Размер шрифта:

Цветовая схема:

31 наурыз, 2020743

Кітап желісі бойынша түсірілген 7 фильм

Егер кітап оқып кейіпкердлеріңізді өздеріңізше елестетсеңіз, енді олардың экрандағы образдарымен де таныс болыңыздар. Назарларыңызға отандық  шығармалар негізінде түсірілген фильмдер топтамасын ұсынамыз.

«Абай»

Эпикалық драма көркем сөз шебері, қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясы желісімен түсірілген. Фильм 1995 жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 150 жылдығына арналып шығарылған. Кинокартина ұлы ақынның  өмірі мен шығармашылығы, махаббаты жайынан сыр шертеді. Кинотуындыда сонымен қатар, қазақтың ұлы даласы, тұрмысы, рулар мен Абайдың жастық шағы өткен ортадағы адами қарым-қатынастар  суретеледі. Фильмнің бас рөлдерін: Абайды – Ғабиден Тұрықбаев, Құнанбайды – Тұңғышбай Жаманқұлов сомдайды. Екі бөлімнен тұратын фильмге  Ардақ Әмірқұлов режиссерлік етті. 

«Артымызда Москва»

1967 жылы жарыққа шыққан бұл көркем фильм Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы, атақты жазушы Бауыржан Момышұлының кітабы мен жинақтаған деректері негізінде түсірілген. Фильм «Қазақфильм» киностудиясының төл туындысы. Картина 1941 жылы Мәскеу түбіндегі волоколам бағытында шайқасып, фашистерді тоқтатып, оларға қарсы шабуыл бастаған атақты Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің ерен ерлігіне арналады. Фильмнің түсірілім жұмыстары Мәскеу түбінде және Белорусияда жүргізілді. Кинокартина режиссері - Мәжіт Бегалин.  

«Көшпенділер»

Қазақ-француз кинематографистерінің бірлесіп түсірген туындысы Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының екінші кітабы негізінде түсірілген. 2005 жылы жарық көрген картина идеясының авторы – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Шынайы махаббатқа, адал достыққа, отанға деген сүйіспеншілікке толы фильм ХVІІІ ғасырда болған шынайы тарихи оқиғалардан тұрады. Туынды сюжетінің негізіне – үш жүздің басын біріктірген қазақ халқының атақты ханы Абылайдың өмірі алынған.

«Менің атым Қожа»

Бұл фильмді көрмеген жан жоқ-ау. Балаларға арналған көркем туынды  1963 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Картина режиссері – Абдулла Қарсақбаев. Балалардың сүйіп көретін бұл картинасы жазушы Бердібек Соқпақбаевтың повесі бойынша таспаланған. Фильмнің премьерасы 1964 жылы Мәскеуде өтті. Сюжет білімге құштар, мейірімді, ашық әрі табанды мінезді 12 жастағы Қожа есімді қазақ баласының өмірін суреттейді. Түрлі қызықты, кейде тіпті ұятты жағдайларға тап болса да, оның бойынан көрермен ақыл мен парасатты, қиял мен тапқырлықты көріп, ерекше ықыласқа бөледі.   

«Көксерек»

Кинокартина - кішкентай ұл бала мен қасқырдың бөлтірігі арасындағы достығы жайындағы хикая. Бала мен қасқыр бірге тұрып, бірге ойнайды. Қасқыр мен адам – біріне-бірі дұшпан екендігіне қарамастан, бала жүрегі ересек өмірдің қаталдығы мен қатыгездігін қабылдағысы келмейді. Адамдар есейіп қалған аңды өлтірмек болғанда, бала досын еркіндікке қоя береді. Бірер жылдан соң олар қайта қауышады. Бұл көркем туынды Мұхтар Әуезовтың аттас «Көксерек»  шығармасы негізінде 1973 жылы түсірілген. Фильмге Толомуш Өкеев режиссерлік етті.

«Бойся, враг, девятого сына»

Бұл көркем фильм қазақ халқының ертегісі желісі бойынша түсірілген. Туынды жақсылыққа өктемдік етпек жамандықтың күші туралы суреттеледі. Ержан есімді табыншы өзінің сегіз ұлымен торуылға түседі. Тасбол атты сиқыршы оларды тірі қалдырмаймын деп отыр. Осы кезде әкесі мен ағаларын зұлымнан құтқаруға Ержанның кенже тоғызыншы ұлы Еркенже көмекке келеді. Жолда талай қиындыққа тап болса да, ержүректігінің арқасында жеңіске жетеді. Картина түсті форматта әрі «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен түсірілген.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр»

Бұл суретке салынып, 1967 жылы жарық көрген мультипликациялық туында да қазақ халық ертегісі негізінде түсірілген. Режиссері Әмен Хайдаров оны «Қазақфильм» киностудиясында таспалаған. Мультфильм қазақ және орыс тілдерінде дыбысталып жасалды.
Ерте заманда тауда құдыреті күшті айдаһар өмір сүрді. Уақыт өте келе қартайып, өзінің күшін жоғалта бастады. Осы кезде нөкерлері емші Түлкіні шақырады. Айдаһарды тексеріп болғаннан кейін емші оған құдіретін қайтаруға жаңа қанның көмектесетінін айтады. Барлық тірі жанды шағып, қайсысының қаны айдаһарға келетінін іздейтін Маса ақыры сәбидің қаны жарайтынын жеткізу үшін Айдаһарға бет алады. Осы кезде ұясы адамдардың жанында орналасқан Қарлығаш барлығын көріп, Масаны қуа жөнеледі. Масаны қуып жетіп, оны жұтып қояды. Айдаһар болса, Қарлығаштың соңына түсіп, құйлығының ортасын тістеп, жұлып алады. Қуғындау кезінде жардан құлап, ақыры өліп тынады. Ал, Қарлығаштың құйрығы мәңгілік айыр болып қалады.   

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы