Размер шрифта:

Цветовая схема:

08 қазан, 2020473

Мейірғат Амангелдин: ««Каникулы off-line 2» маған да аса қатты ұнаған жоқ»

Бүгінгі сұхбаттың кезекті қонағы -  «Қазақ хандығы» картинасында дебют алып, «Каникулы оффлайн» фильмінің басты рөлінде ойнаған жас дарын, көптің жүрегін жаулаған талантты театр және кино актері Мейірғат Амангелдин.  

Мейірғат, қазіргі әлемде болған пандемия, карантин жағдайларына байланысты адам өмірі біраз  өзгерістерге ұшырап, жаңа бір тыныс алған секілді. Көбіміздің құндылықтарымыз бен көз-қарастарымыз өзгергені рас. Бұл жағдай әсіресе өнер адамдарының кәсібіне үлкен әсер етті. Оның ішінде сахна өнері, кино әлемінде біраз үзіліс болып қалғаны рас. Өзіңіз карантин кезінде немен айналыстыңыз? Қандай жобаларыңыз карантиннен кейін тоқтап қалды?

Басында бәріміз қобалжып, алаңдадық. Биыл өнердің кино саласына, оның ішінде сериалға жақсы мүмкіндіктер болды. Осы жылы көптеген картиналар шығайын деп тұр. Қазақстанда жалпы сериалдар көп болады. Кинода, сериалда түсіп жүрген актерларға кішігірім жеңілрек болғаны рас. Өйткені, сериал мен кино тоқтаған жоқ. Сол жағынан біздер - актерлар қатты қиналмадық десе де болады. Ал театр саласына келетін болсақ, театрдағы жұмыс тоқтап, кәдімгідей кішкене әбігерге түсіп қалдық. Көрермен қошеметін, сахнаны сағындық. Күні кеше біздің театрда «Көзіме бір көрінсең бала ғашық» қойылымын онлайн ойнадық. Бұл өзімізге бір қызықты болып көрінді. Бірақ, шынымды айтсам, көрерменді қатты сағынып қалыппыз. Ал жазда киноға түстік. Сол себепті, бізге карантин қатты біліне қоймады. Карантин жағдайының бірінші екі айында үйде жатқан кезде өз жұмысымызды, атмосфераны сағындық. Одан соң түсірілімдер басталып кеті. Енді міне Елордаға келіп, театр жұмыстары бастлғалы жатыр. Не десе де, көрерменге ойнау ол басқаша ғой, қашанда көрерменнің орны бөлек болып тұрады. Тездетіп жұмысқа кіріссек деймін.

Қазіргі таңда қандай картиналарды қолға алып жатырсыз?

Дәл қазір жобалар тоқтап қалды. Өйткені, барлығы Алматы қаласында. Қазір біз театрдағы жұмысқа қайта оралдық. Алда театрымыздың жаңа маусымын ашқалы жатырмыз. «Қыз Жібек» қойылымын орындаймыз. Сол себепті, киноға түсуге уақыт көп бола бермейді. Жаз мезгілінде «Күшік құда» деген толықметражды комедияда басты рөлдердің бірін сомдадым. Жан Байжанбаев, Баян Алагөзова, Қуандық Шәкіржанов, Асқар Ілиясов және Айым Сейтметова сынды өз ісінің шеберлері ойнады. Фильмдегі басты рөлді осы жеті актер сомдаймыз. Қуанарым, өте жақсы актерлік құрам болған секілді. Сондай-ақ, өте қызықты отбасылық комедия боларына сенімдімін. Себебі, сценарий өте жақсы жазылған. Фильмдегі мен сомдайтын рөл де қызықты әрі алдыңғы менің ойнаған кейіпкерлеріме мүлде ұқсамайды, сонысымен де ерекше деп ойлаймын. Бұл рөл өзім үшін де өте қызық болды. Өйткені, тек бір рөлде тұрып қалғым келмейді. Әртүрлі образды сомдап көру актер үшін өте маңызды. Картина режиссері - Дархан Саркенов деген жас киногер. Қазір көптеген отандық толықметражды фильм, сериалдарды түсіріп жүр. Риза боларым, кинорежиссер актерді басқа қырынан көрсетуге тырысады. Ал бас продюсері бәріңізге белгілі «Казахи» командасында ойнаған Дастан Қалдыбаев деген ағамыз. Шынымды айтсам, түсірілім өте қызықты өтті. Ұлкен тәжірибе болғаны сөзсіз. Көрермен көңілінен шығатын жақсы бір комедия болатын шығар деп ойлаймын. Кейін, осы еліміздің астанасына келіп «91-19» деп аталатын веб-сериалға түстім. Режиссері Айдие Айдарбеков. Одан бөлек, жақында «Арман қала» деген атумен шығатын сериалдың Алматыдағы түсірілімдеріне қатысып келдім. Телесриалда полиция қызметкерін сомдайтын боламын.  Бұл жоба да бұрын ойнаған рөлдеріме ұқсамайды. Өте қызықты картина болғалы тұр. Бар жаңалық осы. Әзірге шақыртулар бар. Бірақ, алдымен, сценарийға назар саласың, кей жерлері ұнамай жататындықтан, ойланып көруге тура келеді. Шынымен де, қарабайыр болып кеткенін көргенде, қынжылып қаласың. Өйткені, Қазақстандағы киноиндустрия тым үлкен емес қой. Оншақты кинофильмге түскеннен кейін, ешкімге керек емес те болып қалауың ғажап емес. Себебі, сені бір үш-төрт картинадан тамашалаған көрерменнің өзі қазығушылық танытпай қалуы мүмкін. Бұған бірден-бір себеп, біздегі аудиторияның кішкентай болуы. Кейде бір актерді көре берген сайын, ол халықтың көзінше барлық жерде жүрген сияқты болып көрінуі мүмкін. Сондықтан, қазіргі таңда таңдап түскім келеді. Алда тағы қанша киноға түсетініңді білмейсің. Өзім сапалы жобаға түскенді дұрыс деп санаймын.

Кинокартина таңдауда сіздің қандай нақты критерилеріңіз бар? Жалпы жоба таңдауда сіздің талаптарыңыз бар ма?

Бірінші әрі маңыздысы ол – сценарий. Мәселен, мен алдыңғы жылы «Кебенек» деген картинаға түстім. Шынымды айтсам, ол жобаның сценариін оқыған кезде-ақ, мен сол телехикаяны бастауға асықтым. Дәл осы жоба мен үшін үлкен тәжірибе болды. Егер саған картинаның оқиғалық желісі, мазмұны, актерлік құрамы ұнаған кезде, сен ештеңеге қарамайсың. Түсірілім алаңында болып қалатын келеңсіз оқиғаларды, ұйқының жетіспеушілігі деген секілді дүниелерге назар аудармайсың. Бұл телесериалға түскен уақытта мен «Каникулы оффлайнға» да қатар түсіп жүрген едім. Екі жоба екі бөлек ауылда, ұйқы мүлде жоқ. Бірақ, өзім «Кебенекке» асығып отыратын едім. Себебі, картинадағы оқиға маған ұнайтын. Өнерді шын мәнінде сүйетін кез-келген актер бірінші кезекте фильм сценарийіне қарайды. Егер актерге оқиғалық желі ұнаса, онда ол берілетін ақшасына да қарамайды, көптеген нәрсеге көз жұмады. Сонымен, алғашқы орында  сценарий маңызды, ал екіншіден актерлік құрам да көп рөл ойнайды. «Кебенек» лентасында тағы бір ұнағаны, біздегі құрамның өте жақсы болуы. Ержан Жарылқасынұлы ағамыз менің әкем болып сомдайды. Ал анамның рөлін Алтынай Нөгербек апайымыз ойнады. Екі сахналас болғым келген актерлармен бірге бір жобаға түскен кезіңде ерекше сезімде болады екенсің. Сондай-ақ, дарынды режиссер Санжар Омаровтың картинасына түсу де ойымда жүретін. Ал аталмыш сериалға Санжар Омаров режиссерлік етті.  Сондықтан, тағы бір кішігірім арманымның орындалғаны деп ойлаймын. Мен неге «Кебенекті» айтып жатырмын? Себебі, бұл картина басқа мен ойнаған фильмдерден өзгерек. Негізі әрбір актерде қиялында жүрген рөлі болады ғой. Ал «Кебенек» актердің кәсіби тұрғыда шыңдалуына үлкен мүмкіндік болды. Себебі, әрқилы эмоцияларды көрсету керек. Махаббат сахналары да, соғыс сахналары, трагедия да болды, міне, соның барлығын көрермен жүрегіне жеткізу керек болатын. Сондай мақсатымыз болды. Бірақ, әлбетте, барлығы сен ойлағандай бола бермейді. Сен тек актер болғандықтан, кейде таңдауға да мүмкіндігің болмай қалады. Өйткені, киноны сен түсірмейсің. Бірақ, сонда да, кино болсын, сериал болсын, жақсы сапалы дүниеге түсуге тырысу керек.

 Сізді өнерге кім баулыды? Отбасыңыз бұл жолда қолдау білдірді ме?

 Менің әкем де, анам да өнерге жақын адамдар. Әкем кішкентай кезімнен терме айтатын, бойында ақындық дарыны бар. Ал анам гитара аспабында өлең айтады. Мен ес білгелі біздің үйде айтыстың дискілер, термелер, жырлар көп қойылатын. Өзім батыстан болғандықтан, сол мекеннің айтыскерлерін, термешілерін көп тыңдайтынбыз. Кішкентай кезімізден ақындарды жаттап өстім. Тек жұрт аузында жүрген танымал ақындар емес, басқа да қатты белгілі емес айтыскерлерге дейін білетінбіз.  Бос уақыт бола қалды ма, терме, айтыс қосулы тұратын. Сосын, өзің де қызығады екенсің. Үйде әкем жоқ кезде, сол тыңдағанымызды қайталап, әрбір сөздің мағынасы түсінуге тырысатын едім. Негізі, бұл өнер жолына қадам басуыма септігін тигізген секілді.  Кейіннен сурет өнеріне де қызықтым.  «Әнші балапан», «Жігіт сұлтаны» және КВН ойындары секілді мектептегі байқауларға қатысатынмын. Менің алғашында суретке икемім болғандықтан, мектеп бітірген соң архитектура мамандығына түскім келген. Бірақ жүрегім бәрібір де өнерді қалап тұрды. Осылай, өзімді тыңдап, өнер жолын таңдадым. Сурет салу тек менің хоббиім екен. Ал өнер менің шын қалауым болды. Енді ғана оқуға түсетін жылдары театр актері дегенді білмейсің. Біз үшін театр деген – әзіл-сқық өнері болатын. 2010 жылы мектепті бітіріп келіп, Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясына «Музыкалық драма» мамандығы бойынша оқуға түстім. Алдымен консультацияға келіп, абитуренттерді қарап, бақыладым. Біреуі поэзия оқып жатыр, басқасы ән айтып, би билеп дегендей. Жалпы экзаменде өз талантыңды көрсету үшін 5-6 дүние дайындап бару керексің. Оның ішінде: ән, би, поэзия, проза, мысалы бар, этюды бар. Соның барлығын тамашалап отырған кезде, маған керегі осы екенін түсінген едім. Солай оқуға түсіп, білім алып шықтым. Қазір өкінбеймін. Егер оқуға түспеген жағдайда, басқа мамандықты таңдай салам деген жоспарым да болды. Бірақ, егер басқа салада жүргенімнің өзінде де, мен түбінде бәрібір өнерге қайтып келер едім.

 Әке-шешеден қанмен келген өнер деп ойлаймын. Себебі, менің әкем өте талантты жан. Ол кісіден үйренерім өте көп. Өйткені, ол кісі домбырада ойнайды, ақындығы да бар. Тарихтан да, әдебиет пен қазақ тілінен де хабары бар. Өзі қазақ тілі мен әдебиет пәндерінің мұғалімі. Шығарма жазғанның өзінде де, тіпті жазу үлгісіне дейін маған қатты ұнайтын. Бойында актер адамға керек біраз дүние бар.

 Мейірғат Амангелдин қай фильмдерді көріп өсті?

Біздің кезде сол төбелес туралы фильмдер болды ғой. Джеки Чан, Брюс Ли түскен картиналарды қарайтынбыз. Бір қызығы, бала кезімде тарихи фильмде ойнағым келетін. Біздің есіктің алдында қурап кеткен ағаш болатын. Өзіме сол жердегі ағаштардан қылыш жасап алып, біреумен соғысып жүрген секілді көз алдыма елестетіп, күнде ойнайтынмын. Бір қызығы, мен «Қазақ Хандығы» картинасына түсіп жүрген кезімде бала күнімдегі  сол естеліктер көз алдыма келді. Балалық арманым мен қиялымның біраз уақыттан кейін шындыққа ұласқаны мен үшін ерекше бір сезімдер сыйлады. Сол кезде мен өзімді өте бақытты адамдай сезіндім. Армандар орындалады екен. Мен бұл туралы  еш жерде әлі айтпаған болатынмын, осы бір естелігім туралы енді ғана бөлісіп отырмын. Айтпағым, кейде біз тіпті арманымызға жеткенімізді де байқамай жатамыз. Сол себепті, әрбір сәтімізді бағалап, армандауды тоқтатпау керек.

Кинодағы алғашқы жобаларыңыз бірден үлкен әрі ауқымды картиналар болған екен. Солардың бірі және бірегейі “Қазақ хандығы” картинасы. Бұл кинолентаға түсу үшін нендей дайындықтар жасадыңыз? Үлкен жауапкершілікті сезініп, бойыңызды қорқыныш пен үрей сезімдері бойлаған сәтте өзіңізді қандай сөздермен қуаттандырдыңыз?

Әрине, болды. Бірақ бастапқы кезде аса қорқыныш бола қойған жоқ. Алғашында соның эйфориясымен жүрдім. Себебі, мен «Қазақ Хандығына» өтемін деп мүлде күткен жоқпын. Қасымда достарым, бірге оқыған актер жігіттер болды. Біздің сол кездегі бір мақсатымыз – тым болмағанда бір эпизодта болсын көрініп қалу ғана болған. Осылайша барып, мен басты рөлге өтіп кеттім. «Бие сұрасаң, түйе береді» дегендей, керісінше болды. Негізі, алғашында сен қорқынышты байқамайсың. Нағыз үрей түсірілімдер басталған сәтте басталды. Өз-өзіме үлкен жауапкершілік артылғанын сол кезде ғана түсіндім. Менің дебютім осындай ауқымды кинофильмнен басталып кетті. Шынымды айтсам, жоба басталып жатқан кезде ғана мұны ұққан болатымын. Біраз уайым болып, аяқ-қолың қалтырап, қорқып кетеді екенсің. Қасыңдағы аңыз тұлға ағаларымызды көргенде, қобалжиды екенсің. Бір қуанатыным, мен армандаған бүкіл актер ойнады. Қазіргі біздің биік тұлғаларымызды көру, олармен қатар жұмыс істеу жас бала үшін үлкен қуаныш әрі қорқыныш болды. Жас студент актер жігіттердің эпизодтарға түсіп, мәтіндерін қайта-қайта ұмытып қалған сәттерде жаңағы ағаларымыз олардың мысын басып, сынға алатын кездеріне куә болдым.

@Meyirgat_amangeldin

Түсірілім алаңында өз ақылымен және тәжірибесімен Еркебұлан Дайыров ағамыз бөлісіп отырды. Ол кісі маған іні ретінде өте жақсы қарады. Менің бұл дебютім екенін түсініп, арқашан қолдап, өз ақыл-кеңесін айтып отыратын. Сол кісілердің арқасында, мен бойымдағы өз қорқынышымды жеңіп, рөлімді сомдап шықтым.

Жалпы «Қазақ Хандығы» мен үшін үлкен, маңызы зор жоба. Орны ерекше картина болды.

Кинодағы Қасым хан мен актер Мейірғаттың бойында қандай ұқсас қасиеттер бар. Сіз өз кейіпкеріңізден не үйрендіңіз? Осындай маңызды тұлғаның рөлін қаншалықты дәрежеде сомдай алдым деп ойлайсыз?

Үлкен бір дәрежеде алып шыға алдым деп айта алмаймын. Бұл ақталу емес. Қазір ойнағанда бәлкім басқаша болар ма еді. Бірақ, әрине, мен рөлге  дайындалдым. Қасымды ешкім көрмеген. Нақты бір бейнесі қалыптаспаған. Кітаптан ғана оқып, ойыңнан образ шығарасың. Оның көзқарасын, сабарлығын мен ұстанымдарын жеткізуге тырысасың.

@Meyirgat_amangeldin

 Қасым Мейірғат секілді емес. Оның батылдығы мен ұлылығына қарап Қасымнан көп нәрсе үйрендім. Образ жасауға тырыстым. 

Жалпы актер адамның,  өнер адамының өмірі әдемілікке, мерей-тойға толы деп ойлап жатады көбісі. Осы бір түсірілімдер болмай жатқан, сізге “рөлге келмейсің” деп бас тартқан, үлгермей жатқан, түсірілім барысында жарақат алған кездер қаншалықты жиі болады?  Сондай қиын сәттерде кинодан кетемін деген ойлар туындамайды ма? Актердің өмірі қаншалықты ауыр?

Иә, шын мәнінде, көпте сондай ой қалыптасып қалған. Сыртқа оңай болып көрінеді ғой енді. Бірақ, жасырмаймын, біздің ортамызда  ішпей-жемей-ақ көңілді   отырыс болады. Бұл рас, алайда ол деген сөз күнде ойын-күлкі дегенді білдірмейді. Өнер адамдарының жалпы ортасы көңілді. Бірақ, «Күнде тойлаймыз, өміріміз гүл, шалқып жүрміз» деп те айта алмаймын.

Мен шынымды айтсам, «Қазақ Хандығының» екінші бөлімі басталар кезде, бірінші маусымдағы қиыншылықтарды қайта бастан өткергім келмеді. Алғашқы бөлімі алты ай көлемінде түсірілген болатын. Біз ол кезде күннің ыстығында да, суығында да болдық. Талай жарақаттар алдық. Тақырбас баспен тауда жүрген кезіміз болды. Көш сахналарында қаншама адам біршама қашықтықта  жаяу жүрді. Түсірілімдер күзде басталып, қысқа жалғасып кетті. Қаңтар, желтоқсан айларында тауда қол-аяқтарымыз үсіп қалған кездер болды. Әлі есімде, қыркүйектің 27-күні тауда қар жауып тұрды. Түсірілім кезінде етіктердің сырты әдемі болып көрінгенмен, оның іші жұқа. Қарды кешесің, ішінен қалың нәски кигеннің өзінде суық өтіп кетеді.

@Meyirgat_amangeldin

Қасымның Зеңгімен жекпе-жек сахнасын біз қыркүйекте түсірдік, оның жалғасын желтоқсанда аяқтадық. Сол сахнада байқасаңыздар мен де, Зеңгіні сомдаған Әшім Ахметов те баскиімсізбіз. Біз сол төбелес сахнасын тауда төрт күн бойы түсірдік. Осы секілді қиындықтардан өткеннен кейін, мұның бәрін енді  екінші бөлімінде қайта көргің келмейді екен. Дегенмен, бұл жоба маған жаныма жақын болғандықтан қуана келістім. Бірінші бөлім қыс мезгілінде, ал екінші бөлімі жазда түсірілді. Сол кезде «Қыста түскеніміз жақсы екен ғой»,- дегеніміз бар. Түркістанның 40+ градустық ыстығында түсірдік.  Үстімізде қалың костюмдеріміз бар, ыстықтан тамақ жей алмайтын кездер де болды. Талай жарақаттанған уақыт та көп болған. «Қазақ Хандығының» түсірілім кезінде құлап, мойын омыртқам күні бүгінге дейін мазалайды. Бірақ мұның бәріне актер болған соң көнесің. Сырттан қарағанда оңай болып көрінуі мүмкін. Киноға түсудің тағы бір қиыншылығы- ұйқысыздық. Актерлардың көбісінің ұйқы қанбаудан қиналады. Шыны керек, мұндай сәттерде режим бұзылады. Түсірілімге кез-келген уақытта алып кетеді. Кейде таңғы бесте жұмысты бастап, күн батқанға дейін түсіреміз. Ал бір сахналар түн уақытына түсіп қалады. Ол кезде ұйықтамайсың. Осыйлайша, ұйқысыздықтан иммунитетіңді құртып алатын кездер де болып тұрады. Мұндай ритммен түсірілім біткенше, екі-бір ай көлемінде жұмыс істейсің. Ол біткеннен кейін бірақ демаласың. Егер театрға келетін болсақ, театрдың да өз қиыншылықтары бар.

Жаңа айтып қалдыңыз, "жекпе-жек сахналарын да сомдадым" деп. Сол кезде трюктарды өзіңіз жасауға ниеттенесіз бе, әлде дублер сұратасыз ба?

Барлығы кәсіби мамандар ғой. Сондықтан, әркім өз жұмысын біледі. Шамаң жеткенше барлығын жоғары деңгейде орындауға тырысасың. Кейде өзің ниеттенесің. Кәсіби режиссер қашанда бәрін алдын- ала ойластырып тұрады. Қалай секіру керек, аттың үстіндегі іс-қимылдар секілді. Менде дублер болды. Мәселен, мен істеген нәрсені екеуміз бірдей істейміз. Қайсысымыз кадрда жақсы көрінсек соны алады. Nomad Stunts каскадерлер тобына көп рахмет. Ол жігіттерден көптеген дүниені үйрендік. Және олардың атқарып жатқан еңбегі орасан зор. Сол жігіттерге қарап, намысқа тырысасың. Бауыржан Абишев деген каскадер ағамыз бар.  Ол кісімен де бірге жұмыс істеп көргім келетін. Сөйтіп бірге бір алаңда түсірілімде болдық. Көп дүниені үйренген болатынбыз.

Сізді актер ретінде жұлдызыңызды жаққан қай кинофильм деп ойлайсыз?

Көп картинаға түскен жоқпын, бірақ әрбіреуінің өз орны, көрермені бар. Бірақ, қазір байқап жүрмін «Каникулы оффлайн» картинасы көп айтылады. Тамашалаған көрермен көп. Әсіресе, мектеп жасындағы балалар. Олар басқа жастағы көрермен сияқты емес. Сені көшеде көріп қалдыма, міндетті түрде жүгіріп келеді. «Каникулы оффлайн» балалар үшін бір шетелдік «Один дома» секілді болып кетті. Біз ондай қатты табысты болады деп күтпедік. Әлбетте, ұнайтын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ, балалар осыншама қатты жақсы көріп қалады деген ой болмады. Танымалдылық «Каникулы оффлайнмен» келді деп ойлаймын. Мен үшін «Қазақ Хандығының» орны бөлек. Өйткені, өте ауқымды жоба болғаны рас. «Каникулы  оффлайн» оның өзінің орны бөлек. Сериалдар да өзінше бір ерекше. Енді көбі ойлайтын шығар. Қалада отандық сериалдарды көп көре бермейді деп. Жақында бір қызық оқиға болды. «Каникулы оффлайн 2» премьерасы болып жатқан кезде, үлкен бір ағамыз келді. «Қалайсың, бауырым? Суретке түсейік»,-деп, енді мен ойлап тұрмын ғой «Каникулы  оффлайн» көрермені шығар деп. Сол кезде «Мен сені «Кебенектен» көрдім»,-дегенде мүлде ұмытып кеткем ғой «Кебенекте» түскенімді. Енді алдағы уақытта жарық көретін «Күшік құда» картинасы да сәтті шығады деп ойлаймын.

@Meyirgat_amangeldin

“Каникулы off-line” картинасы шын мәнінде көрермен көңілінен шыққан ерекше туынды болды. Бұл жобаға қалай келдіңіз?

Негізі кейде менің жолым болғыш сияқты. Шыны керек, ойлаған нәрселерің жүзеге аспай жатқанымен, күтпеген дүниелер орын алады. Алғашында кастингқа шақыртқан кезде, мен бір аса сене қойғаным жоқ. «Өтем» деп ойлаған жоқпын. Негізінде, кейде бір жобаларда алдын- ала актер таңдалып қойылғанын біліп тұрасың,  бірақ сонда да кастинг жүргізіп жатады. Мен сондай бір жобаның бірі шығар деп ойлағанмын. Бірақ барған кезімде кастинг тамаша өтті. Кейде актер асығыс күйде кастингдерде толықтай өзін-өзі көрсете алмайды. Немесе, берілген образды соңына дейін аша алмай, шала ойнап кететін сәттер болады. «Каникулы оффлайн» орыс тілінде болды. Ал менде бұған дейін орысша жобалар болған жоқ, сол үшін орыс тілінде ойнағым келді. Дайындық кезінде мен қосымша  жарты сағат сұрадым, мәтінмен дайындалып, образ шығаруға тырыстым. Сөйтіп, берілген рөлді ойнап берген кезімде, барлығына ұнаған болу керек, бірден режиссерді шақыртты. 10 минут өткен соң, мені сол басты кейіпкердің рөліне бекітті. Бұған дейін осындай тез уақытта киноға өтіп көрмеппін. «Каникулы оффлайн» картинасының тәрбиелік мәні өте зор. Басында балаларға арналғанын көргенде, жалпы мәнін толық ұққан жоқпын. Кішкентай балалардың арқасында үлкен дүниелерді қозғап кеткен. Отбасы жағдайлары, біздің қәзіргі тіл мәселесі, ұлттық дәстүріміздің ұмыт қалып бара жатқандығы туралы тақырыптар көрсетілген. Барлығы өз орнымен, ешқандай артық немесе кем тұстары жоқ. Бірінші бөлімнің сценарийлік желісі өте жақсы жазылған. “Каникулы off-line 2”  маған да аса қатты ұнаған жоқ. Себебі, асығыс жазылған дүние болып көрінді. Енді үшінші бөлімі шығуы керек болатын, бірақ карантинге байланысты жұмыстар уақытша тоқтап қалды. Алайда, міндетті түрде үшінші бөлім шығады. 

Картина түсірілімдеріне оралсақ. Түсірілім алаңында сіздің ерекше әріптестеріңіз болды. Осыншама көп балалармен, бүлдіршіндермен бір жобада жұмыс жасау қалай екен? Мұндай ұжымда қызықты оқиға болмады дегенге мен сенбеймін. Есіңізде ерекше қалған қызық оқиғамен бөліссеңіз?

Балалармен жұмыс істеген өте қиын. Бірақ, сонымен қоса, өте қызықты. Бірінші бөлімі неге сәтті шықты? Себебі, кинода қалай, өмірде де дәл солай болды. Әрқайсысы нағыз өзінің болмысын ойнады. Негізі, фильмнің актерлік құрамы өте жақсы таңдалған. Кейде өз рөлін сомдап тұрған балаға қарап, өзің тамсанып, сүйсініп қаласың. Ал қиын тұсын айтар болсам, кей кезде тыңдамай кетеді. Әрқайсысы бір үйдің еркелері ғой. Бірақ фильмде көрсетілген сахналардың барлығы сол жердегі біздің өмірден алынған. Кинода көрсетілгендей, шынымен де, бөлмеде ұзыннан төсек салып, тек ұлдар болып жататынбыз. Бір оқиғаны айтайын. Фильмді байқап қарасаңыз, таңертең әнұран айтатын сахна бар, сол кезде  барлығымыз ұйқылы-ояу жүгіріп келеміз. Сол сахнада біз шын мәнінде жуынбай, ұйқыдан енді тұрып жатқан кезіміз болған. Бір күн алдын осындай сахна болатыны хабарланды ғой, бірақ сағат нешеде екені айтылған жоқ. Алайда, режиссер алды да барлығымызды әдейі оятып жіберді. Шашымыз ұйпа-тұйпа, кішкентай балалар ұйқыдан ояна алмай тұр. Осылайша, барынша шынайы өмірдегідей сол сахнаны түсіріп тастағанбыз. Түнде болатын түсірілімдер қиын болып жатады. Балалар ұйықтап қала береді. Мағжан Хамит деген актер- ініміз бар, онымен қатарлас фильмге түскен актерларға шынайы аға, олар бізге туған інідей болып кетті. Түсірілімдегі өмір кинодан да қызық болғаны рас. Ауылда біз 21 күндей болдық. Енді фильмде қаланы көріп қалған  балалар ойнады ғой. Кинода көрсетілгендей, олар ауылға дәл сондай әсермен келді. Бәріміз бір-бірімізбен өте көп қалжындасатын едік. Екінші бөлімінде жаңа құрамдағы балаларға кішкене үйрене алмай қалғанымыз құпия емес. Әрине, олар талантты болды, бірақ бұрыннан тығыз байланыспай, арласпағандықтан бірінші бөлімдегідей байланыс бола қойған жоқ. Алғашқы бөлімдегі құрамның балаларымен әлі күнге дейін араласамыз.

@Meyirgat_amangeldin

Негізі, киноиндустрияда бір картинаның екінші бөлімін түсіру бірінші бөліміне қарағанда әлдеқайда қиын болып жатады. Және сиквел түсіруге көп бекіне бермейді. Әдетте түсірілген сиквел тағы да көп қаражат табуға, касса жинау мақсатында түсіріледі. “Каникулы off-line” картинасына тоқталар болсақ, бұл жобаның жалғасын көп көрермен сұрағаны белгілілі. Бірақ картина бірінші бөлімге қарағанда әлдеқайда әлсіз түсірілген. Бар қызығушылықты ескі кейіпкерлер ғана ұстап тұрғандай. Сіз мұнымен қаншалықты келісесіз? Жалпы екінші бөлім көңіліңізден шыға алды ма?

Біріншіден, екінші бөлімнің сценарийі асығыс жазылған. Егер байқап қарасаңыз, сценарист алғашқы бөлімінде әр кейіпкердің образын жақсы аша білген. Ал, екінші маусымында кішкене ой шашыраңқы болғаны рас. Бір оқиға басталуы мүмкін, бірақ бітпей қалады. Көрерменге түсініксіз болып, көп сұрақтар туындайды. Менің өзімнің кейіпкеріме келер болсақ, ол қалаға кетпесе, болмайтындай болып қалған. Кішкене орынсыз әзілдер көп болды.  Кейіпкерлердің образын толыққанды аша алмаған. Жеткізер ой соңына дейін аяқталмаған. Сондай-ақ, екінші бөлімі кішкене балаларға арнап жазылып кеткен секілді.  Сол себепті, осы бөлімнен кейін ересек көрерменімізді жоғалтып алған сияқтымыз. Ал «Каникулы оффлайнның» бірінші бөлімі нағыз отбасылық фильм болды. Көп ата-анаға, жастарға, үлкендерге де ұнады. Кім білген, осындай аз бюджетке түсірілген, көп танымал емес актерлар сомдаған фильм осындай табысқа кенеледі деп. Шынымен де, егер сценарий жақсы жазылса, үлкен ауқымды түсірілген картиналардан да озып кете алады.  Енді үшінші бөлімнің сценарийі жақсы жазылмаса, түсірудің қажеті жоқ деп ойлаймын.

Руслан мырза қандай режиссер?

Өте талантты, ақылды әрі өз ісінің нағыз маманы. Балалармен өте жақсы жұмыс істей алады. Адами тұрғыда, әр актермен жеке- жеке отырып, түсіндіреді. Өте байыпты, балаларды ұрысып емес, алдап, еркелету арқылы жол табады. Интеллекті өте жоғары, білімді адам екенін бірден байқайсың. Ол кісімен кез-келген тақырыпта сөйлесіп, ой бөлісе аласың. Заманауи жан бола тұра, өзінің терең тарихын, ұлттық дәстүрі мен өз тілін ұмытпаған жан.

Қазіргі қазақ театрының ахуалы қалай? Театр актерлері үшін барша жағдай жасалған ба? Бүгінде театр бұрынғыша өз актуалдылығын сақтап тұр ма?

Бүгінде театр жағдайы жақсы болып келе жатыр деп айта аламын. Оның бірден-бір себебі, жаңа театр ашылғалы жатыр. Ол біздің театр болмағанымен де, біз үшін, қазақ театры үшін үлкен мақтаныш. Одан бөлек, тағы да жаңа театр ғимараттарының негізі қаланып жатыр, мұның өзі театр өнерінің өсіп жатқандығын, театр өнерінде бәсекелестіктің бар екендігін көрсетеді. Мүмкін, көрермен жағынан аздап көп болмай жататын шығар. Бірақ, өнер ошағына айналған Алматы қаласында біз ешқашан жарты залда ойнаған емеспіз. Біздің қойылымдар үнемі аншлагпен өтетін. Тіпті бір қойылым қатарынан екі күнге созылатын. Елорда енді іскерлік қала болғандықтан, барлығы жұмыста, бірі оқуда, сондықтан аса көп көрермен келе бермейді. Ал сапа жағынан, театрлар өсуде. Жалпы театрға барып тұрған дұрыс қой.

Мейірғат Амангелдин кино актері ме әлде театр актері ме?

 Мен театр актерімін.

 Сіз бас тартатын рөлдер бар ма? Жалпы идеалыңыздағы рөл қандай?

Мелодрама немесе романтикалық комедия  жанрында ойнап көргім келеді. Соңғы кезде, бір тоқталып тамашалайтын сапалы мелодрама көрмедім. Ал романтикалық комедия жанрында түсірілген «Он и она» кинолентасы ұнайды. Сол секілді фильмге түскім келеді. Өкінішке орай, бұл жанрлар аса түсіріле бермейді. Қазір комедия, боевик және тарихи картиналар көптеп жарыққа шығып жатыр.

 Қазіргі кино ахуалы қандай? Көрерменнің сұранымы неліктен тек комедия жанры болып кетті?

Иә, ол шындық. Біз көрермен жағына ығысып кеткендейміз. Негізі, керісінше көрерменді өз тарапымызға бейімдеуіміз қажет. Алдағы 1-2 жылда ол да болады деп ойлаймын. Көктемде көрермен назарына ұсынылған «Жаным, ты не поверишь!» картинасы біздің кино саласының жаңа бір сатыға көтерілгендігін көрсеткендей. Жаңа бір идея, жаңа әзіл, тым басқаша ой. Мәселен, «Финансист», «Бизнесмены», «Зеркала» секілді картиналар да көруге тұрарлық тамаша отандық туындылар. Шыны керек, мен танитын өнер әлеміндегі көп киногерлердің өз ойында жүрген және болашақта түсіргісі келетін бір ерекше фильмдер бар. Олар оны алдағы уақытта түсіреді де. Бірақ, қазір енді комедия көп түсіріліп жатқаны қаржы қорын жинап алу мақсатында шығар. Ол да дұрыс шығар. Өйткені, әр студия өздері үшін жұмыс істеп жатыр. Оларға мемлекет тарапынан ешбір көмек көрсетілмегендіктен, осы жанрды қолға алуға тура келіп отыр. Көбісі осы комедия жанрында қаржыны жинап, өз ойындағыдай фильмді түсіріп жатады. Мәселен, Нұртас Адамбай түсірген «Лифт» кинолентасы маған ұнады. Неге сондай картиналар түсірмеске? Болашақта бізде әртүрлі жанрлар көбейеді деп ойлаймын.

Болашақта режиссер ретінде фильм түсіру ойыңызда бар ма?

Әрине, бар. Менің ойымша, өз қиялындағы фильмді жарыққа шығару кез-келген актердің ойында бар. Мен де соны армандаймын. Бірақ, нақты мынадай жанрда болады деп айта алмаймын. Дегенмен, менде кішігірім сценарий дайын тұр. Қазіргі таңда сериалды да қолға алу керек секілді. Көбісі тек тапсырыс, телеарналар үшін түсіреді. Оның сапасына мән беріп жатқан ешкім жоқ. Жеке өзіме Гүлнұр Мамасарипованың түсіретін телесериалдарын ұнатамын. Болашақта сериал да түсіргім келеді. Кім білсін, алдағы уақытта режиссер болмасам да, сценарий ұсынып қалуым мүмкін.

Шетелдік киноиндустрияға қадам басу ниетіңізде бар ма?

Иә, бар. Ұсыныстар да  түсуде. Соңғы уақытта біздегі актерларға Ресейден көп ұсыныстар келіп жатыр. Бірақ, барлығы тіл мәселесіне келіп тіреледі. Мен қазір орысшамды дұрыстап жүрмін. Әлі «Ресейге толықтай дайынмын»,- деп айта алмаймын. Мен егер ресей фильміне түсер болсам, ол картинаны қазақша картинадағыдай толықтай сомдай алуыма сенімді емеспін. Барғаннан кейін дайындалып барған абзал. Енді бір-екі жылдықта оған да жетеміз деп ойлаймын.

Жалпы мен ресейде оқығым келеді. Магистратура дәрежесінде «Актер» мамандығында білім алсам деймін. Себебі, әлем бойынша актерлар үшін ең сапалы білім сол Ресейде орналасқан.

Мейірғат Амангелдиннен бес үздік фильм?

Маған жалпы Леонардо ДиКаприоның барлық фильмі ұнайды. Том Харди түскен барлық картиналарын тамашалағанды жақсы көрем. Ресейден Константин Хабенский, Сергей Безруков, Сергей Бурунов секілді актерлердің фильмдері ұнайды. Жақында көбі көрмеген Том Хардидің «Лок» атты фильмін тамашаладым. Қатты ұнады. Сонымен қоса, соңғы кезде сериалдар сәнде болды ғой. «Острые козырьки» мен «Бумажный дом» деген сериалды да көрдік. Отандық кинолардан, «Ликвидатор», «Финансист», «My love is Aisulu» және «Аким» сынды фильмдер ұнады.

Алдағы жоспарлырыңызбен бөлісе кетсеңіз? Болашақта көрерменді қандай жобалармен қуантпақсыз?

Бізде театрда жоспар алдын-ала белгіленіп тұрады. Алда жаңа қойылымдар қойып, көрерменді қуанту. Егер карантин жағдайы сейіліп, шекаралар ашылса, биыл шетелге жоспарлаған гастрольдік сапарымызды жалғастырмақпыз. Германия, Корея еліне, Түркия, Ресейге бару керек болғанбыз. Ал кинода айтарлықтай жоспарлар жоқ. Қыс мезгілінде маусым аяқталуына байланысты, аса бір ұсыныстар жоқ. Көктемде қайта жаңа маусым басталады. Соны күтеміз. Дегенмен, бұл жыл да олжалы жыл болды.  Себебі, сериалдар мен картиналар көп түсірілді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы