Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 қазан, 2021233

«Көзімнің қарасы»: Баланың көзімен ересек өмірге шолу

Мектепте оқып жүрген кезіңізде ең ұзақ үзілісте немен айналысатын едіңіз? Асханада асықпай отырып тамақ ішуді әлде үйге берген тапсырманы қайталауды құп көрген шығарсыз? Немесе сыныптас, достарыңызбен ойын ойнап, сыр бөлісуді әдетке айналдырдыңыз ба? Бүгінгі біздің бас әрі жас кинокейіпкердің мектептегі әдеті таңғалдырмай қоймайды: ол қоңырау соғылған бетте үйіне жүгіріп келіп, анасының ақ сүтіне тойып алуды үзілісті тиімді пайдаланудың бір жолы ретінде көреді.

«Көзімнің қарасы» көркем фильмі – режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың тырнақалды туындыларының бірі де бірегейі. Картина 1994 жылы қалың көпшілікке жол тартып, режиссердің әлемдік кино кеңістігіне танылуына жол ашып берді. Ол 1994 жылы Анапада өткен «Киношок» 3-ші бүкілресейлік фильм фестивалінде «Адамшылық пен мейірімділігі үшін» деген марапатқа ие болды. Сондай-ақ Германия, Франция, Латвия елдерінде өткен халықаралық байқауларда арнайы жүлделерді жеңіп алды.

Фильмнің осыншалық деңгейде жоғары бағаланып, жетістікке жетуі оның шынайылығында, баланың көзімен үлкен өмірдің шындығын көрсете алуында деп білеміз. Кинотуындының басты кейіпкері – тентек әрі ерке бала Ескен. Ол – тоғыз әлде он жастағы қарапайым ауыл баласы. Картинада оның бастан кешкен оқиғалары арқылы XIX ғасырдың елуінші жылдарындағы Оңтүстік Қазақстандағы соғыстан кейінгі кеншілер ауылының тұрмыс-тіршілігі баяндалады.

Ескен жаңа танысқан досы – әкесі сотталып, анасымен бірге Қазақстанға айдалып келген еврей баласы Юрамен бірге талай қызық пен қиындықты бастан кешіреді. Екеуінің ауылдың ересек балаларымен ерегісіп, таяқ жеп қалатындары да бар. Осындай кезде көріп қалса қол ұшын созатын жапон тұтқындары – Ескеннің әкесінің достары. Олар анда-санда осы қазақ шаңырағынан дәм татып, жаңалықтарымен бөліседі. Бірақ Жәлелдің қонақжайлығы мен жайсаңдығын жұртқа жамандап, үкімет адамдарына басқаша тәпсірлеп беретін көршісі бар. Ақыр түбі сол көршісымақтың кесірінен бір-ақ түнде Жәлел айдалып, екі жылға бас бостандығынан айырылады. Артында жылап-сықтап жұбайы мен енді ержетіп келе жатқан Ескен қалады.

Қазақ халқы қанша қонақжай болғанымен, әр ауылдың өзінің сатқыны, қатыгез басшысы, жағымпаз жалшысы, жүргіш әйелі, ұрлықшы-қарлықшысы болады. Одан бөлек, әрине, жүрегі мейірім мен махаббатқа толы адамдары, сұлу бойжеткендері, сері жігіттері де болады. Ескен мен оның замандас достары осындай түрлі образдардың қым-қуыт тіршілігін тым жақыннан бақылайды. Ересектердің өміріне тікелей араласуға Ескеннің басқа балалардан қарағанда мүмкіндігі көбірек, себебі, ол аккардеонда ойнай біледі. Ол өнерінің арқасында қатаң тәртіпте қадағаланатын би кештеріне қатыса алады: кімнің кіммен жүретініне, қай еркектің қай қызға көзі түскеніне, бітеспес жаулар мен достардың әңгімелеріне өз көзімен куә бола алады.

Балалардың қызығы тек би кештерін сығалап тамашалаумен, төбелесумен таусылмайды. Олар бірге мылтық атып үйренеді, өздерінің «бағалы» нәрселерін Жолдыбайға беру арқылы бағанаға өрмелеп шығып 3-4 минут фильм де көре алады. Әрине, әккі Жолдыбайға доп секілді қарапайым нәрсе өте бермейді, есесіне ер жетіп қалған жігіт жалаңаш әйелдің фотосуреттері мен «қорғану құралдарын» қуана-қуана қабылдайды. Ескеннің ересек өмірдің құпияларын тануы ауылдың бақуатты еркектері мен Аспазия Талалаевнаның жасырын әрекеттерін тамашалауымен жалғаса береді.

Картинада бейнеленетін соғыстан кейінгі қазақ ауылының кедей тіршілігі қазіргі көрерменнің жүрегін ауыртпай қоймайды. Фильмнің бастапқы эпизодтарының бірінде көрінетін Ескеннің анасы мен көрші кемпірдің сиырдың тезегіне таласуы бір қарағанда күлкі сыйлағанымен, ойланып қарасақ, жарлы ауылдың жағдайын паш етіп тұр. Режиссердің шеберлігі де сол, кедейлікті көрсету үшін кейіпкердің аузына мұқтаждық туралы аяныш тудыратын сөз салып тұрған жоқ, керісінше, контекстке сай күлкілі көрініспен-ақ аумалы-төкпелі заманның қиыншылықтарын қиюын келістіре суреттейді.

Кинотуындының басты рөлін бала сомдағанымен, негізгі оқиғалар балалардың көзімен берілгенімен, оны балаларға арналған фильм деп айта алмаймыз. Негізінінен картинаның Абдолла Қарсақпаевтың әйгілі «Менің атым – Қожа» фильміне ұқсайтын тұстары бар. Екі туындының да оқиғасы өткен ғасырдың елуінші жылдарындағы ауыл өмірінен сыр шертеді. Екеуінің де басты кейіпкері – тентек балалар. «Қожаның» көтеретін тақырыптары үлкен адамдарға да түсінікті және астарлы болғанымен, оны нағыз балалар фильміне жатқыза аламыз. Себебі онда болып жатқан оқиғаларға басты кейіпкер тікелей қатысады әрі сол сюжеттер Қожаның психологиялық портретін ашады. Ал әңгімеміздің арқауы болып отырған картинаның кей эпизодтарын балалар түсінбеуі де мүмкін. Өйткені мұнда күнделікті болып жатқан ауыл өмірінің оқиғаларына бала кейіпкерлер әрекет етуші емес, тек бақылаушы ретінде қатысады. Сондықтан кинофильмнің кейбір сахналары жас көрермендерге көрсетуге келмейді. Біздің бағамдауымызша, бұл мелодрама – ересектерді балалық шағына саяхат жасататын үлкендерге арналған картина. Режиссердің өзі де осы фильмнің негізгі сюжетін өзінің жас кезі туралы баяндайтын повесінен алады. Оның әдеби туындысын фильм сценарийі етіп Ізтүле Ізмағамбетова бейімдеген. Бір қарағанда, картина өткен күндердің елесін беретін жеңіл туынды болып көрінуі мүмкін. Алайда осы жылы естеліктердің артынан жазушы-режиссердің балалық шақтағы мұңын, жүйенің қисықтығын, жақын адамның сатқындығын көрсеткісі келгендігі байқалады.

Өткен ғасырдың соңғы онжылдығында түсірілген картинаның соғыстан кейінгі суретті сенімді бейнелей алғанын да атап өту керек. Мұнда қоюшы-суретшінің ерен еңбегі байқалады. Суретші ретінде бұл картинаға бүгінде танымал режиссер Рүстем Әбдіраш қызмет еткен. Сонымен қатар, қазіргі таңда ең ықпалды қазақ киногерлерінің бірі Ақан Сатаев та өзінің кинодағы қадамын осы фильмде Ыдырыс деген кейпкердің рөлін ойнау арқылы бастады. Ал басты рөлді тамаша талантты жас актер Дәулет Таниев сомдаса, оның ата-анасының образдарын Бақытжан Әлпейісов пен Райхан Айтқожанова ойнады. Актерлік құрамның нанымды әрі шынайы ойыны – картинаның ең үлкен жетістігі деп айтуға болады.

Сонымен, ойды қорытындылай келе, балалық шаққа бір саяхаттап, ауыл өмірін бала көзімен бір көргіңіз келсе, «Көзімнің қарасы» фильмін көріп шығуға кеңес береміз. Барсакелмеске айдалып, ақылынан алжасып келген Ермекбай, әкесінің бейәдеп қылығына күйінген Жолдыбай секілді қызық кейіпкерлерді осы картинадан тамашалай аласыз.

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы