Размер шрифта:

Цветовая схема:

16 мамыр, 2020430

Отбасылық құндылықты дәріптейтін отандық жаңа сериалдар

Әр отбасы бір мемлекет. Онда да әр тәуелсіз мемлекеттерде кездесетін секілді заң мен қағидаттар бар. Ал мұндай тақырыптар туралы біздің еліміздегі киногерлер көптеген жаңа кинотуындылар түсіріп келеді. Солардың бір бөлігімен танысып көрелік.

Отбасындағы тәрбие мен дәстүр атадан балаға мұра ретінде қаладырылатын бірден-бір әрі ең маңызды дүние екені мәлім. Ол әрбір жанұяда өз алдына ерекшеленеді, кейде ұқсас тұстары да болып жатады. Ал біздің отандық киногерлер ұсынған отбасылық құндылықты көрсететін телесериалдар көп. Міне осы тақырып жайында еліміздегі киноматография сандығы біршама туындыларға жаңарған еді. Соның бір бөлігімен бірге танысып, аталар қадір тұтқан жанұялық қасиеттерді телеэкрандағы отандық сериалдардан бірге алайық.

 

“47 баланың анасы” телехикаясы

 

“Qazaqstan” телеарнасында көрсетілетін бұл сериалдың көрерменге берері мен насихаттайтыны көп. Ата-ана қамқорлығынсыз қалған бейкүнә сәбилер мен жеткіншектердің тағдыры, олардың жетімдер үйіндегі өмірі суреттеледі. Телехикая әрбір баланың отбасы туралы армандайтындығын, олардың қатардағы балалар сияқты әке мен шешенің аялы алақанына еркелеп өсуді көз алдына елестететіндігі көрсетіледі. Жетімдер үйінен өзіне бақыт іздеп, бала асырап алуға келген отбасылар мен жас жұбайлардың тағдыры көрсетіледі. Өзгенің баласын қойнына қысып, оған деген махаббаттың шынайылығы суреттеліп және керісінше біреудің баласын өз бастарының мүддесі үшін асырап алуға келген жанұя бейнесі баяндалады. Отбасындағы ата-ана мен баланың қарым қатынасы, ана мен баланың жақындығы бар қырынан жеткізілген бұл фильм әрбір қазақ отбасы үшін жаңа үлкен сабақ болары сөзсіз.

Картинаға Олжас Нұрбай режиссерлік етті. Идеялық авторлары: Рүстем Омаров пен Марат Оралғазин. Ал драмалық мелодраманың сценарий авторы Рүстем Омаров. Ақылбек Досжановтың продюсерлігімен түсірілген телехикаяның басты рөлдерінде Гүлшат Тутова, Сахан Әкелеев, Айгерім Жүнісова, Әмина Әбділбекова, Диана Халловей және Ерзат Рамазанов сынды актерлер бой көрсеткен. Телехикаяның бастапқы негізгі атауы “Менің 47 балам” болғанымен, кейіннен киногерлердің және телеарна басшылығының шешімі бойынша телесериал “47 баланың анасы” атауына өзгертілді. Картинадағы оқиға фильмнің басты кейіпкері Керімова Динара Рашидқызының тағдырына негізделе отырып түсірілген.  Телесериалдың түсірілімдері толықтай Алматы шаһарында түсірілген. Фильмдегі басты локациялардың бірі ретінде нөмірі бірінші балалар үйі таңдалып алынды. Түсірілімдер өткен жылы сәуір мен мамыр айлары аралығында жүрді.

 

“Әулет ары” телесериалы

 

Отандық телеарналарда көрсетіліп келе жатқан отбасылық құндылықтар мен салт-дәстүрді дәріптейтін тағы бірі қазақстандық картина “Әулет ары” деп аталады. Сериал желісінде бүгінгі күні ұмыт болған әмеңгерлік секілді қазақтың тарихында қалған бұрынғы дәстүрлер мен қағидаттары көрсетіледі. Идея авторы және режиссері ретінде Айгүл Ақсамбаева жұмыс істеді. Сондай-ақ, картинаның тағы бір идеялық авторы Наталья Зверева. Отандық мелодрамалық сериалда Олжас Тоғымбет, Иманәлі Сапаров, Ляззат Абишева және Болат Момынжанов сынды актерлер түскен.

 

“Егіз ғұмыр” сериалы

 

Еліміздегі режиссерлердің көрерменге ұсынған тағы бір керемет туындысы - “Егіз ғұмыр” отбасылық сериалы. Телехикаядағы оқиға желісі 2000 жылдардан бастау алады. Кішкентай бейкүнә сәби кезінде бір-бірінен ажырап қалған екі егіз қыздар отбасылық жағдайы әртүрлі, құндылықтары бөлек, материалдық айырмашылығы көп мүлде екі бөлек жанұяда тәрбиеленіп, бой жетеді. Өмірге деген түсінігі әртүрлі, қағидаттары мен принциптері қарама-қайшы, мақсаттары мен армандары екі бөлек егіздердің тағдыры бейнеленеді. Олардың өмірінде кезіккен қиыншылықтар мен ауыр жағдайлар оларды қуатты етіп әріқарай күресуге үйретеді. Әр жанұяда бала тәрбиесі, отбасының өмірге деген көзқарастар мен ұстанымдары, ата-ана мен баланың қарым-қатынасы мұның барлығы  басқа жанұяларға қарағанда әртүрлі болатындығы, айырмашылығы мен ерекшеліктері бар екендігі айқын баяндалған.

Картинаның қоюшы режиссері Қанағат Мұстафин. Сценарийін жазғандар Қанағат Мұстафин мен Жанат Қасабеков. Телесериалды музыкамен әсемдеген композитор Олжас Жақыпбеков, ал дыбыс режиссері Илья Коробейников. Жобаның бас продюсері Айгүл Байбек. Фильмдегі басты кейіпкерлердің рөлін Дарын Шыныбек, Жанел Мақажанова, Мақпал Қасенова, Дина Болат, Абзалбек Максим, Рүстем Шәкіров, Әсел Сайлауова және  Бақытжан Әлпейісов сынды дарынды актерлер сомдады.

 

“Елдің баласы” телехикаясы

 

Бәріміз бала күнімізден естіген “Жұрттың баласы” ұғымын негізге ала отырып түсірілген секілді бұл сериал. Иә, иә, елдің баласы болған Серік оқуда озат, спортты жан сүйетін, жүрегі мейірбан, үлкендерді құрметтеп, кішілерге ізет көрсете білетін өте дарынды бала. Ауылда өссе де, болашақта IT саласында жетекші маман, үздік программист болуды армандайды. Ата-анасының үмітін ақтап, көптеген үлкен компаниялардың негізін құрсам дейді. 

Отандық телесериалдың қоюшы- режиссері әрі жоба продюсері Айдана Қаптағаева. Жобаның сценарий авторлары Еламан Серубай, Шәкір Бақберген, Абылай Қартайғанов және Мұхаммедәлі Әбдікерім.  Басты рөлдерде: Айбек Әзімбек, Дархан Дайырбек, Алмат Сақатов, Шынар Асқарова, Бауыржан Қаптағай және Томирис Сағынбекқызы. Отбасылық комедия ауылдағы тәрбие мен тәлімді, отбасындағы ата-ана мен үлкенге құрмет көрсете білуді үйретеді. Балалардың білімге қызығушылық деңгейінің жоғары болып, олардың ел болашағы екендігін кішкентай кезінен санасына сақтау керектігін баяндайды.

 

Отбасындағы асыл қасиеттерді көркем туынды арқылы жеткізгісі келетін отандық режиссерлер мен продюсерлер әр жоба сайын көрерменді қуантуды қалайтындығы рас. Бұл олардың қолынан келіп жатыр да, оны біз отандық телеарналардан көрсетіліп келе жатқан картиналарға қарап-ақ байқауымызға әбден болады. Сонымен, отандық киногерлерден болашақта тағы да басқа керемет жобаларды күтеміз!

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  qazaqstan.tv, turkystan.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы