылы фильм Берлин Халықаралық кинофестиваліне қатысты, ал 1990 жылы кинолента Нюрнбергте өткен Халықаралық кинофестивалінің бас жүлдесін жеңіп алды.

«Жизнеописание юного аккордиониста»

Бұл тағдыр тәлкегімен ауыр өмірлік жағдайға тап болған жас аккордеоншы жігіт жайындағы хикая. Фильмде баланың ішкі сезімдері: әсерге бөлінуі мен өкініші, алғашқы махаббаты мен өмірдің ауыр сынақтарымен кездесуі суреттеледі. Оқиғалар әскери жылдардан кейін Қазақстанның оңтүстігінде орналасқан кеншілер ауылында өрбиді. Жігіттің әкесі осыдан екі жыл бұрын аш жапондық тұтқындарды қонаққа шақырғаны үшін жазаға тартылып, екі жыл түрмеде отырып шықты. Алайда өкініштер мен күнделікті күрестерге қарамастан, кішкентай Ескіннің керемет өнері бар – ол аккордеонда ойнай алады.

Картинада актерлер Дәулет Таниев, Петя Хайтович, Бақытжан Әлпейісов, Ақан Сатаевтер рөлдер сомдайды. Ал, фильмдегі бас әйел рөлі актриса Райхан Айтқожановаға тиесілі. Ол көрермендерге «Сказ о розовом зайце», «Абай», «Қош бол, Гүлсары!» сияқты фильмдер арқылы танымал. Кинолента 1994 жылы ІІІ Бүкілресейлік «Киношок» кинофестивалінде «Адамгершілік пен мейірімділік» үшін жүлдесіне, Еуропаның Халықаралық кино конфедерациясының «Авторлық кино үшін» арнайы сыйлығы мен Берлинде өткен Халықаралық кинофестивалінің қазылар алқасының арнайы сыйлығына ие болған. Ал 1995 жылы картина Рига қаласындағы «Арсенал» Халықаралық кинофестивалінің Гран-приін жеңіп алды.

«Тюльпан»

Әскери теңіз флотында отандық борышын ақтаған Аса есімді жас жігіт әпкесі мен оның бақташы күйеуі тұрып жатқан қазақ даласына оралады. Жергілікті жас адамдардың басым көпшілігі сияқты емес, Аса туған өлкесін тастап кеткісі келмейді. Осында қалып, бақташы болуды армандайды. Алайда бұл арманы оның қалыңдық тауып үйленбегенінше, жүзеге аса қоймайды. Жігіттің жақын досы мен жездесі көршінің Тюльпан есімді қызына оны үйлендірмек болады. Бірақ қыз қалаға кетіп, білім алғысы келеді әрі Асаны жақсы көрмейтінін білдіреді. Қыздың жауап бермегеніне қарамастан, жас жігіт бір жақсылықтың болатынына сенеді.

«Тюльпан» картинасы бірнеше елдің бірігіп түсірген туындысы. Алайда барлық түсірілімдер Қазақстан аумағында жүргізілді. Фильмдегі рөлдерді отандық актерлер Асхат Күшіншіреков, Самал Еслямова, Оңдасын Бесікбасов, Төлепберген Байсақалов және Береке Тұрғанбаевтер сомдады.

«Тюльпан» талай халықаралық кинофестивальдерде жеңімпаз атанған. 2008 жылы фильм Канн кинофестивалінің «Ерекше көзқарас» байқауының Гран-приін алды. Сондай-ақ картина Карловы Вары фестивалінде жүлдеге, Рекьявик фестивалінде Гран-приге, Цюрихте үздік көркем фильм және Монреальдегі Жаңа кино фестивалінде бас жүлдеге ие болған.

«Хозяева»

Фильм марқұм болған анасынан қалған үйді қорғап қалуға тырысқан әпкелі-інілі жандар жайында баяндайды. Алайда жергілікті жердің әкімінің туысы заңсыз жолмен болса да, баспанаға ие болып қалғысы келеді.

Картинадағы кейіпкерлерді актерлер Ерболат Ержанов, Айдын Сахаман мен Әлия Зайналовалар сомдайды. «Хозяева» кинолентасының әлемдік премьерасы Канн кинофестивалінде өткен еді. Сондай-ақ туынды Словакия, Польша, Сингапур, Оңтүстік Корея, Голландия, Ресей, Канада, Франция елдерінде өткен кинофестивальдерге қатысты. Сонымен қатар «Хозяева» Asia Pacific Screen Awards сыйлығына үміткер де атанған.

Айта кетейік, жоғарыда аталған 48 Hour Film Race – бұл Қазақстанда АҚШ-тың дипломатиялық миссиясының қолдауымен 2015 жылдан бері өткізіліп келе жатқан байқау. Алғашында бұл республикалық жоба еді, ал 2018 жылдан бері байқауға Орталық Азияның 5 мемлекеті қатысып келеді. Бұл – Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан мен Түркменістан елдері. Байқау кәсіпқойлар, студенттер мен әуесқой режиссерлер үшін өткізіледі. Оның шарты бойынша катысушылар берілетін белгілі бір реквизиттер, кейіпкерлер мен фразалар арқылы 48 сағаттың ішінде қысқаметражды фильм түсіруі тиіс. Биыл байқауды өткізу мерзімі індетке байланысты жаз маусымында шегерілген болатын. Алайда қай уақытта нақты өткізілетіні әзірге белгісіз.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы