Размер шрифта:

Цветовая схема:

03 шілде, 2021225

«Любовь на миллион»: Қарапайым комедия туралы ой

Қазақ кино өнерінде түсірілетін танымал екі бағыт бар. Оның бірі - романтикалық комедия, ал екінші түрі - отбасылық комедия.  Екеуінде де тек бір ғана ортақ нәрсе бар, ол – комедия. Әр жыл сайын отандық сегментте кемінде 5 романтикалық және отбасылық кинокомедия жарыққа шығады екен. Оның саны көбейе бергеннен нәтижесінде барлығы бір-біріне ұқсап кететін жобалар да жоқ емес. Бұл жолы назарымызға тағы бір романтикалық комедия жанрында түсірілген  кинолента түскен болатын. Бұл фильмнің басқа кино жобалардан айырмашылығы мен артықшылығы қандай? Сценарий және актерлердің сомдаған рөлі қаншалықты «на миллион» екенін анықтап көрелік.

Қазақстандық «Любовь на миллион»  комедиялық кинолентасы елде орын алған пандемиялық жағдайдан кейінгі алғаш рет жарыққа шыққан картиналардың бірі болды. Фильмнің премьерасы Атырау қаласында өткен болатын. Жоспар бойынша романтикалық картина өткен жылдың мамыр айында көрермен назарына ұсынылуы керек еді. Алайда карантин жағдайына сәйкес кинотеатрлар мен ойын – сауық орталықтары жабылып, жұмыстарын тоқтатқаны баршаның есінде болса керек. Осыған байланысты өз премьерасын күткен біршама қазақстандық кино ленталар кейінгі қалдырылды. Бұл кезеңге «Любовь на миллион» туындысы да тап болған болатын. Араға жарты жыл салып отандық комедия үлкен экранға оралған еді. Фильмнің бас продюсері Тимур Бақтыбаев. Киногер үшін де және оның Eighty Eight Entertainment киностудиясы үшін де бұл картина дебюттық жоба болды. Осыған дейін Тимур Бақтыбаев тек бейнеклиптерді түсірген көрінеді. Сонымен қатар, киногер 2018 жылы «Загадай желание» кинолентасында киноактер ретінде түсіп, өзінің киноиндустрияға деген алғашқы қадамын жасаған болатын. Кино маман «Любовь на миллион» фильмінен кейін 2020 жылы «Папа поневоле» отбасылық комедиясын жарыққа шығарған. «Любовь на миллион» картинасының түсірілімдері 2019 жылы Алматы қаласында өткен еді.

Фильмнің сюжетіне тоқтала кетейік. Басты кейіпкер Диас есімді жігіт. Қарапайым отбасынан шыққан қарапайым бала. Жүк тасымалдайтын қызметте адал еңбек етіп жүреді. Бір күні Дина есімді өте сұлу бойжеткенмен кездейсоқ кезігіп қалады. Бір көргеннен назарын ала алмай қалған Диас қызға ғашық болып қалады. Бірақ бойжеткеннің әкесі қаладағы танымал бизнесмен. Бай әрі ауқатты отбасыдан шыққан Дина өзінің жеке галериясы бар интеллигент азаматша. Ол ер азаматтардың бойынан тек қана шшыншылдық пен жомартылықты ұнатады. Жүк тасушы болып жұмыс істейтін Диас қызға ғашық болғаны соншалық, ол қалай болса да, қандай іс-әрекетке барса да Дина сұлудың назарын өзіне қаратуға тырысып бағады. Бірақ оның қолында жақсы жұмыс та, қымбат көлік те, зәулім сарай да болмайды. Бірақ тағдыр оған күтпеген жерден сый береді. Диас бәске миллион теңге ақша қойып, біраз ақша ұтып алады. Қаражатты жеке бизнеске салайық деген досынының ұсынысына қарамай, өзінің бөлек жоспарларын құрады. Диас қомақты қаражатты оңды- солды жұмсайды. Қымбат костюмдер, бағалы көліктер, қыдырыстар мен көңіл-көтеруге кеткен қаражаттарды Диас еш аямайды. Бірақ ол өзінің басты мақсатын ұмытпайды. Ол Динамен қалай болса да кездесу ұйымдастыратынын ойлап басы дал болады. Диастың махаббатына қол жеткізуіне оның бала күннен бірге келе жатқан досы Нұрбек және Динаның туған кішкентай бауыры көмекке келеді. Бойжеткеннің ұйымдастыруы бойынша өткен көрмеде Диас пен Дина танысады. Осылайша олардың таныстығы ерекше ғашықтыққа ұласады. Алайда Диас қыздан өзінің бар болмысын жасырып қалуға тырысады. Өзінің қарапайым қара жұмысшы екенін айтуға қысылған Диас Динадан айырылып қалуға қорқады. Осылай уақыттар өте береді. Екеуінің достары Марго және Нұрбек те бір-бірімен танысады. Диастың жан досы Нурик Динаның құрбысы Маргоға бар шындықты жайып салады. Өзіне өтірік айтып жүрген Диастың бар шыныдығын білгеннен кейін Дина жігітпен ара-қатынасты тоқтатады. Өз махаббатынан айырылған Диас жан досы Нұрбекпен де араздасып қалады. Уақыты мен ақшасын тек қыдырыстар мен түнгі клубтарға жұмсаған Диастың ұтыстан жеңген ақшасы да таусылады. Бұл уақытта Дина өз өмірін жалғастырады. Ал Нұрбек пен Марго жұп атанып, екеуі ортақ кәсібін ашады. Өзнің өмірдегі ең жақын адамдарынан айырылған Диас барлығын өз орнына қайтармақ болады. Сөйтіп қол көтерген досы Нуриктен кешірім сұрап, ренжіткен ғашығы Динаны қуып жетіп өзінің шынайы  сезімін білдіреді. Осылайша романтикалық комедия өз соңына жетеді.

«Любовь на миллион» кинолентасы бұған дейін де болып кеткен қарапайым комедиялардан еш айырмашылығы жоқ. Бір сценарий, жігіт пен қыздың арасындағы ғашықтық, екі достың әзілі, айырылысу мен қоштасу, бірге болу. Барлығы да өте қарапайым түсірілген. Жеңіл әрі тез көрілетін кинофильм. Картинаның астарында терең мағына мен мән іздеудің ешқандай қажеттілігі жоқ секілді болып көрінеді. Бір рет көріп, ұмытып кететін фильмдердің қатарынан екендігін бәріне мезі болған қарапайым сценарий дәлел болса керек. Жалпы мұндай сарындағы романтикалық комедиялардың басым бөлігі осы бір ортақ жолды ұстанып алғандай. Мұндай жоспарлы кинофильмдер қазіргі таңда  көп көрерменнің қызығушылығынан шығып қалғаны құпия емес. Оның бірден - бір себебі осы секілді сюжеттік желісі бар кинофильмдер осыдан он жыл бұрын түсіріліп, актуалды болған еді. Сол себептен де кинофильмде ерекше эмоцияны көрсетіп тамашалайтын сәттері аз болса керек. Көрерменге жеткізер ойы түсініксіз. Басты кейіпкер букмекерлік орынға бәске ақша қойып, кейін қомақты қаражат тауып байып кететіні көрсетілген бұл фильмдегі мағына көп адамға дұрыс емес ой салатыны рас. Бұл сәтте фильм авторларының нақты нені жеткізгісі келегені әлі де өте қызықты. Кей кейіпкерлердің фильмдегі рөлі мен маңыздылығы жоғалып қалғандай. Сценарий шикі әрі жеңіл жазылған. Фильмге таңдалып алынған актерлік құрам ерекше болғанмен де, жалпы берілген рөл өз актерлерін таппағандай сезім тудыртады. Басты рөлдерді сомдаған киноактерлер ретінде: Жахан Өтерғалиев, Гүлнара Сильбаева, Дина Тасболатова, Ернар Сакупов, Мұрат Жарылқасынов, Айбар Таңғыт, Жақсыбек Құрманбековтер таңдалып алынған. Кинолентада актерлер алғаш рет фильмде ойнап жатқандай немесе түсірілім тобындағы ыңғайсыз болған атмосфера сезіледі. Картинадағы ең басты кейіпкерлер Диас пен Динаның арасындағы махаббат сезімінен бөлек, қандай да бір «химияның» өзі байқалмайды да. Фильм әрбір көрерменді болып жатқан оқиғаның желісіне баурап әкетіп, орын алғалы тұрған ситуацияға сендіруі қажет. Алайда көрермен оған сене қоймаған сыңайлы. Сонымен қатар, «Любовь на миллион» отандық комедиясының сценарий желісі соншалықты қарапайым, тіпті кәдімгі көрерменнің өзі алдағы болатын сахна мен оқиғаны біліп, сезініп отырғандай. Тағы бір айта кететін мәселе бар. Фильмде жарнамалар толып жүр. Көлік салоны, букмекерлік орталық, киім дүкені, көліктер маркасы және тағы да басқалары. Бір жарым сағаттық «комбо» жарнама тамашалағандай әсер қалдырады. Не дегенмен де, жарнама жасау үшін де өнер мен талант керек екені айқын. Алайда дәл үлкен экранда тікелей  көрсетіліп, міндетті жасалған жарнама «кино тамашалаймын» деп келген көреременді құрметтемеу дегенге жанаса кетеді емес пе? Сол себепті киногерлер жарнама алар алдында арнайы сценарий құрып, «жүйелі» пиар жасаса екен деген тілек қана. 

Бас продюсері – Тимур Бақтыбаев, продюсерлік қызметті атқарған – Назира Альмухаметова. Режиссерлік еткен – Олжас Ибраев. Олжас тек режиссер ғана емес, сондай –ақ қоюшы-оператор және  мультипликатор. Қазақ өнерінің қара шаңырағына айналған Темірбек Жүргенов атындағы қазақ ұлттық өнер академиясында  2004-2009 жылдар аралығында білім алып, аяқтаған. Бала кезінен Олжас телевизия ортасында өскен. Оған бірден – бір себеп болашақ режиссердің анасы 40 жылдық еңбек өтілі бар мықты  журналист болған. Әкесі инженер, бірақ ол режиссер болуды арнамандаған көрінеді. Әкесінің "Красногорск" ретро камерасы болған, ол сол камерасымен өз отбасын жиі түсіре беретін көрінеді. Әкесінің бұл хоббиіне қарап өскенн кішкентай Олжастың  режиссураға деген сүйіспеншілігі осы тұстан басату алады. Отандық режиссер Олжас Ибраевтың түсірген дебюттық фильмі 2018 жылы жарыққа шыққан «Загадай желание» деп аталады. Одан кейінгі режиссерлік еткен жобасы дәл осы «Любовь на миллион» кино туындысы болды. Өткен жылы Ибраев көрерменның назарына «Папа поневоле» картинасын ұсынған болатын. Алдағы уақыта кинопремьерасы жоспарланған тағы бір экшн комедия «Портье: мальчик на побегушках» жобасын да  Олжас Ибраев түсірген болатын. Сценарий авторы – Данияр Күмісбаев. Сценарист бұған дейін көптеген отандық картиналарға сценарий жазған  болатын. Оның жазатын сценарийлерінің басым бөлігі комедия, драма, романтикалық комедия, криминал, отбасылық комедия сынды жанрларда түсірілген. Алғашқы картинасы «Ирония любви» деп аталады. 2010 жылы «Ғашық жүрек» немесе «Коктейль для звезды» фильмі және оның екінші бөліміне де сценарий авторы болған. 2012 жылы «Десант» отандық кинофильміне сценарий жазды. Келесі жылы Баян Алагөзованың продюсерлігімен түсірілген «Любовь тракториста» отандық комедиясының сюжетін жазған болатын.  Данияр Күмісбаевтың фильмографиясындағы тағы бір шығарма «Голос степей» деп аталады. Дәл осы жылы «Мозготрясы» деген атаумен отандық телехикая жарық көреді. Бұл жобада да сценарий авторы – Данияр Күмісбаев болды. Сценаристің шығармашылығын тағы бір «Маша и Дудара» деп аталатын кинофильм толықтырады.  Қоюшы операторы – Кубаныч Момынов. Сонымен қатар кинодағы саундтректер мен әуендерге жауап беретін композиторлары: Сұлтан Досматов және Дәурен Айтуғанов. Композиторлық жұмыс жақсы жасалынған. Кинофильмдегі әуендер мен музыкалар өте сәтті таңдлып алынған. Әрбір фильм мен телесериалдарда әуен мен оның сундтректері өте маңызды рөл ойнайтынын естен шығармаған жөн. Отандықты туындыда қойылған музыкалар мен әуендер қатарында: Мархаба Сәбидің орындауындағы «Ғана» әні, Азия және Baqay топтарының «Опмай –Опмай» әуені, 2Rar әншінің «Сары қыз» және «Еркем» туындылары, Big Kajy және Saddam орындауындағы «Мен мақтанамын» заманауи әні, Қара және Маскара тобының «Новый казах» әуені, Жеті -  «Уақыт жоқ», Айри әншінің «Ойладың ба» әндері таңдалып алынған болатын. Фильм 2020 жылы қазан айының жетінші жұлдызында жарық көрді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы