Размер шрифта:

Цветовая схема:

05 қазан, 2020402

Отандық аниматорлар назарына

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы ÁMEN Animation Film Festival екінші дәстүрлі анимациялық фильмдер фестивалінің өтетінін хабарлайды. Шара қазан айының 30-31 күндері онлайн режимде ұйымдастырылады.   

Өткен жылы бастау алған анимациялық фильмдер фестивалі осымен екінші рет өткізілгелі отыр. Оған OzgeEpic заманауи өнер кеңістігі және Қазақстанның анимациялық киностудиялар қауымдастығы ұйтқы болып отыр. Биыл фестиваль республикалық емес, халықаралық масштабта өтпек. Мәселен, оған Түркия, Әзербайжан, Өзбекістан, Түрікменстан, Қырғызстан, Татарстан мен Башқұртастан елдерінің аниматорлары да қатысады.  

ÁMEN-2020 шарасы аясында отандық және шетелдік озық мультипликаторларының шеберлік класстары мен тренингтерін өткізу жоспарланған. «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму қазақстандық институтының қатысуымен «Қазақ анимациясының өзекті мәселелері» және «Түркі елдерінің ортақ қайраткерлері туралы халықаралық анимациялық жоба» тақырыптарына арналған «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылады. Сонымен қатар «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесіп, қазақстандық анимация ретроспективасын өткізу көзделіп отыр. Оған 1960-2020 жылдар аралығында түсірілген отандық анимация тарихындағы үздік 30 картина кірді. Бұл жұмыстардың арасында отандық мультипликацияның негізін салушы Әмен Қайдаровтың  да жұмыстары бар. Аталған фестиваль де осы тұлғаның есімін еншілеп отыр. Естеріңізге сала кетейік, Әмен Қайдаров – бұл «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» алғашқы отандық мультфильмін жасаушы әрі қазақ анимация мектебінің негізін қалауда маңызды рөл атқарған адам.     

Айта кетейік, фестиваль аясында жоғарыда аталған шаралардан бөлек, 2019-2020 жылдары жасалған анимациялық фильмдер және  осы жылдары түсірілген студенттік жұмыстар байқауы (дипломдық және курстық жұмыстар қабылданады), сондай-ақ «Табиғат және қазақ» тақырыбындағы үздік комикстер көрмесі ұйымдастырылады. Соңғысына барлық аниматорлар мен қатысушылар қатыса алады.  

Биылғы байқау тоғыз номинация бойынша өткізіледі. Атап айтқанда, «Үздік кәсіби анимациялық фильм», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік сценарий», «Үздік қоюшы суретші», «Үздік мультхикая», «Әділқазылар жүлдесі», «Көрермен көзайымы», «Үздік студенттік жұмыс» және «Үздік комикс». Фестиваль байқауына жұмыстарды тапсыру мерзімі 15 қазанға дейін жалғасады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы фестивальге 80-нен аса өтініш келіп түсті. Олардың арасынан 51 жұмыс іріктелініп алынған болатын.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы