Размер шрифта:

Цветовая схема:

07 мамыр, 2020537

Отан – оттан да ыстық: «Оралман» фильміне қысқаша шолу

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас». Бұл мақал-мәтел режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» атты әлеуметтік драмасының бар мағынасын аша түскендей. Себебі, фильм кейіпкерлері кезінде туған жерінде қандай қиындық көрмесе де, отанына оралуға ұмтылумен болды. Жә, барлығын бірден жайып салмайық, сюжетке ептеп енгізіп түсіндірейік. Иә, бүгін аталған фильм жайында ой өрбітпекпіз. Кеттік!

Алдымен әдеттегідей аңдатпа. Фильм Ауғаныстанда тұрып жатқан қазақ отбасының өмірі жайында баяндайды. Олар өткен ғасырдың отызыншы жылдары қызыл әскердің қорлығынан осы елге қашуға мәжбүр болады. Онда отбасы өсіп-өніп, балалы-шағалы болады. Базарбай ақсақалдың ұлы мен қызы осында ер жетіп, осында отбасын құрады. Ұлы Сапарқұл тіпті, моджахедтер қатарында да соғысады. Уақыт өтеді. Отбасы Қазақстанға қайтуға рұқсат беретін көптен күткен квотаға ие болады. Сөйтіп олар жолға жиналады. Үйге қайтар жол жеңіл болмайды, әрине. Дегенмен, туған жерге қайту үшін ештеңе кедергі емес.

Сөйтіп, ұзақ сапардан елге оралған оларды айдаладағы ауылға қоныстандырады. Сапарқұл күзетші болып жұмысқа орналасады. Қызы кезінде минаға түсіп, тілінен айырылғандықтан, жергілікті жердегі мектепке бара алмайды. Сондықтан анасымен бірге асханада ыдыс жуады. Ал, туған жердің топырағы мен аңқыған иісін аңсаған ақсақал еліне оралып, арманы орындалған соң, бақилық болады.

Фильмде сюжет желісі жақсы құрылған. Елге қайтуға рұқсат жазған хаттан бастап, жүрген жол, кездескен кедергілер, орындалған армандар көріністері өз ретімен қойылған. Әрі кейіпкерлердің орнына өзіңді қойып, бар ауыртпалығын тула бойыңнан өткізесің.

Фильмде ақсақал елге оралуға рұқсат берген қағазды көргенде, бұл күнге жетпеген кемпірін еске алып, көзіне жас алғанда, еріксіз бірге жылап та алдық. Картинада ондай сәттер аз емес. Туған жеріне оралғанда, дәл шекара маңында тұрып, Базарбай атаның солдаттан: «Бұл қазақтың жері ме?» деп сұрап, тізеге жығылып, жерді сипай жөнелетін тұсы ерекше әсерлі шықты. Туған жеріңде, туған еліңде бейбіт өмір сүріп жатқаныңа шүкіршілік етесің.

Фото: webinfo.kz

Фильмнің әсерлі шығуына әдемі кадрлар мен табиғат көріністері де септігін тигізді. Расымен де, көркемдік жағынан картина керемет орындалды.
Жалпы, «Оралман» фильмі – бұл жеке бір отбасының хикаясы арқылы ауқымды тақырыпты қамтитын туынды. Осы тұрғыдан алғанда, актер Дұлыға Ақмолданың шеберлігін атап өткен жөн.
Картинада бас кейіпкерлердің жергілікті тұрғындармен шиеленісі, жергілікті әкімдікпен қарым-қатынасы, дін сияқты тақырыптар қозғалған. Осылар арқылы авторлар сабыр түбі – сары алтын екендігін көрсеткісі келгендей. Мәселен, алғашында елге оралған қандастар қиындық көрсе де, шыдамдылық танытып, ақыры мол ризыққа кенеледі. Сапарқұл бір қыста мешіт ғимаратын жөндеп, қолына армандаған құжаттарын алады. Отбасы толығып, қыздары көрсетілген медициналық көмектің арқасында сөйлеу қабілетін қайтарады.

Фото: кадрдан алынған

Осылайша, фильмді қоюшылар Отаның қандай болмасын, адам тек сонда ғана қанат жайып, самғай алатынын жеткізгісі келсе керек.

Айта кетейік, қандастар туралы «Оралман» атты отандық фильм ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген. Картина Иранда өткен ХХХV Халықаралық кинофестивальде «Үздік азиялық фильм» болып танылса, Непалда өткен ХХІІ Халықаралық кинофестивальде «Үздік шетелдік фильм» атауын жеңіп алды. Бұдан бөлек, отандық туынды ХІІІ «Еуразия» Халықаралық кинофестивалінде бас жүлдеге ие болды. Ал, актер Дулыға Ақмолда Қазан қаласында болған ХІІІ Халықаралық мұсылмандық кино фестивалінде фильмдегі рөлі үшін үздік актер атанды.
Тамаша ойын, керемет көрініс. Фильмді көріп, бағасын өзіңіз беріңіз.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  кадрдан алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы