Размер шрифта:

Цветовая схема:

08 шілде, 2020315

«Преодолевая барьеры» фильмі тағы бір халықаралық фестиваль байқауына енді

Жас режиссер Бану Рамазанованың «Преодолевая барьеры» деректі лентасы шетелдік сарапшыларды таң қалдырумен келеді. Картина бұл жолы ХVІ Қазан Халықаралық мұсылман киносы фестивалінің байқау бағдарламасына енді.

Фестивальді ұйымдастырушылар 63 елден 629 фильмді тіркеді. Байқау шорт-тізіміне 52 кинокартина кірді. Қазақстандық режиссердің туындысы қатысатын «Деректі толықметражды фильмдер» байқауына Тәжікстан, Германия, Үндістан, Швейцария, Ресей және басқа да мемлекеттерден барлығы 10 фильм ұсынылыпты.

Байқауға қатысатын отандық деректі лента Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы киностудиясымен түсірілген. Картина Кеңес Одағының ат спорты жайынан сыр шертеді. Нақтырақ айтқанда, ат жарысының аңызы болған – Абсент атты асылтұқымды ақалтеке жайында. Бұл жылқы Жамбыл маңындағы Луговское ат зауытында туған еді. Режиссердің айтуынша, идея киностудияның деректі картиналар мен киношежірелер басшысы Әсет Ерназаровқа тиесілі.

«Абсент жайында көбі білмейді. Бұл идеяны негіз етіп алдым. Ал, фильмнің әр кейіпкері жеңіске жету жолындағы кедергілерді жеңуде өз үлесін қосты», - деген еді Бану Рамазанова порталымызға берген сұхбатында.

«Аттар біздер, қазақ үшін, қашан да энергия мен жеңістің символы болды. Атақты Абсенттен кеңестік дәуірде Олимпті бағындыру тарихы басталды. Қазір де Қазақстанда биіктерді бағындыратын адамдар мен аттар жетерлік», - деп толықтырды ол.

Деректі фильмді дайын өнім етіп шығару үшін режиссерге бір жыл қажет болды. Оның айтуынша, бұл істе оған Халықаралық ат спорты федерациясының көп көмегін көрсетті.

«Картинамен жұмыс істеуді 2019 жылдың қаңтарында қолға алдық, зерттеу жүргізіп, кейіпкерлерді анықтадық. Ат спорты қоғамдастығы мен Халықаралық ат спорты федерациясы бізге барлық мәселе бойынша атсалысты. Түсірілім жұмыстары өткен жылдың ақпан айында басталды. Осы уақыт аралығында біз Алматы облысы, Ташкент пен Екатеринбурке дейін барып келдік. Сөйтіп, түсірілімімізді қараша айында – Алматыда өткен Әлем кубогының кезеңімен аяқтадық», - деді режиссер.

Айта кетейік, ХVІ Қазан Халықаралық мұсылман киносы фестивалі биыл техникалық режимде өтіп, көрермендер үшін жабық болмақ. Фестивальді ұйымдастырушылар мұндай шараларды әлемде белең алған індеттің таралуының алдын алу мақсатында қабылдап отыр. Ал, жеңімпаз атанған киноленталар фестивальдің ресми сайтында қырқүйек айының басында жарияланатын болады.

Бұдан бұрын «Преодолевая барьеры» деректі фильмі үш Халықаралық кинофестивальге жол тартатынын хабарлаған едік. Оның бірі - мамыр айының соңында Түркияда өткен Халықаралық кинофестиваль. Мұнда картина шараның негізгі байқауына қатысқан болатын.

Ал, алдағы уақытта қазандық кинофестивальден бөлек, отандық деректі лента тағы екі халықаралық фестивальге жол тартады. Бұл - тамыздың 1-і мен 7-сі аралығында Грецияда өтетін 7-ші Халықаралық деректі фильмдер фестивалі мен тамыздың 23-30 аралығында АҚШ-та өтетін деректі фильмдер кинофестивальдерінің негізгі байқаулары болмақ.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы