Размер шрифта:

Цветовая схема:

11 қаңтар, 2021296

Кинотеатрлар 1 ақпаннан бастап жабылуы мүмкін

Прокатқа шығатын фильмдердің жоқтығынан отандық  кинотеатрлардың бір бөлігі жабылуы мүмкін. Бұл туралы Қазақстан кинотеатрлар иегерлері қауымдастығының президенті Мунира Ягудина мәлім етті.  

Бірлестікте таяуда кинотеатрларды жабу туралы мәселе қаралған. Бұл бастамаға голливудтық және отандық фильмдердің шығу мерзімінің кейінгіге шегерілуі себеп болып отыр. Қауымдастық басшысының айтуынша, бүгінде елде 70-ке жуық кинотеатр жұмыс істеп тұр. Олардың 32-сі  қауымдастыққа мүше. Демек, ақпаннан бастап Қазақстандағы кинотеатрлардың жартысына жуығы біразға дейін жұмысын тоқтататын болады.  

«Көптеген голливудтық студиялар биылғы қыс пен көктемге жоспарлаған фильмдерінің премьераларын пандемияның салдарынан 2021 жылдың күзіне ауыстырды. Сондықтан жуық арада көрсететін ештеңе болмайды деген сөз. Қазақстандық продюсерлер де картиналарының премьераларын кейінгі мерзімге шегеріп отыр», - деп атап өтті ол.

Осы күні көрермендердің голливудтық фильмдермен қатар отандық өнімге де қызығушылықтары жоғары. Қауымдастық президентінің хабарлауынша, бүгінде прокатқа 16 қазақстандық картина дайын тұр, бірақ продюсерлер оларды көрсетуге құлықсыз. Прокаттың бос қалмауын ресейлік фильмдер ғана құтқарып отырған көрінеді, алайда отандық көрермендер тарапынан оларға деген сұраныс бұрынғыға қарағанда әлдеқайда төмен екен.  

«Ресейлік көршілеріміз киноны асқан қызығушылықпен түсіріп, оларды прокатта көрсетіп жүр. Алайда, өкінішке қарай, біздің қазақстандық көрермен ресейлік киноны көруге асық емес. Бірақ Ресейлік әріптестер өздерінің фильмдерін біздің прокатқа қуана береді. Ресейлік кино бұрынғыдай секілді үлкен танымалдыққа ие емес», - деді Мунира Ягудина.  

Қазақстан кинотеатрлар иегерлері қауымдастығы басшысының айтуынша, қазіргі таңда кинотеатрларды 1 ақпаннан бастап үш айлық мерзімге жабу туралы мәселе талқылану үстінде. Мамыр айының басында бірқатар голливудтық картинаның премьерасы жоспарланып отыр. Сондықтан кинотеатрлар иегерлері ол уақытқа дейін қажетті фильмдер көлемі артып, жұмысты жандандыруға болады деп үміттенеді.

Қауымдастықтың бұл шешіміне Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының президенті Ақан Сатаев те үн қосты.

«Құрметті достар, жақында Қазақстан кинотеатрларының Альянсы осы жылдың 1 ақпанынан бастап (3-5 айға) еліміз бойынша бүкіл залдарын жабуға мәжбүр болғандықтарын мәлімдеді. Әрине, бұл біздің барлық әріптестеріміз үшін және жалпы біздің киноиндустрия үшін ортақ, күрделі мәселе – біз фильмдерімізді прокатқа шығару және үлкен экранда көрсету мүмкіндігімізден айырыламыз. Бұл өте қиын жағдай... себептері де анық... бірақ әр мәселенің шешімін табуға болатынын білеміз... Осы қиын кезеңнен бірге өтіп, үлкен экраннан Киноларымызды тамашалайтын уақыт келеріне сенемін және үміттенемін», - деп жазды режиссер өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Айта кетейік, Қазақстан кинотеатрлар иегерлері қауымдастығы өткен жылдың маусым айында құрылған болатын. Оның құрамына Қазақстанның 14 қаласынан барлығы 32 кинотеатр мүше болып отыр.  

Ал, отандық киносүйер қауым әзірге прокатта «Жаңа жылдық кездесу, «Хочу к маме, или Новый год в Жалпақсае», «Папа поневоле», «Базар жоқ, Мексика!», «Любовь на миллион» сияқты бірқатар қазақстандық  комедияны тамашалай алады.   

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  pixabay.com

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы