Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 қаңтар, 2021445

«Класстастардың» шытырман оқиғасы

Қазіргі таңда Қазақстанда комедия жанрындағы кинотуындылар үлкен сұраныста. Жұлдызы сөнбейтін бұл жанр еліміздің фаворитіне айналды. Әр адам үшін мектеп уақытының бітер сәті ерекше. Мектеп махаббаты, адал достар, ұмытылмас бақытты кезеңдер. 2018 жылы жарыққа шыққан «Класстастар» комедиясы да осы сәттерді еске түсіреді. Фильм ерекшелігі де осында.

Бүгінгі таңда қазақстандық кинолар жаңа деңгейге көтеріліп, комедия жанрдағы туындылар көптеп түсіріліп келеді. Мәні де, сапасы да, айтар ойы да әртүрлі.  «Класстастар» комедиясы – солардың бірі. Айта кетсек, кинолента режиссері - Ернар Нұрғалиев, сценарийін жазған - Алишер Утев.

Кинокартинаның сюжеті мектепті 18 жыл бұрын бітірген класстас- достар жайлы болмақ. Бір кездері мектеп бітіру кешінде кино кейіпкерлері жыл сайын бір-бірімен кездесуге уәделеседі, бірақ көп жыл өткеннен кейін оларды тек қайғылы болып көрінетін оқиға ғана қайта біріктіреді. Бас кейіпкер - Әлияның өмірі мектеп қабырғасын бітірген сәттен бері еш өзгеріссіз. Алғашқы махаббаты - сыныптас жігітін де сағынып жүреді. Өмірде өзін бақытсыз сезінетін ол бұрынғы класстастарын жинамақ болады. Ол үшін бұрынғы сынып жетекшілері Қарлығаш Әшімқызы ауруханаға түсті деп өтірік сылтау айтып, сыныптастарының басын қосады. Бірақ сүйікті ұстаздарының хал- жағдайы Әлия хабарлағандай тым нашар емес. Дей тұрғанмен, өтірік сылтау кейде қызықты оқиғаға ұласуының кепілі болуы әбден мүмкін. Алғашқы махаббат, адал достық, ұмытылмас бақытты сәттер. Кино кейіпкерлері ұзақ уақыттан кейін қайта жиналып, мектеп өмірін сағынышпен еске алады. Басты кейіпкерлер бұл кездесу кешінде  ұмыт болған сезімдерді қайта бастан өткеріп, көптеген қызықты оқиғаларға тап болады.   

Кинофильмдегі басты рөл танымал актриса Әсел Садуақасоваға бұйырған. Ол осыған дейін «Замуж в 30», «Адель» және т.б. фильмдерде ойнаған еді, ал оның картинадағы ғашығын Рустем Жаныаманов сомдады. Олардан бөлек, фильмдегі класстас достарды Рая Адыганова, Олжас Абай, Дәурен Айдарқұлов , Әсель Қалиева және т.б. актерлер орындады.

Фото: brod.kz

2013 жылы продюсер болып «Sunny Production» компаниясын қалаған Әсель Садуақасованың айтуынша, «Класстастар» киносының бюджеті 75 миллионды құраған.  Десе де,  картина түсірілімге кеткен шығындарын ғана өтеп, пайда әкеле алмапты. Кинолента прокатқа қолайлы сәтте шыққанымен, «Класстастармен» бірге тағы жеті қазақстандық фильм жарық көрген екен.  Мәселен, осыдан сәл ертерек Нұрлан Қоянбаевтың «Бизнес по-казахски в Америке» туындысы шығып, ұлттық прокатта касса жинау бойынша рекордшы атанды. «Класстастардың» табысты болмауының себебі де осында.

«Сонымен қатар біз әрдайым Голливуд фильмдерімен бәсекелес боламыз. Бұл менің продюсер ретіндегі қателігім еді және оны мойындаймын», - деген болатын продюсер.

Фильм түсіру – үлкен міндет әрі жауапкершілік, ал әр түсірілімнің жеңіл болмайтынын ескерсек,  қыс маусымында дайындалған жобада бұл тіптен, екі есе күшті талап ететіні анық. 

«Фильмнің ең қиын көрінісі қарлы боранды түсіру болды. Дала – 27 градусты көрсетті. Жеңіл киім киген актерлер бірнеше сағат бойы боранда түсірілді. Үш жел диірмені және бір қар жасаушы жұмыс істеп тұрды. Осындай дубльдерден кейін ешкімнің ауырып қалмағанына шүкір», -деп түйіндеді Садуақасова.

Фильм түсірілімі жақсы деңгейде, кәсіби түрде жүзеге асқандығы байқалады. Кинодағы музыкаға келетін болсақ, саундтректері жақсы тандалған. Оқиға желісінде болып жатқан сентиментальді сәттер де отандық әуендермен әуезделген.  

Мектеп - әр адамның жүрегінде қалатын естен кетпес шақ . Сол уақытқа оралудың визуальды бір түрі- кино . Егер сіз аяулы мектеп сәттерін аңсап , сағынып жүрсеңіз «Класстастар» атты отандық комедия сіздің көңіліңізден шығады деп ойлаймыз!   

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы