Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 қазан, 2021260

«Мұқағали» фильмі жарыққа шықты

Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтің бейнесі 21 қазаннан еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіледі. Нұр-Сұлтанда тұсаукесері өткен «Мұқағали» фильміне жиналған қонақтардың қарасы көп деп хабарлайды,  Kaztube.kz бейне порталы.

Фильм қазақ поэзия алыбының өмірінен сыр шертеді. Айтулы туындының режиссері – Болат Қалымбетов. Ол мұзбалақ ақынның бейнесін экранға алып шығу үшін 13 жыл еңбектенген.  Басты рөлді сомдаған жас әрі таланатты актер – Асланбек Жанбалаев. Бұл – театр сахнасында өнер көрсетіп жүрген дарынды тұлғаның дебюттік рөлі. Сомдаған прототипі туралы: «Бұл фильм ғой енді. Әркімнің өз Мұқағалиі бар. Болат аға екеуміз өзіміздің Мұқағалимізді шығаруға тырыстық. Оның ішкі жан дүниесі, жүрек жыры мен ұрпаққа қалдырған мұрасын осы образ арқылы ашқымыз келді», – деді актер.  

Қазақтың лирик ақынының 90 жылдық мерейтойына орай түсірілген фильмде оның соңғы жылдары көрініс тапқан. Режиссер өткен ғасыр картинасын көрерменге жеткізу үшін локацияны көп іздегенін айтады. Түсірілім Өскемен, Алматы, Санкт-Петербург қалаларында өткен. Сондай-ақ кинотуындыда Бауыржан Момышұлы, Нұрғиса Тілендиев, Фариза Оңғарсынова секілді заңғар тұлғалар бой көрсетті.

Ел баласының бейнесін халық сағынышпен еске алып, көздеріне жас алды. Көрсетілімнен соң, «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Ерболат Каменов: «Мұқағали» фильмінің таныстырылымынан шығып тұрмыз. Әсерін бірер ауыз сөзге сыйғыза салу қиын. Қазақ руханияты, кино өнеріне кесек дүние қосылғанын батыл айта алам. Сараптап пікір білдіру үшін, қайталаңқырап көру керек шығар. Алайда алғашқы аңғарғанымыз, түсіру тобының детальдармен көбірек жұмыс істегені сүйсінтті. Сценарий авторының тақырыпқа зор жанашыр әрі білгір екені байқалды. Әлі талай тарқатып айтылар туынды өмірге келді, ғұмыршаң болуына тілектеспіз», – деп алған әсерімен бөлісті.

Кинотуынды Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен түсірілді. «Қазақфильм» киностудиясының өнімі. 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы