Размер шрифта:

Цветовая схема:

09 қыркүйек, 2020282

Отандық режиссер Аsian Film Аwards сыйлығына ұсынылды

Таяуда ғана екінші картинасының түсірілімдерін аяқтаған қазақстандық режиссер Шарипа Оразбаева жақсы жаңалықтармен қуантуда. Киногердің «Мариям» фильмі бірден екі халықаралық байқауда бақ сынап жатса, режиссердің өзі «Үздік жаңа режиссер» атауына үміткер атанып отыр.

Отандық режиссердің «Мариям» атты дебюттық толықметражды картинасы International Women's Film Festival әйел режиссерлердің халықаралық кинофестиваліне қатысып жатыр. Шараның бас жүлдесі үшін алты елдің туындысы бақ сынауда. Фестивальдің 10 мың евро көлеміндегі жүлдесіне сегіз көркем фильм үміткер болып отыр. Жігерлігі мен қайсарлығы зор кейіпкерлерімен Австралия, Морокко, Тайвань, Бразилия, Кипр және Қазақстанның туындылары таныстыратын болады. Картиналар хаос пен сенімділік, маңызды шешімдер мен ниеттестік жайынан сыр шертеді. Отандық картина қыстақта төрт баламен жалғыз қалатын осындай мықты да қайратты Мариям есімді жалғызбасты ананың өмірін суреттейді.

Әйел режиссерлер киносының халықаралық фестивалі қыркүйек айының 9-нан 12-сі аралығында Германияның Дортмунд пен Кёльн қалаларында өтеді. Жеңімпаз бүгін, яғни 9 қыркүйек күні кинофестивальдің ашылуы кезінде анықталатын болады.

Бұдан бөлек, «Мариям» Қазан қаласында өтіп жатқан мұсылман киносының XIV Халықаралық фестиваліне қатысып жатыр. Фестивальдің төрт аталымында барлығы 52 картина бақтарын сынауда. Отандық фильм қатысатын «Толықметражды көркем фильм» номинациясы үшін «Мариям»-мен бірге Ресей, Мысыр, Үндістан, Иран, Монғолия, Түркия, Джабути, Филлипин, Қытай, Өзбекстан, сондай-ақ Канада, АҚШ пен Катардың бірлесіп жасаған туындылары сайысқа түсуде. Биылғы жылы фестиваль карантин шараларына байланысты жабық режимде өтіп жатыр. Шара жеңімпаздары бүгін, 9 қыркүйекте жария болады.

Ал бүгін Шарипа Оразбаеваның өзі Аsian Film Аwards сыйлығының «Үздік жаңа режиссер» номинациясына ұсынылғаны белгілі болды. Азияның үздік режиссері атағы үшін отандық киногермен бірге Тайвань, Оңтүстік Корея, Гонконг, Жапония және Қытай елдерінің режиссерлері сайысатын болады. Пандемияға байланысты шара онлайн форматында өтеді. Ал 14-ші Аsian Film Аwards жүлдесінің жеңімпаздары 14 қазан күні анықталады.

Режиссердің «Қызыл анар» атты жаңа көркем фильмінің түсірілімі мен Халықаралық фестивальдердің кино режиссерінің өмірінде алатын орны жайында сұхбатты алдағы материалдан оқитын боласыздар.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы