Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 сәуір, 2020488

Мәдениет министрі онлайн форматтағы мәдени шаралардың нәтижесі туралы

Қазақстанда соңғы он бес жылда түсірілген үздік фильмдердің республикалық телеарналардағы марафоны мамыр айының жиырма төртіне дейін жалғасады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мәлім етті.

Бұдан бөлек, министр ведомство тарапынан еліміздегі төтенше жағдай кезінде қазақстандықтардың бос уақыттарын тиімді әрі пайдалы өткізуге бағытталған жүзеге асырылып жатқан мәдени онлайн-шараларының оң тұстарын атап өтті.

Ақтоты Райымқұлованың хабарлауынша, өнер және мәдениет майталмандары карантин кезінде онлайн-режимге ыңғайланып, шығармашылық шеберліктерін шыңдай түсті. Осылайша, қалыптасқан жағдайға қарамастан, мәдениет өкілдері жаңа форматта талай бұқаралық шаралар өткізіп, қашықтықтан жұмыс істеуде.

Фото: kazakhcinema.kz

Мысалы, төтенше жағдай кезінде «Карантиндегі жұлдыз» онлайн-жобасы іске қосылды. Оның шеңберінде өнер жұлдыздарының қатысуымен 30 онлайн-концерт ұйымдастырылып, оны 15 миллион көрермен тамашалады. Мұндай игі бастамаға қазақстандықтар тарапынан жылы лебіздер де түсіп жатқан көрінеді. Театр қызметкерлері болса, өздерінің желідегі ресурстарына 160-қа жуық концерт пен қойылым жүктеген.

Эстрада және театр жұлдыздарынан кино майталмандары да қалыс қалып жатқан жоқ. Онлайн-әңгімелер мен сұхбаттар өткізіп, онлайн-дәрістерді жүзеге асырып жүр.

«Өнер-онлайн акциясы аясында кинокартина жасаушылар кино түсіру кезіндегі қызықты сәттермен бөлісіп, түсірілім үрдісі жайында әңгімелейді. Өздерінің көрермендерімен қауышуға мүмкіндігі болмаған театр өкілдері қойылымдарының жазбаларын өздерінің сайттары мен әлеуметтік желілерінде көрсетіп жүр», - деді министр.

Ал, «Қазақфильм» киностудиясы болса, 1938 жылдан 2002 жылға дейін түсірген «Алтын қордағы» фильмдерін қазақстандықтардың көрулеріне мүмкіндік жасаған. Бүгінгі таңда үздік туындыларды 10 миллион адам тамашалаған екен. Бұдан бөлек, министрліктің бастамасымен «Қазақфильм» киностудиясы мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы қайтарымсыз негізде «Хабар», «Qazaqstan», «Kazakh ТV», сондай-ақ «Ел арна», «Жетісу» сияқты телеарналарға 223 ұлттық киноны тарту етті. Осыған дейін «Хабар» мен «Qazaqstan» арналары отандық фильмдер онкүндігін өткізген болатын. Мұндай бастама КТК арнасында да қолдау тапқан.

«КТК телеарнасындағы «Үйдегі киносеанс» киномарафоны соңғы 15 жылда түсірілген үздік фильмдерді көрсетіп жатыр. Бұл фильмдердің кестесі 24 мамырға дейін қарастырылған», - деп атап өтті Ақтоты Райымқұлова.

Министр мәдениет қайраткерлерін өзін-өзі оқшаулау кезеңінде азаматтарымыздың интеллектуалды және рухани сусындап-баюлары бағытында атқарып жатқан жұмыстары мен қойылған міндеттерді сапалы түрде орындап жатқандары үшін алғысын білдіріп, бұл жұмыстарды төтенше жағдайдан кейінгі кезеңде де жалғастыруды жоспарлап жатқандықтарын жеткізді.

Айта кетейік, жалпы карантин басталғаннан бері бүкіл республика бойынша онлайн режимде 15 мың іс-шара өткізіліп, оларды шамамен 30 миллион адам қараған екен.

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы