Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 сәуір, 2020234

Нағыз батыр жайындағы фильм

1918 жылдың 23 сәуір күні Қазақстан Республикасының Халық қаһарманы, кеңестік және қазақстандық жазушы, Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі партизан Қасым Қайсенов дүниеге келді. Осы айтулы күнге орай, біз Қасым ағаның партизандық жорықтары мен ерліктері жайында паш ететін «Қасым» атты кинотуындымен таныстыруды жөн көрдік.  

Бұл тарихи лента - Қазақстан, Ресей және Украинаның бірлесіп жасаған көркем туындысы. Фильм партизан Қасымның жау тылында жүргізген қауіпті диверсиялық операциясын суреттейді. Картина ерлік пен батылдық, қайрат пен қажырлық, достық пен бірлік, біртұтас болған халықтардың Отандары үшін  жаумен иық тіресе шайқасқан заман жайынан сыр шертеді. Фильмнің негізгі идеясы да - фашизмді бірлесе отырып жеңу.  

Фото: кадрдан алынған

Қанды әскери драманың түпкі сюжетіне Ұлы Отан соғысында болған шынайы оқиға – Украинадағы партизандық шайқастар негіз етіп алынған. Оқиға 1942 жылдың мамырын қамтиды. Окуппацияланған Украинаның аумағындағы Кулики атты ауылдың маңайында орналасқан ірі портта гитлершілер Сталинградты алуға аттанатындардың қажеттіліктерін қамтамасыз ететін отын қоймасын құрды. Картинаның бас кейіпкері – партизан Қасым Қайсенов қолбасшылықтан осы стратегиялық нысанды жою туралы бұйрық алады. Жау шебіне аяқ тіреместен сатқындықтың салдарынан Қайсеновтың бүкіл жасағы қаза табады. Тірі қалатын командир ғана. Окуппацияланған украиндық ауылда Қасым жергілікті тұрғындардан партизандық отряд құрады. Бұл істе оған полицай қатарына қосылуды қаламай, өзін ақымақ болып көрсеткен жергілікті жердің старостаның ұлы Леха есімді жігіт пен қорғауда жүрген байланысшы фрау Инга көмектеседі. 

Фото: кадрдан алынған

Фильм авторлары әскери жылдар көрінісін шынайы етіп көрсете білді. Картинаның көптеген эпизодтары ұлттық парк аумағында түсірілді. Фильмнің түсірілім жұмыстары осыдан 80 жылға жуық уақыт бұрын кескілескен ұрыстар жүрген орманда да өтті. 

Ержүрек партизанның рөлін актер Қуандық Қыстықбаев сомдады. Осы рөлге ену үшін ол әскери дағдыларды меңгеру мақсатында бірнеше ай әскерде де болып қайтыпты. Осының барлығы оған кейін түсірілім алаңында көмектескен көрінеді. Мәселен, актер берілген міндетін мінсіз орындады десек болады. 

Фото: kino.mail.ru

Қыстықбаев түсірілім алаңында жалғыз қазақстандық азамат еді. Бұл рөліне аса жауапкершілікпен кіріскен оның бұл ұмтылысын режиссер жоғары бағалаған екен. Себебі, барлық негізгі сахналарды Қуандық небары бір-екі дубльмен орындап отырған деседі.       

«Вася барлаушы». Атақты партизан дәл осы майдандық атымен кеңінен танымал. Ішкі істер халық комиссариатының барлаушылар мектебінің түлегі болған ол үздік кеңестік диверсанттардың бірі еді. Жау тылында қолбасшылықтың талай қиын тапсырмаларын орындап, партизандық шайқастарын жүргізді, талай халық жасақтарына үлгі болды. Алайда, әскери ұрыстарда салқынқандылық танытып, фашистерді жойқын жоя білді.  

«Қасым» атты тарихи-экшннің негізгі атауы «Без права на выбор» деп аталады. Фильм сондай-ақ, төрт бөлімнен тұратын телехикая ретінде де жарық көрген. Картинаның сәтті шығуына белгілі ресейлік режиссер Леонид Белозорович еңбек етті. Оның сценарийді Андрей Курейчикпен бірлесіп жазған бұл туындысын көрген жұрт жақсы пікірлер айтуда. 

Картинаның көркемділігіне келсек, ондағы көрініс табатын жойқын ұрыстар мен лирикалық сахналар фильмге ерекше реңк берді. Мысалы, оқиға арасында кейіпкердің балалық шағына ауысатын тұстары нақ сол сәттегі картинамен жақсы үйлесім табады, әрі ерекше әсер етеді.  

Айта кетейік, фильмде отандық актермен бірге ресейдің танымал киножұлдыздары – Александр Петров, Александр Лыков, Михаил Евланов пен Владимир Гостюхиндер рөл сомдайды. 

Фото: vokrug.tv

Көркем фильмді біз де тамашаладық. «Жақсы» деген баға береміз. Соғыс туралы фильмдер көп, әрине, алайда бас рөлді жерлесіміз ойнайтын мұндай әскери туынды жалғыз-ау! Сіздерге де көруге кеңес береміз. 

Атап өткен жөн, Қасымның рөлін сомдаған актер Қуандық Қыстықбаев Ресейдің басты сыйлықтарының бірі - «Кузбастың құрметті орденімен» марапатталған. 

Қасым Қайсенов жайында бірер ақпаратпен де бөліссек. Даңқты партизан 1918 жылы Шығыс Қазақстан облысының жасыл шөбі жайқалған, биік таулардың етегінде орналасқан Асубұлақ атты ауылда қарапайым шаруа отбасында дүниеге келді. 20 жасында  Өскемендегі саяси-ағарту техникумын бітірді.  Содан 1940 жылы әскерге шақыртылып, кейін әскери барлау мектебіне жіберілген. Мектепті аяқтаған соң, майданға аттандырылады. Фильмде айтылғандай, соғыстың алғашқы жылдарында басқындардың қолында қалған Украина жерінде партизан отрядын құрып, оны басқарады. Бұдан кейін жауынгер Молдавия, Румыния елдерінде де партизандық жорықтарға қатысады. 

Фото: e-history.kz

Соғыстан оралған соң, Қасым Қайсенов жазушылықпен айналысты. Өзінің жазбаларына ол майдастастарының ерлігі мен батырлықтарын арқау етті. Оның қаламынан «Юные партизаны», «Илько Витряк», «Ажал аузынан», «Днепрде», «Жау тылында» сияқты көптеген туындылар жарық көрді.  

Биыл аңыз адамның өмірден озғанына 14 жылға жуық уақыт болды. Алайда, оның қаһармандығы, елі мен жеріне сіңірген еңбегі халықтың есінде мәңгі қалары сөзсіз. 

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  кадрдан алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы