Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 шілде, 2020442

Отандық киноиндустрияның түрленуі бағытында жасалып жатқан шаралар

Отандық кино саласын қолдау бағытында бұл күндері күш біріктірілуде. Киноиндустриясын жандандырып, дамыту үшін Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Ш.Айманов атындағы киностудия басшылығы бірлесіп еңбек ететіндіктерін жариялады.

Бұл қадам қазақстандық кино қауымдастығында қалыптасқан күйзелісті шешіп, жағдайды реттеуге көмектеседі дейді қос тарап.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Ш.Айманов атындағы киностудия сияқты отандық киноиндустрияның екі ірі құрылымының бірлесіп еңбек етуі үшін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі олардың келешек стратегияларын айқындап берді. Бұл дегеніміз сала үшін маңызды шешімдер бұдан былай бірлесіп қабылданатындығын, проблемалық сұрақтарды екі жақ бірдей шешетіндігін, сонымен қатар жұмыс өзара көмек көрсету арқылы әрі қос тараптың мүдделері ескеріле отырып жүргізілетінін білдіреді. Себебі дәл қазір кино саласы үшін бұл бірлесудің маңызы зор.

Жұмыла көтерген жүк қана жеңіл болатынын ескерген тараптар енді саланың ілгері басуына бар күш-жігерін жұмсамақ.

«Күш біріктіру бізге жылдам алға жылжып, саламызды дамытуға көмектеседі», деп атап өтті Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясының жаңа басшысы болып тағайындалған белгілі отандық режиссер Ақан Сатаев.

Ал, Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының төрағасы Гүлнар Сәрсенованың айтуынша, жұмысты барынша бірігіп істеу жөніндегі шешім заманауи болып табылады. «Себебі, бүкіл отандық киноиндустрия коронавирус пандемиясы кезінде қиын дағдарысты бастан кешіріп отыр. Өндірістік компаниялар түсірім үрдісін тоқтатып, кинотеатрлар жабық жатыр. Кино нарығына қатысы бар барлық дерлік өкілдер бұл кезеңнің аяқталуын күтіп жатыр», - деді ол.

Төтенше жағдай мен карантин кезінде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен Ш.Айманов атындағы киностудия қазақстандық киноны насихаттауға жұмылдырылған тиімді жұмыс үлгісін құрды. Киножобалар авторларымен бейнесұхбаттар өткізіліп, «Үйдегі киносеанс» марафондары ұйымдастырылды. Сондай-ақ, отандық кинематографшылар халықаралық онлайн жобалардан да тыс қалмай, оларға белсенді қатысқан болатын.

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың айтуынша, мәдениет және өнер қайраткерлері карантин кезінде шығармашылықтарын қайта жандандырып, жаңа форматқа, яғни қоғамның жиі қолданатын - онлайн режимде жұмыс істеуге дағдыланды.

Бейне-конференция барысында сонымен қатар қазақстандық кинематографияны жандандыру жолындағы тағы бірқатар маңызды мәселелер сөз болды. Атап айтқанда, қазіргі таңда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы мен «Қазақфильм» басшылары киноорталық арқылы фильм өндірісіне көшкен түсірілім топтары қызметтерді нарық бағасы бойынша сатып ала отырып, «Қазақфильм» киностудиясының техникалық мүмкіндіктерін мейлінше пайдалана алатындығы жайында уағдаласты. Сонымен қатар, киноорталықтың алматылық кеңсесі мен кей түсірілім топтары жақын арада «Қазақфильм» киностудиясы аумағына көшуді жоспарлап отыр.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы