Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 қазан, 2020437

Отандық картиналар туралы қызықты фактілер

Фильм түсіруде тек картинаның өзі ғана емес, сондай-ақ кадр сыртындағы көңілді оқиғалар мен оқыстан орын алған жағдайлар да қызық болып жатады. Кейде жоспарланған фильм өз желілік мазмұнын алып, басқа болмысымен ерекшеленіп тұрады. Ал сіз отандық айтулы картиналар туралы қандай қызықты фактілерді білесіз? Бүгін біз арнайы сіз үшін киноленталар мен оның сыртында орын алған деректер туралы ақпаратпен бөлісетін боламыз. Сонымен, «Он и Она» картинасындағы басты рөлді сомдаған Динара Бақтыбаева түсірілім кезінде қымбат көлікті соғып алғаны рас па? Ал «Шестой пост» фильмінің шынайы оқиғаға сүйене отырып түсірілгендігін білесіз бе? «Томиристегі» Альмира Тұрсын жарақатына байланысты рөлден бас тартуына тура келгендігі рас па? Осы және басқа да қызықты фактілер төмендегі мақалада.

 «Он и она» 2013 жыл
Режиссері: Сәкен Жолдас

Романтикалық комедияның авторлары киноиндустрияға енді ғана қадам басып келе жатқан жас мамандар болатын. Оның қатарындағы режиссердің де бұл алғашқы картиналарының бірі болған еді. Сондай-ақ, осы картинадағы басты кейіпкердің рөлін сомдаған актер Жандос Айбасов пен Динара Бақтыбаеваның кинодағы кәсіби бірінші жұмысы болатын.

Фильм режиссері Сәкен Жолдас 27 жасында өзінің дебюттік фильмін түсірді. Режиссер IT мамандығы бойынша білім алған. «Болашақ» бағдарламасы арқылы University of Texas at Austin жоғары оқу орнында оқуын жалғастырып, кейіннен Силикон алқабында тағылымдамадан өткен. «Microsoft» компаниясына қызметке  қабылданып, Windows 7 және 8 бағдарламалары бойынша жұмыс істеген.

Жаңа романтикалық комедия жаңа кейіпкерлерді іздеді. Картина продюсері де, режиссері де актерлік жолға енді ғана қадам басып келе жатқан  актер мен актриса түскенін қалады. 3 айлық кастинг ішінде алты мыңға жуық өтініштер түскенімен, алайда сценарийге сай келер кейіпкер ұзақ уақыт бойы табылмайды. Режиссер жапондық мәдениет орталығы ұйымдастырған іс-шарада өз досын кезіктіріп, жолдасы сұлу бойжеткеннің байланыс нөмірімен бөліседі. Кастингқа шақырылған актрисаның бойынан басты рөлдегі кейіпкердің қасиеттерін көрген режиссер бойжеткенді рөлге бірден  қабылдайды. Осылайша,  Динара Бақтыбаева «Он и Она» кинолентасындағы басты рөлді сомдайтын болып бекітіледі. Динара бұған дейін актерлікке оқымаған, кино саласында әлі кәсіби жұмыс істеп көрмеген. Жаңаөзен қаласында өскен актриса Алматы энергетика және байланыс университетіндегі «Радиотехника, электроника және телекоммуникация» факультетінде білім алған. Актрисалық карьераны армандамаған Динара қазіргі күні жиырмаға жуық үлкен картиналарға түсіп, тіпті жылдың «Үздік актриса» марапатына да ие болып үлгерді.

time.kz

Ал кинодағы басты рөлді сомдаған актер жігіт өз мамандығы бойынша зергер болатын. Жандос Айбасов негізі кәсіби қолөнер шебері болған еді. Алайда, «Он и Она» жобасы оның отандық кино әлеміне келуіне оң әсері тиіп қана қоймай, сондай-ақ  әріқарай дамуына айтарлықтай пайдасын тигізген болатын.

Фильмдегі актерлардың көбі кәсіби білім алмағандықтан, түсірілім алаңына актерліктен сабақ беретін актриса Ольга Ландина шақыртылған. Алғашында махаббат хикаясын көрсетуі керек болған Динара мен Жандостың ортасында «химия» болу үшін актриса олардың түсірілім алаңында да жақын достай болуын сұраған. Оның айтуынша, сол кезде ғана камера алдында шынайы сезімге толы қарым-қатынасты көрсетуге болады.  

Түсірілім алаңында оқыс жағдайлар да көп болды. Соның бірі, басты рөлді сомдайтын Динара түсірілім үшін жалға алынған Nissan GtR қымбат көлігін соғып алған. Бірақ, амандық болып актриса есен-аман қалды. Көліктің құны фильм бюджетінің жартысымен тең еді. Режиссердің танысының көлігі болғандықтан, машина иесі барлық шығынды өз мойнына алған болатын.

voxpopuli.kz

"Он и она" картинасының жалпы түсірілімі  барлығы 24 күнге созылды. Оның үш күні жер асты метросында, ал 3 күні жаңбыр сахнасына кетті. Сонымен қатар, түсірілім күндерінің жартысы табиғат аясында өтсе, ал соңғы 2 күн  бойы үзіліссіз жұмыс істеген. Бұл жоба авторлары үшін ең ауыр жұмыс күнімен тең болды.
Тарихи сахналарды түсіріп алуға небәрі бір ғана күн берілген еді. 45 градус ыстық ауа-райында жұмыс істеу команда үшін біраз қиындық туғызған болатын.
Басты кейіпкердің  қызды құтқармақ болған сахнасы метро аялдамасында түсірілген. Міне, сондай бір сынамалық сахналарының біріндегі түсірілім кезінде, осы күні кезекшілікке шыққан машинист оқиғаны шындыққа балап, барлық метро бекеттеріндегі көлікті жедел түрде тоқтатып тастаған. Алайда, бұл жағдай кейінгі түсірілімдерге өз әсерін тигізбей қоймады. Адамдардың қауіпсіздігі үшін метро басшылығы түсірілімдерге рұқсат бермеді. Дегенмен, ұзақ келіссөздердің нәтижесінде метро бекетіндегі түсірілімдер өз дәрежесінде жалғасқан болатын.
Жоба авторларының айтуы бойынша, бірде-бір қазақстандық прокаттық компаниямен ортақ келісімге келе алмаған. Нәтижесінде, украйындық «Интерфильм» студиясы отандық кинолентаны алып, өз ортассында таратқан болатын. 
Microsoft бойынша жұмыс істеп үйренген Сәкен Жолдас әрбір жобасын UML диаграммасы бойынша сызып, дәлірек жетілдіріп, артық не кем тұстарын толықтыратын. Шамамен осындай  схема бойынша жоба әрқашан сәтті боларына сенімді болған кинорежиссер дәл осы жобасын да осындай диаграмма бойынша жүзеге асырған. Тіпті, ол схема қазіргі күнге дейін өз үйінде ілініп тұрған көрінеді.
Фильм тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар Ресей және Өзбекестан елдерінде де өз тілдеріне аударылып көрсетілген.

«Шестой пост», 2018 жыл
Режиссері: Серікбол Өтепбергенов

Кинодағы оқиғалық желі өмірде болған шынайы оқиғаға негізделе отырып түсірілген. 2010 жылы Ақтау қаласында 21 тұтқын қатаң режимдегі колониядан қашып кеткені туралы сол кездегі БАҚ өкілдері жарыса жазған болатын. Әрине, себебі бұл халықты және билік өкілдерін дүр сілкінткен оқиға болды. Бұл оқиға Қазақстанда бұрын соңды орын алмаған тұтқындардың ең ауқымды қашуы болған. Қылмыскерлердің жоспарлаған уақыты нөмірі 6 - сағаттық бекетіндегі қатардағы  жауынгер Ербол Отарбаевтың кезекшілік уақытына сәйкес келген еді. Ербол өзіне қарай атылған бір топ сотталғандарды барынша тоқтатуға тырысты.  Суық қаруы болған қылмыскерлерге қарсы тұру үшін жауынгер де оқ атуына тура келген. Үшеуін жарақаттаған Ербол қолына оқ тиіп, ауруханаға түседі. Батыл және шебер қадам танытқан Ербол Отарбаев 2011 жылы ҚР Президентінің Жарлығымен әскери борышын өтеу кезінде көрсеткен ерлігі үшін III дәрежелі "Айбын" орденімен марапатталады. Осыған орай 2018 жылы жарық көрген картинадағы басты кейіпкер образы Ербол Отарбаевтың прототипі болды.

Фильмге идеяны Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі бас қолбасшысы, генерал-майор Мұхаметқали Құсайынұлы Сатов ұсынған. Оның ойынша, бұл картина арқылы  қарапайым жас жігіттердің бойындағы аса батылдық пен жауынгерліктің өр рухын көрсетеді. Осы арқылы нағыз отан сүйер ұлан мен қаһарман жігіттерді тәрбиелеуге болады.

Кинофильмде қолданылған барлық әскери техника шынайы, оны жоба авторлары мен түсірілім командасына ҚР Ұлттық Гвардиясы ұсынған болатын. Картинадағы трюктар мен қауіпті жаттығуларды каскадерлер емес, кәсіби әскери қызметкерлер мен жауынгерлер орындаған. Сонымен қатар, әскери адамдар жалпы сахналарға да белсене қатысты.

Картинадағы басты кейіпкердің рөлін Эльтерес Нұржанов сомдауы керек болатын, бірақ актер жобадан бас тартқан еді. Нәтижесінде, рөлді тағы бір жас актер Санұржан Сүлейменов ойнап шықты.

Алматыдағы түсірілім тобы кинофильмнің Елордадағы премьерасына жылдамдығы 440 км/сағ болатын арнайы AN-26 әскери ұшағымен ұшып келген.

Түнгі ауысым кезінде түсірілім тобы  мен актерлар төмен температура және жоғары ылғалдылықтан көптеген қиындықтарға тап болған. Тіпті тікұшақты түсіру кезіндегі сахналарда қатты аязды байқауға болады.

«Томирис» 2019 жыл
Режиссері: Ақан Сатаев

Қазақстандық киноиндустрияда түсірілген ең қымбат картиналар қатарына енген «Томирис» фильмінің жалпы бюджеті – 6,5 миллион АҚШ долларын құрады. Кинолента үшін кастингқа барлығы 10 мыңға жуық адам қатысқан. Көрермендер «Томирис» картинасын жақсы қабылдады. Көркем туынды прокатқа шыққандағы алғашқы айында-ақ 1,2 миллион АҚШ доллар қаражатты жинап үлгерді.

Тарихты айқын бейнелеген кинфильм Қазақстаннан бөлек, басқа да елдерде прокатқа шығуы мүмкін. Жоба авторларының айтуынша, фильм премьерасы Ресей, Жапония, Түркия, Франция, Испания, Оңтүстік Корея, Сингапур және Румыния елдерінде жоспарланып отыр.

Барлық түсірілім сахналары Қазақстанда өтті. Басты геолокациялар қатарына -Бурабай, Шонжы, Баянауыл және Жаркент жерлері кірді. Тарихшы-кеңесшілердің жете бақылауында және сол мамандардың мақұлдауымен фильмнің арнайы  қоюшы суретшілері «Қазақфильм» киностудиясында орнатылған Вавилонның декорациясын құрастырған болатын.

Соғыстағы жауынгерлердің нағыз шынайы бейнесін жеткізу үшін актерларға күрделі макияж түрі қолданылды. Арнайы гример мамандардың айтуынша, күн сайын әр кейіпкерге қырық минутқа дейін уақыт кететін. Гримерлер дала тұрғындарына тән күнге күйген терінің әсеріне қол жеткізу үшін актерларға әжімдер мен жарақаттар, қас пен шаш та қойылғанын айтады.

krawazog.livejournal.com

Фильмдегі жауынгер рөлін сомдайтын актерлар алдымен арнайы жаттығулық базадан өтіп, атқа мінуден және садақ атудан сабақтар алған. Олар күн сайынғы жаттығуларда шыныққан.

Жаттығулардың соңғы күндерінде басты рөлді сомдайтын актриса Альмира Тұрсын ауыр трюктардың бірін орындау барысында құлап, аяғын сындырып алған болатын. Актриса бір ай бойы үй жағдайында ем қабылдады. Ол осыншама уақыт көлемінде өз рөліне барынша дайындықты күшейткенін айтады. Дегенмен, сол кезеңде Альмира Тұрсынның жарақатына байланысты актрисаның Томиристі сомдауы үлкен  сұрақты тудыртқан болатын.

buro247.kz

«Томирис» фильмінде сол кездегі дала тайпалары араласқан көне түркі тілі қолданылған. Актерлер үшін бұрын соңды естімеген және сөйлемеген тілді есте сақтау өте қиын болған көрінеді. Басты рөлді орындаушы Альмира Тұрсын бұл тіл ойлағаннан әлдеқайда ауыр екенін мойындайды. Сондай-ақ, фильмде парсы патшасы Кир ежелгі парсы тілінде сөйлеген. Түсірілім басталғанға дейін сценарий тарихшылар мен тіл мамандарының қатаң тексерісінен өткен болатын.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы