Размер шрифта:

Цветовая схема:

03 сәуір, 2020340

Отандық фильмдер онкүндігі

Қазақстандық телеарналар бесінші сәуірден бастап отандық фильмдер онкүндігін бастайтынын жариялады. 

Республикалық арналар карантинде отырған жұртшылыққа жалықпауға барынша қолғабыс етуде. Күнделікті қызықты кинолар мен сериалдардан бөлек, үлкен экрандарға шыққан отандық фильмдерді де өздерінің хабар тарату кестесіне енгізген. 

 

Осылайша, отандық телеарналар үйден шықпай, қазақстандық фильмдер мен мультфильмдерді тамашалауға шақырады. Карантинде жатқан казақстандықтардың көңілін аулап, уақыттарын тиімді өткізу үшін«Qazaqstan» мен «Хабар» телеарналары Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен белгілі қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың «Sataifilm» киностудияларының үздік фильмдерін ұсынады. 

Ұлттық арна эфиріне алғаш болып жол тартатын «Оралман» көркем фильмі болса, «Хабар» бірінші болып «Жаужүрек мың бала» тарихи картинасын ұсынады. 

Фильмдердің желілеріне тоқталсақ. Режиссер Сәбит Құрманбековтың «Оралман» туындысы «Тұлпар» киножүлдесінің алты бірдей марапатына ие болған. Картина сонау өткен ғасырдың 30-шы жылдары қызыл әскердің жендеттерінен ашып, Ауғаныстанға жер аударған қазақ отбасы жайында. Базарбай қарияның қос баласы жат елде дүниеге келеді. Балалары есейіп, үбірлі-шүбірлі болады. Ұлы жергілікті пуштүн ұлтының қызына үйленсе, қызы ауған жігітіне тұрмысқа шығады. Біраз уақыт өтеді. Базарбай ақсақалдың отбасы Қазақстанға көшуге рұқсат ететін көптен күткен квотаға қол жеткізеді. Енді отбасы жолға жиналады. 

Фильмдегі рөлдерді Дулыға Ақмолда, Ержан Түсіпов, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиевалар сомдайды. 

Ал, «Хабар» арнасындағы онкүндікте бірінші болып көрсетілетін режиссер Ақан Сатаевтың  «Жаужүрек мың бала» картинасы болса, XVIII ғасырдың бірінші жартысында бостандық үшін жоңғарлармен болған шайқастағы қазақ халқының ерлігін суреттейді. Фильме бас рөлдерді Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Құралай Анарбекова, Әлия Ануарбектер сомдайды. 

Бүгін телеарна режиссер Қанағат Мустафиннің «16 қыз» комедиясын ұсынады. Бұл ауылда тұрып жатқан Бауыржан есімді жас жігіт жайындағы хикая. Ата-анасы оны қайтсе де, үйлендіруді мақсат етеді. Алайда, бірнеше сәтсіз әрекеттен кейін олар Бауыржанды Айжан есімді сұлу тұрып жатқан Алматыға жіберді. Ата-аналары оларды үйлендіреміз деп бала кездерінде-ақ шешкен. Өкінішке қарай, Айжанның басы қазір бос емес. Ата-ана армандарының орындалмасын түсінген бойжеткен енді бойдаққа қалыңдық іздеуге кіріседі. 

Фильмде бас рөлді Берік Айтжанов, Аша Матай мен Әнуар Нұрпейісовтер сомдайды.  

Отандық фильмдер онкүндігі аясында «Хабар» арнасы бұдан бөлек, «Анаға апарар жол», «Шал», «Кенже», «Томирис», «Финансист: Игра на вылет» фильмдерін көрсетуді жоспарлап отыр. 

Ал, «Qazaqstan» арнасындағы онкүндікті ары қарай Ермек Тұрсыновтың қаңтарда ғана тұсауы кесілген «Шырақшы» картинасы, қытайлық режиссер Шерзат Якуб пен қазақстандық режиссер Сәбит Құрманбековтың «Композитор» атты фильмі, сонымен қатар басты рөлді Канн фестивалінің жүлдегері Самал Еслямова сомдайтын «Айка» көркем фильмдері жалғайды. 

Бұдан бөлек, телекөрермендер Ақан Сатаевтың «Томирис» пен «Жаужүрек мың бала», «Анаға апарар жол» тарихи кинокартиналарын, режиссер Сләмбек Тәуекелдің «Жерұйық» халықтық драмасын, Болат Қалымбетовтың «Талан» картинасын, Қанағат Мұстафиннің «16 қыз» бен «Ең сұлу» атты комедияларын, Рүстем Әбдірашовтың «Қазақ хандығы: Алтын тақ» сынды отандық кинематографтың үздік туындарын тамашалай алатын болады.

Ұлттық арна ересектер аудиториясына ғана емес, кішкентай көрермендерге де ұсынары бар. Онкүндік аясында балалар назарына «Мұзбалақ», «Күлтегін» және «Ер Төстік пен айдаһар» анимациялық фильмдері ұсынылады. 

Айта кетейік, «Хабар» және «Qazaqstan» телеарналарындағы отандық фильмдер марафоны сәуірдің 5-і мен 15-і аралығында өтетін болады. 

Жоғарыда аталған фильмдерді біраз уақыт бұрын көріп, ұмыта бастаған болсаңыз, мархабат! 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы