Размер шрифта:

Цветовая схема:

09 қыркүйек, 2021376

Қанымбек Қасымбеков – балалар киносының режиссері

Отандық кино тарихында ерекше қолтаңбасын қалдырған, өзі де  кино саласына ерекше жағдаймен келген бірегей режиссер бар. Ол – Қанымбек Қасымбеков. Оны кәдімгі киногер емес, балалар режиссері деп атауға әбден болады. Өйткені ол түсірген 8 сегіз қойылым фильмнің екеуі тарих тақырыбына бойласа, бірі жасөспірімдердің махаббатынан сыр шертеді. Ал қалған бес фильм кішкентай көрермендерге арналған. Қасымбеков өз картиналарында әрқашан балаларды адамгершілікке шақырады, ізгілікке үндейді.

Қанымбек Қасымбеков  1943 жылы Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Шиен селосында дүниеге келген. Ол Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайреткері, елімізде кинорежиссер әрі  сценарист ретінде белгілі.

Ол орта мектепті бітіргеннен кейін бір ауыз орысша білместен, «тәуекел» деп одақтың астанасы Мәскеуге аттанады. Киногер болуға талпынған жас жігіт  Бүкілодақтық мемлекеттік кинематография институтына (ВГИК) оқуға құжат тапсырып, емтиханнан өте алмай қалады. Алайда  Қанымбек келген еңбегім зая кетпесін деп, бір бейтаныс жігіттің кеңесімен институт ректорына жағдайын айтып кіруге  бекінеді. Алдына барған бозбаланың басынан-аяғына дейін шолып шығып, аз ғана әңгімеден соң ректор оқуға қабылдайтынын айтады. Солайша болашақ режиссер емтихансыз кеңестік киногерлер Григорий Наумович Чухрай мен Владимир Вячеславович Белокуровтың шеберханасына оқуға түседі. Жарты жыл дегенде орыс тілін жетік меңгеріп, 1969 жылы институтты үздік дипломмен бітіріп шығады. Кейін Қасымбеков әлгі ректормен қайта жүздесіп, одан өзін неліктен сынақсыз оқуға қабылдағанын сұрайды. Сонда оқу орнының басшысы: «Үсті-басыңды көзбен сүзіп тұрып, аяғыңдағы соғыс жылдарындағы ескі етіктің тап-таза жылтыраған кейпіне қарадым да, «Аяғын сыйлаған адам, басын да сыйлайды» деген ойға қалдым. Сол үмітім мені алдамады», – деген екен.

Қанымбек Қасымбек қазақтың кино өнерінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, мансап жолында сегіз толықметражды фильм мен бірнеше деректі фильммге режиссерлік еткен. Сондай-ақ өзі түсірген «Қоштасқым келмейді» (1992), «Последняя лисичка» (1990) көркем фильмдеріне сценарий жазған. Режиссер қойылым фильмдерінің біразын жас көрермендерге арнап түсіріп, елімізде балалар киносының дамуына айтарлықтай үлес қосты.

«Шоқ пен Шер» (1971)

Қанымбекті сынақсыз оқуға қабылдаған ректордың артқан үміті шынымен де ақталғаны режиссердің алғашқы фильмінен-ақ белгілі болды. ВГИК-ті бітірген соң «Қазақфильмде» жұмыс істеуге  жолдама алған жас киногер өзінің дебюттық фильмін 1971 жылы түсірді. «Шоқ пен Шер»  – балаларға арналағн шытырман оқиғалы фильм. Оның сценарийін әйгілі режиссер Сатыбалды Нарымбетов жазған. Қасымбеков алғашқы толықметражды картинасына бас оператор ретінде Виктор Осенниковтоі, қоюшы-суретші ретінде Виктор Ледневті, ал кинотуындыға әсем әуен жазатын композитор ретінде Дүнгенбай Ботбаевты шақырған.

Кинотуындының сюжеті бойынша, Шер – көп ауылдардың бірінде тұратын қарапайым бала. Ол өзінің құлыны болуын армандайды. Бір күні олардың қолындағы жылқы құлындайды. Ол жанураға Шоқ деген ат қойып, оны өзінің нағыз досына айналдырады. Құлын мен баланың бір-біріне бауыр басқаны сондай, бір-бірінсіз өмір сүре алмайтындай көрінеді. Бірақ Шердің ағасы айғыр болған жануарды сатуға мәжбүр болады.  Алайда бала досын қатты сағынып, оны іздеуге аттанады.

Орыс тілінде түсірілген 63 минуттық кинофильмнің басты рөлдерін сомдауға Талғат Үкімов (Шер), Қамбар Уәлиев (Ғалымжан), Тамара Қосубаева (Шердің анасы), Гүлзипа Сыздықова (Ғалымжанның әжесі), Нұрқанат Жақыпбай (Шердің ағасы Тұрсын) секілді актерлер тартылған.  Картина өзінің шынайылығымен балалардың да, ересектердің де көңілінен шыға білді. Сондай-ақ оны кәсіби кино мамандары да жоғары бағалады. Ол 1972 жылы Монте Карлодағы халықаралық кинофестивальде «Үздік балалар фильмі» атанып, «Күміс нимфа» сыйлығын иеленді. Бұл сол кезде енді аяқтанып келе жатқан қазақ киносы үшін айтарлықты жүлде болды. Одан бөлек, фильм 1973 жылы Ташкентте өткен Бүкілодақтық телевизиялық фильмдер кинофестивалінде КСРО Кинематографистер одағының сыйлығына ие болды. Сонымен қатар, 1974 жылы режиссер Қанымбек-Кано Қасымбековке «Шок пен Шер» фильмі үшін Қазақстанның Ленин комсомолы сыйлығы табысталды.

 «Сен 12-ге толғанда» (1978)

1979 жылы «Қазақфильм» киностудиясында жарыққа шыққан балалр фильмі – Қанымбек Қасымбектің екінші толықметражды картинасы. Ол Марат Қабанбаевтың «Бақбақ басы толған күн» атты повесінің желісімен түсірілген. Әдеби шығарманы кинотуындыға лайықтап жазып шыққан сценарий авторы – Валентина Саввина. Кинотаспаның операторлары ағайынды Әубәкір Сүлеев пен Болат Сүлеев болса, фильмді музыкалық композициямен сүйемелдеген Виктор Горянин болды. Қоюшы-суретші ретінде режиссердің алғашқы картинасында жұмыс істеген Виктор Леднев тартылды.

Картинаның сюжеттік желісі бойынша, бесінші сынып оқушысы Заманбек таулы қазақ ауылында тұрады. Өзі ақын, өлең жазатын, мінезі қызық бала. Ол Марк Твеннің «Том Сойердің шытырман оқиғалары» кітабына қызығып, Бекки сияқты дос тапқысы келеді. Осы кітапқа негізделген мектептегі қойылымда Заманбек Том Сойерді сомдайды, ал Беккидің рөлі әдемі қыз Кәтешке бұйырады. Алайда Заманбектің армандары орындалмайды: Кәтеш онымен дос болғысы келмейді, ал мектепке келген кинотоп қызды фильмнің түсіріліміне қатысу үшін ауылдан алып кетеді.

64 минуттық фильмнің түсіріліміне Ұран Сарбасов, Олжас Оразымбетов, Лейла Жұмалиева, Әубәкір Исмаилов, Раушан Әуезбаева, Әлімғазы Райымбеков, Ирина Дитц, Шаймерден Хәкімжанов, Раиса Мұхамедиярова, Тамара Қосубаева, Раушан Мұқашева, Айтжан Айдарбеков, Күләй Мұраталиева секілді актерлер қатысты.

Картина 1978 жылы Бакуде болып өткен бүкілодақтық кинофестивальдің дипломы мен сыйлығын жеңіп алды. Аталған фильм кішкентай балалармен қоса, үлкен адамдарға да тамаша көңіл күй сыйлай алады.

Орыс тілінде түсірілген кинотуынды бүгінде YouTube платформасында «Советское телевидение. ГОСТЕЛЕРАДИОФОНД» арнасында қолжетімді.

«Қызыл отау» (1982)

Қанымбек Қасымбеков «Қызыл отау» тарихи драмасын 1982 жылы КСРО Мемлекеттік телерадио хабарларын тарату компаниясының тапсырысы бойынша «Қазақфильмде» түсірді. Бұл фильмде режиссердің қоюшы-суретші ретінде алдыңғы екі картинаның да визуалына, декорациясына жауап берген Виктор Ледневті сенімді серіктесіне айналдырғанына куә боламыз.  Ұжымдастыру мәселелерін көтеретін кинотуындының сценарийін Сәкен (Сатыбалды) Нарымбетов пен Смағұл Елубаев жазған. Ал оператор ретінде Әубәкір Сүлеев шақырылса, тарихи драмаға әуен жазуды күйші-композитор Нұрғиса Тілендиев өз жауапкершілігіне алған.

Фильм оқиғасы Кеңес өкіметінің Қазақстандағы алғашқы жылдары туралы баяндайды және Қазақстанның ең шалғай бұрыштарына жаңа мәдениет әкелген 20-шы жылдардағы үгітші-пропагандистерге арналған. Сюжет бойынша, «Қызыл отау» деп аталатын үгіт бригадасы түкпірдегі ауылдардың біріне барады. Сол кездері ұжымдастыру кезеңі жүріп жатты, сондықтан бригаданың міндеттеріне тек үгіт-насихат емес, ауыл өмірін өзгерту де кірді. Бірақ тұрғындар туған ауылдарын колхозға айналдырғысы келмеді, ал кейбіреулер бұдан тіпті қорықты. Олар қысымнан құтылып, қашуға тырысты, алайда үгіт бригадасы мүмкіндік берген жоқ.  

Сыншылар «Қызыл отау» көтерген тақырыптың өткірлігін көрсете отырып, картинаны жоғары бағалады. Ол кезде ұжымдастыру мәселесі проблема емес, мақсат еді. Жалпы, көптеген қазақ фильмдеріне тән ерекшелік бұл туындыда да көрініс тапты. Түсірілімге тек кәсіби актерлер ғана емес, қарапайым балалар, шаруа адамдары  қатысты. Тарихи тұлғалардың кейпіне ену үшін фильмге Нұрлан (Нұрлыбай) Есімғалиев, Т.Айтқожанов, Гүлнара Дусматова, Жан Байжанбаев, Нұржұман Ықтымбаев, Мұхтар Бақтыгереев, Мейір Қашағанов, Т.Пірімжанов, Е.Чалданбаев, Г.Дынбаевалар шақырылды.

Салмақты мәселелерді көрсететін тарихи фильмді «Қазақфильмнің» YouTube арнасынан тамашалауға болады.

«Ұш, тырнашым, ұш» (1985)

Өзінің төртінші толықметражды картинасын Қанымбек Қасымбеков Талғат Қазыбековпен бірлесе 1985 жылы түсірді. Балаларға арналған телевизиялық фильм әдеттегіше Шәкен Айманов атындығы «Қазақфильм» киностудиясының қолдауымен жасалды. Сценарий авторы Тынымбай Нұрмағамбетов, ал оператор Әубәкір Сүлеев болды. «Қызыл отау» картинасын музыкамен сүйемелдеген Нұрғиса Тілендиев осы фильм үшін де композициялар жазып шықты. Бұл фильмде киногер басқа суретшімен жұмыс істеуді көздеп, фильмнің қоюшы-суретші қызметін Рафик Каримовке тапсырған.

Фильм сюжетіне сай, 3-сыныпта оқитын Тұяқ – отбасының кенжесі, ол ата-әжесімен тұрады.  Өзінен үлкен ағасымен болмашы нәрселер үнемі тіл табыса алмай қалады. Ол аңшы атасын қатты жақсы көреді, оның әңгімелерін ықыласпен тыңдайды, сұлулықты бағалай біледі. Қарт аңшы Тұяқты қоршаған табиғатпен таныстырады. Бала жануарлардың өмірі туралы кітаптар жинайды. Бірде атасы мен немересі әлсіреп, үйірінен адасқан тырнаны жолықтырады, бірақ құсты тастап кетуді шешеді. Бала әділдік сезіміне сүйене отырып, үлкендер қате деп түсіндірген істерді жасайды.

Алпыс үш минутқа созылатын картинаның басты рөлдерінде М.Тайжанов, Е.Сатбаев, Нұрмұхан Жантөрин, Күләй Мұраталиева, Жанна Қуанышева, Нұрлан (Нұрлыбай) Есімғалиев секілді актерлер ойнап шықты.

«Соңғы түлкі» (1990)

Қанымбектің шығармашылығы 1990 жылы балаларға арналған тағы бір тамаша туындымен толықты. «Соңғы түлкі» деп аталатын кинотаспаның сценарийін режиссер өзі жазған. Фильмді жасау барысанда Қасымбеков оператор ретінде Марат Тохтабақиевпен, композитор ретінде Әсет Бейсеуітовпен жұмыс істейді. Ал картинаның қоюшы-суретшісі Жанатбек Жұқыпов болды. Басты кейіпкерлердің рөлдерін Бағдат Раисов, Мақил Құланбаев, Т.Пірімжанов, Ғазиза Әбдинабиева, В.Қожахметов, Тамара Қосубаева секілді актерлер сомдады. 1991 жылы шілдеде Мәскеуде тұсауы кесілген кинотуынды «Эдельвейс» компаниясымен түсірілді.

Сюжет бойынша, жазғы демалыс кезінде Дәнімбек әдеттегіше атасы мен әжесінің аулына қонаққа келеді. Ол есейген, бұрынғыдай емес, бұл жолы ескі қалпақпен есекке мініп қарсы алатын атасы үшін басқаларда ұялады. Бірақ бір күні олардың қақпанына түлкі  түседі. Дәнімбектің бейшара аңға жаны ашып, оны босатып жібереді. Оның өмір сүргенін қалайды. Бұл туралы ол өзіне жаңа бас киімге тапсырыс беру үшін кеткен атасына айтуға асығады.

«Қоштасқым келмейді» (1992)

Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы «Мирас» шығармашылық бірлестігімен бірге түсірген драма – Қанымбек Қасымбековтың  жасөспірімдер арасындағы махаббат тақырыбын қозғайтын тамашы туынды.  Сценарийді  Қалдырбек Найманбаевтың аттас туындысының желісі бойынша режиссердің өзі жазып шықты. Кинотаспаны камераға Әубәкір Сүлеев пен Болат Сүлеев түсірген. Картинаға қоюшы-суретші ретінде Нұрболат Сұрапбергенов атсалысқан. Фильмге композиторлық еткен Марат Омаровтың «Алғашқы махаббат» әні жас-кәрінің махаббат мелодиясына айналып кетті.

Сюжет бойынша, Нұрсейіттің әкесі соғыстан кейін көп ұзамай майдандағы ескі жарақатының асқыну салдарынан қайтыс болады. Анасы күйеуінің досының аулына көшіп, оның үйінде тұруға шешім қабылдайды. Бірақ Нұрсейіт әкесінің үйін тастап кетпеу үшін бөтен жерге барғысы келмейді. Ол өзінің алғашқы жастық махаббатымен дәл осы ауылда кездесетінін білмеген еді. Нұрсейіт жаңа қонысқа келген соң, әкесінің досының жалғыз қызы – Әйгерімге ғашық болады. Бойжеткеннің құлағы естімейді, сәйкесінд\ше сөйлей алмайды да. Жас жігіт Әйгерімді дәрігерлерге көрсетіп, оның ауруынан айықтыруды армандайды. Басты кейіпкерден бөлек,  жетім бала Тоғанбай да қызға ғашық. Жастар өз сезімдерін ән мен домбыра арқылы білдіреді.

Нұрсейіт рөлі –МузАрт музыкалық тобының мүшесі, белгілі әнші Мейрамбек Беспаевтың дебюттік жұмысы. Музыкалық талант актерге өзінің сезімін ән арқылы жеткізіп, ұлттық аспап – домбырада ойнайтын ғашық жігіттің бейнесін сомдауға  көмектесті. Актриса Назира Бақаева саңырау Әйгерімнің рөлінде ойнады, ол фильмдегі образдың тереңдігін сөзсіз жеткізе білді. Олардан бөлек картинада Есдәулет Тарпанбаев, Дариға Тілендиева, Нұрлыбай Есімғалиевтер актер ретінде бой көрсетеді.

Жетпіс минуттық сезімге толы әрі мейірімді фильм 1992 жылы жарық көріп, көптеген көрерменнің көзайымына айналды.

«Саған күшік керек пе?» (1994)

Ауылдың күнделікті тірлігін балының көзқарасымен бейнелейтін фильм – Қанымбек Қасымбеков түсірген ең тартымды туындылардың бірі. Картинаның сценарийінің авторлары режиссермен бірге Смағұл Елубаев пен А. Амзеев болды. Операторы – Марат Тоқтабақиев, композиторлар –  Қуат Шілдебаев пен Бейбіт Дәлденбай болды. ал фильмнің суретін қою қызметі Марат Иманбергеновке жүктелді. Қазақтілінде Шәкен айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсірілген кинотуындының басты рөлдерін Азамат Омаров, Атагельды Смайылов, Тамара Қосубаевалар сомдап шықты.

Фильм адамның ең жақын досы – иттерге қамқорлық пен адамшылық тақырыбына арналған. Сюжеттің басты кейіпкері – атасы мен өзінің жаңа достарына қонаққа келген қала бала Азамат. Көптеген балалар сияқты, Азамат та қаңғыбас жануарларға бей-жай қарамайды. Бір күні ол көшеден өзімен ойнағысы келген үш күшікті тауып алады. Бала «жүнді» жолдастарын үйіне апаруды шешеді, бірақ ересектер оның бұл әрекетін мақұлдамайды. Әсіресе, жаңа достар аяқ киімдерді әрі-бері бері сүйретіп, бірте -бірте үйдегі жайлылықты ретсіздікке айналдыра бастағанда, мәселе ушыға түседі. Атасы немересінен тез арада күшіктерден құтылуды талап етеді. Ол баланың қамқорлығынсыз күшіктер қиналып, тіпті өліп кетуі мүмкін. Кішкентай адамның үлкен жүрегі бұған жол бере алмайды.

Режиссер бұл мейірімге толы отбасылық картинаны 1994 жылы тым қысқа уақытта – 15 күн ішінде түсіріп шықты. Алайда фильм он жылдан кейін ғана көрермендерге жол тартты. Шыға сала көпшіліктің де, киносыншылардың да көңілінен шыққан туынды елу тоғыз минутқа созылады. Ол 2004 жылы «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «Балалар тақырыбын үздік көрсеткені үшін» сыйлығына, сол жылы  Ресейдің Сочи қаласында өткен «Кинотавр» халықаралық балалар кинофестивалінде «Ең мейірімді фильм үшін» арнайы сыйлығын жеңіп алады.  

«Жамбылдың жастық шағы» (1996)

 «Жамбылдың жастық шағы» картинасы Қасымбековтың тарихтан сыр ақтаратын екінші фильмі болғанымен, биография жанрына жасаған алғашқы талпынысы болды. Бұл картинада жүз жылға жуық ғұмыр кешкен қазақтың ұлы жыршысы, өзінің дарыны мен таланты үшін 1941 жылы екінші деңгейлі Сталин сыйлығына ие болған  Жамбыл Жабаевтың өмірі суреттеледі. Алайда әзірге оның халық сүйіспеншілігіне бөленетін кезі алыс, мұнда көрермен оның халық ақыны атанғанға дейінгі кезеңі – ақындық таланты енді таныла бастайтын балалық шағына үңіледі. Жас бала өлеңді тамаша орындап, ол әндерін домбырамен сүйемелдеп отыратын. Ал жасөспірім шағында Жамбыл өзі де әндеріне сөз жаза бастайды.

Сондай-ақ фильмде қазақ даласында өмір сүретін халықтың өмірінен сыр шертіледі. Оқиға ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында өрбиді. Көрермен мұнда қазақ халқының салт-дәстүрлерімен таныса алады. Дей тұрғанмен кинолентаның басты тақырыбы –ақынның өмірі. Картинада басқа дереккөздерінде айтылмайтын қызықты фактілер көрініс табады. Кинотуындыға нағыз бірегейлік беретін де солар болмақ.

Кинотуындыны  әуенмен әрлегендер Дүнгенбай Ботбаев пен Бейбіт Дәлденбаев болса, операторлары Әубәкір Сүлеев, Болат Сүлеевтер болды. Картинадағы бас рөлдерді Мұхамеджан Тазабеков, Гүлмира Иманғалиева, Нұржұман Ықтымбаев, Советбек Жұмаділов, Гүлжамал Қазақбаева және тағы басқа актерлер сомдады. Ұлы ақынның 150 жылдық мерейтойына арналған фильмнің сценарийін жазған Мырзатай Жолдасбеков жазды. Фильмді жасауға Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы атсалысты.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы