Размер шрифта:

Цветовая схема:

22 маусым, 2021318

Отандық кинематографиядағы алғашқы биографиялық фильмдер

Биографиялық фильм немесе өмірбаяндық фильм – белгілі бір тұлғаның өмір жолын немесе өмірінің драмалық бір бөлігін бейнелейтін көркем фильм жанры. Бұл жанр түрін қысқаша байопик деп те атайды. Ағылшынның biopic сөзі biographical picture (биографиялық сурет) сөз тіркесінен қысқартылып алынған. Бұл терминді әлемдік кинематографиялық қауымдастықта жиырмасыншы ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап қолдана бастады.

Алғашқы өмірбаяндық фильмді 1899 жылы француз режиссері Жорж Мелиес түсірді. Оның үнсіз фильмі әйгілі жауынгер қыз Жанна д'Арк туралы 10 минуттық  картина болды. Ол Орлеандық ханымның әулие Николайдың пайда болуынан бастап, жүз жылдық соғыстың ортасында қаза болғанға дейінгі өмірін көрсетті. Фильмдегі басты рөлді актриса Жанна д'Альси сомдады.

Ал өзіміздің қазақ киносының тарихына назар салар болсақ, алғашқы Қазақстан жайлы қазақ даласында түсіргілген дыбыстық фильм «Амангелді» өмірбаяндық фильмге жатады. Оны 1938 жылы «Ленфильм» киностудиясы жарыққа шығарған. Сценарийін жазғандар – қазақ жазушылары Ғабит Мүсірепов пен Бейімбет Майлин және Всеволод Иванов. Кеңес билігін насихаттауды көздеген тарихи картина ұлт-азаттық көтерілістің батыры Амангелді Иманов пен оның жолдас сарбаздарының өмірінен сыр шертеді. Бұл фильм қазақтың ұлттық киносына жатпаса да, қазақ кинематографиясының қалыптасуына зор септігін тигізді. Осы картинада басты рөлдерді сомдаған Елубай Өмірзақов, Шара Жиенқұлова, Қалибек Қуанышбаев, Құрманбек Жандарбек, Шәкен Айманов секілді әйгілі актер, режиссерлердің тәжірибе жинап, кино майталмандары болып қалыптасуының алғышарты болды.

Дегенмен кинотанушы Гүлжан Наурызбекованың пікірінше, биографиялық фильмді жанр ретінде нағыз көрсете алған туынды деп 1945 жылы жарық көрген «Абай әндері» картинасын айта аламыз. Екінші дүниежүзілік соғыстың соңы қазақ кино өнерінің жеке дамып бастаған кезі болды. Біріккен студиялар орталығы тараған соң негізі қаланған «Алматы» киностудиясының тұңғыш туындысы ұлы ойшыл, ақын Абай Құнанбайұлының өмірін бейнелейді. Фильмнің сценарийін әйгілі абайтанушы Мұхтар Әуезов жазған. Ол Абайдың тұлғасын ақын туралы мәліметтер арқылы емес, оны қоршаған адамдар арқылы, сол кезеңдегі қоғамның бет-бейнесі арқылы ашуға талпынған. Картинада бой көрсеткен ғашықтар Айдар мен Ажардың бір-біріне деген махаббатын елемей, қоғам оларды әмеңгерлік салтының құрбанына айналдырғысы келеді. Арты рулық дауға ұласқан мәселеге Абайдың араласуымен оның адамгершілік сипаты, даналығы айқындалады. Экранда ұлы ақынның образын сомдаған Қалибек Қуанышбаев оның кемеңгерлігін, салмақты мінезін өз бейнесімен ашып көрсете білген.

Ұлы Абайдың өмірін көркемсуретте көрсеткеннен кейін басқа да тарихи тұлғалардың өмірін фильмге арқау ету заңды жалғасын тапты. 1952 жылы кеңестік режиссер Ефим Львович Дзиган «Жамбыл» толықметражы көркемфильмін түсірді. Сценарийін қазақ ақыны Әбділда Тәжібаев пен орыс драматургі Николай Погодин жазған картина Жамбыл ақынның жас кезінен қартайған шағына дейінгі өмірін өрнектейді. Ақын Сүйінбай Аронұлының өз қолынан домбырасын сыйға алған жыр алыбының тағдыры қазақ еңбекші халқының фонында суреттеледі. Тәуелсіз, еркін мінезді ақынның дауысын тұншықтыру үшін оны патша билігі тұтқынға алады. Ол түрмеде орыс жігіті Василиймен таныса отырып, қарапайым орыс халқының мақсаты қазақ жұртының арманымен астасып жатқанын түсінеді. Жылдар өтіп, оның шығармашылығына Қазан революциясы туралы хабар жаңа тыныс сыйлайды. Кейін Екінші дүниежүзілік соғысқа өз баласын да аттандырған ол бүкіл майдангерлерге өзінің өткір өлеңдерімен демеу болуға, жігер беруге тырысады. 85 минутқа созылатын фильмде басты рөлдерді Шәкен Айманов, Құрманбек Жандарбеков, Ефим Копелян, Ғарифолла Құрманғалиев, Герман Ховановтар сомдайды. Фильм премьерасы 1953 жылы 25 мамырда өтті.

Бұл фильмнен кейін қазақ режиссерлерінің ішінде алғаш болып биографиялық жанрда фильм жасаған режиссер Мәжит Бегалин болды. Ол 1957 жылы қазақтың ұлы ғалымы Шоқан Уәлиханов туралы «Оның уақыты келеді» фильмін, 1967 жылы екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен батыр Бауыржан Момышұлы туралы «Ел басына күн туса» фильмін, 1969 жылы қазақтың ержүрек қызы Мәншүк Мәметованың өмірін бейнелеген «Мәншүк туралы дастан» фильмін түсірді.

 «Оның уақыты келеді» картинасы Шоқанның 1858-59 жылдары Қашқарияға сапарында бастан өткерген оқиғаларын бейнелейді.  Ұлы ағартушы ғалым өзіне дейін ешқандай саятшы аяғын баспаған жұмбақ мекенге басын қауіп-қатерге тігіп аттанады. Жасырын есіммен Қашғария тұрғындарының өмірін қағазға түсіреді, жергілікті халықтың тарихы, тұрмыс-тіршілігі, әдебиет-мәдениетінен құнды деректер жинайды. Басты кейіпкердің образын сомдаған актер Нұрмұхан Жантөрин осы рөлінен соң зор танымалдылыққа ие болады.

Келесі «Ел басына күн туса» фильмі Бауыржан батырдың 1941 жылы Мәскеу түбінде болған шайқаста көрсеткен ерліктерін бейнелейді. Мұндағы батырдың образын актер Асанбек Өмірәлиев тамаша сомдап шығады. Ал басқа да кейіпкерлер генерал Панфиловтың рөлін Всеволод Санаев, соғыс ардагерін Кәукен Кенжетаев, Константин Рокоссовскийдің образын Владлен Давыдов секілді актерлер ойнайды. Әскери-биграфиялық фильмнің сценарийін Мәжит Бегалиннің өзі мен Василий Соловьев жазған.

Режиссердің Мәншүк туралы картинасында жаужүрек қазақ қызы мен оның майдандастарының өздерінен қару жағынан мықты, сан жағынан көп жауларымен тәуекел деп ұрысқа шыққан бір күні көрсетіледі. Фильмде Мәншүк Мәметованың қайсар мінезі, көшбасшылығы және ауыр шайқаста ерлікпен қаза болғаны бейнеленеді.  

Мәжит Бегалиннен бөлек, биографиялық жанрда фильм түсіруді өзінің дебюттық «Ән қанатында» картинасынан бастаған қазақтың театр және кино режиссері Әзірбайжан Мәмбетов болды. Ол 1966 жылы халқымыздың әйгілі әнші-сазгері Иса Байзақовтың өмірінің көріністерін қамтитын фильмін жарыққа шығарды. Бұл кинотуынды – «Крылья песни» деп аталатын Николай Ановтың халық ақыны Исаның (романда Мұса Базанов) тағдырынан сыр шертетін романының экранизациясы. Фильмнің сценарийін жазған шығарманың авторы мен Александр Винтензон, ал операторы – Марк Беркович, композиторы Ғазиза Жұбанова болды. Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ ауданында түсірілген картинада Нұртаза атты бай қыз-қырқынға әлсіздігі бар жас ақынды Кеңес Одағына қарсы күресте өзіне кеңесші қылып алуды көздейді. Фильмде Иса Байзақовтың образын әйгілі Әнуар Молдабеков сомдайды. Сонымен қатар Асанәлі Әшімов, Кәукен Кенжетаев, Әлімғазы Райымбеков, Рахметолда Сәлменовтер де осы кинотуындыда бай көрсетеді.  

Қазақ киносының тарихындағы өмірбаяндық фильмнің тағы бір өкілі – 1972 жылы Болат Мансұров түсірген «Құлагер» картинасы.  Ол XIX ғасырда қазақ топырағында дүниеге келген әнші-сазгер Ақжігіт Қорамсаұлының өмірінен және оның тұлпары Құлагердлің тағдырынан сыр шертетін туынды. Әйгілі Ақан Сері Сағынайды еске алу асына келіп, осында өтетін қазақтың салты ат жарысқа өзінің тұлпары Құлагерді қатыстыруға бел байлайды. Себебі ас иесінің мұрагері жарыстан жеңген кісінің кез келген тілегін орындауға дайын. Ал Ақан жеңіске жетіп, жазаға тартылғалы жатқан бүлікшілерді босатып алуды көздейді. Өзінің асырып алған мылқау баласына Құлагерді тізгіндеткен оның жеңіске деген үмітін Батыраштың балтасы шорт кеседі. Туындыда Ақанның адами тұлғасы, адамгершілік қасиеттері жақсы ашылған. 1972 жылы жарыққа шығады деп жоспарланған картина цензураға ұшырап, он бес жыл өткеннен кейін ғана қалың көрерменге жол тартады. Басты рөлді орындауға Қарғынбай Сатаев шақырылды, ол үшін ақынның бейнесі оның кино әлеміндегі дебюті болды. Сондай-ақ фильмде басты антогонист Батырашты танымал қазақстандық актер Кененбай Қожабеков, Ақан Серінің асырап алған ұлын Әлішер Сүлейменов, Күреңбай образын Бәйтен Омарып ойнады. Картинаның әр эпизодын нағыз өнер туындысы деп айтуға болады, өйткені түсірілім каскадерлердің қатысуынсыз өтті және барлық қиын сахналарды актерлердің өзі ойнаған. Бұл фильмнің шынайлығын арттыра түсті. 77 минутқа созылатын картинаның сценарийін Болат Мансұров пен жазушы Асқар Сүлейменов жазған.

Режиссердің биографиялық тақырыпта түсірген тағы бір туындысы – 1989 жылғы «Сұлтан Бейбарыс» фильмі. Атауынан белгілі болып тұрғандай, бұл картина қыпшақ даласынан шығып Египеттің билеушісіне айналған белгілі тұлға Бейбарыстың өмірбаянынан көрініс береді. Өз билігінің шыңына жетіп, ұлы тағында отырған тұсында сұлтан өзінің құлдыққа түскен кезінен бері қарайғы өмір жолын еске алады. Қайтпас қайсарымен ерекшеленетін мәмлүк өзінің физикалық төзімділігімен, ерекше күшімен, дұрыс шешім қабылдай білетін кемеңгерлігінің арқасында тұтқын құлдан Айбек сұлтанның жеке күзетінің басшысына айналады. Вице-сұлтан Кутуз Айбек биліктен тайдырып, таққа өзі отырғаннан кейін Бейбарыс оның орнын басады.  1260 жылы Кутуз және оның қолбасшысы Бейбарыс Каирден Иерусалим патшалығына аттанып, Айн-Джалуттағы шешуші шайқаста Кетбұғаның басшылығындағы түрік-моңғол әскерін талқандайды. Көп ұзамай Сирия мәмлүктердің қол астына өтеді. Каирге оралғаннан кейін, Бейбарыс әмірлермен келісім жасасып, әйелдерге әлсіздігінен қуаты қайтқан Кутузды тақтан құлатып, өзі Египеттің сұлтанына айналады.

Бұл картинаның сценарийін жазуға да режиссер өзі қатысады, екінші  сценарист – фильмнің арқауы болған «Емшан» повесінің авторы – Морис Симашко. Экран уақытының 139 минутын алатын туындының басты рөлдерін сомдауға Нұрмұхан Жантөрин, Дәулет Бейсенов, Фархад Аманқұлов, Татьяна Плотникова, Борис Хмельницкий, Артық Джаллиев, Жамбыл Құдайбергенов секілді отандық және ресейлік актерлер қатысқан.

Еліміз Кеңес Одағының құрамында болғанда «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген тағы бір өмірбаяндық көркем фильм – қазақтың тұңғыш кәсіпқой балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмір жолын баяндайтын «Біздікін біл!» картинасы. Бұл атақты балуанның өмірінің 1904 жылы француз күресінің шебері Иван Поддубныйдың жеңістерінен шабыт алып, Парижге күреске аттанатын кезеңін бейнелейді. Кейін балуан Францияның астанасының үлкен алаңында күрестен бірден екі алтын медальді қанжығасына байлайды. Фильмнің режиссері Сұлтан Қожықов бауыры Рүстем Қожықовпен бірлесіп, Қажымұқанның балалық шағын да қамтитын тамаша сценарий жазып шығады.  Алып денелі батырдың рөлін сомдайтын актерді фильм авторлары ұзақ таңдайды. Ақырында таңдау Әлеухан Бекболатовқа түседі және ол Қажымұқанның тасқын күшін, жеңіске деген ұмтылысы мен халқына деген махаббатын экранда шынайы жеткізе біледі. Сондай-ақ кинотуындыдағы басқа да кейіпкерлерді сомдауға Дмитрий Золотухин, Александр Фуфачев, Сослан Андиев, Федор Сухов, Аскольд Макаров, Елена Акифиевалар шақырылған. 1985 жылы жарыққа шыққан картинаның операторлары – Ескіндір Тынышпаев пен Александр Нилов, композиторы – Мұрат Қажлаев, суретшісі Виктор Леднев болды.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін түсірілген тарихи тұлғалардың өмір жолын бейнелейтін картиналар легін 1993 жылы 15 қыркүйекте тұсауы кесілген «Әбілхайыр хан» фильмі бастайды. Атауынан көрініп тұрғандай, бұл әйгілі Кіші Жүз ханы Әбілхайыр туралы, оның Бөпе ханшамен қарым-қатынасы туралы және Барақ сұлтанмен бәсекелесі туарлы айқын көрсетеді. Олардың махаббат хикаясы ханның қазақ халқының тағдырын түбегейлі өзгерткен Ресейге қосылу туралы шешім қабылдау сәтімен тұспа-тұс келеді.

87 минуттан тұратын картинада Әбілхайырдың ештеңеден тайсалмайтын батыр мінезі, оның тәуекелшіл табиғаты мен діттеген мақсатына қол жеткізбей қоймайтын қайсарлығы көрінеді. Тахауи Ахтановтың «Серт» драмалық шығармасының негізінде Виктор Пусырманов түсірген фильмнің сценарийін экранға бейімдеген Ермек Тұрсынов. Талантты актер Тұңғышбай Жаманқұлов кіші жүз ханының айбарлы бейнесін тамаша кескіндей алды. Сондай-ақ кинотуындыда Жанна Қуанышева, Асылболат Исмағұлов, Тілектес Мейрамов, Арман Асенов, Марат Әзімбаев секілді актерлер тарихи кейіпкерлердің кейіпіне енген.

Осы жылы экраннан көрінген тағы бір тарихи тұлға – қазақ-жоңғар соғыстарында асқан ерлік танытып тарихта қалған батыр Баян. Режиссер Сламбек Тәуекелдің алғашқы картинасы «Батыр Баян» ақын Мағжан Жұмабаевтың осы аттас поэмасының негізінде «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген. Бірақ көркем шығарма мен фильмде орын алатын оқиғалар тарихи шындыққа жанасады деп айту қиын. Батыр Баянның жоңғар шықпыншылықтары тұсындағы өмір кезеңімен автордың шығармашылық шешімдері ұштасып жатыр. Жалпы фильм сюжеті батырдың тұтқынға түскен жоңғар бойжеткеніне ғашық болу оқиғасын көрсетеді. Баянға махаббатпен жауап бермеген сұлу қыз оның майдандас досы Сары батырдың ұлымен бірге өз еліне қашып кетеді. Мұндай сатқындыққа көз жұмып қарай алмаған Баян батыр жас ғашықтарды қуып жетіп, жазаларын береді. Шындыққа жанаспаса да бұл фильмде ұлттық батырдың өр рухын, жарқын образын жеткізе білген. Фильмдегі басты рөлді театр актері Жұмахан Әбдіқадыров ойнады және ол өз кейіпкерін өте батыл әрі қайсар жан ретінде көрсете алды. Басты кейіпкер қазақ халқының бостандығы үшін екі жүз жылдық соғыс кезінде жоңғарлармен шайқасып, батылдық пен қаһармандық танытқан. Фильмді жасауға Смағұл Ерубаев (сценарист), Секен Тұрысбеков (композитор), Сәтімжан Санбаев (актер), Кеңес Нұрланов (актер) секілді қазақтың біртуар азаматтары қатысқан.

Қазақ киносы енді қалыптасып бастғанада, ұлы ойшыл Абайдың образын ашқан «Абай әндері» деген фильм түсірілгенін айтып өттік. Осы картинадан дәл жарты ғасырдан соң ақынның 150 жылдығы қарсаңында Ардақ Әмірқұловтың «Абай» картинасы экранға жол тартты. Фильм сценарийін Мұхтар Әуезовтың «Абай жолы» роман-эпопеясының 1-2 томдарының негізінде режиссердің өзі және Лейла Ақынжанова, Серік Апрымов, Александр Барановтар жазып шықты. Алғашында «Абайдың жастық шағы» деп аталған жобада, сәйкесінше, ақын өмірінің жастық кезеңі бейнеленген. Әдеби шығармадағы Абайдың образы, ондағы оқиғалар мен тарихи деректер фильмде нанымды суреттелген. Картинада ұлы ақынның адамшылық болмысын, тұлға болып қалыптасу кезеңдерін және ойшыл табиғатын Құнанбай мен Абайдың қарым-қатынасы негізінде ашып көрсетуге талпыныс бар екені көрінеді. 139 минутқа созылатын фильмде қазақы мінез-құлық пен өмір сүру салты сол кездегі қоғам адамдарының бейнесімен танылады. Туындының әдеби кеңесшісі жазушы Әбіш Кеілбаев болған, ал композиторы ретінде Қуат Шілдебаев атсалысқан. Негізгі рөлді – Абай образын Ғабиден Тұрықбаев сомдаса, Тұңғышбай Жаманқұлов, Болот Бейшеналиев, Фарида Жантелова, Димаш Ахимов, Өмірзақ Шмановтар қосымша кейіпкерлерді ойнап шыққан.

Әр шығармашылық адамы биографиялық фильм жанрында кез келген басқа да өнер салалары секілді тарихи тұлғаларды өзіндік көзқарасымен беруді, халыққа танытуды жөн көреді. Сондай талпыныстардың бірі – Қанымбек Қасымбековтің жыр алыбының 150 жылдық мерейтойына қарсы түсірілген «Жамбылдың жастық шағы» деп аталатын картинасы. Бұл қазақ халқының Жамбыл ақынның бейнесін экранда екінші рет көруі. Мұнда «Жамбыл» фильміндегідей ақынның бүкіл өміріне шолу емес, тек қана балалық шағы мен жастық кезеңі бейнеленген. Сценарийді жазған ғалым Мырзатай Жолдасбеков ақынның өмірінде болған көпшілікке белгісіз оқиғаларды, тың деректерді беруге тырысқан. Сондай-ақ ақын өмірінің фонында қазақ халықының тұрмыс-тіршілігі, өмір сүру салты мен әдет-ғұрыптары қосымша көрініс тауып отырады. Фильмді әуенмен әрлегендер Дүнгенбай Ботбаев пен Бейбіт Дәлденбаев болса, операторлары Әубәкір Сүлеев, Болат Сүлеевтер болды. Басты кейіпкер жас Жамбылдың образын ақын Мұхамеджан Тазабеков өте жақсы ойнап шықты. Сонымен бірге фильмде Гүлмира Иманғалиева, Әйгерім Шайдикаримова, Нұрлан (Нұрлыбай) Есімғалиев, Советбек Джумадилов, Спандияр Мұқашев, Гүлжамал Қазақбаева, Ақан Абдуалиев, Ашир Чокубаев, Әлібек Амзеев, Нұржұман Ыхтымбаев актерлер де үлкенді-кішілі рөлдермен бой көрсетті.

Біз осы мақаламызда қазақ кинематографиясы тарихындағы белгілі биография яғни өмірбаян жанрында түсірілген картиналарға тоқталдық. Тарихқа шолу жасай отырып, елімізде кино саласының осы бір жанрының ең алғашқылардың бірі болып қалыптасқанына көз жеткізіп отырмыз.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы