Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 тамыз, 2021200

Киноға алғаш қадам басқан қазақстандық әйел режиссерлер

Еліміздегі кино өндірісі білікті мамандардың жетіспеуі салдарынан Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ғана қарқын ала бастады. Осы тұста ерлермен қатар жүріп, кино саласына құлшына қызмет еткен мамандардың бірі Дариға Тіналина болды. Бүгінгі шығарылымда сіздерді қазақстандық алғашқы әйел режиссердің және оның соңынан ерген киногер сіңлілерінің шығармашылығымен таныстыратын боламыз.

Дариға Тіналина Байжұманқызы – КСРО кинематографиясының үздігі, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері. 1957 жылдан КСРО Кинематографистер одағының мүшесі. Ол ұзақ жылдар бойы «Мосфильмде» кеңестік кино шеберлерімен қоян-қолтық жұмыс істеді. Осы тәжірибенің арқасында ол кейін фильмдерді өз бетінше түсіре бастады. Дариға Тіналина әлемдік және кеңестік киноның алтын қорындағы фильмдерді қазақ тілінде дубляждауға үлкен үлес қосты. Дәл осы еңбек КСРО кезеңінде әдеби қазақ тілінің сақталуы мен дамуына зор ықпал етті.

Дариға Тіналина 1921 жылы Ақмола облысы, Вишневский ауданы, Ажар ауылында дүниеге келген. Ол әпкесінің қолында тәрбиеленіп өсті. Ол жас кезінде-ақ мәдениет, әдебиет, өнер салаларына зор қызығушылық танытқан. Жетінші сыныптан кейін ол актриса болуға белді бекем байлап, сол кезде Ахмет Жұбанов басқарған Алматыдағы театр мен өнер мектебіне оқуға түсті.

Бірақ көп ұзамай оның өмірінде қайғылы оқиға орын алады. Әпкесі Зағфи қуғын-сүргінге ұшырайды, ал оның күйеуі ату жазасына кесіледі. Ал бойжеткен Дариға далада қалады. Кейін оны Сәкен Сейфуллиннің ағасының отбасы өз қамқорлығына алады.

Қиын кезеңді бастан өткеріп жүріп жас қыз Мәскеу кинематография институты жергілікті халықты актерлік бөлімге қабылдайтыны туралы хабарландыруды көзі шалады. Осылайша Тіналина 1939 жылдың басында Мәскеуге оқуға аттанады.

Онымен бірге «қазақ» тобында Әмина Өмірзақова, Гүлжахан Ғалиева, Зоя Тәжидиновалар оқыды. Оларға әйгілі кеңестік режиссер Григорий Рошаль сабақ берген. Оқи жүріп Тіналина «Романтиктер» фильмінде басты рөлді ойнауға кастингтен өтеді, бірақ Ұлы Отан соғысы басталып, оның жоспарлары жүзеге аспай қалады.

Соғыстың кесірінен ол оқуын тастауға мәжбүр болып, туған жеріне оралады. Кейін киноға деген махаббат оны Алматыға жетелеп, сонда қоныс аударады. Ол Алматыда кеңестік режиссер Григорий Рошальдың жетекшілігімен қазақ тобының құрамында ел киностудияларының орталық ассоциациясында (ЦОКС) жұмыс істеді. Бұл киностудия Қазақстанға эвакуацияланған «Мосфильм» мен «Ленфильм» киностудияларының, сондай-ақ Алматы киностудиясының негізінде құрылған. Мұнда жұмыс істей жүріп, Дариға режиссердің көмекшісі ретінде қазақ тақырыбындағы фильмдерді түсіруге қатысты. Нәтижесінде ол «Алып туралы ән» («Дала батырлары», «Қазақ новеллалары», 1942), «Ақ раушан» (1943) және «Абай әндері» (1945) картиналарын жарыққа шығарады. Сондай-ақ әртүрлі фильмдерде эпизодтық рөлдерді ойнайды.

Соғыстан кейін ол Мәскеуге қайта оралып, оқуын жалғастыруды шешеді. 1953 жылы Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтының режиссерлік факультетін бітірген Дариға жоғары кәсіби кинематографиялық білім алған бірінші қазақ әйелі атанады. Дипломды оған әйгілі кинорежиссер Александр Довженко табыс етті. Киногер Дариғаны «кеңестік Шығыстың алғашқы әйел режиссері» деп атады.

Дариға Тіналина бәрінен бұрын фильмдерді дыбыстауға ең көп еңбек сіңірді. Оның жетекшілігімен кеңестік және әлемдік киноның үздік үлгілері қазақ тіліне дубляждалды.

Еліміздің алғашқы әйел режиссері қазақстандық және кеңестік  кино саласында өзіндік қолтаңбасын қалдырды. Ол «Мосфильм» киностудиясында жұмыс істеп жүрген жылдары «Илья Муромец» (1956), «Салтанат» («Қырғызфильм» базасында), «Особое поручение» («Арнайы тапсырма», «Түрікменфильм» базасында, 1957) сынды фильмдердің түсірілім жұмыстарына қатысты.  Алматы киностудиясына оралған соң 1950 жылдары  «Қазақстанның жылқы өсірушілері» («Коневоды Казахстана») деректі фильмін және «Советтік Қазақстан» («Советский Казахстан») кинохроникасына сюжеттер, «Қазақстанның кең байтақ жерінде» («На просторах Казахстана») ғылыми-танымдық картинасын, 1970 жылы «Струны столетий» («Ғасырлар тізбегі») деректі фильмін түсірді.

Сонымен қатар, Дариға Байжұманқызы 1963 жылы өзінің бірегей көркем кинофильмі «И в штуку, и всерьез» картинасын жарыққа шығарды. Бұл кинотуындыны түсіруге Дариғамен бірге Цой Гук Ин, Юрий Мингазитинов, Геральд Дегальцев секілді режиссерлар да қатысты. Фильм «Алқа» («Ожерелье»), «Жас жұбайлар» («Молодожены»), «Сеніңіз немесе сенбеңіз» («Хотите — верьте, хотите — нет») атты үш новелладан тұрады. Картина парақорлық, немқұрайлылық, ашуланшақтық, паразитизм секілді басқа да адамдық жаман қасиеттерді сынға алады. Туындының сценарийін Юрий Чулюкин мен Анатолий Галиев жазған. «Алқада» Е. Қосубаев, М.Бұрханова, Е.Изотов, Л.Власоватар: «Жас жұбайларда» Раиса Мұхамедьярова, Р.Ысқақов, Д.Алтайбаева, Лола Абдукаримовалар; «Сеніңіз немесе сенбеңізде» Р.Салменов, А.Сауытпаева, Т.Суханбердиналар басты рөлдерді сомдайды.

Фильм түсіруден және дубляждаудан бөлек, Дариға Тіналина актрисалық өнермен де айналысты. Ол «Махаббат туралы астарлы әңгіме» («Притча о любви», 1975)  фильмінде қонақүй әкімшісі, «Абай әндері» (1945)  картинасында Абайдың жас әйелі Еркежанның рөлін сомдады. Сондай-ақ  «Алдар көсе» (1964), «Жамбыл» (1952), «Ақ раушан» («Белая роза», 1943), «Алып туралы ән» (1942), «Үкімет мүшесі» («Член правительства», 1939) фильмдерінде эпизодтық рөлдерде ойнады.

Қазақ киносының жарқын тұлғасы Дариға Тіналинаның мәдениет үшін еткен еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ол «Экран Шебері» (2009), Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Қазақ КСР еңбек сіңірген өнер қайраткері (1975), кинематографияның үздігі (1976) атақтарымен, сонымен қатар Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1969), Қырғыз КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамотасымен (1955, 1959) марапатталған.

 

Ұлжан Қолдауова – 1946 жылы жылы дүниеге келген қазақстандық режиссер.  Ол кино әлеміне он тоғыз жасынан бастап етене араласа бастады. Журналистикада оқып жүрген кезінде, ол актриса ретінде бағын сынауға «Қазақфильмге» барады. Көзінде оты бар жалындап тұрған қызды Шәкен Айманов жұмысқа алып, киногерліктің қыр-сырын үйренеді, түрлі курстарға қатысады. Алғашында режиссердің көмекшісі болып, кейін өзі қоюшы-режиссерге айналды. Ал дубляждау өнерін Дариға Тінәлина секілді кәнігі мамандардан үйреніп, үш жүзден астам фильмді біздің халқымызға түсінікті тілде сөйлетті. Бүгінде ол Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясындағы Қазақ киносы музейінің жұмысына жетекшілік ете отырып, отандық кинематографияның игілігі үшін қызмет етіп жүр. Киногердің қазақ киносына сіңірген еңбегі еленіп, мәдениет және өнер саласының дамуына қосқан үлесі үшін 2021 жылы «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

«Намыс» (1994)

Қолдауова бұл картинаны Тұрғанбек Омар мен Нирәлі Сүлейменовтің продюсерлігімен Дулат Исабековтың «Тіршілік» повесінің желісінде түсірген. Әдеби шығарманы экранға бейімдеп, киносценарий етіп жазған режиссер Ұлжан Қолдауова. Қазақы киноны әуенмен әрлеуге күйші-композитор Секен Тұрысбеков шақырылған. Фильм операторлары Сапар Қойчұманов пен Талғат Тайшанов болса, қоюшы-суретші ретінде Марат Иманбергенов қызмет етті. Басты рөлдерді Тұңғышбай Жаманқұлов, Шынар Асқарова, Доғдырбек Қыдыралиев, Гүлжан Қалымбаева, Баян Елин, Гүлсара Әжібекова секілді өз ісінің шеберлері сомдап шықты.

Бір жарым сағат бойы көрерменді қызық әрі қиын сюжетімен баурайтын картина қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінен, салт-дәстүрлерінен көрініс береді. Сюжет бойынша, бір бай екінші бір ауқатты кісіге өзінің қызын беруге келісім бермейді. Бұл жағдайға ашуланған адамдар қызды абыройынан айырады. Ал бойжеткеннің отбасы одан теріс айналады. Қызды қандай болса да сүйетін кедей жанұядан шыққан жігіт оны іздеуге аттанады.

«Сағыныш» (1997)

«Сағыныш» кинофильмін Ұлжан Қолдауова Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киноакадемиясында «Елфильммен» серіктесе отырып түсірген. Қоюшы-суретші ретінде және фильм композиторы ретінде алдыңғы картинада тәжірибе алмасқан Марат Иманбергенов пен Секен Тұрысбеков шақырылған.  Киноөнімді таспалаған операторлар Сапар Қойчұманов пен Марс Омаров болды. Негізгі кейіпкерлердің образдарын Шынар Асқарова, Аят Тұрысбек, Болат Әбділманов, Раушан Дәулетшина секілді актерлар сомдап шыққан.

Кинократинаның сюжеті күйеуі хабарсыз жоғалып кеткен шекарашының әйелі Анардың оқиғасын баяндайды. Фильм сюжетін құрастырып, сценарийін жазған режиссердің өзі болды.

 

Шапиға Мусина 1948 жылы дүниеге келген қазақстандық режиссер, сценарист. Ол – Кеңес Одағының Батыры, әйгілі қолбасшы Бауыржан Момышұлының өгей қызы, жастайынан батырмен бірге тұрып оның өнегесін көрген. Ол 1969 жылдан ВГИК-тің режиссерлік бөлімінде М. Ромм, И. Таланкин шеберханаларында оқыды, 1972 жылы сценарий жазу курсын В. Лесин шеберханасында тәмамдады. Кейін «Қазақфильм» киностудиясында редакциялық алқада жұмыс істеді. Ол – Қазақстан әйел кинорежиссерлер қауымдастығының бұрынғы басқарма төрағасы. Шапиға анимациялық және деректі, көркем фильмдердің сценарийлерінің авторы.

Ол – «Борсық пен Ай» («Барсук и луна», 1981 ж.) мультфильмі мен «Қыл көпір» («Отчим», 1983 ж.) көркем фильмінің сценарий авторы, ал  «Балшық доптың шытырман оқиғасы» («Приключения глиняного комочка», 1986ж.), «Бақташы» («Садовник», 1988 ж.) анимациялық фильмдерінің және «Аңшының отбасы» («Семья охотника», 1994 ж.) картинасының сценаристі әрі режиссері. Ендеше ол жұмыс істеген толықметражды картиналарға толық сипаттама бере кетейік.

«Қыл көпір» (1983)

1983 жылы 17 мамырда тұсаукесері болған картина «Қазақфильм» киностудиясында Лаврентий Сонның режиссерлігімен түсірілген. Фильм операторы Марат Дуганов, ал композиторы Кеңес Дүйсекеев, қоюшы-суретшісі Александр Ророкин болды.

Шапиға Мусинаның сценарийіне түсірілген драма киногердің өгей әкесі Бауыржан Момышұлы туралы баяндайды.

Кингофильмнің сюжеті бойынша, Ұлы Отан соғысының ардагері, отставкадағы полковник Мәжитов – мінезі мықты, қатал адам. Ол өзіне өте талапшыл, басқалардың да әлсіз жақтарын кешірмейді. Бұрынғы майдангер басқа адамдардың тағдыры мен қиыншылығына араласып, көмекке асығады. Сондықтан оған айналасындағы адамдармен, оның ішінде, ең жақын адамдарымен – әйелімен, өгей қызы Әлиямен және жұмысында да, жанұясында да үлкен қиындыққа тап боп жүрген асырап алған ұлы Сапармен жақсы қарым-қатынаста болу оңай емес. Өгей әкесі Әлияның тілегін елемей, оны Сапар мен оның қатардағы жауынгері Жұмабаевтың істерін шешуге ертіп барады. Қыз ұяла қарсылық көрсетеді, бірақ әкесінің қалауына мойынсұнуға мәжбүр болады. Анасы қайтыс болғаннан кейін, Әлия тұрмысқа шығады. Анасы жоқта өгей әкесі ол үшін ешкім емес деп санап, жатақханаға көшіп кетеді. Бірақ бір күні қартайған полковник қыздың жаңа қонысына іздеп келеді. Өгей әкесіне әйелінен айырылу азабы мен өзінің қызындай көріп жүрген  адамынан ажырау қаншалықты екенін көріп, Әлия әкесінің үйіне қайтып келеді. Сол уақытта ол Мәжитовты бірінші рет «әке» деп атайды.

Кинотуындының  басты рөлдерінде Мұхтар Найманбаев, Жанна Қуанышева, Мұхтар Бақтыгереев, Қалампыр Айсанғалиева, Лола Бадалова, М.Жанабеков, Тамара Қосубаева, О.Қиықымов, Кәрім Мұратқанов, Ақыл Құланбаев секілді актерлер бой көрсетеді.

«Аңшының отбасы» (1994)

Аталған фильмді жасауға Шапиға Мусина продюсер, сценарист әрі режиссер ретінде атсалысты. Ол картинаға оператор ретінде Сапар Қойчұмановты, қоюшы-суретші ретінде Виктор Дикті, ал фильмге әуен жазу үшін композитор Қуат Шілдебаевты шақырған. Кинготуындының негізгі кейіпкерлерін Айгүл Багаева, Меруерт Өтекешева, Тамара Қосубаева, Доғдырбек Қыдыралиевтар сомдады.

Поэтикалық драмада ене мен келін арасындағы дәстүрлі шиеленіс поэтикалық-символдық кино және философиялық астар мәнерінде шешіледі.

Әлеуметтік мәселені қозғаған картина 1995 жылы Минск қаласында өткен Әйелдер киносының III халықаралық фильм фестивалінің бас жүлдесі «Хрусталь алма» сыйлығын («Шие бағы» фильмімен бірге) иеленді. Сондай-ақ  Испанияның Зарауце қаласында болған халықаралық кинобайқауда осы фильмде басты рөлді сомдаған А. Багаева көрермен көзайымына айналып, «Үздік әйел рөлі үшін» номинациясын жеңіп алды.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы