Размер шрифта:

Цветовая схема:

07 қыркүйек, 2020320

Нағыз құтқарушылар жайындағы туынды

Біздің әлемде құтқарушы деп аталатын мамандық бар. Заманауи түсінікте құтқарушы – бұл апаттан құтқару ісіне дайындалған әрі дағдыланған маман. Олардың қызметі экстремалды, әсерлі әрі қоғам өміріндегі қажетті бағыттардың бірі. Осындай кәсіп иелерінің қызметімен таныстыратын отандық фильмге тоқталсақ.

Қауіпті әрі қиын мамандық жайында фильм іздестіргенде аса үлкен тізім байқамадық. Десек те, ол жайында фильм жоқ емес. Біреу болса да, мықты туынды. Бұл – 2013 жылы түсірілген «Құтқарушы» телехикаясы. Ол сол кезде Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда да төтенше жағдайлар қызметі жайында баяндайтын жалғыз туынды еді. Сонымен фильм сюжетіне көшейік.

Көркем телехикая «экшн» жанрда түсіріліп, шынайы оқиғаға негізделген. Туынды Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар комитетінің құтқару бөлімшелерінің күнделікті жұмыстарына, нақтырақ айтқанда, бірінші кезекте адам өмірін құтқару үшін қызмет ететін жандарға арналған. Дәл осы азаматтар төтенше жағдай не апат болған кезде бірінші болып қимылдап, төтенше оқиғадан зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Телехикаяда бас кейіпкерлерді кәсіби актермен қатар Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің құтқарушылары да өнер көрсетті. Олар – Николай Чернов, Сәбит Көпжанов және Николай Фальковичтер. Фильмде сондай-ақ американдық кинематограф жұлдызы Лэйн Дэвис те рөл сомдайды. Бұл оның картина режиссері Тоқтар Қарсақбаевпен бірге жұмыс істеген екінші шығармашылық жұмысы. Сол кезде 62 жастағы актердің кейіпкері Ирак соғысының ардагері әрі американдық 911 қызметінің бұрыңғы қызметкері еді. Қазақстанға тәжірибе алмасу үшін, кеңесші ретінде келеді.

«Құтқарушы» телехикаясы 12 бөлімнен тұрады. Түсірілім жұмыстары бес ай жүргізіліп, Алматы маңындағы тауларда, Қапшағай мен Іле өзендерінде өткізілді. Хикаяның әр екі бөлімі бір оқиғаға арналады. Осылайша картинада алты төтенше жағдай көрініс табады. Бірінші және екінші бөлім Алматы қаласы тауларындағы қар көшкіні мен оның астында қалып қойған шетелдік туристер тобын құтқару әрекеті туралы, үшінші және төртінші бөлім – Қапшағай тасжолында болған көлік апаты, бесінші-алтыншы бөлімдер – Іле өзеніндегі оқу-жаттығулар, жетінші сегізінші – дүкендегі өрт, тоғызыншы-оныншы – таудағы алпинисті құтқару, ал он бірінші-он екінші бөлімдер - Қапшағайда бойжеткенді құтқару жайында түсірілген.

Фильмдегі трюктердің басым бөлігін каскадерлер орындайды. Құтқарушылардың күнделікті жұмыстарының шынайы картинасын көрсету үшін түсірілім тобы республикалық жедел-құтқару отрядының базасында тұрақтапты. Картина кейіпкерлері қар көшкініне «түсіп», ылдидан «құлап», табиғи жағдайларда іздестіру-құтқару жұмыстарын жүргізулері үшін сол жерде тауға шықты. Ал шынайы драйвты көрсету үшін түсірілім тобы ҚР ІІМ ТЖК оқу-жаттығу полигонына шыққан болатын.

«Түсірілімдір жүріп жатқан кезде біз жұмыста жүрген едік. Яғни түсірілімдерге шамамен 2 сағатқа шығып, кейін базаға қайта оралып, жұмысымызды атқардық. Демек, бұл біз үшін камераға ойнау емес, шынайы жұмыс болды», - деген еді құтқарушы әрі картина актері Николай Фалькович түсірілім жайында.

«Құтқарушы» көпбөлімді көркем экшн-фильмі сол кездегі Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігінің тікелей қолдауымен «Қазақстан» Телерадиокорпорациясының тапсырысы бойынша түсірілген. Картина режиссері – Тоқтар Қарсақбаев, бас продюсері – Майра Қарсақбаева, бас сценарийші – Бахыт Баймульдинова. Телехикая орыс тілінде түсірілген, кейін қазақ тілінде дубляждалды. Туынды режиссерінің айтуынша, фильм қалың көпшілікке құтқарушылардың қауіпке толы күнделікті батыл жұмысы, ерліктері, жанкештілігі мен мамандығына деген адалдығын көрсету үшін түсірілген.

«Мұндай сериал Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда да алғаш рет шығып отыр. Басқа тақырыптан айырмашылығы – бұл сериалдың арнайы қызмет жайында болуы. Арнайы қызметке деген алғысымыз. Бұл сериал еліміздің патриоттық және тәрбиелік рухын көтеруі қажет», - деген болатын картинаның қоюшы-режиссері әрі актері Тоқтар Қарсақбаев.

Қазақстандық экшн динамика мен драма жағынан альпинизм жайындағы атақты «Вертикальный предел» немесе Брэд Питт өнер көрсеткен «Семь лет в Тибете» картиналарымен бәсекелесе алады. Біздің актерлер голливудттық жұлдыздардың атақтарына дейін әлі жете алмаса да, Іле Ататауының пейзажы американдық фильмдердің табиғат кадрларымен бісекелесуге қауқарлы. Біздің таулар тікұшақ бортынан әлдеқайда көркем көрінеді.

Жыл сайын Қазақстан Республикасының Ішкі Істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті құтқарушылары апаттан құтқару жұмыстарына жетпіс мыңға жуық рет шығып отырады. Онымен қоса 10 мыңнан аса адам өмірін құтқарады, қауіпті жерлерден эвакуациялап, 4 мыңға жуық адамға алғашқы медициналық көмек көрсетеді.

«Құтқарушы» көпбөлімді телевизиялық көркем фильмі 2013 жылдың жазында «Qazaqstan» Ұлттық арнасының эфирінен жарық көрді.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы