Размер шрифта:

Цветовая схема:

26 мамыр, 2020401

Продюсер Гүлнара Сарсенова кино саласын қолдауға шақырды

Танымал отандық продюсер, елге белгілі киногер, режиссер Гүлнара Сарсенова жалпы әлемде орын алған жағдайға байланысты өз пікірін білдірген болатын. Елдің дарынды продюсерлер қатарына енетін киногер не жайында алаңдап, қандай мәселені айтқысы келеді?

Продюсер Гүлнара Сарсенова жер шарын жаулаған қауіпті вирустың көптеген шаруашылық пен кәсіпке өз зиянын тигізіп қана қоймай, олардың кейінгі дамуына және толыққанды жұмыс істеуіне айтарлықтай кедергі жасап отырғандығына алаңдайтындығын жеткізді. Осыған байланысты елдегі кинемотографистер мен жеке кәсіпкерлерге, жалпы қазақстандық кино сүйер қауымға арнайы хат жолдады. Жолдау мәттінінің толық нұсқасын назарыңызға ұсынамыз.

«2020 жылы адамзат теңдессіз дағдарысқа тап болған қиын кезеңдердің бірі болғаны анық. Бұл жағдай әрқайсымызға өз әсерін тигізбей қоймады. Барша жер шары мен әлемді қамтыған коронавирус пандемиясы әлемдік экономикаға, бизнеске және адамдардың әл-ауқатына айтарлықтай соққы берді. Бұл дағдарыс жағдайынан бізді құтқаратын жалғыз нәрсе бұрынғы тұрмыс-тіршіліктің өз қалпына келеді деген үміт қана.  

Бұл хатты Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының басқарма төрағасы ретінде емес, бүгінгі продюсер, "Оскар" сыйлығының номинанты мен ірі кинофестивальдердің лауреаты, ең бастысы, өз елінің патриоты ретінде жазып отырмын.

Отандық киноиндустриямыз алғашқылардың бірі болып пандемиядан қорғану әрекеттеріне көшіп, қорғана бастады. Алғашқылардың бірі болып кинозалдар жұмысын тоқтатты, алда жоспарланған ондаған картиналар премьерасыз қалды, ал бірнеше мың шығармашылық адамдар өз жұмысын және сүйікті ісімен айналысу мүмкіндігінен айырылды.

Әрине, қалыптасқан жағдайларда мүмкін кино — біздің еліміздің және оның азаматтары үшін, олардың өміріндегі маңызды құрамдас бөлігі емес шығар. Түсінемін.  Бәлкім, одан да маңызды сұрақтар мен мәселелер бар шығар. Бірақ біздің тарихымызға үңіліп көрейік. Тіпті Ұлы Отан соғысы жылдарында да кинематографистер өз жұмыстарын тоқтатпай, кино түсіруді жалғастырды. Сонымен бірге, сол қиын-қыстау кезеңде Алматы шаһарында киностудиялардың Орталық бірлестігі құрылып, Кеңес Одағы заманындағы  кинематографистері үшін дәл Қазақстан айтулы жаңалық аша алды.

Көрермен үшін кино деген не? Бұл тек қол жетімді ойын-сауық түрлерінің бірі ғана емес, сондай-ақ мәдени құндылықтың маңызды бір бөлігі. Ол елдің дамуындағы және азаматтарды идеологиялық тәрбиелеудің негізгі құралдарының бірі.

2019 жылы негізі қаланған Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өзінің алғашқы құрылған күнінен бастап-ақ отандық киноиндустрияны дамытудың жаңа теңдессіз үлгісін құруға бағыт алды. Міне, осының негізінде жұмыс ашық әрі шынайы жүргізіліп келе жатыр. Біз бұрынғыдай бюджеттік қаражатты киноөндіріске бөліп беруді өткенге қалдырдық, біз қызметімізді тек кәсіби қоғамдастық үшін ғана емес, сонымен қатар көрермендер үшін де ашық жасадық. Бұл мемлекеттік инвестицияға деген жоғалған сенімді қайта нығайтуға көмектесе алды.

Біз тек кинода ең табыстылар мен өнерде еңбек сіңірген киногерлерді қолдап қана қоймай, сонымен бірге дебюттік, анимациялық және авторлық кино сияқты бағыттардағы жобаларды дамытуға баса назар аударамыз.

Алайда, қалыптасқан жағдай Қазақстандағы киножобаларды дамыту мен нығайтуға қатысты біздің жоспарларымызды жүзеге асыруға әсерін тигізіп отыр. Екінші мәселе нәтижелері бойынша маңызды идеологиялық, әлеуметтік және білім беру тақырыптарын көтеретін 50-ден астам киножобаны қолдау туралы шешім қабылданғанына қарамастан, киноорталықтың жоспарланған бюджеті айтарлықтай қысқартылуы мүмкін.

Әлбетте көпшілік тарапынан «Ал сіз жағдайға әсер ету үшін не істей алдыңыз?» деген сұрақтар туындауы мүмкін. Жауап бере кетейін. Мен продюсерлік еткен «Нартай» кинокартинасы мемлекет тарапынан қолдау алып, қаржыландырылған болатын. Бірақ менің арнайы жобама бөлінген 380 миллион теңге мөлшеріндегі қаражатты қайтаруды шештім. Сонымен қатар, мен киноорталықтың екінші питчингінде Сараптамалық кеңес мақұлдаған қысқа метражды және дебюттік жобаларды қолдау үшін жеке өзімнің тарапымнан 40 миллион теңге көлеміндегі қаражатты бөлген болатынмын.

Қазір мен өз әріптестеріме-кинематографистерге, бизнес өкілдеріне және осы күрделі кезеңде біздің саланы қолдауға мүмкіндігі бар басқа да кең жүректі азаматтарға хат жолдаймын. Қазіргі таңда біздің кинематография саламыз  көпшілік тарапынан бұрын ешқашан қажет етпеген қолдау мен көмекке мұқтаж»

Гүлнара Сарсенова -  кинопродюсер, сценарист және кинорежиссер. Ол тек қазақстандық ғана емес, сонымен бірге шетелдік киногерлермен де ерекше тығыз байланысты. Осыған байланысты 2005 жылы көрші Ресей, Америка Құрама Штаты және Еуропаның ең жетекші студиялары ұсынған халықаралық жобалармен айналысатын Eurasia Film Production кинокомпаниясының негізін құрады. 2008 жылы Пусан қаласында ұйымдастырылған кинофестивальде «Азия киносындағы  Жыл адамы» сыйлығына ие болады. Оның алғашқы «Моңғол» фильмі 2007 жылы Қазақстан атанан қатысқан "Оскар" сыйлығына үміткер болды. Гүлнара Сарсенова продюсерлігімен түсірілген «Тюльпан»  кинофильмі әлем бойынша халықаралық кинофестивальдер мен байқауларға қатысып, картинаға 23- ке жуық марапаттар табысталған болатын. 2018 жылы кино сүйер қауымның назарына ұсынылған "Айка" фильмі Франция, Германия, Түркия, Жапония, Гонконг және Америка Құрама Штаты сияқты мемлекеттерде көпшіліктің көңілінен шығып, біршама жетістіктерге жетті.

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  almatyfilmfestival.com

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы