Размер шрифта:

Цветовая схема:

24 маусым, 2021298

Отандық Shoqan қысқаметражды фильмі Лос-Анджелесте көрсетіледі

Режиссер Қуаныш Бейсековтің  Shoqan дебюттық қысқаметражы фильмі LA Shorts кинофестивалінің ресми бағдарламасына енді.

23 минуттық картинаның сюжеті бойынша болашақта жетілген жоғары технологиялардың арқасында мектептердегі сабақтар бұрынғыдан өзгеше болады. Оның ішінде тарих сабағында белгілі бір кезеңді егжей-тегжейлі зерттеу үшін оқушылар виртуалды шындық әлеміне енеді. Сондай бір виртуалды турлардың бірінде балалар ХХ ғасырдың 30-жылдарындағы қазақ даласындағы аштық кезеңіне сапар шегеді. Осы сабақтан бастап Шоқан қиял әлемінде емес, шынайы өткен тарихта жүргенін аңғарады.

Картинаның көтерген басты тақырыбы – тарихымызда шындығы ашылып, ұлы қасірет екені мойындала қоймаған ашаршылық жылдарының азабы. Сондай-ақ фильмде болашақта қазір қарқынды түрде дамып келе жатқан технологиялардың енді өміріміздің барлық саласына еніп, адамзаттың ажырамас бөлігіне айналатыны көрінеді.

Фильмнің режиссері әрі сценаристі Қуаныш Бейсеков көпшілікке «Ирина Кайратовнаның шоуы» жобасымен танымал. Ол осы картинаны Astana Hub-пен бірлесіп түсіріп, 2020 жылы ютуб платформасына жүктеген болатын. Фильмде басты рөлдерді Шоқан Чупанбаев, Нұрай Бауыржан және Олжан Тоғымбет секілді жас актерлер ойнады.

LA Shorts Халықаралық кинофестивалі әлемдегі ең беделді және ірі халықаралық қысқа метражды кинофестивальдердің қатарына кіреді. Фестиваль OSCARS кинематография өнері және ғылымы академиясының, Ұлыбританияның BAFTA кино және телевизия өнері академиясының, сондай-ақ  Canadian Screen Awards канадалық кино және телекөрсетілім академияларының (ACCT) аккредитацияларынан өткен.

Фестиваль бағдарламасына жыл сайын 300-ден астам фильм қатысадыды және көрсетілімдеріне Голливуд индустриясының кәсіби мамандары мен тәуелсіз режиссерлерді қосқанда 10 000-нан астам қонақ жинайды.

Отандық қысқаметражды картина «Ең үздік ғылыми-фантастикалық фильм» номинациясына ұсынылған және осы бөлім бойынша фестиваль алаңында 8 шілдеде қалың көпшілікке жол тартады.

Кинофестиваль Лос-Анджелесте 2021 жылдың 1 шілдесінен 31 шілдесіне дейін өтеді.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы