Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 маусым, 2020378

«Нартай» фильмінің премьера күні белгілі болды

Желіде «Нартай» картинасының трейлері жарияланып, үлкен экранға шығатын уақыты хабарланды.

Фильмдегі оқиға желісі 1991 жылы Германия мен Қазақстанда өрбиді. КСРО-дан Германия Демократиялық Республикасына қашқан орыс эквилибрисі Эдик Петров есімді жігіт тағдырдың жазуымен болған оқиғаның нәтижесінде Батыс тобымен КСРО-ға қайтарылып жатқан Т-72 танкін айдап әкетеді. Онымен қоса, оның жүргізушісін - аға сержант, қазақ жігіті Нартай Сапарғалиевті де алып кетеді. Сөйтіп, олар заңсыз түрде Баварияда қалады. Нартайдың құпия тапсырмасы бар-тын. Сондықтан ол бірінші кезекте болған жағдайды қолбасшылығына хабарлайды. Басшылық шетін мәселені шешудің амалын іздестіріп жатқанда, Нартай қол қусырып отырар емес. Кез келген техниканың тілін білетін ол жергілікті фермерлер арасында танымал болады, танктің көмегімен жер жыртады. Өзін «ұрлаушы» Эдикке оның ізіне түскен қарақшылардан құтқарылуға көмектеседі. Мюнхенде үйсіз-күйсіз қалған Катя Гуревич есімді еврей қызына қолғабыс болады. Ақыры жат елде жүрген қазақ жігіті Югославиядан келген келімсектерге қорған болып, неофашистік топпен шайқасып, одан жеңімпаз болып шығады. Оның бұл даңқы бүкіл әлемге тарап, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне дейін жетеді. Өзі батыл, өзі зейінді, өзі әзілқой Нартай үшін шешілмейтін мәселе жоқ. Мұңаюының бір ғана себебі бар. Ол – Отанға деген сағынышы. Нартай, Эдик пен Катяның арасында «үйің қайда?», «ата-баба жерінде ме?», «өзің бақытты болатын жерде ме?» «әлде сүйіктің өмір сүріп жатқан жерде ме?» деген әр адам үшін маңызды сұрақтар негізінде үнемі пікірталас жүреді. Фильм көрермендерді «Үй» мен «Отан» сияқты қарапайым әрі бір мезетте қиын ұғымдар жайында ойлануға азық болмақ.

«Нартай» фильмі - бұл өз Отанының нағыз патриоты, қазақ сержанты Нартай Сапарғалиев жайындағы хикая. Фильмдегі бас кейіпкерлерді – актерлер Шарифбек Закиров, Григорий Чабан және Анна Старченколар сомдайды.

Экшн элементі қосылған трагикомедия жанрында түсірілген фильмді қоюшы – режиссерлер Гүлнәр Сәрсенова мен Вахтанг Хубутия. Картинаға продюсерлік еткен де – Гүлнар Сәрсенова. Фильмді таспалаған - белгілі қазақстандық оператор Азамат Дулатов болды. Ал, картина сценарийін Сергей Калужанов жазды. Ол осыған дейін ресейлік «Любовь-морковь 3», «Можор», «Побег» және тағы басқа талай танымал телехикаялар сценариілерін жазған.

«Нартай» картинасы биылғы жылдың 2-ші шілдесінен бастап кинотеатрларға жол тартады деп жоспарланған.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  трейлер кадрынан алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы