Размер шрифта:

Цветовая схема:

06 мамыр, 2020225

«Өнер барысы-2020» жобасы: жақында!

Кино және эстрада жұлдыздары, жалпы, өнерпаздар арасында өткізіліп, ұлттық спорт түрі – қазақ күресін насихаттайтын бірегей жобалардың бірі - «Өнер барысы» биыл да жалғасын табады. Шара карантиннен кейінгі жақын күндері өткізіледі. Бұл туралы «Kaztube.kz» бейне-порталына жоба авторларының бірі Мейіржан Әлібек мәлім етті.

«Өнер барысы» нақты қай күні өткізілетіні әзірге белгісіз болғанымен, жоба жұмыстарының басым бөлігі әзір. Жыл сайын дүбірлі дода Ұлыстың ұлы күні ұйымдастырылатын. Ол дәстүр кейінгі жылдары да сақталады. Дегенмен, сайыс биыл елдегі Төтенше жағдайға байланысты өтпей қалғандықтан, ұйымдастырушылар спорт сүйер қауымды келесі жылға дейін күттіртпейміз деп отыр.

«Иә, біз наурыз айында жасай алмадық. Жылда наурыз мерекесінде өткіземіз деп жоспарлаған болатынбыз. Жобамыздың 80 пайыз жұмыстары дайын. Сондықтан ұзатпай, темірді қызып тұрған кезінде соғып, жақын күндері өткізсек деп отырмыз. Жағдай дұрысталғаннан кейін нақты күнін белгілеп хабарлайтын боламыз. Ал, жалпы алдағы уақытта наурыз айында өтетін болар», - деді Мейіржан Әлібек.

Республикалық шара өткен жылы бастау алған. Былтыр дүбірлі додаға 17 палуан қатысса, биыл олардың саны 24-ке жетіп отыр. Демек, салауатты өмір салтына баулитын шараның ауқымы кеңейіп, маңызы арта түсті. Ұлттық спортты насихаттауға бағытталған жобаның мақсаты да осы болса керек.

«Жобаның мақсаты – қазақ күресін дамыту. Күрес арқылы жігіттікті насихаттау, елдің рухын көтеру. Біздің жоба танымал адамдарды насихаттау емес, танымал адамдар арқылы күресті насихаттау», - дейді ұйымдастырушы.

Былтырғы шара 60 пен 75 келі арасында және 75 келіден 90-ға дейінгі екі салмақ дәрежесінде өткен еді. Биыл ережеге біраз өзгешеліктер енді.

«60 пен 75 келі кездесіп жатса немесе 75 пен 90 шығып қалса, қатысушыларға біраз қиындау соғады екен. Сондықтан биыл бұл салмақтарды үшке бөлдік. 60-тан 70-ке дейін, 70-тен 80-ге дейін және 80-нен 90-ға дейін», - деп бөлісті Мейіржан Әлібек.

«Өнер барысы – 2019» сайысында үлкен салмақта «Өнер қырандары» әзіл-сықақ театрының актері Сырымбет Бибосынов және кіші салмақта кино актері Асылхан Төлепов жеңімпаз атанды. Биылғы жарыста олармен бірге былтырғы сайысқа қатысқан тағы 5-6 өнерпаз болады деп күтіліп отыр. Олардың қатарында Марселен Камате, Мейірхан Шерниязов, Жандос Самалбеков, Дәурен Серғазы, Ерлан Пірімбетов, Еркебұлан Дайыров, Бауыржан Сатов, Аян Өтепберген, Мейіржан Төребаев, Тәуекел Мүсілім сияқты актерлер бар. Ал былтырғы додада аталған кино майталмандарымен бірге актерлер Артур Төлепов, Абай Аязбаев, Азамат Шарғыновтар болды.

Өнер адамдарының арасында республикалық деңгейде мұндай ауқымды шара өткізу идеясы елімізге танымал айтыскер Балғынбек Имашев пен жоба жетекшісі Мейіржан Әлібекке тиесілі. Ұлттық салт-дәстүрді сақтауға бағытталған игі бастама бүгінде өзінің жемісін беріп отыр.

«Бұл жоба танымал адамдарды дәріптемей, қазақтың күресін дәріптейтін жоба болса деп ойладық. Сол жоспарымыз орындалған сияқты. Себебі, былтыр біз «Өнер барысын» өткізгенде Нұрболат Абдуллин деген өнерпаз қатысқан болатын. Соған бір ата-аналар хабарласып: «Саған балам өнерпаз ретінде еліктейтін еді. Енді күресіңді көріп, баламыз бүгін залға кетті» деп айтты дейді. Бұл да жемістің бере бастағандығы деп ойлаймыз. Оның үстіне «Өнер барысының» қаралымы рейтинг бойынша өте жоғары. Былтыр біз бағдарламалардың арасында бірінші орын алдық. Бұл нақты күрестің насихаты. Одан кейін бізді тек қана спорт сүйетін адам көрмейді, біздің жоба әртүрлі көрермендерді бір арнаға тоғыстырады, яғни өнер жанашырлары да, спорт жанашырлары да көреді. Бұл жобаға ауқымды көрермен тарта аламыз. Және өнер адамдары арасында залға баратындар да көбейді. Күреске деген қызығушылық та арта түсті. Олардың күреске барғанын көрген халық та олардан үлгі алады. Кейінгі жас ұрпақтың күресті идеология ретінде қабылдаса деп едім. Себебі бұл күрес жігіттікті насихаттап, балаға жігер береді ғой. Рухты болуына әсер етеді», - дейді жоба жетекшісі.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы