Размер шрифта:

Цветовая схема:

07 қазан, 2020303

Отандық фильм «Халықтар достығына адалдығы үшін» марапатына ие болды

Режиссер Алексей Каменскийдің «Нүркен Әбдіров. Менің ұлдарымның ең кенжесі» фильмі ТМД елдерінің «Еуразия.DOC» деректі киносының бесінші фестивалінде «Халықтар достығына адалдығы үшін» арнайы дипломымен марапатталды. Бұл туралы «Қазақфильм» киностудиясының әлеуметтік желідегі ресми парақшасында жария етілді.

«Нүркен Әбдіров. Менің ұлдарымның ең кенжесі» деректі лентасы аты аңызға айналған ұшқыштың ерлігі туралы баяндайды. Картинаны жасауға батырдың анасы - Бағжан Жакенованың хаттары негіз болды. Деректі фильмнің Қазақстандағы түсірілімі Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағанды облыстарында өтті. Ал екінші бөлігі Ресейде, нақтырақ айтқанда, Нүркен Әбдіровтің құрметіне тақта орнатылған Волгоградтағы Мамаев қорғанында және 1942 жылдың желтоқсанында қазақстандық ИЛ-2 ұшқышының өшпес рухы сақталған Ростов облысының Боков ауданында түсірілді.

«Қош бол, Леша, Отаныма менің ыстық сәлемімді жеткіз! Қарағандыға жаз. Қош бол, досым!» - бұл басқа ұшақтың шлемафонында отырған ұшқыш Алексей Писанконың естіп қалған Нүркеннің соңғы айтқан сөздері еді. Бұдан кейін Нүркен өзінің ұшағымен отқа оранып, ұшағын жау танкілері көп шоғырланған тұсқа беттеді. Осылайша, ерлікпен қаза тапқан Нүркенмен фашисттердің ондаған солдаты пен офицерін мерт қылды.

«Нүркен Әбдіров. Менің ұлдарымның ең кенжесі» деректі фильмі Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясымен түсірілген. Оның сценарийін Татьяна Темникова жазды. Таспалаған Дмитрий Шишкин болды.

Айта кетейік, фильмді қоюшы Алексей Каменский – деректі картиналар режиссері. «Этимология образа» бағдарламалар топтамасында режиссер болды. 2013-2015 жылдары «Дешт-и-кипчак. Тайные знаки» деректі фильмінде тең режиссерлік етті. Осы картина үшін 2016 жылы ол Б.Қайырбековпен бірге «Мир знаний» Халықаралық кинофестивалінің арнайы дипломымен марапатталған. 2017 жылы Африка, Азия және Латын Америка фильмдерінің Миланда өткен Халықаралық кинофестивалінде «Шелковый путь Марко Поло» фильмі үшін арнайы жүлдеге ие болған. Сол жылы ол сондай-ақ, Парасат Орденінің Кавалері атанған, ал 2019 жылы үздік деректі фильм үшін  («Қазақ ренессансы. Серке Қожамқұлов») Қазақстан Кинематографистер Одағының «Құлагер» сыйлығымен марапатталды.      

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  @kazakhfilm_official

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы