Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 қыркүйек, 2021329

Соғыс майданынан – өнер майданына

Қазақ киносының тарихына көз жүгірткенде аты алдыңғы қатарда көрінетін киногерлердің бірі – Мәжит Бегалин. Ол – соғыс майданынан оң қолынан айрылып оралса да, қазаққа қызмет етсем деген ниетін жоғалтпаған ержүрек режиссер. Ол елі үшін күресудің жолын кино түсіруден тапты. Бегалиннің отаншылдық пен қазақ батырларының ерлігін дәріптейтін фильмдері көрермендерге көп мәлімет қана емес, жігерлі рух береді.

Мәжит Сапарғалиұлы (1922-1978) – кеңестік және қазақстандық кинорежиссер және сценарист.  Ол – қазақ кинематографиясының негізін қалаушылардың бірі, өзі де Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, фильмдеріне қазақ батырлары мен соғыс тақырыбын арқау етті. Ол 1922 жылы 22 ақпанда Семей облысы Абыралы ауданында әйгілі қазақ жазушысы Сапарғали Бегалиннің отбасында дүниеге келді.

Тоғыз жасында Алматыға қоныс аударған Мәжит мектептің соңғы сыныбында Тау-кен институтының бастапқы курсын бітіріп, маркшейдер болуды жоспарлады. Бірақ Ұлы Отан соғысы басталып, мектепті үздік  куәлікке бітірап үлгерген ол майданға аттанады. 1943 жылдың көктемінде ол оң қолынсыз үйіне оралды. Сол жылы ВГИК-ке (Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институты) С.А.Герасимов пен Т.Ф.Макарованың шеберханасына оқуға түсті. 1948 жылы ВГИК-тің режиссерлік бөлімін сәтті аяқтады. Оқуды бітіргеннен кейін ол «Мосфильм» киностудиясында жұмыс істеп, ұстазы Сергей Герасимов түсірген «Жас гвардия» және Михаил Чиаурели түсірген «Берлиннің құлауында» екінші режиссер қызметін атқарды.
Кейін Қазақстанға оралып, 1949 жылдан бастап «Қазақфильм» киностудиясында көркемдік жетекші болып жұмыс істеді.

Мәжит Бегалин бір сұхбатында: «Егер мен кинорежиссер болмасам, тарихшы болар едім», – деген екен. Ол ХХ ғасырдағы ең сұрапыл соғыстың сынынан өткен саңлақтардың бірі. Оның әскери өмірбаяны қысқа әрі қиын болды. Бегалиннің жастайынан бастан кешкен қайғылы оқиғасы оның жан-дүниесінде терең жара қалдырып, оны әскери тақырыпқа қайта-қайта оралуға мәжбүр етті. Бегалинді кино әлеміне баулыған ұстазы кеңестік киногер С. Герасимов шәкірті туралы: «Ол өзінше дарынды адам болды. оның Отанға, әсіресе Қазақстанға және оның мәдениетіне деген сүйіспеншілігі терең еді. Бұл оның өмірлік көзқарасынан, киноға деген көзқарасынан көрінеді. Оның еліне деген махаббаты Шоқан Уәлиханов туралы фильмнің идеясын анықтады», – дейді өз естеліктерінде.

Режиссер Бегалиннің шығармашылығы туралы «Мәжит Бегалин» (1981, оператор А.Т. Ашрапов) деректі фильмі түсірілді. Сондай-ақ 2012 жылы Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы Нұргүл Түсіпбекованың сценарийімен «Когда душа не может молчать» деп аталатын деректі картинаны жарыққа шығарды. Болат Нүсімбеков режиссер және оператор ретінде қатысқан фильм кеңес дәуіріндегі қазақ киносының көрнекті классигінің өмірі мен шығармашылық жолы туралы баяндайды. 2014 жылы киногердің інісі Қасым Бегалинның «Когда душа не может молчать. Мәжит Бегалин туралы естеліктер» атты кітабы жарық көрді.

Мәжит Сапарғалиұлы кино әлемінде тек режиссер ғана емес, кинросценарист ретінде де із қалдырды. Ол – өзінің соңғы  картинасы «Дала гүрсілінің» және Бауыржан Момышұлының ерлігін арқау еткен «Ел басына күн туса» фильмінің сценарийінің авторларының бірі.. Сондай-ақ режиссер 1971 жылы Владимир Шредель мен Юлиан Семёнов түсірген «Ночь на 14-й параллели» каринасында Кхам Бут атты кейіпкердің образын сомдап өзінің  актерлік қырын аша білді. Құрметті киногерге  1977 жылы «Қазақ КСР еңбек сіңірген әртісі» атағы берліді.

«Бұл Шұғылада болған еді» / «Это было в Шугле» (1955)

Мәжит Бегалин өзінің алғашқы толықметражды картинасын Алматы көркем фильмдер мен кинохроникалардың киностудиясында 1955 жылы түсірген. Түсірілім жұмыстарына қазақ киносының белді өкілдері қатысқан: сценарист Әбділда Тәжібаев, оператор Александр Фролов, қоюшы-дизайнер Құлахмет Қожықов, композитор Евгений Брусиловский. Драмалық фильм КСРО-да шектеулі аудиторияға ғана көрсетілді. Бүгінгі күні оның жалғыз көшірмесі (контратип) Ресей Федерациясының Мемлекеттік кино қорында «Ақ бағандарда» сақталған.

Кинокартинаның сюжеті бойынша, Телғара Темірбеков «Шұғыла» колхозында жиырма жылдан бері еңбек етіп келеді. Ол осы колхозды ұйымдастырды. Оның күш-жігері мен біліктілігінің арқасында колхоз экономикалық жағынан нығайып, облыста алдыңғы қатарға шықты. Бірақ кейінгі жылдары Телғара күрт өзгерді: ол кеудесіне нан пісіп,  колхозшыларды тыңдауды және құрметтеуді қойды, айналасына ылғи жағымпаздарды жинап алды. Бұл колхоздың қызметіне әсер етпей қоймады. Мал өлімі жиі кездесетін жағдайға айналды, дәнді дақылдардың өнімділігі төмендеді.

Жас агроном Бақытжан, мал дәрігері Ксюша және тәжірибелі колхозшы Жанас Телғара Темірбековке қарсы күрес жүргізуге бел байлайды. Оларды облыстық партия комитетінің хатшысы Рүстемов те қолдайды. Жақсы болуға жетелейтін, орынды сын Телғара Темірбековке өз қателігін терең түсінуге көмектесті. Ақылға келген ол енді колхоз бастығы болмайтынын мәлімдеді. Бірақ колхозшылар оған, оның шынайылығы мен ұйымдастырушылық қабілетіне сенеді, сондықтан жасаған қателіктерін кешіріп, колхоз төрағасы қызметінде қалдырады.

Кинотуындының басты рөлдерінде Ыдырыс Ноғайбаев, Кененбай Қожабеков, Шахан Мусин, Елубай Өмірзақов, Бибігүл Төлегенова, Сабира Майқанова, Серке Қожамқұлов, Камал Қармысов, Атайбек Жолымбетов секілді актерлер шеберліктерін паш етеді.

«Оның уақыты келеді» / «Его время придёт» (1957)

Режиссердің екінші фильмі – өзінің жастайынан  жарыққа шығарсам деп армандаған Шоқан Уәлиханов туралы «Оның уақыты келеді» картинасы.  Өз Отанына және оның ұлы тұлғаларына деген сүйіспеншілігі ерекше Мәжиттің Шоқанға деген қызығушылығы әкесінің әдеби зерттеулерімен байланысты болды. Бегалин түсірілімді қолға алғанда айтарлықтай қиындықтарға тап болды, әсіресе сценарийге қатысты билік тарапынан цензураға ұшырады. Уәлихановтың күрделі тұлғасы, оның орыс барлау офицері ретіндегі эксцентризмі, сол жылдары монархист және реакцияшыл деп саналған Достоевскиймен достығы көптеген шағым тудырды. Киностудияның бас редакторы Мұхтар Әуезовке мәскеулік жазушы Сергей Ермолинский мен тарихшы, Ленинград мемлекеттік университетінің профессоры Михаил Блейманның, сондай-ақ қазақстандық академик-шоқантанушы, этнограф, Әлкей Марғұланның дұрыстығын ауызша және жазбаша түрде қорғауға тура келді. Нәтижесінде картинаны түсіру мүмкін болып, фильмге оператор ретінде Самуил Рубашкин мен Ескендір Тынышпаев, музыкалық композициялар жазуға Евгений Брусиловский, ал суретші ретінде Игорь Вускович шақырылды.

Кинотуындының сюжеті, жоғарыда атап өткендей, ХІХ ғасырдың ұлы ағартушысы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі туралы баяндайды. Қазақ халқының ұлы, ғалым-этнограф және әйгілі саяхатшы Шоқан Шыңғысұлы питерлік ғалымдардың назарын аударып, ресми ортада танылады. Бірақ өзінің жеке жетістігі қазақстандық ғалымның көңіліне жұбаныш болмайды. Оны туған халқы туралы ойлар мазалайды. Фильмде бұл көрнекті тұлғаның өмірінен алынған ең драмалық эпизодтар бейнеленеді: саудагердің атын жамылып барған Қашқарияға саяхаты, Орыс географиялық қоғамындағы қызметі, патша үкіметінің қазақ даласында жүргізген саясатымен келіспеушіліктен туындаған шиеленіс.

Режиссердің ұстазы Сергей Герасимов «Оның уақыты келеді» фильмі туралы былай дейді: «Сонау ВГИК-ке түсу емтихандары кезінде ол 19-шы ғасырда өмір сүрген көрнекті қазақ ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы фильм түсіру идеясын бөліскен болатын. Оның ғалым тұлғасына деген терең сүйіспеншілігі, ынтасы сезілді. Кейінгі жылдары мен бұл картинаның шығуын асыға күттім және ол фильмде үлкен әрі бай өнердің ерекшеліктері бар екеніне көзім жетті».

Кинокартинаның басты кейіпкері – Шоқанның образын Нұрмұхан Жантөрин сомдап шықты. Қосымша кейіпкерлерді Геннадий Карнович-Валуа, Владимир Честноков, Олег Лебедев (V), Камаси Өмірзақовов, Қалыбек Қуанышбаев, Шайза Ахметова, Шахан Мусин, Құрманбек Жандарбеков, Әбен Мұхамедьяров, Ахмед Шамиев, Шәмші Түменбаев, Геннадий Мичурин секілді актер ойнады. 

Фильмді жасаумен бірден екі компания айналысты, атап айтқанда, Алматы киностудиясы мен әйгілі ресейлік «Ленфильм» студиясы. Сонымен қатар «Оның уақыты келеді» кинотаспасы екі нұсқада ұсынылған. Біреуі – ақ-қара пленкаға түсірілсе,  екіншісі – түрлі-түсті.

«Жерге оралу» / «Возвращение на землю» (1959)

Мәжит Бегалиннің кезекті туындысы Алматы киностудиясында 1958 жылы түсіріліп, 1959 жылы Алматыда үлкен экрандарға жол тартты. Комедия жанрында бағын сынаған режиссер фильм операторы ретінде Михаил Аранышевты шақырған. Ал басты кейіпкерлердің образдарын сомдауға Лидия Ашрапова, Танат Жайлыбеков, Олеся Иванова, Ыдырыс Ноғайбаев, Елубай (Елеубай) Өмірзақов, Талас Өмірзақов, Камал Қармысов секілді актерлер тартылған.

Кинотуындының сюжеті бойынша, жас шопан Ермек Жақыпов ғарышқа саяхаттауды армандайды. Ол отарын тастап, қалаға келеді. Бірақ Ғарыштану институты директорының кабинетінде оның ұсыныстарынан бас тартады. Қиналған Ермек қалада қалуды шешіп, киностудияға от жағушы болып жұмысқа орналасады. Бірде фильмнің түсірілім алаңында Ермек тәкаппар актер Әлиевті алмастырады, себебі онымен сыртқы көрінісі, түрі ұқсас. Осылайша қызықты жағдайлар туындайды, өйткені киностудияның көптеген қызметкерлері, оның ішінде әртістің әйелі де оны Асқар Әлиев деп ойлап қалады. Фильмдегі шопан рөлінде жұмыс істей отырып, Ермек өзінің қателігін түсініп, совхозға қайтады.

 «Тұлпадың ізі» / «Следы уходят за горизонт» (1964)        

 «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген туындының тұсаукесері 1965 жылы 7 маусымда Мәкеу қаласында болып өтті. Драмалық фильмнің сценарийін белгілі қазақ жазушысы Әкім Тарази қолға алған, ал оператор ретінде Асхат Ашрапов тартылған. Кинофильмге музыкалық композициялар жазу композитор Эдуард Хагагортянға сеніп тапсырылған. Картинаның басты рөлдерінде Фарида Шәрпова, Асанәлі Әшімов, Қуатбай Әбдірейімов, Кәукен Кенжетаев, Хадиша Бөкеева, Рахметулла Сәлменов, Камал Қармысов секілді актерлер ойнады. Негізгі кейіпкерлердің бірін сомдауға бекітілген Кәукен Кенжетаев: «Есімде, менің кандидатурағма келгенде «Қазақфильмнің» көркемдік жетекшісі Шәкен Айманов: «Ақсаусақ қалалық интеллектуалдан қандай қойшы шықсын? – өз наразылығын білдірді. Бірақ Мәжит өз айтқанынан қайтпай, барлық тәуекелді, жауапкершілікті өз мойнына алып, мені фото және экрандық сынақтарсыз осы рөлге бекітті», – деп еске алады.

Мелодрамалық фильмнің сюжеті бойынша, Жауһаздың өгей шешесі бойжеткеннің келісімінсіз мүлде танымайтын шпанның баласы Тұрарға тұрмысқа береді. Ол әкесінің үйінен басқа үйге, жаңа өмірге аттанады – әдет-ғұрып осыны талап етеді. ЖауҺаз болашақ күйеуін мүлдем жақсы көрмейді, бірақ оның ежелден келе жатқан салт-дәстүрді бұзуға батылы бармайды.

Жауһаз күйеуімен және оның ата-анасымен бірге қыстаққа ұзақ, қиын жолға аттанады. Бүкіл отбасы колхоздың қойын бағып жүр. Қойшының отбасының күнделікті өмірі қиын, жұмыс әдеттегідей біркелкі: қой қораларды тазалау керек, қойларға жем беру керек, ал егер күн шуақты және тыныш болса, оларды жайылымға шығару керек. Қыста ауылға ең жақын көршілер – көңілді Танабай басқаратын жас механизаторлар командасы. Бір күні ауа райының қолайсыздығының салдарынан қарт қойшының қойлары адасып кетеді, Танабай Тұрармен бірге оларды іздеуге аттанады. Көп ұзамай қорқақ Тұрар серігін далаға тастап, үйіне оралады. Ал Танабай бірнеше күннен кейін қайтып келеді. Ол қойды табады, бірақ өзі ауырып қалады. Жауһаз көп күн Танабайдың төсегінде жатып, оның табиғат, өмір туралы әңгімелерін тыңдап, нағыз адам қандай болу керектігін түсінеді. Танабай қоштасып өз аулына қайтады, ал көп ұзамай Жауһаз оның соңынан аттанады. Ол күйеуін тастап, өмір қаншалықты ауқымды екенін, махаббаттың жанында сүймейтін адаммен болуға мәжбүрлейтін ескі әдет-ғұрыптар тым әлсіз екенін  түсінеді.

Жазушы Әкім Тарази мен режиссер Мәжит Бегалиннің бірлескен күш-жігері жұмысшылардың қиыншылықтарын бейнелеуге, қазақ халқының өзекті мәселелеріне назар аударуға мүмкіндік берді. Фильм «жылымық» кезінде түсірілгеніне қарамастан, объективтілігі мен шынайылығы үшін өткір реакция туғызды және көрсетуге рұқсат етілмеді. Алайда, кейінірек бұл факт жариялылыққа ие болып, көрермендердің көптеген сұраныстары бойынша фильм Ресейде, Латвияда, Эстонияда және Литвада кең экранда ұсынылды.

 «Ел басына күн туса» / «За нами Москва» (1967)

Мәжит Бегалин «Ел басына күн туса» деп аталатын Бауыржан Момышұлының ерлік-дастанынын баяндайтын фильмінің сценарийін Василий Соловьевпен бірлесе жазды. Картинаның операторы Асхат Ашрапов, композиторы Эдуард Хагагортян, ал қоюшы-суретшілері Ыдырыс Қарсақбаев пен Виктор Леднев болды.

Фильмде панфиловшы, жазушы Бауыржан Момышұлының кітаптары мен материалдары негізінде жасалған батырлық киноповесть ұсынылған. Түсірілім Мәскеу облысы мен Беларусь маңында өтті. Сценарийге материал ретінде Бауыржан Момышұлының жеке естеліктерінен жазылған «Артымызда Москва» романы пайдаланылды. Бастапқыда режиссер Мәжит Бегалин өз картинасын Александр Бектің «Волоколамск тас жолы» туындысына негіздеді, бірақ фильмнің көлемді бөлігі түсірілірп болған кезде, кейбір эпизодтар Александр Бектің өзіне ұнамады. Киногерлер фильмнің түсірілімін тоқтатуға мәжбүр болды. «Басқа халықтардың ерлігін атап көрсетудің қажеті жоқ, бұл орыстар мен немістер арасындағы соғыс» – Бек өзінің наразылығының себебін осылайша түсіндірді. Негізі бұл шайқаста Қазақстан батырларының үлкен рөл атқарғаны баршаға түсінікті еді, өйткені Панфилов дивизиясы дәл Алматы қаласында құрылған. Жалпы, фильм 1941 жылы Мәскеу түбіндегі Волоколамск бағытында соғысқан, фашистерді тоқтатып, қарсы шабуылға шыққан аты аңызға айналған Панфилов дивизиясына арналған. Нәтижесінде Мәжит Бегалин бұл жағдайдан шығудың жолын іздеуге кірісті. Көмек сұрау үшін ол Бауыржан Момышұлының өзіне жүгінді. Атақты әскери қолбасшы өз романын фильмге материал ретінде ұсынды.

Сценарий Бауыржан Момышұлының кітабы мен оның материалдары негізінде қайта жазылды. Бірақ Бекпен қақтығыс жалғаса берді. Жазушы КСРО Жазушылар одағы арқылы фильмнің шығуына жол бермеуге тырысты және кинорежиссерлерді «плагиат жасады» деп айыптады. Полковник Бауыржан Момышұлы өзі араласып жанжалды тоқтатқандай болды. Содан кейін мәселелер барлық кеңес фильмдерін цензурадан өткізетін комитет – Госкинодан басталды. Олардың пікірінше, тірі адам туралы фильм түсіруге болмайды. Содан кейін Қазақ КСР Мәдениет министрі Ілияс Омаров полковник Бауыржан Момышұлынан Мәскеуге жеке барып, түсірілім тобына көмектесуін өтінді. Сол кезде Мемлекеттік кино агенттігінің (Госкино) басшысы Александр Романов болды, ал оның орынбасары Владимир Баскаков фильмнің шығуына «кедергі жасады». Соғыс батыры Романовтың кабинетіне тура барып, оның көзіне қарап: «Мен сізге мынадай ұсыныспен келдім, егер тірі адам туралы фильм түсіруге болмайтын болса, қазір «Мәскеу» қонақ үйінің жеті жүз жиырмасыншы бөлмесінде тұратын полковник Момышұлын өлтіруге бұйрық беріңіз. Сонда ғана Баскаков жолдастың идеясы жүзеге асады. Мемлекеттің ақшасы да, адамдардың еңбегі де зая кетпейді».

Бұған жауап ретінде Романов күліп жіберді де, Баскаковқа қоңырау шалып: «Дереу фильмді кешіктірмей қабыл алыңыз. Міне, менің қасымда осы фильмнің кейіпкері полковник Момышұлы отыр. Ұлы Отан соғысының көптеген батырлары, оның ішінде жолдас Момышұлының да тарихта тірі батыр ретінде аты қалды. Бұл адам сізге қазір барады. Егер басқа да шағымдар болса, оған айтыңыз, бірақ фильмді кешіктірмеңіз. Бұл фильм – бүкіл халықтың ұлттық мақтанышы»,  – дейді. Осылайша кинокартина жарық көреді.

Бауыржан Момышұлы 1941 жылдың қыркүйегінен бастап генерал-майор И.Панфилов басқарған аты аңызға айналған дивизия құрамында шайқастарға қатысты. 1941 жылдың 16-18 қарашасы аралығында Мәскеуде Вермахттың екінші жалпы шабуылы кезінде Б.Момышұлы басқарған батальон дивизиядан бөлек Мәскеу түбіндегі Матронино ауылы маңындағы Волоколамск тас жолында ерлікпен шайқасты. Батальон командирінің шебер басшылығы фашистерді осы сапта үш күн ұстауға мүмкіндік берді. Осыдан кейін аға лейтенант Б.Момышұлы батальонды жауынгерлік дайындықпен қоршауынан шығарды. 1942 жылы Мәскеу түбіндегі шайқаста көрсеткен ерлігі мен ерлігі үшін Б.Момышұлы Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды, бірақ ол оған 1990 жылы 11 желтоқсанда қайтыс болғаннан кейін ғана берілді.

Атышулы фильмнің басты кейіпкерлерін Всеволод Санаев, Кәукен Кенжетаев, Владлен Давыдов, Асанбек (Арсен) Өмірәалиев, Қуатбай Әбдірейімов, Анатолий Голик, Вячеслав Подвиг, Михаил Селютин, Леонид Тағанов, Молдағали Омаров секілді актерлер орындап шықты.

Бауыржан Момышұлының Кубаға сапарына дайындық кезінде Мәскеу Орталық Комитеті Бауыржан Момышұлынан кубалық одақтастарға «Ел басына күн туса» картинасын көрсетуді сұрады. Фидель мен Рауль Кастролар Бауыржан Момышұлын жылы қарсы алады. Фильм Гавана қаласының басты алаңында көрсетіледі. Кубалық әскерилердің таң қалғаны соншалық, олар алған әәсерлерін экранға оқ ату арқылы білдіреді. Бұл фильм бүкіл әлемге танылады. Сексен тоғыз минутқа созылтын әскери-тарихи фильм Фрунзеде өткен фестивальде соғыс туралы үздік фильм атанды және мүмкін болатын тоғыз сыйлықтың бесеуін жеңіп алды. Олардың қатарында Орта Азия мен Қазақстан кинорежиссерлерінің VII байқауында бас жүлде мен 1-дәрежелі дипломды қанжығасына байлады. Сондай-ақ «Фрунзе-68»-де актер Асанбек Өмірәлиев «Ең жақсы ер адам рөлі» үшін марапатталады.

«Мәншүк туралы дастан» / «Песнь о Маншук» (1974)

«Мәншүк туралы дастан» – Мәжит Бегалиннің 1969 жылы «Қазақфильм» киностудиясында түсірген кеңестік әскери көркем фильмі, ол режиссердің алтыншы толықметражды картинасы. Мұнда 1943 жылы қазанда ерлікпен қаза тапқан Калинин майданының 100-ші жеке атқыштар бригадасының пулеметшісі Мәншүк Мәметова туралы баяндалады. Ол Кеңес Одағының Батыры атағын алған алғашқы қазақ әйелі болды.

Киногер Бегалин мен Мәметова сол атқыштар бригадасында қызмет еткен және ол бірде әйгілі батырды штабта көрген екен. Мәметова туралы фильмнің сценарийін жазған сол кезде Орталық Азияда тұрып, жұмыс істеген Андрей Кончаловский болды.. Басты әйел рөлін оның әйелі Наталья Аринбасарова, ер адам рөлін ағасы Никита Михалков сомдады. Одан бөлек, фильмде Иван Рыжов, Виктор Авдюшко, Нұржұман Ихтымбаев, Юрий Саранцев, Фарида Шарипова, Олеся Иванова, Каукен Кенжетаев, Иван Дмитриев, Николай Сергеев, Ескендір Өмірзақов, Виктор Баженов сынды актерлер бой көрсетті. Сценарий бойынша дайындық жұмыстары 1967-1968 жж. жүргізілді. Түсірілім тобының құрамында оператор Әбілтай Қастеев, композитор Эдуард Хагагортян және қоюшы-суретші Виктор Леднев болды.

Кинокартина сюжеті бойынша, қазақ әйелі Мәншүк Мәметова – Қызыл Әскердің жауынгері, қатал әрі сұсты, бірақ сонымен бірге арманшыл әрі ақын қыз. Алдымен ол штабта қызмет етті, кейін өзі майдан шебіне баруды сұрады, сол жерде жүріп ол ақыры пулемет экипажының командирі болып тағайындалды. Ұрыстардың бірінде ол Ұлы Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап шайқасқан көңілді және көпшіл адам, барлаушы –лейтенант Валентин Ежовпен танысады. Ұрыс кезінде қызыл гвардияшылардың шабуылы тойтарылды және батальон командирінен шегіну туралы бұйрық алынды. Осыған қарамастан, батыр қыз ұрыс даласынан кетуден, пулеметті қалдырып кетуден бас тартады. Осыған байланысты жерлесі оны күштеп өз артынан сүйреп апарады.

Ежов біртіндеп Мәншүкке ғашық болады және оған көңілі барын көрсетіп бастайды. Дегенмен бойжеткен жаулармен күресуге ғана назар аударып, жігіттің сезіміне жауап қайтармайды. Оның батальонына сәтті шабуылға жол бермейтін ұрысқа қатысу тапсырылды. Бұл тапсырманы орындау үшін Мәншүк ауыр жарақат алғанына қарамастан, өзінің соңғы шайқасында, соңғы оғы қалғанға дейін шепті шабуылдан қорғауға жанталасады. Ежов оны бір рет қана құшақтап үлгереді, бірақ бойжеткен өлім аузында еді.

Фильм Ұлы Отан соғысының кеңес және қазақ ұлттық қаһарманы Мәметова Мәншүк Жиенғалиқызына (Мәметова Мәнсия Жиенғалиқызы), Калинин майданының 100-ші жеке атқыштар бригадасының пулеметшісіне арналған. Картинада оның өмірінің көптеген нақты фактілері мен оқиғалары көрсетілген. Әкесі Ахмет репрессияға ұшырады, сондықтан Мәншүк әкесінің жақсы атын қалпына келтіруге тырысты. Ол өзін майданға апаруды және майдан шебінде соғысуға жіберуін талап етті. Ол соңғы жекпе-жегі кезінде өзінің ерлік мінезін танытып тарихта қалды. 1943 жылдың 15 қазанында Невель қаласын азат ету үшін болған ауыр шайқастарда (Невельскі шабуыл операциясы) басым биіктікті қорғау кезінде пулемет экипажында жалғыз өзі қалып, басынан ауыр жарақат алды. Жаудың қарсы шабуылдарын тоқтатып, ерлікпен қаза тапты. Аға сержант Мәметоваға Кеңес Одағының Гвардия Батыры атағы КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 1 наурыздағы жарлығымен қайтыс болғаннан кейін берілді. Ол Қазақстаннан осы жоғары наградаға ие болған бірінші әйел болды және елде ұлттық қаһарман ретінде құрметке ие.

Фильм атауының бірнеше нұсқасы болды: ол бастапқыда «Мәншүктің соңғы күні» деп аталды. Бірақ студияға арналған ресми құжаттарда ол кейін «Батырдың соңғы күні», «Батырдың бір күні», «Біздің Мәншүк» болып өзгертілді. Мәжит Бегалин мен оның командасы батырдың әскери ерлігі туралы әңгіме емес, кейіпкердің толыққанды бейнесін жасауға ұмтылды. Осыған байланысты оның Қазақстандағы өмірі естеліктер арқылы берілуі керек еді. Бұл оның әкесі Ахмет Мәметовтің соғыс басталардан бірнеше жыл бұрын репрессияға ұшырағандықтан қиын болды. Сценарий авторы Кончаловский Мәншүк бейнесінің трагедиясын көрсетуге тырысты: оның әкесі халық жауы деп жарияланды, ал ол өз еркімен елін жау шапқыншылығынан қорғады, майдан шебіне аттанды. 1968 жылы 10 қаңтарда болған сценарийді талқылау кезінде ол өзінің уәжін білдірді: «Бізге ол тірі кейіпкер ретінде қажет. Бұл өте маңызды сұрақ. Біз өте маңызды нәрсе туралы айтып отырмыз. Оның әкесі оққа ұшты, ал ол Отан қорғауға аттанды. Ол «халық жауының» қызы, бірақ ол Отанын қасық қаны қалғанша қорғады...» Кончаловскийге бұл оқиға қатты әсер етті, оған Мәншүктің әкесінің заңсыз қуғын-сүргінге ұшырағанын дәлелдегісі келгенін қоспай, сценарий жазу мүмкін емес болып көрінді.

Жұмыс барысында сценарист Мәншүктің анасы Әмина Мәметовамен кездесіп, батырдың өмірбаянын, майданнан үйге жазған хаттарын зерттеді. Олардың кейбір бөлшектері картинада көрініс табады: Отанынан сәлемдеме ретінде әйгілі алматылық апорттың қалай келгені, оның әкесі, туыстары туралы естеліктері мен түсі туралы эпизодтар.

Сценарий бекітілгеннен кейін, 1968 жылдың желтоқсанында түсірілім тобы Мәскеуге түсірілім орнын анықтау үшін аттанды. Актриса Аринбасарова режиссердің оның қалыптасуындағы, өмірлік тәжірибесін байытудағы рөлін ризашылықпен еске алды: «Маған әрқашан жақын жерде бәрін білетін мықты адам бар деген ой сүйеніш болды және ол үлкен данышпан ретінде маған бірдеңе дұрыс емес жасауға, жасандылық жасауға жол бермейтініне сендім. Оның бар болуы маған бәрі дұрыс жүріп жатқанына сенімділік берді...» Ол Маметованың өмірінен көптеген шынайы өмірбаяндық мәліметтердің көрінісіне қарамастан, жас батырлардың ұжымдық бейнесі ойнауға тырысқанын айтты.: «Соғыс басталғанда, Қазан төңкерісі мен Азаматтық соғыс батырларының үлгісімен тәрбиеленген кешегі мектеп оқушылары майданға аттануға ынталы болды, олар оны ұлы ерлік деп санады. Менің Мәншүгім де солардың бірі болды». Актрисаға фильм түсірілген Белоруссиядағы нацистік зұлымдықтың іздері де қатты әсер етті. Сондықтан актриса жаман ойнауға құқығы жоқ екенін, картинаның шынайы шығуы үшін барынша тырысқанын айтты. Режиссер оған аяқ киімге шұлғау орауды үйретті. Костюм жөніндегі суретші оларға етіктің ішінен шұлғауды ешкім көрмейтінін айтқанына қарамастан, олар барлығын мінсіз істеуге тырысты. Басты актриса қарудың әр түрін қолдануды, граната лақтыруды және етбітінен жатып жүгіруді үйренді. Өзінен де ауыр Максим пулеметін қалай қолдану керектігін, оны қалай жинауды және бөлшектеуді меңгерді. Түсірілім оған физикалық жағынан өте қиын болды, бірақ ол берілген жоқ.

1969 жылы 25 қарашада киностудияның көркемдік кеңесінің отырысы өтті, онда фильмді талқылауға рұқсат берілді, ол оң бағаға ие болып,  қазақстандық кинода жаңа құбылыс ретінде танылды. Фильмнің премьерасы 1970 жылы 16 қазанда Мәскеуде өтті.

«Қазақфильм» киностудиясының көркемдік кеңесі Бегалиннің жұмысын жоғары бағалап, бұл фильм оның бай тәжірибесін қамтығанын және оның шығармашылық табысы екенін атап өтті. Сонымен қатар қатар картина шетелдік киногерлер тарапынан да жоғары бағаланды. 1970 жылы Беларусьтің Минск қаласында өткен Кеңес Армиясы мен Әскери-теңіз күштері Бас Саяси Басқармасының IV Бүкілодақтық кинофестивалдегінде актриса Наталья Аринбасароваға әйел рөлін орындағаны үшін диплом мен марапат табысталды. 1972 жылы М.Бегалин мен актриса Н.Аринбасарова А.П.Довженко атындағы күміс медальдармен кинорежиссер марапатталды.

 «Дала гүрсілі» / «Степные раскаты» (1974)

 «Мәншүк әні» премьерасы болған жылы Мәжит Сапарғалиұлы әйелі Олеся Иванова мен олардың ұлы Нартай ойнаған тағы бір керемет «Дала гүрсілі» картинасын түсірді. Кионтаспа ешқашан экрандарда көрсетілген жоқ, жоғары шенеуніктер оны Қазақстандағы азаматтық соғыс тарихын дұрыс көрсетпеді деп есептеді. Бірақ Бегалин шаблон бойынша түсіргісі келмеді, сондықтан оған қарсы қудалау басталды.

Кинокартинаның сценарийін Мәжит Бегалин Владимир Кунинмен серіктесе отырып жазды. Ал фильмге оператор ретінде Әбілтай Қастеев, композитор ретінде әдеттегіше Эдуард Хагагортян, қоюшы-суретші  қызметін атқаруға Ыдырыс Қарсақбаев тартылды.

Кинотуындының негізігі кейіпкерлерін Нартай Бегалин, Владимир Гусев, Вадим Захарченко, Михаил Глузский, Қанабек Байсейітов, Нұрмұхан Жантөрин, Игорь Боголюбов, Шахан Мусин, Герман Качин, Виктор Авдюшко, Николай Рыбников, Әнуар Боранбаев секілді шеберлер сомдап шықты.

Екінші атауы «Отқа оранған орал» деп берілген фильм азаматтық соғыс оқиғаларына, Деникин мен Колчак әскерлерінің Оралға шабуылына, қаланы қорғауға арналған. Тарихи фактілер бұқаралық және жауынгерлік көріністерді кеңінен көрсете отырып, көптеген кейіпкерлердің тұлғасы мен тағдыры арқылы айтарлықтай ауқымды беріледі.

Фильмнің сюжеті – Тучновтардың әкесі мен баласы арасындағы зорлық-зомбылықтың заңдылығы туралы дау. Олардың бірі ақ армияның генерал-майоры болса, екіншісі – прапорщик (Қазан төңкерісіне дейінгі Ресей әскерінде болған ең төменгі шендегі адам). «Сен бәрінің арсыздардың табанына астында қалғанын қалайсың ба?» – деп сұрайды үлкені кішісінен. Әскери намыс ұғымдарын басшылыққа ала отырып, генерал-майор антты бұзған өз ұлынан бас тартады және оны жауапкершілікке тартады.
Картина көтерген тақырыбының өзектілігіне қарамастан ширек ғасырдан астам уақыт сөреде жатты және «Қазақстан» ұлттық телеарнасында тек 2002 жылы режиссердің 80 жасқа толуына орай көрсетілді.

«Соңғы картинаның түсірілуі және көрерменге жеткізілу мәселелері барысында туындаған психикалық жарақат оның денсаулығы мен өмірлік күшіне нұқсан келтірді. Ол 1978 жылы шығармашылық идеяларын толық жүзеге асыра алмастан, өзінің тамаша жұмыстарына лайық түсіністік пен баға алмастан қайтыс болды»,  –деп күйінеді режиссердің інісі Қасым Сапарғалиұлы.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы