Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 тамыз, 2020357

Олжас Сүлейменовтың өлеңі негізінде фильм түсіріледі

Режиссер әрі сценарийші Аруан Анартаев «Горячее озеро» атты картина түсіреді. Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының екінші жобалар питчингінде жеңіске жеткен қысқаметражды фильм авторының айтуынша, сценарийі ақын әрі жазушы Олжас Сүлейменовтің өлең желісі негізінде жазылған.

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілетін фильм таулы көлдің жағасында орналасқан ауылдағы шипажайға келетін Беата есімді қыз бен ата-анасы, сондай-ақ кішкентай қыздың осы ауылда тұрып жатқан Асан есімді ұл баланың достығы жайынан сыр шертеді.

«Бұл деректі кино элементі бар қысқаметражды драма болады. Бұл демалыс орнында орналасқан шипажайға келетін кішкенкентай қыздың кішкентай ұл баламен танысуы туралы қысқа хикая. Олар жазды бірге ойнап жүріп өткізген кезде қыздың ата-анасы айырылысу туралы шешімге келеді. Ақыры жанұя шипажайдан кетіп, бала жалғыз қалады. Фильм жалғыздық сезімі жайында баяндайды. Картина Олжас Сүлейменовтың өлеңіне негізделген», - деді Аруан Анартаев Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен өткізген әлеуметтік желідегі онлай-әңгіме барысында.

Жоба авторы сценарийді жазушының нақты қай өлеңіне сүйеніп жазғанын ашып айтпады, дегенмен ол өлеңге оның шығармашылықтағы ұстазы Дәрежан Өмірбаевтың бағыт бергенін айтты.

«Сценарийді жазу барысы былай болды. Идеяларым көп еді. Олармен шеберім Дәрежан Өмірбаевке келіп, бөлісіп отырдым. Ол кісі: «Жоқ, бұл саған жарамайды, бұл толықметражды картиналарға жарайды» деп жөн сілтеп отырды. Сосын менде мынадай өлеңім бар деп, өлеңнің соңғы жолдарын оқып берді. Мен сол өлең жолдарына сүйеніп, сценарийімді дамыта бастадым. Ол кісіге синопсистерді әкеліп, оларды бірге талқылайтынбыз. Міне, сценарий жазу үрдісі осылай өрбіп отырды», - деп бөлісті Анартаев.

Автордың айтуынша, түсірілімді Ыстықкөлде өткізу жоспарланған еді. Алайда коронавирус пандемиясына байланысты бұл жоспар қалай жүзеге асатынын әзірге белгісіз. Фильмді жасаушылар картинаны Қазақстанда түсірудің амалын да қарастырып жатыр.

«Біз қазір кастинг пен локацияларды, яғни жоспарлаған орындардың баламасын іздестірумен айналысып жатырмыз. Қапшағайда карантин. Локациялар алмастырыла ма, жоқ па білмеймін. Қалай болғанда да, мәселе локацияда тұрған жоқ. Әрине, Ыстықкөлдің оңтүстік жағалауы дрим-локация. Жобаны таныстыру кезінде фотосуреттерді көрген боларсыз, ондал қараусыз қалған мұражай бар дегендей. Оның өзі көп нәрсені айтып тұр», - деді режиссер.

Фильм авторының айтуынша, «Горячее озеро» фильмінде төрт бас кейіпкер, яғни Беата мен Асан және екі ересек адам – Беатаның ата-анасы - Алла мен Максим болады. Кастинг жұмысымен жас режиссерге «Сказ о розовом зайце», «Тренинг личностного роста» фильмдерінің режиссері Фархат Шәріпов қолғабыс етуде. Ал түсірілім тобы әлден белгіленіп қойған екен. Картинаны қоюшы-оператор Айгүл Нұрболатова, екінші режиссер Қайша Рахимова және композиторы Санжар Бәйтерековтер болады.

Айта кетейік, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының екінші жобалар питчингінде киногерлер сондай-ақ ерекше есімді қыздар жайындағы «Қызболсын» деректі картинасын да ұсынған болатын. Өкінішке қарай жоба қаржылық қолдауға ие болған жоқ, дегенмен кейін өз демеушісін тапты.

«Бізге Швейцариялық елшілік хабарласып, жобамызды қолдауға дайын екендіктерін айтты. Қазірдің өзінде олар сценарийге және түсірілімдерге деп бюджеттің бір бөлігін бөліп берді. Қазір жобаны толықтай қаржыландырудың жолдарын іздестіріп жатырмыз», - деді картинаның атқарушы продюсері Аруан Анартаев.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы