Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 тамыз, 2020484

...Көрерменнің жетегіне кетіп қалдық...

Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкері өнер әлемінің шын жанкүйері, “Терісқақпай” және “Тамаша” театрларының жарқын жұлдызы, біз бен сізге өз әзілдерімен мәлім болған Асқар Әбдіғалымұлы Наймантаев.

Өнерде ойып тұрып орын алатын дарын иесі, талантты актер, үлгі тұтарлық ұстаз, режиссер, сатирашы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Асқар Наймантаев бүгінгі кино өнеріне деген көзқарасымен бөлісіп, алдағы жоспарларын айтып берді. Актер ашқан өнер мектебі кімдерді оқытады? Бүгінгі таңда сатира бар ма? “Тамашаның” ахуалы қандай? Бұл сұрақтарға жауапты бүгінгі сұхбатымыздан таба аласыз. 

Тамашаның жұлдызы бүгінгі таңда немен айналысып, нендей жобаларды қолға алып жүр?

- Иә, “Тамаша” деген өзі біздің енді мақтаныш ететін, жұмыс істегенімізді арланбайтын қара шаңырағымыз ғой. Бірақ мені елге танытқан тек “Тамаша” ғана емес. Негізінен, халықтың көбі “Терісқақпай” театрынан жақсы біледі бізді. Ол менің өзім ашқан театр. Белгілі Ұлан Нүсіпәлі, Қыдырғали Көбентай, Мұхамеджан Мырзакеев, кеше ғана мынау індеттен көз жұмып кеткен досымыз Дархан Дайырбек, Олжас Сыдықбек сияқты көптеген жұлдыздар қызмет еткен жер ол. Сол “Терісқақпай” арқылы танылғанбыз. Әрине ол шоу тек “Тамашамен”, “Терісқақпаймен” тынған жоқ, “Аққу-Гәкку” театрында ашқан, оның режиссері қызметінде болғанмын. Жалпы мен театр ашумен көбірек айналысқанмын. Ол да менің ұйымдастырушылық, режиссерлік қабілетімді көрсетті. Әрине, көрерменнің көпшілігі мені сахнадан көргеннен кейін мені бір әрдайым әзіл айтып жүрген адам сияқты қабылдайды. Бірақ сахнадан тыс уақытында және хабардың, жобалардың титрларын оқымайтын ағайын режиссердің кім екенін, ұйымдастырушының кім екенін білмей жатады. Тек актерлікті бағалап. Біздің көрермен сондай ғой енді. Әліде сол өнер жолынан кеткен жоқпыз. Өзімнің “Қызық концерт” деген жеке бағдарламам бар. Ол мінекей республикалық біраз арналардан көрсетіліп, халықтың назарына ұсынылған болатын. Соңғы кездері сол режиссерлікке дең қойып, отандық телеарналар үшін біраз хабарлар жасадық. Ұлттық арнада жүрген кезімде әйгілі “Қымызхана” хабарының қоюшы-режиссері болдым. Одан кейін “Астана” телеарнасында үш маусым бойы тоқтамай көрсетілген “Домашние войны” көпесериялы отбасылық комедиясында басты рөлді ойнадым, сценарий авторы болдым, сондай-ақ, үшінші маусымның қоюшы-режиссері қызметінде болдым. Былтырдан бері “Білте өнер академиясы” деген атқа ие болған, негізінде халық актер “Асқар Наймантаевтың актер өнер мектебі” деп біледі. Бұл мектебіміз жұмыс істеп жатыр, алайда, қазіргі жағдайларға байланысты сабақтар онлайн түрде  жүргізіліп жатыр. Актер өнерін болашағын актерлікпен байланыстырғысы келетін балалармен жұмыс жасаймыз. 

Режиссерлік қызметке оралар болсақ, бір жыл бұрын Мұқағали Мақатаевтың “Аққулар ұйықтағанда” шығармасы бойынша поэтикалық фильм түсірдім. Ол қазір өндірісте жатыр. Екінші ауқымды жұмысым өткен жыл ғана “Вампир күйеу” деген комедиялық толық метражды фильмді түсірген болатынмын. Бұл жоба да өндірісте. Елдегі орын алған каранти, пандемия жағдайларына  байланысты біраз шаруа тоқтап тұр. Кино саласын да, сахнаны да ұмыт қалдырып жатқанымыз жоқ. Мен негізі театр режиссері ретінде де танып жатады. Ең соңғы қойған шығарма наурыз айында Сәбит Мұқанов атындағы “Қызыл жар” театрында өзім орыс тілінен аударған комедиялық спектакль қойып келдік. 

Сіздің алғашқы сахнаңыз Мұхтар Әуезовтың “Еңлік-Кебек” қойылымы болған екен. Болашақта сахнада өнер көрсетіп, әртіс болуыңыз сол кезден шешіліп қойған деп ойламайсыз ба?

- “Еңлік-Кебекке” мен қырқымнан шықпай жатып, әкем мен анамның қалауымен сахнадан көріндім. “Өнерге қашан келдіңіз?” деген сұраққа мен үнемі келгем жоқ, сол жерде туылғам және сол туылған жерімнен әлі кеткем жоқ, сол жерде еңбек етіп келе жатырмын деймін. Бала кезімнен сол Нарынқол халық театрының сахнасында болдым. Балабақша көрмедім. Менің балабақшам да, алғашқы сыныбым да бәрі сол театр. Өскен ортам сол сахна, театр болды. Иә, ол кездегі көрерменмен бүгінгі көрерменді салыстыруға болмайды. Саханаға шыққан алғашқы кезеңдерімнің бірі сол кезде менің әкем қойған Назым Хикметтің “Елеусіз қалған есіл ер” деген қойылымындағы соқыр баланың рөлі еді. Сол кезде театрға келген көрермен сол бір қойылымдарды тамашалап, жылап отыратын. Кейіннен алтыншы сыныбымнан бастап режиссерлікке қызығушылық танытып, бірте-бірте қолыма алып, айналыса бастадым. Мен мектеп бітірген уақытқа дейін мектеп сахнасында он бір спектакль қойыппын. Өзімнің жалпы көксегенім актер болу емес, режиссерлік жол болатын. Сол армандарыма енді жетіп жатырмын. Театр жағынан да, кино саласынан да. Ал “Тамашада” да “Терісқақпайда” да автор және режиссер болып жұмыс жасадым. Оны жанымдағы әріптестерім де мойындайды. Сол кезде шешілген емес, сол кезде іштен туа сала маңдайға жазылғаны деп есептеймін. Пәлсапалық сұрақ бар ғой: “Өмірге қайтадан келсеңіз неден бастар едіңіз?” деген сияқты. Мен өмірге қайта келетін болсам дәл осы өмірімді қайталауға тырысар едім. Тіпті ішіндегі қателіктерімен қосып. Ол қателіктерді бұдан да қызықтырақ етуге күшімді салар едім. 

Жалпы комедия жанрын, сатираны ең қиын әрі ауыр бағыттардың бірі деп айтып жатады. Адамды күлдіртіп, оған жақсы көңіл-күй сыйлау оңай шаруа емес екені белгілі. Сіздің дәл бұл бағытты таңдауыңызға не нәрсе немесе қандай жағдай әсер етті? Бәлкім біреудің септігі тиген болар? 

- Қазіргі Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы біздің кезімізде “Театр және көркемсурет институты” болып тұрған кезі еді. Сол білім ордасында тәлім алып жүрген кезімізде пайда болған қызығушылық болды. Азиз Несиннің шығармаларын көп оқыдым. Сол кездері студенттердің өзіндік жұмысы ретінде үздік жұмыстарды бағалайтын байқаулар жиі болып тұратын. Осы байқауға мен Азиз Несиннің әңгімелер жинағынан қырық бес минуттық моно-спектакль дайындадым. “Тамашадан” елдің есінде қалған сол Азиз Несиннің әзілдері еді. Сол студент кезінде қойылған қойылымды тамашалаған барлық достарым да, ұстаздарым да, сыншылар да, режиссерлер де “Міне, сен енді ашылдың. Өз бағытыңды енді таптың”, -деп айтқаны есімде. Одан кейінгі кездескен режиссерлер де мені сол жанрға итермелей берді. Университеттен кейін мені бірден Мұхтар Әуезов театрына қабылдаған Кеңес одағының халық әртісі Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз сол кездегі емтихан комиссия мүшесі болған еді. Дипломдық жұмыс үшін дайындалған қойылымдағы менің ойнаған рөлімді ұнатып, сол уақытта өз театрын сахнасына қойылып жатқан спектакльдегі басты рөлден мені көріп шақыртқан болатын. Міне, осылайша мен оқудан кейін театрға бара салысыммен бірден үлкен рөлді сомдадым. Мінекей, осылай мен комедияның бел ортасына түсіп кеттім. 

Айтып отырған сөзің дұрыс. Көмедия- ең қиын жанр. Мен өзім де қазір балаларды тәрбиелеп оқытып жатырмын. Адамды күлдіруді, адамға қуаныш сыйлауды, қуантуды үйренген адамнан басқа да драма, трагедия ойнау түк емес. Ал комедия кез-келеннің қолынан келе бермейтін дүние. Үлкен театрда да отыз-қырық кейде жетпіс-сексенге жуық актерлер бар. Оның барлығы комик емес. Олардың саусақпен санаулысы ғана бұл жанрды мықтап меңгереді. Сондықтан, бұл жанрдың шоқтығы биік, актерлік шеберлікті анағұрлым қатал талап ететін жанр екендігін басқалар да ұғынуы керек. 

Сатира бағатында, өнер жолында жоғары деңгейге қол жеткізіп, даму үшін  қандай әдебиет оқыдыңыз? Кімдерден сабақ алдыңыз?  Қандай фильмдерді көріп өсті?

- Әрине, бала кезден сахнада жүргесін менің ұстазым сол өзімнің әкем режиссер Әбдіғалым Наймантаев, өзімнің актриса, әнші, биші анам Рафия Райжанова болды. Өнердегі алғашқы ұстазым солар болды. Сосын бала кезден біздердің заманда анда-санда Чарли Чаплиннің мылқау киносы болып тұратын, соларды тамашалайтынбыз. Ол фильмдерге әлі де күлемін. Актер адамға сөйлеп күлдірту міндет емес, Чаплин секілді бір ауыз сөйлемей де күлкі сыйлауға болады. Мен көбінесе сол бағытты қалаймын. Шәкірттерімнен де соны талап етем. Ал ендә әдебиет деген көп қой. Бала кезден Бейімбет Майлиннің әңгімелерін мектеп бағдарламасынан бөлек те оқыдық. Оспанхан Әубәкіровтың “Ымды білесің бе?” деген кітабы бар. Сол сары кітап әлі де есімде. Мектепте балалар сол кітапты жұлым-жұлымы шыққанша таласып жүріп оқыдық. Оқыған сайын күлетін едік. Білмеймін, сол кезде сол бір шығармалар бізге керемет күлкілі кітап болды. Әкем де бірақ қойылымды  саханалды, оның ішінде драматург Садықбек Адамбеков атамыздың комедияларын қойды. Атамыздың өзінің үйінде болып, батасын алдым. Ол кісінің “Атылған қыз туралы аңыз” деген әңгімесін кино етіп түсірсем-ау деген, шіркін, көкейімде бір арманым бар. Институтқа барғасын Чеховтың, Гогольдің сатиралық шығармаларымен таныс болдық. Әлемдік сатирирктерді де оқыдық. Үйімдегі жеке кітапханамда шамам жеткенінше әлемдік сатираны жинауға тырыстым. Сол біраз дүниені жинаппын. Әлі де езу тартар бір дүние жазды десе іздеп, тауып аламын. Фейсбук желісінде Бейбіт Сарыбайды да көп оқимын. Ол баланың да шымшып алатын дүниесі көп. Мұхтар Шерім ағамыз бар. Көпен Әмірбек ағамыз бар. Толымбек Әлімбекұлы ағаларымыз, Ақтөбе қаласынан Нұрлыбек Жұбатхан бауырымыз бар. Міне, сахна сатирасын жақсы меңгерген азаматтар. Ал фильмді айтар болсақ, сол Чарли Чаплиннің фильмдерінен бастап Рач Капурдың картиналарын тамашалағанбыз.  Француз актері Луи де Фюнестің сол бір “Фантомасынан” бастап “Жандарм” деген бірнеше сериалдары бар, жалпы Луи де Фюнестің барлық дерлік кинофильмдері мен сериалдарын көріп шықтым. Өзім қатты еліктедім соған. Сондай жылдамдықтағы, сондай темпераменттегі актер болғым келді. Бірақ білмеймін, менің мінезім оған сай келмеді. Жұрт мені сыртымнан салмақты деп ойлайды. Сахнада бөлек, өмірде “скучно” екенсіз дейтінді көп естимін.

"Тамаша" ойын-сауық театрына қалай келдіңіз? Сол кездегі әзіл әлемінің жауһары бол білген Тамашаның ең бір негізгі фишкасы неде деп ойлайсыз?

- “Тамашаның” негізгі  елге жақын етіп, халықтың көкейінен шығарғаны кәсіби деңгейі жоғары және кәсіби мамандар, кәсіби актерлер жұмыс істеген. Ол жерде көшеде келген, әйтеуір әзіл айта салатын, стендаппен айналысқан адамдар шыққан жоқ. Барлығы кәсіби деңгейдегі актерлер болды. Тамашаның көрермендерінен сұрасаң олардың естерінде актердің сомдаған образдары қалған. Сұрасаң актерлердің сөздері есінде жоқ, олардың ойнаған рөлдері: кемпір болғаны, бастық болғаны, мас олып ойнаған образдары елдің есінде қалған. Демек бұл актердің үлкен жұмысы, оның шеберлігі деп айтуға әбден болады. Ал енді Тамашаны қазір жоғалтып алдық. Сол бір деңгейді амал жоқ ұрлатып алды қазіргі жүргендер. Кәсіби деңгейді, талапты жоғалтып алды. Сондықтан, қазір актердің ойынына емес, ізденіп жүріп жасаған образдарын емес, қылықтарына, мінездеріне емес сөзге күлетін заман болып кетті. Көпірген сөзді тыңдап, көпірген сөзге күлетін болдық. Мұхтар Әуезов театрында істеп жүргенімде Нүкетай Мышбаеваның мерейтойы өтетін болды. Әзербайжан Мәмбетов ағам маған: “Апаңа рөлдің барлығы комедиялық спектакльдерден тұрады. Сен соған сценарийін жаз”,- деді. Сол кезде Әзекең менің қабілетіме сенім білдірген болатын. Сол кештің режиссері әрі жүргізушісі өзім болдым. Сол кеште залда Тоқсын Құлыбеков ағамыз отырған екен. Саханаланған қойылымдар, жалпы кеш ағамыздың көңілінен шыққан. Сценарийді жазған мен екенімді білген. Кеш аяқталған соң бірден мені іздеп келіп, сосын сол жерде таныстық. Өзінің ұсынысын жасады. “Мен творчествалық кеш өткізгім кеп жоспарлап жүргенмін. Сен жаза алады екенсің. Сен менің кешімнің сценарий авторы бол”,-деп ұсынысын білдірді. Ол кезде машина жоқ, компьютер жоқ. Сөйтіп, бір-екі күнде қолман сценарийді жазып шығып едім. Сосын “Мен сенің мына шимайыңды түсінбеймін. Тамашаға апарып, өзің оқып берші”, - деп мені “Тамашаға” ертіп алып келді. Бүкіл Тамаша актерлері жиналып тұр екен. Солардың алдында өз сценарийімді оқып беріп едім, көңілдерінен шығып, өз әзілімді өзімнің оқуымды қалады. Солайша, “Тамашаның” сахнасына Тоқсын ағамның қолдауымен шыққан болатынмы. 

Есіңізде ерекше сақталып қалған ең ауқымды әрі әсерлі болған Тамашаның концертін, қойылымын айта аласыз? Қай қалада болды? Қашан болды? Несімен ерекшеленді?

- Ол тең актерлер емес, сонымен қоса, Тамашаның барша көрермендерінің есінде қалған Алматы қаласының “Республика” сарайында өткен кеш болатын. Ол кезде Құдайберген ағамыз депутат болып кетті, Тоқсын ағамыз қайтыс болды, міне сол кезде Тамашаның құны кетті, енді не болар екен деген әңгімелер болып жатты. Бәріміз де сол уайымда жүрдік. Тамашаның болашағына алаңдадық. Сол кезде тоқсан тоғызыншы жылды қарсы алатын жаңа жылдың Тамашаны жасап шықтық. Бір қызығы, сол кештегі ойналған тоқсан пайыз шығарма менің жазғаным еді. Ұлан келген Тамашаға, мен бар, Данагүлдер өнер көрсетті. Былай қарап отырсаңыз, ұлылардың бәрі жоқ, тек кейінгілер бұрынғалардан кейін тек Қадырбек ағамыз ортамызда. Енді бұл Тамаша не болады екен деп тұрған кезеңдегі Тамаша болатын. Дәл сол Тамашаға қазақша айтқанда “Бетімізді сығып тұрып” намыс-жігерімізді жинап кірісіп, сол күнгі Тамашадағы әрбір ойналған миниатюра халықты дүр сілкінтті. Маңдайдан жай ғана сипап өтетін сатирадан біршама өткірлеу айтатын сатираға ауысқан кезіміз болды. Ол қойылымдар қазір ғаламтор беттерінде бар. Сол кездегі жаңа буынның жаңа тынысы, “Әй, Тамаша өлмепті ғой”,-деп ел-жұрттың көзайымына айналып, көптің көңілінен шыққан Тамаша болды. 

Сіздің пікіріңізше, қазір театр актуалдылығы жоғалып бара жатқан жоқ па? Театр актері мен кино актерінің айырмашылығы жер мен көктей. Кинода танылу оңай, материалдық ахуалы жақсы деген сияқты себептермен көп актерлер театрдан бас тартып жатады. Ал сіз еңбегі сіңген белді театр және кино актері ретінде, режиссер ретінде бұған не дейсіз?

- Кино актерінің табысы деп қалдың. Меніңше, ол киноның артықшылығы емес. Біздегі өнерді бағалайтын өнерпаздың айлығын өздерінен ең төмен қойып отырған үкіметтің, біздің мына қаржы мәселесін реттейтін шенеуніктердің көрсоқырлығы. Театр өнерінің айлығын осылайша бағалап отырған. Мұнымен олар өнердің бағасын түсіріп отыр. Сондықтан, олардың көзі қашан ашылып, қашан өнерді әлемдік деңгейде бағалай алады, сол кезде ғана театр өнерінің жұлдызы жанатын шығар. Негізінде, театр-актердің шын сынға түсетін жері. Актердің актер екендігін бағалайтын орын ол – театр. Киноға баршаның көзі көріп жүр, көшеден де адамды алып келіп ойната беруге болады. Аса қиын дүние емес. Көп дубльдің біреуін таңдап алуға болады. Қазіргі біздің кинода орасан бір тер төгіп, қиналып образ жасап жатқан киногерлер шамалы. Оны бәрі мойындайды. Киген киімі, киноның атауы өзгеріп мына кинодан басқа киноға секіріп жүргендер бар. Олар барлық жерде бір кейіпте, бір образда. Бәлкім тек кейіпкердің аты ғана өзгеру немесе режиссері өзгеруі мүмкін. Режиссерлеріміз де, біреуді ыржаландағаны ұнаса оны алып келіп, біреудің бір спорттық дене-бітімі ұнаса оны әкеліп. Сөйтіп түсіріліп жатқан кинофильм көп. Амал жоқ, әрине. Қарнымыз ашады. Көп әріптестеріміздің, киногерлердің фильмнің ақшасын қуып кететініне. Бірақ, дегенмен де, театр өнері де ақсаңдап тұрған жоқ. Ауыз толтырып айтатын актерлеріміз әлі де жүр. Дулыға Ақмолда секілді актерлер бар әліде де. Міне, сондықтан, театрда бәрі төмендеп, ойсырап кетті деуге келмейді. Оның бәрі уақытша құбылыс деп ойлаймын. Барлығы өз орнына келеді. Бәрі теңеледі. Тек мына шенеуніктердің көкірек көзі ашық болып, санасы кішкене самал желмен саңырау тауып, өнерді бағалай білетін дәрежеге жетсе екен деп ойлаймын.  

Қазіргі таңда жастардың арасынан бес үздік сатирик деп кімдерді айтар едіңіз?

- Сатира деген ол - әзіл емес, қалжың емес. Күлмейтін де сатира болады. Сатира деген күлкі әлеміндегі бөлек жанр. Сондықтан, сатирамен қанын шығармай сойып салатындар аз.  Ал енді күлдіріп жүргендер Құдайға шүкір жетеді, өте көп. Кез-келген комедияда да жүр, “Жайдарманнан” шыққан қаншама талантты жастар бар. Мен Нұрсұлтан Жақсыген деген баланы білемін. Ол да сол Жайдарманның табалдырығынан шығып біраз сериалдарда, көптеген комедиялық фильмдерде ойнап жүр. Мен жеке өзім өзім сол баланың өсіп келе жатқанын деңгейіне ризамын. Сол сияқты, Нұртас Адамбаевтың да фильмдерінде ойнап жүрген жас актерлер бар. Нұртас та комедиялық жанрда ойнап жүрген жап-жақсы актер. Ал сатирик деп алатын болса, бұл жанрд мүлде бөлек. Жалпы юмор- ол жай ғана сүрінгенге күле салатын дүние, жеңіл әзілдер, тек сол көңіл көтеретін дүние. Ал сатирада кейде қамшымен осып жібергендей әсер ететін дүниелер болады. Ол қазір біздің сахнамызда да, экранымызда да жоқ. Ептеп қана бар, “шындық” айтқан сияқты болып, соның төңірегінде жүрген сияқты болғандар бар. Әйтсе де, біздің цензура, біздің арналар көптеген шындықты кесіп тастайды әлі де. Сондықтан, мына барын айтып жүргендер көбіне YouTube немесе өзінің жеке парақшаларында, инстаграм, фейсбукта ғана айтылып жүрмесе, экранда, телевизияда, сахнада сойып салып жатқан, кемшілікті айтып жатқан сатира әлі жоқ. 

Нұртас Адамбай деп қалдыңыз. Бүгінгі жас режиссерлер, актерлердің ішінде кімнің фильмдерін сүйіп қарайсыз? Жалпы жаңа замандағы отандық кинофильмдерге қаншалықты көңіліңіз толады? 

- Әрине, біз жіліктеп шағып отыратын киносыншы емеспіз. Маған Нұртас Адамбайдың “Я- Жених” фильмі ұнады. Және кеше өмірден өткен өзімнің досым әрі әріптесім Дархан ойнаған “Әкім” фильмі бар. Дархан досым еске алып отырып сол фильмді қарап шығып едім, комедиялық жанрдың барлық ережесі сақталған дұрыс фильм екен. Көңілімнен шықты. Фильмдеріміз шығып жатыр ғой. “Жау жүрек мың бала” кинокартинасы көңілімнен шықты. Бастапқыда бұл кинода менің шәкірттерім түскендіктен, алдымен әрине солар үшін тақымымды қысып отырдым. Асылхан да, Аян да мен өзім колледжде сабақ берген менің шәкірттерім. Алдымен солар үшін қуандым. Әлі де сол бір мақтаныш сезімі бар. Жалпы көрерменнің де, жоба авторларының да үмітін ақтады деп ойлаймын. Ауыз толтырып айтатындай жақсы фильмдер бар. Бірақ, былтыр “Томирис” картинасына аса бір тамсана қойғаным жоқ. Менің көкейімдегідей бола алмай қалды. Өнерде “мынау болмай қалды, бұл дұрыс емес”,- деп сын айтуға керек емес. Өзіміз де өнердің ортасында жүрміз. Бұл тірі организмнен, тірі адамнан шығатын дүние болғандықтан бірде оң жамбасына келіп жатады, ал кейде сол жамбасқа түсіп жатады. Сондықтан, сүрінген адамға сәттілік тілеп, келесісі жақсы болса екен деп ақ ниетті тілеу ғана айтамын. Мүлде көміп, жерлеп тастайтындай ниетім жоқ. Нашар болып шығып жатқан фильмнің авторларының еңбектері үшін рахмет айтқан дұрыс. Енді өздері жасаған қателікті өздері көре, ары қарай қателеспейтін бір шешім қабылдап жақсы дүние шығарады-ау деген сенімді жоғалтпау керек. 

Қазіргі комедиялық фильмдердің көбі коммерциялық дүние болып кетті. Сұраныс бар жерде ұсыныс бар. Бұл арзанқол әзілдерді қалайтын көрерменнің қателігі ме, немесе сол фильмді ұсынатын киногерлердің қатесі ме? Комедия табыс табудың оңай жолы екендігімен қаншалықты келісесіз?

- Өзім киноға дейін сол комедия жанрының бел ортасында жүргендіктен табыс тауып та көрдік, табыссыз қалып та көрдік. Сондықтан, комедиямен тек табыс тауып кетеді деген мақсат қойған өнерпаз қателеседі. Комедиямен сүрінуге де болады. Ал енді, шынымен, өтімді тауар ретінде комедияны барлығы жағалап кеткені рас. Арзақол комедиялардың да шығып кеткені рас. Біздің ұстазымыз Хадиша Бөкеева апайымыз бен Тұңғышбай Жаманқұлов бізді “көрерменнің жетегінде кетпеңдер”,-деп үйреткен. Мен сол себепті, көбіне өзімнің сатиралық бағытта жүргенімді адал ұстап келе жатырмын. Бірақ, әрине шақырған фильмдерде сатира жоқ, арасында комедияларға да түсіп жатырмыз ғой. Ол жердің тапсырыс берушісі де, жазушысы да, түсіруші- режиссері де бөлек. Мен рөл ойнаушымын. Біраз қарсы болып пікір білдірген боламын, бірақ менің сөзім ол жерге өте қоймайды. Өйткені, қазір көптеген телевизиялық сериалдарға каналдың иесі қожайын, солардың айтқаны болып жатады. Дегенмен, біздің әзілдерді “Ой” деп, қазіргі жастардың тілімен айтқанда “Сіздікі өтпейді, өтпей қалған әзілдер”,-деп баға береді. Менің неге бұлай деп ойлап қарағанымда, оларға өтеді деген дүние- айтылса болды,  ішек-сілесі қатып, көзінен жас аққанша күлуі керек екен. Ал естіп алғаннан кейін арада екі-үш күн өткеннен кейін, екі-үші айдан кейін немесе екі-үш жылдан кейін күлетін күлкілер болады. Мінекей, негізгі өткір комедия солар еді. Біз баяғы ескі комедияларға әлі де күлеміз. Әлі қайта көрген сайын жаңадан бір жаңалық ашып отырамыз. Ал қазіргі комедияны бір күн көресің де, ертесіне ол күлдірмейді. “Жайдарманның”, КВН-нің әзілдері де сондай. Бүгінгі күннің тақырыбы, дәл бүгін айтылып, күлдіреді. Болды, ол ертеңгі күні езу шақырып күлдіртпейді. Бірақ қазір сол дүниенің көрермені бар. Сол сұранысқа ие. Көрерменнің жетегіне кетіп қалдық. Көрерменді ақылды әзілге, көрерменді саналы сатираға сүйремей, соның үйренген арзан дүниесіне кетіп қалдық. Көрерменнің жетегінде кеттік. Өкініштісі сол. Жетегінде кетпеу керек еді. Өнер адамы сахнада көрерменнен бір баспалдақ биік тұрасың. Сондықтан, көрерменді өзіңнің мәдениетіңе, өзіңнің ой-түйсігіңе жетелейтін болу керек еді. Амал жоқ, одан ажырап қалдық.  

«Бастық боламын» көпсериалы комедиясында бірнеше белді сатириктер, әзілкеш актерлер бой көрсеткен болатын. Олардың қатарында өзіңізде барсыз. Бұл жоба қаншалықты табысты бола алды деп ойлайсыз?

- Көрермен жағынан мені таңқалдырған жоба болды. Өзім ортасында жүрсем де, тек өзімнің сол сахналарыма түсіп те кетемін. Жалпы мен өзімнің істегеніме өзімнің көңілім толмайтын адаммын. Шынымды айтсам, мен экрандағы, сахнадағы Асқар Найматаевты аса ұната бермеймін. Өзімнің режиссерлік көз-қарасыммен қарайтын болсақ. Сондықтан, өзім түскен дүниені өзім қарамаймын. Енді бұл жобаға келер болсақ. Сценарий бойынша, мен түсетін сахналарға түсіп қана жүрдім. “Өзі қаншалықты қызық бола қояды екен”,-деп қана жүргем. Жоғарыда айтылғандай, “Қызық концертпен” көп жерлерге гастрольдік сапарлармен жиі жүреміз. Тек үлкен қалаларда ғана емес, аудан орталықтары, шалғайдағы ауылдарға шейін барамыз. Сонда Қазақстанның қанша түкпіріне барғанда бүкіл көрермен, әсіресе оқушылар, балалар бәрден осы “Бастық боламын” картинасын айтып “Оо, Мансұр аға”,-деп мені қарсы алады. Мен осыған қатты таңқалдым. Баяғыда “Тамашадан”, “Терісқақпайдан” көргендер көбінесе студенттік жастан жоғары ересектердің ғана есінде болсақ, одан кейінгі буынның есінде “Тамаша” мен “Терісқақпайдағы” Асқар жоқ, мына жаңа буын мені тек осы “Бастық боламыннан” танып жатыр. Олар өмірге енді ғана аяқ басып келе жатқан балалар ғой, Тамашаның кезінде олар туылған жоқ. Әрине,. Бұл өзі төрт маусымға жалғасқан ұзақ жоба болды. Соңғысы былтыр ғана аяқталған болатын. Жобаның режиссері тағы бір жаңа картинаныі басты рөліне шақырып жатыр. Ал “Бастық боламынның” осындай артықшылықтары бар деп айта алмаймын. Шынымды айтсам, мен басынан соңына дейін толық көре алғаным жоқ.

Асқар Наймантаев қандай режиссер? Деспот па демократ па?

- Режиссер – педагог деген болады. Режиссер- диктатор деген болады. Жалпы режиссер – педагог та, режиссер- диктаторлық та бар менде. Кейде актерлерді барынша ұғындырып, түсіндіріп алғанша, мен ауырған сценариймен, мен ауырған пьесамен ауырып басы қатқанша біраз педагогикалық жұмыс жүргізуге тура келеді. Кейін деп, ақырын өзіңінің айтқаныңды жасатуға тура келеді. Міне сондықтан, менде бұл қасиеттердің екеуі де бар деп ойлаймын. 

Болашақ актерлерге тәлім беретін өзіңіздің өнер мектебіңіз бар екен. Бұл идея қайдан келді? 

- Осы 2010 жылдары Алматы қаласына Венгриядан келіп медиа халықаралық мектебі ашылды. Сол мектепке қазақ-орыс тілдерінде сөйлейтін, кәсіби тұрде актерлік шеберліктен беретін мұғалімдерді жинап, соның арасында мен де бармын. Енді олардың жасаған бағдарламасы бойынша оқысаң таңқаласың. Оған қызықпаған адам жоқ. Төлеп оқитын ақшасы да тәп-тәуір. Барлық адам оған келіп оқыды. Біздер сабақ бердік. Ал бірте-бірте олардың өтірігі шыға бастады. Жасап қойған жоспарларының біршамасы жоқ. Соның барлығын аудармашы арқылы “Көмектесіп жіберіңізші, біз білмей жатырмыз, түсінбей жатырмыз” деген секілді сылтаулармен жүгінеді. Мен сол таныс операторларды шақырамын, таныс актер, режиссерлерді шақырамын. Байқап қарасам, олар ондай шығын жасағысы келмеген, бәрін сол біз сияқты ақкөңіл аңқаулар жұмыстың бәрін бітіріп беретін. Енді сол жердегі ата-аналарға берілген уәденің өтірік болғанын білгесін, оларға:“Мен енді өтірікшілердің қасында жүргім келмейді. Кетейін. Сіздердің де көздеріңізді ашуға тура келеді”,-деп мен кетіп қалдым.  Содан мен оқытқан көп ата-аналар: “Балаларымыз сізге үйреніп қалды, неге өзіңіз мектеп, ашып тәлім бермейсіз?”,- деп айтқанда сол кезде мен қорықтым ба, білмеймін. Бір ай бойы ойда жүрдім, ата-аналар да соңымнан қалмай қойды. Осылайша 2014 жылы алғашқы мектебімді аштым. Бір қызық жері сол жылы адам көп келді. Менде бір сексен адамдай оқыды. Жанынан эстрадалық вокал класын аштым. Міне, содан бастап ашылып кетті “Асқар Наймантаевтың өнер мектебі”. Енді қазір көбі екі-үш ай оқытып, сертификат беріп, камераның алдында ойнатып қойып “Болды балаң актер болады” деп алдап шығарып салатын мектептер көп. Мен ондай өтірік уәдемен айналысқам жоқ. Мен баланы актер өнеріне, актерлік шеберлікке , сахна тіліне, пластикалық өнер бар бізде соларға тәрбиеледік. Ол баланы актер ету үшін емес, біздің қазақтың баласының бойындағы ұяңдықты жойып, көптің алдында, топтың алдында жүзі ашық болып, сөйлеуді үйрету. Көбінің тілінде деффектілер болады. Солармен күрестік. Ал кейін актер болып кете ме, басқа мамандықты қалай ма оның еш зияны жоқ. Мен осыны түсіндіруге тырысамын. Және ата-аналар сол үшін де сеніп, маған баласын береді. Менен “актер” болып кету үшін ғана оқымайды, “адам” болып кету үшін оқиды. Алты айлық “Голливудтық оқу жүйесі” бойынша оқытатын актерлік курсты да ашып қойдық. Алғашқы бітірген шәкірттеріміз біраз сериалдарға барып түсіп, клиптерге түсіп, біраз жеткен жетістіктері бар. Оқып жүргенде өздері кастингтерге барып өтіп жатады. Бірақ мен көбіне мен ондай жерлерге өзім ұсына бермеймін. Себебі, негізінде мамандықты біліп алсын деп. Өмірде өтірік айтуға болатын шығар, өнерде өтірік айтуға болмайды. Өнерді өтірік оқытуға болмайды. 

Сөзіңіз аузыңызда. Шыныда да қазір көп өнер адамдары, олардың қатарында әртіс, актерлер де бар, бірнеше фильмнен бой көрсетеді де, кейін «Өнер» мектептерін ашып алады. Себебі, барлығы да әртіс, жұлдыз болғысы келетіндігін олар біледі. Қалай ойлайсыз, бұл жәй ғана бизнестің бір түрі ме? Әлде шынымен өнерге деген бір жанашырлық па? Ондай мектеп ашу үшін әртістің деңгейі қандай болы керек деп ойлайсыз?

- Шарықтау шегі дегенді мен аса біле бермеймін. Біздің кезімізде ондай жеке мектептер болған жоқ қой. Біз Хадиша Бөкееваның курсына түскен кезде Тұңғышбай Жаманқұлов жаңа бастап жүрген екінші мұғалім болатын. Міне сол сияқты артымнан шәкірт қалсын деген шын көңілі болатын болса немесе шәкіртті коммерцияға айналдырам десе ол ақша санап кетеді. Шәкірттің жағдайын ойламайды. Ал ол мен үшін дұрыс емес. Ашсын, егер үйрете алатын қабілеті болса. Атағы жер жарған мықты сахнаның да, экранның да шебері, өте талантты актер болуы мүмкін. Бірақ педагог болмауы мүмкін. Мен өнерде жүрген көп әріптестерімді өзімнің мектебіме оқушылармен кездесуге шақырамын. Кездесуді сұрақ-жауап ретінде өткізуге жүйкесі шыдайды. Ал енді сабақ бер деп ұсыныс жасағанда, педагогикасы жоқ. Ол жағы ақсаңдап тұр. Сондықтан, атып бар екен деп аша салып, өзі сабақ бермей, басқа біреулер сабақ беріп, одан кейін өз атыңды айтып “Менің шәкіртім” деп төбе көрсетіп жүру ол да коммерция. Баланы бір дүниеге үйретуге қабылдадың ба, ар-ұятыңмен кіріс. Тағы қайталап айтамын, өнерді өтірік үйретуге болмайды. Шәкірт кешірмейді. Кейін уақыт кешірмейді. Оның күнәсі ауыр болады. Қолыңнан келмесе, қоя сал. Шәкіртсіз де актерлер жетіп жатыр. Олар біледі балалармен жұмыс істей алмайтынын. Ұстаздық қабілет болмауы мүмкін, актерлік қабілет болғанымен. 

Өмірін өнермен байланыстырғысы келетін болашақ әртістерге қандай ақыл-кеңесіңізді айтар едіңіз? Нағыз өнер адамы болу үшін неден бастартып, нені ұмыт қалдырмауы тиіс?

-  “Өнерге әркімнің-ақ бар таласы” дейді. “Өнерпаз болсаң арқалан”  деген сөз де бар. Мен өнерді қызғанбаймын.  Сондықтан, өнерге талпынасың ба, жолың болсын. Қыз балаларға өнер жолы қиын болады. Сондай көп нәрсеге тәуекел  етіп, болашақта өзінің тұрмыс құруына да кедергі болуы мүмкін. Өнерді таңдаған адамдарға жеңіл көз-қараспен қарайды. Ол көз-қарас бізден әлі жойыла қойған жоқ. Алда сол сияқты қиын кезеңдер көптеп кездеседі. Ұл болса да, қыз болса да өзгеден емес, өз шаңырағыңнан ең бірінші кедергі кездеседі. Тұңғышбай ағамыз бізді бір-ақ ауыз сөзді айтып үйретті: “Өнерді есеппен емес, ессіз сүю керек”. Біздердің жұлдызы жанып, елге танымал болғаннан кейін сенің қолдаушыларың, жанкүйерлерің көбейген кезде ғана, көзге, сөзге іліне бастаған кезде ғана сен бір жақсының қатарына келуің мүмкін. Бірақ сол көзге, сөзге ілінгенге дейінгі өмір қиындау болады. Көзге, сөзге ілінгеннен кейін де шеке қызбайды, артыңнан жаман сөздер ереді. Соның бәріне төзе білу керек. Шыдай білу қажет. Артыңнан ерген сөз отбасыңда да үлкен мәселелер туғызуы мүмкін. Сондықтан, өзіңнің таңдаған жарың да сенің мамандығыңды сүйе білуі, түсіне алуы керек. Оның қиын-қыстау жерлерін сенімен бірге көтере білуі керек. Әйтпесе, өнерпаздың жолы болуы екіталай. Елдің алақанында жүріп, инстаграмға салатын жарқ-жұрқ еткен ол жай ғана суреттер ғана, ал жеке өмірімізде әрқайсысымыздың проблемалар жетіп жатыр. Мұның бәрін біз елге айтпаймыз. Біз сәтті болып жүрген жерімізді ғана жариялаймыз. Оның арт жағында қиындықтар бар екенін біле бермейсіздер. Осындай психологиялық қиындықтарға да, қалтаңа түсетін қиындықтарға да болады. Осы қиыншылықтардың бәріне төзе білетін жігер керек, қайрат керек, шыдам керек. Шыдам керек, шыдам кер, шыдам кер.Шыдам біткен кезде төзім басталады. Әріқарай төзесің. Одан басқа жол жоқ. 

Әртіс Асқар Наймантаевтың мақсат, армандары қаншалықты жүзеге аса алды? Болашақта қандай жоспарларыңыз бар? Бөлісе кетсеңіз. 

 - Ол Асқар Наймантаевтың актер ретіндегі мақсатының бәрі жүзеге аса қойған жоқ, өкінішке орай. Ойнасам деген дүние көп еді. Бірақ, мен өзімді жол болмаған актерлар қатарына, бақытсыз өнерпаздар қатрына жатқызбаймын. Мұхтар Әуезов театрына қабылданғанда әріқарай да режиссердердің бәрімен Аубакир Рахимовпен, Асанәлі Әшімовпен, Болат Атабаевпен, Қйрат Сүгірбековпен жұмыс жасадым. Сол режиссерлердің барлығы да маған сеніп, үлкен рөлдерді табыс етті. Мен көпшілік саханада көп уақыт бойы жүрген актер қатарынан болғам жоқ. Бірақ орындалмаған арман жетеді әлі. 

Болашақта, әрине, арман көп, мақсат көп. Өз театрым болса екен деймін. Кәдімгідей ғимараты бар. Оны енді мен өзім бірге жұмыс істеп жатқан “AiBi” продакшн компаниясының өкілдері де қолға алып, тек қана сол кино, медиа саласын дамытып қана қоймай, театр өнеріне де көңіл бөлеміз деп жатыр. Мүмкін, сол арманға да жетіп қалармыз. Ол театр сахнасында сахналасам дейтін біраз жобаларым бар. Алдағы уақытта Қызылжардағы орыс драма театрыменен келісім жасап қойып едім. Бейімбет Майлинның “Неке қиар” комедиясын сол театрдың сахнасында қоюды. Ол жоспар бар. Ал өзім баяғы “Қымызхана” сериалының жаңа заман талабына сай етіп комедиялық жанрда жақсы дүние жасасақ деген ниетіміз бар еді. Мына карантин тоқтатып тұр. “Инвестор боламыз, жабыла кірісейік”,- дейтін қазақтың қазақы салт-дәстүрін, қазақтың ұлттық тағамдарын дәріптей отыра, қызықты оқиғалармен қатар жүретін “Қымызхана” түсіргім келген. Сосын қолға алған бір-екі комедиялық сценарийлер қазір жазылып жатыр. Сосын Мақпал Мұса ақын қарындасымыздың дастаны бойынша бір телефильм түсіруді жобалап қойдық. Қазір енді күз болып кетті, жайлаудың да сәні сарғайып кетіп қалды. Көктемде, жер көгере бастағанда сол жұмысты алдымен бастап кетеміз. Әзірше осы. “Арық сөйлеп, семіз шық” дейді. Көптеген жөн-жоспарлар бар. Барлығын болашақта көре жатарсыздар. Енді мына індеттің беті қайтып кішкене босаңси бастадық қой, өзіміздің академиямыздың да оқушыларын қайтадан қабылдап, жұмысты бастауымыз керек. Соның сәтін тілеп отырмыз. 

Сұхбатыңызға көп рахмет. Жоспарларыңыз бен мақсаттарыңыз орындалсын.

- Менімен сұхбаттасқан өзіңе де сәттілік, Айналайын. 

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы