Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 сәуір, 2020555

Кітаптың арғы жағында: Қаламгерлер жайындағы отандық туындылар

Кітап оқығанда, оның мазмұнына беріліп кететініміз соншалық, оны жазған адам жайында ойланбаймыз да. Алайда, кейде жазушының өмірі оның жазған хикаясынан әлдеқайда қызығырақ болады. Мысалы, қандай ортада өмір сүрді, білімі қандай, отбасы мен достары кім, тіпті, бізді соңғы бетіне дейін баурайтын бұл кітабын жазып жатқанда қандай сезімде болғаны қызықты емес пе?! Олай болса, біз рухани азық болған кітаптар мен шығармалардың авторлары, яғни қаламгерлердің өмірі жайында түсірілген бірнеше фильммен таныстырмақпыз. 

«Біржан сал»

Фото: kazakhfilmstudios.kz

Бұл картинаның сюжеті ХІХ ғасырда өмір сүрген әйгілі ақын, композитор әрі әнші болған Біржан Қожағұлұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертіп, Ләйлім есімді бойжеткенге деген пәк сезімі және ұмыт болған салт-дәстүрді көрсетеді. Тарихи-романтикалық драма ақынның соңғы жылдарын қамтиды. Фильмде сонымен қатар, басты кейіпкер намыс пен бойсұну, абырой мен қорлықты бастан өткереді. 

Тарихи кинолентамен жұмыс істегенде авторлардың сол заманның көрінісін экран арқылы жеткізу үшін егжей-тегжейлі дайындалғанын көрсетеді. Мұрағатты пайдалану арқылы фильмде ХІХ ғасырдың тұрмыс-тіршілігі, адамдардың сөйлеу мәнері мен жүріс-тұрыстары жақсы әспеттелген.  
Түсірілім жұмыстары ақын-композитордың туған жері – Көкшетау облысында жүргізілді. Арнайы фильм үшін сұлу табиғатта бірнеше киіз үй тұрғызылды. Ал, көпшілік сахналарға Біржанның жерлестері қатысты.  

Айта кетейік, «Біржан сал» драмасын Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Тарихи картина 2009 жылы жарық көрді. Фильмге Рымбек Әлпиев режиссерлік етті. Ал, туындыдағы бас рөлді сомдаған актер Досхан Жолжақсынов картинада екінші режиссердің қызметін де атқарды.  
Картинада сонымен қатар, актерлер Аша Матай, Асылболат Ысмағұлов, Болат Әбділманов, Төлеген Қуанышев, Сәбит Оразбаев, Дулыға Ақмолда, Хабиба Елебекова, Кәмшат Жолдыбаева, Ерлан Біләлов, Гүлшат Тұтова және басқалары өнер көрсетті. 

Ал, фильмде әндерді орындаған Еркін Шүкіманов, Қарагөз Сүлейменова және Қанат Жүністер болды. 

«Қаламгер» 

Фото: Khabar.kz

Бұл драма өткен ғасырдың 70-80-ші жылдарындағы шығармашылық интеллигенция өкілдерінің өмірін суреттейді. Олар – қазақ халқының өміріне бей-жай қарамайтын қоғам қайраткерлері. Алматылық «Қаламгер» атты шағын кафеде жиналып, брежневтік тоқырау заманын, қырғи-қабақ соғысты, музыканы және цензураны, бір сөзбен айтқанда, қоғамның өзекті мәселелерін талқылайды. Қазақ жазушылары үшін бұл кішкентай орын жарық нұр іспеттес.  Түгел жерде тыйым салынған тұста, осында олар өз пікірлерін айтып, кітаптарына билік тыйым салған Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Мағжан Жұмабаевтың шығармаларын да еске алуға мұрсат берілген. Міне, осындай шынайы адамдардың шынайы тағдырлары. Фильмде олардың хикаялары көркемдік образдармен көмкерілген. Фильмдегі Сәтжан есімді бас кейіпкер – сол заман жазушыларының жинақталған образы.   

12 бөлімнен тұратын телехикая «Хабар» Агенттігінің тапсырысы бойынша түсірілген.

Актерлер рөлдерін мейлінше шынайы жеткізген. Картинаны қоюшылар да сол кезді барынша нақты бейнелеуге тырысқан. Декорациялар мен киім үлгілерін айтпағанда, 70-ші жылдың сөйлеу мәнері жақсы жеткізіліп, бүгінгі күннен әлдеқайда өзгеше екендігі байқалады.  

Көрермен фильмдегі сатқындық, үрей, тәуекел, батылдық пен намысқа толы көрініске кейіпкерлермен бірге еніп кетеді. Себебі, әрқайсысы өзінің дегеніне жету үшін барын салады. 

Фильм сценарийін Сержан Зекерұлы жазды. Ал, жоба кеңесшісі белгілі жазушы Дулат Исабеков болды. Мұрат Бидосов картинаға режиссерлік етті.  

Тарихи телехикаядағы рөлдерді Досжан Жанботаев, Ергенбай Әбуев, Кенен Ақүрпеков, Балтабай Сейітмамытов, Айдар Аманбай, Бақдәулет Шаймахан, Жалғас Толғанбай, Нарғыз Алтайбайлар сомдайды. 

«Бельгер»

Фото: skarabei.kz

Бұл деректі фильм аудармашы, публицист және қоғам қайраткері Герольд Бельгерге арналған. 40 минуттық лентада публицисттің балалық шағы, Қазақстанға қоныс аударуы, қазақ ауылындағы өмірі мен қазақ елінде жан жарымен қауышуы суреттеледі. 

Фильмнің басында Герольд Бельгердің ойлары мен жеке толғаныстары көрсетілген. Оларды қоюшылар театр актерлерінің ойыны арқылы жеткізген.  

Фильм алты ай бойы дайындалған екен. Қажетті ақпарат алу үшін түсірілім тобы Мәскеу мен Солтүстік Қазақстанға арнайы барған. 

Айта кетейік, Герольд Бельгердің отбасы Қазақстанға Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жер аударған. Публицист қазақ тілін жетік меңгерген, орыс тілі мен неміс тілін білген. Оның қаламынан талай романдар мен повестер туындаған. Бельгер Бейімбет Майлиннің, Ғабит Мүсіреповтың, Әбдіжәміл Нүрпейісовтың туындыларын орыс тіліне аударған. Өзінің шығармаларында публицист халықтар достығын, интернационализмді жырлады. Бұл тақырыптары оның «Сосновый дом на краю аула» атты тұңғыш кітабында көрініс тапты. Сонымен қатар, Бельгер Абай мен Гетенің рухани туыстығын зерттеген. Бұған оның «Земные избранники» атты кітабы дәлел. 

Лентада Герольд Бельгерді Алексей Кащин, бала Герольдьті Иван Фильченко сомдады. Фильм «Қазақфильм» киностудиясында жасалған. Оның авторы мен режиссері – Виктор Климов. Ал, продюсері - кинорежиссер Ермек Тұрсынов болды.

 «Жамбыл»

Фото: brod.kz

Бұл төрт бөлімнен тұратын тарихи фильм қазақ жырының дарабозы, қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетіне өлшеусіз мұра қалдырған, қазақтың атын әлемге әйгілеген ұлы ақын Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған. 

Фильм қазақ ақынының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертеді. Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған ол ақындығымен ғана емес, шешендік өнерімен де танымал. Бүкіл ғұмыр бойы қарапайым халықтың мұңын мұңдап келді.  

Биографиялық картина 2006 жылы жарық көрді. Оған Әнуар Райбаев режиссерлік етті. 

Басты кейіпкер ұзақ іздестірілген екен. Бұл рөлге талай үміткер арасынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер Байғали Есеналиев таңдалып алынды. Одан басқа, картинада Айгүл Үлкенбаева, Ілияс Тұрманов, Әйгерім Сәменова, Боранбай Молдахметов, Қанат Жүнісов, Жоламан Әміров, Ергенбай Әбуев өнер көрсетеді. 

Телехикаяны көремін деген көрермендер көркем декорациялар мен ХХ ғасырдағы керемет киім үлгілерін тамашалай алады. 

Айта кетейік, көркем фильм «Қазақстан» Ұлттық арнасының төл туындысы. 

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен біртұар тұлға жайындағы туындыны «Kaztube.kz» бейне-порталында тегін көре аласыздар. 

Жамбыл Жабаевтың өмірі жайында бұдан бұрын да талай фильмдер түсірілген. Олар «Қазақфильм» киностудиясымен 1952-ші және 1996-шы жылдары таспаланған. 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы