Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 наурыз, 2021264

Наурызда көруге кеңес берілетін 15 фильм

Қазақстандықтар Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мейрамында дәстүрлі ұлттық тағамдар дайындап, қонаққа барып, жақындарымен көңілді уақыт өткізуден басқа не істей алады? Әрине, көңілді отандық фильмдер тамашалауға болады. Біз бұл мереке күндері көруге болатын бірқатар фильмдерді тізбектеп көрдік.  

Өкінішке қарай, бұл мейрамға тікелей арналған отандық картиналар аз. Сол себепті біз қазақстандық телеарналардың апталық бағдарламасы мен  қолжетімді көздерден қарауға болатын көңілді фильмдер тізімімен таныстыруды жөн көрдік.   

 «Тақиялы періште» (1968 )

Бұл Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильмнің» алтын қорына енген картина. Оны киностудияның желідегі арнасынан көруге болады. Мэтр Шакен Аймановтың әсерлі музыкалық комедиясы жаны жайсаң әрі періште мінезді Тайлақ есімді жігіт жайында әңгімелейді. Бұл - күнделікті тіршілігіне үйреніп, үйленуге аса асық емес ер адам. Алайда оның анасы керісінше, оны тезірек үйлендірмек ойда. Ұлына қалыңдық табуды мақсат еткен ақ жаулықты жан бұл мәселемен тікелей өзі айнаспақ үшін Алматыға арнайы келеді. Махаббат айдынына өзі де қалай тап болғанын түсінбей қалады.   

«Жаужүрек мың бала» (2012)

Режиссер Ақан Сатаевтың қазақтар мен жонғарлардың жойқын соғыстары кезеңінен сыр шертетін картинасы осы мереке күндері республикалық арналардың бірқатарында көрсетілетін болады. Бұл фильмді отандық көрермендер жылы қабылдаған еді. Сюжет желісі бойынша қазақ халқының жоңғарлармен шайқаста атақты батырлар ғана емес, Сартай есімді жаужүрек жігіттің басшылығымен жас жауынгерлер де атқа мініп, жерлерін қорғады. Картина сол жаужүрек атанған мың баланың ерліктерін паш етеді.         

«Гудбай, мой бай» (2018)

Фильмнің бас кейіпкері үйдің жалғызы, сондықтан туған анасын тастап кете алмай, бір шаңырақ астында әйелі және анасымен бірге өмір сүреді. Әйелі болса, жеке баспана керек деп қоймай жүр. Бұл мәселе төңірегінде үйде күнде ұрыс, күнде шу. Онысымен қоймай, мәселеге достар да, оларды қоршаған адамдар да еріксіз тартылады. Анасы мен әйелінің арасында күйгелектеп жүрген жігіт те еліміздің арналарының бірінде көрініс таппақ.

«Базар жоқ, Мексика» (2020)

Үлкен экраннан таяуда ғана көрермендерді тамсандырған отандық комедия, енді Наурыз мерекесі күндері республикалық арналардың біріне де жол тартпақ. Ерлан есімді жас жігіттің шалғай ауылдағы тіршілігі өзінің ағысымен жүреді. Оның сүйген қызы Мексикада білім алып жүр, сол себепті жігіт бойжеткен елге оралған соң, оған үйленуге бел буады. Алайда осындай жарқын күндердің бірінде Ерлан «сүйемін деп» уәде еткен қызының мексикалық жігітке тұрмысқа шақпақшы екенін естиді. Оны қайтарып алмақ болып, жігіт өзінің сенімді, бірақ мінезі біртүрлі досын алып, алыс сапарға аттанады. Осы сәттен бастап достардың өмір бойы есте қаларлық шытырман оқиғалары басталады.

«Көшпенділер» (2005)

Бұл фильм де отандық телеарналарда марафон жүріп өтпек. Себебі Ұлыстық ұлы күнін мерекелеу күндері бірқатар арналар тарихи картинаны көрсетуді жоспарлап отыр. «Көшпенділер» фильмінің сюжет желісінде 18 ғасырда қазақ даласында болған шынайы тарихи оқиға – қазақтардың жоңғар басқыншыларынан жерді азат ету соғысы көрініс табады. Картина кейіпкерлері де сол заманда өмір сүрген тұлғалар - Әбілқайыр мен Абылай хандар, Төле би, жоңғарлар қолбасшысы Қалдан Церендер.  Тарихи кинолентада махаббат оқиғасы да қатар өрбиді.

«Ұлы дала комедиясы» (2018)

Комедия желісі бойынша әнші Төреғали Төреәлі «жұлдыздар ауруымен» ауырып, айналасындағы адамдармен дөрекі сөйлеп, жақындарының қамқорлығын қадірлемей жүреді. Туған күнін отбасының арасында қарсы алғанның орнына бас кейіпкер түнгі клубтағы шулы мерекені қалайды. Сол мерекеде ол жайдары өмірінен айырып, оны сабасына түсіретін «періштені» кездестіреді. Әкесінің продюсерлігімен түсірілген «Ұлы дала комедиясы» картинасында әнші Төреғали Төреәлі бірден екі кейіпкерді сомдайды. Әрқайсысында көрермен сүйікті әртістерінің бойындағы қасиеттерін тамашай алады. «Ұлы дала баласының» шытырман оқиғаға толы комедиялық фильмді де отандық телеарна көрермендері Ұлыстың ұлы күніне арналған бес күндік демалыстың бірінде көре алады.

«Наурыз.кз» (2017)

Наурыз – бұл көктем мерекесі ғана емес, түркі халықтарының жыл басы. Ал жаңа жыл бұл, әдетте, ғажайыптардың жүзеге асатын мезгілі. «Наурыз.кз» фильмі – бір сюжетке біріктірілген бірнеше оқиға: жас американдық жігіттің кенеттен Қазақстанда туыстары пайда болып, ол солармен таныспаққа біздің елге аттанады. Қарапайым такси жүргізушісі болса, жергілікті сұлуға ғашық болып, ірі кәсіпкермен бәсекеге түсуге мәжбүр. Қартайған әкім ұзақ комадан кейін есін жияды, оның балалары болса, күйбелектеп, оны күйзеліске түспеуіне бар жағдай жасап әлек болып жүр. Сол себепті әкелеріне бір жыл өтіп, сүйікті қызының тұрмысқа шығып кеткенін айталмай келеді. Картина қызықты «махаббат үштігінен» де сыр шертеді. Егде жастағы екі ер адам талай жылдан бері бір әйелдің махаббаты үшін күресіп келді. Қазір үшеуінің жастарының қосындысы 200 жылға жуық, алайда олардың сезімдері әлі өшпек емес. Әр кейіпкердің өзінің арман-тілектері бар әрі олардың әрқайсысы оның орындалуынан үмітті. Көңілді мекерелік картина еліміз үшін елеулі мерекелердің бірінен сыр шертіп, жанға жылулық сыйлайды. Комедиялық кинолентаны желіден тамашалауға мүмкіндік бар.   

«Балуан шолақ» (2019)

Тарихи отандық туынды ақынның таланты туралы ғана емес, төрткүл дүниеге танымал болған қазақтың ұлы тұлғасы Нұрмағамбет Баймырзаұлының өмірі  жайынан сыр шертеді. Көпшілікке ол Балуан Шолақ есімімен кеңінен танымал болған. Кинолента желісіне оның қиын-қыстау заманда халқы үшін жасаған ерліктері де арқау болып отыр. Екі жыл бұрын жарық көрген туындыны қайда көргіңіз келсе де – мархабат! Картина республикалық телеарнаның бірінде де көрсетілмек.

«Гауһартас» (1975)

Қарт шопанның ұлы үйленіп, үйге келін әкеледі. Салтанат есімді жас келінмен бірге шаңыраққа махаббат пен жылулық ұялайды. Тастанның ата-анасы оны келіндей емес, қызындай жақсы көріп кетеді. Ал жігіттің інісі үшін Салтанат нағыз досқа айналады. Отбасы көне салт-дәстүрді ұстанып, оны жатсынбайды. Жас келіннің жаңа отбасындағы өмірі қалай болмақ? Оны отандық картинадан көріп тамашалаңыздар. Бұл фильм отбасылық дәстүрлер мен құндылықтар тақырыбын көтеретіндіктен көрермендердің жылы ықыласына бөленген. Дәл осындай фильмдер арқылы бүгінгі өскелең ұрпақ қазақтардың бұрынғы тұрмыс-тіршілігіне еніп, онымен жақынырақ таныса алады. 45 жыл тарихы бар «Гауһартас» фильмі де мереке күндері арналардың біріне жол тартады.  

«Он и она» (2013)

Бұл романтикалық комедия алматылық көрермендер үшін ерекше әсерлі болмақ. Себебі кинолентадағы оқиғалар желісі осы қалада өрбиді. Алайда картинадан алматылықтар ғана емес, елдің өзге де жастары қанаттана алады. Фильм бір жарым миллиондық шаһарда махаббатты табудың қаншалықты қиын екендігін әрі оны оңай жоғалтып алуға болатынын көрсетеді. Жігіт – қарапайым алматылық тұрғын әрі жас сценарист. Қыз – сұлу да сымбатты, өзінің мақсатына үнемі қол жеткізетін жан. Жігіттің өмірін астан-кестен еткен соң, кенеттен одан ғайып болып кетеді. Романтикалық комедияның жалғасын алдағы демалыс күндері теледидардан тамашалай аласыздар.     

«Замуж в 30» (2016)

Режиссер Асқар Бисембиннің «Замуж в 30» комедиясы да көрерменін бей-жай қалдырмасы анық. Себебі онда жасы отызға таяп қалған, болмаса асып кеткен тұрмысқа шықпаған қазақстандық бойжеткендердің тағдыры туралы суреттеледі. Олардың бірен-сараңы ғана жас бай жігіттердің жары атана алады. Ал кейбіреулері жұмыстан бас алмай, туыстарының әдеттегі тақырыптарына айналып, ақбоз ат мінген ханзадасын күтумен жүреді. Дәл осындай бойжеткен фильмнің бас кейіпкері – Анель болмақ. Қызықты әрі көңілді картинаны да жақын күндері отандық телеарналардың бірінің бағдарламасынан тауып алуыңызға болады.

«Многодедный» (2019)

Кинолентадағы хикая бастан-аяқ жас жігітке арналады. Жігіт әкесінің байлығына қарамастан, кішкентай кезінен қарапайым болып өсіп, үнемі қарияларға көмектесумен келеді. Мектептен кейін ол қарттар үйінде ерікті болып еңбек етуді жөн көреді. Күнделікті ондаған  аталар мен әжелердің оқиғаларымен танысып, оларға қолғабыс етеді. Жан жылуы мен үлкенге құрмет ұялататын картина көрөрмендер үшін қолжетімді. Отандық фильмді әлемдік желіден тамашалауға болады.  

«Шырақшы» (2020)

Фильм желісі соғыстан қайтқан солдаттың өмірінен сыр шертеді. Жауынгер майданнан өзімен бірге құтқарылған немістен сыйға тартылған көне проектормен келеді. Бас кейіпкер бұл олжасынан күндерінің соңына дейін айырылмайды. Себебі кинопроекторы көненің көзі мен жарығының символы іспеттес. Режиссер Ермек Тұрсыновтың бұл картинасы отандық телеарнада көрсетілмек.   

«Ва-банк» (2020)

Комедиялық фильмнің желісі бойынша әр түрлі тағдырлы,  несиеден зардап шегіп жүрген бірнеше адам бірігіп, банк тонамақ болады. Картинаның бас продюсері Құралай Анарбекова атап өткендей, фильмнен әркім өзіне жақын оқиғаны кездестіре алады. Кинолентаның бас кейіпкерлері ақымақ, кейде тіпті, ессіз жағдайларға тап болады. «Ва-банк» картинасын әлемдік желіден көруге болады.

«Наурыз-арман» (2014)

Шолуымызды өзге фильмдер сияқты интернеттен табуға болатын картинамен аяқтасақ деп отырмыз. «Хабар» агенттігі ұсынған кинокартина толықтай Наурыз мейрамы мен дәл осы күндері бастау алатын жаңа өмірге арналады. Курстас Қуаныш пен Диас жоғары оқу орнын бітіргенне кейін 20 жылдан соң ұшақта кездейсоқ кездеседі. Кездесуден олардың Арман мен Әдемі есімді балалары жалғызбасты екендіктері белгілі болады. Куаныш Диасқа балаларды таныстырып, туыстасуға ұсыныс жасайды. Алайда барлығы оның ойлағанындай болмай шығады. Себебі Диас оған аса дайын емес, ал Әдемі болса, кездесуге өзі емес, құрбысын жібереді. Арман оған ешқандай ықылас білдірмейді. Себебі бас кейіпкерлерімізге бірге болу бұйырған.       

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы