Размер шрифта:

Цветовая схема:

25 қаңтар, 2021345

Қанағат Мұстафин: «Қажымұқан - бүкіл қазақтың атасы»

Қазақ халқының тарихындағы тұңғыш кәсіпқой балуан туралы фильмнің түсірілім жұмыстары аяқталды. Танымал отандық режиссер Қанағат Мұстафин қазір «Қажымұқан» картинасының монтаждау жұмыстарына кірісіп кетті. Тарихи тұлға жайындағы биографиялық кинолентада кімдер өнер көрсетеді? Фильм түсірілімдері қалай өтті? Көрермен сюжеттен нендей тың ақпаратқа қанық болады? Осы және өзге де қызықты мағлұматтармен картина режиссері «kаztube.kz» бейне-порталымен бөлісті.    

- Қанағат мырза, армысыз! Өткен жылдың көктемінде Сіз «Қажымұқан» тарихи картинаңыздың түсірілімдерін бастаған кезде өзіңізбен сұхбат жүргізген болатынбыз. Енді, міне, арада біраз уақыт өтіп, жақсы жаңалық естіп жатырмыз, сәтін салып, фильмнің түсірілім жұмыстары аяқталды. Түсірілімдер қалай өтті? Сіз жұмысқа кіріскен кезде карантин басталған еді, сол себепті жұмысты жазда жалғастырамын деген едіңіз. Бірақ онда да эпидемия басылмай тұрды. Қайттіңіз? Нендей қиындықтарға тап болдыңыз? Әлде барлығы жоспар бойынша өтті ме?

- Иә, біз жұмысымызға кіріскенде карантин басталды. Үш айға консервацияға кеттік. Онлайн жұмыс істедік, бірақ онлайн деген, өзіңіз білесіз, кинематографистер үшін жұмыс емес екен. Сол себепті үш ай босқа кетті десе де болады. Мысалы, костюмерлерге костюм тігу үшін, базарға не дүкендерге барып, материалдарды іздестіріп, сатып алу керек болды. Маған операторлармен Түркістан, Ташкент, Самарқандқа барып, объектілерді таңдауымыз керек еді. Сол эпидемияның кесірінен ешбір жаққа шыға алмай, үйде қамалып қалдық, алайда карантиннің бір жақсы жағы болды Жанат Қасабеков деген сценарист екеуіміз үш айда бос жатпай, сценарийді онлайнмен жақсылап соңына дейін өңдеп шықтық. Кейін жазда съемка басталды, бірақ коронавирустың салдарынан неше түрлі қиындықтар болды. Себебі, жаңағыдай үлкен бұқаралық сахналарды түсіруге рұқсат болған жоқ, барған жерлерімізде массовканы өзіміз жинап, автобуспен өзіміз алып келіп жүрдік. Сондай жағдайлар болды. Алматының жанында Қараой деген ауыл бар. Біз сол жақта Қажымұқанның туып-өскен ауылын жасап шықтық. Толықтай 20-25 киіз үй тігіп, үлкен базар жасап, сол ауылдың адамдарын мазаламайық деп, массовкамызды өзіміз Алматыдан жинап, үш-төрт автобуспен алып келіп, сол жақта түсірдік. Түсірілім жеңіл өтті деп айта алмаймын. Себебі, шынымен де, өте қиын болды. Басында рұқсат берген объектіледің барлығы елде локдаун жарияланған себепті ашуға қорқып, бас тартып, рұқсаттарын бермеді. Сол себепті бізге жаңадан локация іздеп, жаңа декорация құру керек болды. Міне, сондай-сондай түрлі қиындықтардан өттік.

"Қажымұқан" фильмінің түсірілімінен

- Түсірілімдер бастан-аяқ қанша уақытта жүргізілді?
- Сегіз ай дайындық, бес ай түсірілім болды.

- Қажымұқан атақты балуан болған соң, 30-дан аса елде өнер көрсетті. Сондықтан түсірілімдерді Қазақстаннан бөлек, бірқатар басқа елде де жүргізбек едіңіз. Жоспар жүзеге асты ма? Түсірілімдер қай елдерде өтті?

- Түгел осы Алматы облысында түсірдік. Ташкентке бара алмай қалдық, бірақ біз Ташкенттен жоспарлап қойған актерларымызды алдырдық. Минскіден 5-6 актер келді. Декорация жасап, солардың сахналарын барлығын Алматыда түсірдік. Атакенттің ішінде, 11-ші павильонында декорация жасап, бүкіл санитарлық нормаларды сақтадық: бетперде мен қолғап (перчатки) киіп, антисептиктерді қолданып, бәрін ойдағыдай түсіріп шықтық. Жақында ғана, жаңа жылдың алдында шекара ашылып, біз Минскіге барып, онда соңғы кадрларды түсіріп қайттық. Минскінің өзінен біз бес-алты Еуропаның қаласын жасайық деп отырмыз. Мәселен, Минскіде өте көне, ескі ғимараттар сақталған.Олардың бірін немістер салса, бірін поляктар салған екен. Содан оның біреуінен Гамбург қаласын жасадық. Минскіден 150 шақырым жерде 15-ші ғасырда салынған Мирский замок деген бар екен. Ол жерде сырты-ішінен біз Гётеборг қаласын жасадық. Бұл - үлкен, зәулім ғимарат. Оның іші де қала сияқты. Минскінің массовкаларын, костюмдерін алып, өзіміздің де костюмдерімізді алып келіп, сөйтіп декорацияларды құрастырдық. Үлкен каретаны алып келіп, сөйтіп, көне Еуропаны түсірдік. Сол Минскінің өзінің шет жағасынан, Минск облысында 5-6 қала жасадық. Қазақстанның өзінде «Көшпенділердің» декорациясынан Ыстамбұл қаласын жасадық. Оны іштен өзгертіп, қайта өзіміздің декорациямызды жасадық. Себебі, елде тараған індеттің салдарынан біз Ташкентке бара алмай қалдық, өйткені ол жақтың өзіне көп рұқсат қағаздары керек екен. 17-18 адамнан тұратын шағын қоюшылар тобын алып шығайық десек те, оның өзі қиын болып кетті. Сол себепті жоспарымызды біраз өзгертуімізге тура келді. Бірақ онда да түсірілім ауқымы үлкен болды.   

"Қажымұқан" фильмінің түсірілімінен

- Балуанымыз күресте әлемнің  талай мықтыларымен бақ сынасты. Өткен жылы фильмде оларды шетелдің актерлері сомдайтын болады деген едіңіз. Ташкенттен актерлер алдырдық деп отырсыз. Солар болу керек? Картинадан кімнің ойнын тамашалай аламыз?

-Иә, біз Ташкенттен Шакир паша деген түріктің пашасын ойнайтын Анвар деген Өзбекстанның танымал актерін шақырдық. Сосын Виталий деген үлкен, алып денелі Минскінің актерін де түсірілімдерімізге тарттық. Ол кезінде циркте жұмыс істеген, өзі актер, циркач. Қажекеңнің қарсыласы Бинковскийді ойнады.  Оны арнайы бір ай бұрын шақыртып алдық. Біздің каскадерлер ол кісімен  жұмыс жүргізіп, оған күрестің қыр-сырын үйретті. Сөйтіп Виталий бір ай дайындықтан өтті. Бір айдан кейін кәдімгідей экранда кәсіби шебер, күрескер болып шықты.

"Қажымұқан" фильмінің түсірілімінен

- Картинада өзге елдің актерлерінен бөлек, өзіміздің отандық танымал актерлер бар ма?

- Танымал актерлерге келсек, олар енді көп. Мысалы, Қажымұқанның әкесі Мұңайтпасты - Әділ Ахметов, Ернақты – Димаш Акимов ағамыз сомдап шықты. Қажымұқанның жан досы - Қуаныштың рөлін Берік Айтжанов сомдады. Айта берсем, жұлдыздар көп, негізі. Бірақ біздің ең басты жұлдызымыз ең басты кейіпкеріміз болайын деп тұр, бұйырса. 

"Қажымұқан" фильмінің түсірілімінен

- Басты жұлдыз демекші, бас кейіпкерге келсек... Былтыр кастинг жарияланып, бұл рөлге дебюттық актерді таңдап қойдық деп те тілге тиек еткен едіңіз. Ештеңе өзгермеді ме? Оның кім екенін білсек бола ма?

- Басты кейіпкеріміз әлі құпия. Оның есімін наурызға таман шығарайық деп отырмыз. Иә, ол - дебютант. Бұл - оның үлкен кинодағы тұңғыш рөлі. Айта кетсек, өзі үлкен кәсіпқой. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын, кейін актерлік бойынша магистратураны да бітірген. Бойы - 2 метр 5 сантиметр. Салмағы - 140 келі. Енді Қажекеңнің көшірмесі деп айтсам, қателеспеспін. Өйткені оны екі мыңнан астам адамнан кастинг жасап таңдадық. Оны да біз жарты жылдай дайындадық. Ақбар деген жігіт, өзі осындай актерлерді кәсіби түрде дайындаумен айналысады. Сөйтіп алты айда дайындап шықты.

- Қателеспесек, Қажымұқанды бала шағынан бастап, қартайған шағына дейінгі уақытын қамтымақ едіңіз. Солай болды ма? Оны бір ғана актер сомдады ма?

- Басты кейіпкердің балалық шағын басты кейіпкеріміздің інісі ойнады. Екеуі бір-бірінен аумаған, «әкелерінің аузынан түсіп қалған» сияқты. Ал, енді жасөспірім және соңғы күніне дейін бір актер, сол біздің бас кейіпкеріміз сомдап шықты. Бізге Қажекең қартайған шағында - 140 килограмдық, ал  жастық шағында 120 килограмдық болып сомдауы керек болды. Біздің басты кейіпкерімізге сондай-сондай арықтау-толу сияқты үрдістерден өтуіне тура келді. Ол оны оп-оңай жасап шықты. Сол соңғы 77 жастағы шақтары шамалы қиындау болды. Өйткені 4,5-5 сағат жасалатын арнайы гримм жасадық. Енді 26-27 жастағы жігітке шалды ойнау қиындау болды, бірақ онымен жақсылап, асықпай жұмыс істеп, сол екі сахнаны екі күнде түсіріп шықтық.

- Демек, таңдаған актердің ойны көліңізден шықты ғой?
- Көңілімнен 100 пайыз шықты. Өйткені онымен біз дайындық жұмыстарын өте көп жүргіздік. Сол себепті бәрі ойдағыдай болып шықты.

- «Қажымұқанның» түсірілімдерінен ерекше есте қалған не?

- Ерекше есте қалатыны - ол Минскідегі біздің екінші дүниежүзілік соғысты түсіргеніміз. Өйткені мен мұндай    сахналарды тұңғыш рет түсіріп тұрмын. Екінші дүниежүзілік соғыс, массовка бар, немістер, танк, белорусстік команда... Олармен бірінші рет жұмыс істеп жатырмыз. Шамалы қиындау болды. Ауа райы да кедергі келтірді. Аяқ астынан біресе қар, біресе жаңбыр жауды. Сахналарды қайтадан түсірдік. Бәрін бір күнде үлгеру керек еді, өйткені ертеңіне басқа да түсірілімдер жоспарланған. Сол себепті жүгіріп жүріп, таңғы сағат бестен дайындық бастадық та, сағат бір жарым-екіге дейін бәрін түсіріп бітірдік. Ерекше есте қалатын сәттер сол екінші дүниежүзілік соғысқа Қажекеңнің оқытушылары қатысқан сәттері еді.   

- Тарихи картинада бас кейіпкерінен басқа тағы қандай тарихи тұлғаларды көре аламыз?

- Тарихи тұлғалардан Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Филипп Голощекин деген тұлғаларды көре аламыз. Енді біздің түсіріп жатқан киномыз деректі кино болмағандықтан, тарихтан кішкене ауытқулар болады, себебі бұл көркем кино болғандықтан, жұртқа қызықты болу үшін тарихты біраз өзгерттік. Мысалы, Қажекең өмірде ешқашан да Филипп Голощекинмен кездеспеген. Бірақ біз сценарист Жанат Қасабеков екеуіміз оларды кездестіртіп, Қажекең арқылы бүкіл қазақтарымыздың наразылығын білдірдік. Оны енді кинода көре жатарсыздар.

- Жалпы, фильм түсірілімі жайында балуанның туыстарының хабары бар ма? Олар да атсалысқан болар...

- Бақытжан Қажымұқанов - белгілі композитор, Қажекеңнің немересі. Ол кісі сценарийді оқып шығып, өзі кеңесші болды. Түсірілімге де қатысты. Өзіне жеңіл рөл болсын деп оған ақынның рөлін бердім. Ол кісі арнайы киномызға Қажекеңге арнап, өлең шығарды. Соны кинода орындап берді. Ол кісі өте риза болып кетті. Атасы туралы осындай үлкен жоба түсіріліп жатқанын өз көзімен көріп, «ол адам туралы түсіріп жатыр екенсіңдер» деп қуаныштан көзіне жас алды. Мен оған «Аға, ол тек Сіздің атаңыз ғана емес, бүкіл қазақтың атасы» дедім. Мұндай аңыз адамдар мың жылда бір рет туады ғой. Бұл - бәріміздің парызымыз. Бұл - біздің тараптан оған деген тағзым. Сол себепті өзіміздің туған атамыз сияқты бүкіл команда түсірілім  басында Қажекең жатқан жерге барып, атамыздың рухына тағзым етіп қайттық.

Қанағат Мұстафин Бақытжан Қажымұқановпен.  "Қажымұқан" фильмінің түсірілімінен

- Қазір жаңа картина монтаждалу үстінде. Бұл үрдіс қалай жүріп жатыр? «Тағы бір-екі кадр қосу керек-ау» деген тұстар жоқ па? Қанша уақытта бітірмек жоспардасыз?

- Иә, монтажды бастадым. Қазір бір-екі кадр қосу деген әңгіме жоқ (күлімсірейді.) Керісінше, бір 50-60 кадрды алып тастау керек деген жағдайлар туындап жатыр. Себебі түсірілген таза материалымыз сценарий бойынша төрт жарым сағат болып шықты. Оны кинода көрсету үшін 2 сағат 20 минут жасау керек. Демек, екі жарым сағатын кесіп тастау керек болады. Шынымды айтсам, қазіргі таңда басым қатып жүр, бірақ қалай қысқартуға болатынына байланысты бір жоспарым бар. Кесіліп қалатын ана екі жарым сағат уақытты бәлкім, кино шыққаннан кейін, прокаты өткеннен кейін бір-екі айдан соң монтаждап, сегіз бөлімді сериал шығарамын ба деп ойлап жүрмін. Бірақ ол әлі жоспарда.

- Қанағат мырза, монтаж жұмысы аяқталған соң, отандық көрермен картинаны қашан тамашалай алады? Қажымұқанның 150 жылдық мерейтойына орай шығармақ едіңіз... Жоспар өзгерген жоқ па?

- Иә, осы жылдың көктемінде Қажекеңнің150 жылдығы. Бірақ оған үлгермейміз. Жоспар кішкене өзгерді. Қыркүйек айында ма, тамыз айында ма, бұйырса шығарамыз. Монтажды енді бастадым. Одан кейін графика бар, композитордың жұмысы бар. Оны оркестрмен жасайық деп отырмыз. Жұмыс әлі талай. Жарты жылға жетеді. Қазіргі таңда кинотеатрлар да дұрыс істемей жатыр ғой. Бүкіл індет кетсін. Кинотеатрлар қайтадан дұрыстап ашылсын, бұйырса, осы жылы жарық көреді.

- Картинаны халықаралық кинофестивальдерге ұсыну, болмаса шетелдік кинотеатрларға шығару ойда жоқ па?

- Кинофестивальдерге міндетті түрде шығарамыз. Прокат жөнінде ойластырып жатырмыз. Қазір осы түркі тілдес елдерге шығарамыз ба деп шет жағасын қарастырып жатырмыз. Себебі, Қажекеңді барлық жақта біледі, сыйлайды, құрметтейді. Минскіде де түскен актерлер бізден прокат жасайық деп ұсыныс жасап жатыр. Прокат жөнімен өзіміз көмектесеміз деп айтып жатыр. Ташкенттегі актеріміз де өздерінің прокатын сұрастырып көремін деді. Ол жағын көре жатармыз. Қазіргі таңда ең бірінші мәселе - осы түсірілген материалдан жақсы кино жасап шығару. Жалпы, кино үш рет түсіріледі ғой. Бірінші кино сценарий күйінде бір кино болады. Түсірілгенде шамалы өзгертіліп, екінші кино шығады. Монтаждан кейін үшінші кино шығады. Сол себепті қазір барлық күшімді монтажға салып жатырмын.

- Сәтін салып, барлық жұмыстар аяқталған соң, басқа қандай жобаны қолға алмақсыз? Режиссерлер үнемі ізденісте, үнемі ойда жүретін жандар ғой. Қазірдің өзінде жаңа жоба жайында ойластырып, жоспарлап қойған боларсыз. Біздің оқырмандармен де бөліссеңіз..

- Жаңа жоба туралы ешқандай ойым жоқ, расында айтайын. Қазір ең бастысы - осы «Қажымұқан» атты жобамызды дұрыстап, 100 пайыз жақсылап шығару. Одан кейін, бұйырса, көре жатармыз.

- Іске сәт! Сұхбатыңызға көп рахмет!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  режиссердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы