Размер шрифта:

Цветовая схема:

17 наурыз, 2021534

Қазақ киносындағы әйел бейнесі

Әйел адамның көркем мінезі мен нәзіктігі, айдай сұлулығы мен әсемдігіне қарамастан, бойында ұштасқан батылдығы және қайсарлығы көптеген шығармалар мен жырларға сүйеу болған.

Отандық кино саласында да әйел рөлі мен бейнесі ерекше. Алайда, киноиндустрияның бастапқы кезеңінде көрсетілген әйел образының маңыздылығы ескерілмей жатты. Көбіне әйел рөлінде басты кейіпкер – ер адамның сүйіктісі немесе сол секілді маңыздылығы аса ірі емес образдар болатын. Бірақ,  қазір дамып келе жатқан Қазақ кино индустриясында әйел образдарының жеке тұлға ретінде мәні мен маңыздылығы жоғары. Тарихта өткен ұлы тұлғалар мен отбасының ұйытқысы бола білген асыл аналар туралы, сол кейіпкерлердің оқиғасы жайлы түсірілетін туындылар көптеп шығуда. Қазіргі Қазақ киносындағы әрі жарқын, әрі есте қаларлық әйел бейнесі қандай? Нәзік жанды қыз-келіншектер мен аяулы аналарымыз туралы түсірілген  фильмдердің тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

«Томирис»

Режиссер Ақан Сатаевтың «Томирис» атты кинотуындысы ежелгі сақ дәуіріндегі Тұмар патшайым жайында түсірілген кино.  «Томирис» картинасында Қазақстан аумағында екі жарым мың жыл бұрын болған тарихи оқиғаларды суреттейді. Кинокартинаның сюжеті бойынша, Томирис сақ – массагет тайпаларының әскерін басқарып, өз жерін парсы патшасы Кирден қорғап шығады.

          «Томирис» туындысының сценарийін жүзеге асырған Тимур Жақсылықов.  Фильмде басты рөлдерді Альмира Тұрсын және отандық көптеген киноларда бой көрсетіп жүрген талантты актерлер Әділ Ахметов, Еркебұлан Дайыров, Берік Айтжанов және тағы да басқа киногерлер сомдаған. Киноның қызықты фактісіне келетін болсақ, Томирис ханшайымның рөліне 20 мыңға жуық бойжеткен қыздар кастингке қатысқан.  Оның ішінде қазақ киносында белгілі дарынды актрисалар да бар. Олар: Әсел Сағатова, Қарлығаш Мұхамеджанова, Бибігүл Сүйіншалина және Аружан Джазилбекова сияқты актрисалар бар. Сонымен қатар, фильмде көрсетілген шайқастар мен трюктер де назардан тыс қалмады. Мұндай жауапкершілігі мол жұмыс үшін халықаралық Nomad каскадерлік клубы жауапты болды. Каскадердің үйлестірушісі Жайдарбек Күнғожинов фильмдегі жұмысы үшін Бүкіләлемдік каскадерлер академиясының «Таурус» сыйлығына ұсынылған болатын. Бұл - әлемдегі осы саланың ең беделді сыйлығы.  Кинолентаның премьерасы 2019 жылы өтті.

                                  «Анаға апарар жол» / «Дорога к матери»

«Анаға апарар жол»  режиссер Ақан Сатаевтің көркем драмалық туындысы. Картинаның негізгі сюжеті бас кейіпкердің басына түскен қиын сынақтардан өтуі суреттеліп, анаға деген үлкен махаббаттың, оның күші туралы оқиға бейнеленеді. Оқиға желісі қазақ халқының ауыр кезеңдері ,Ұлы Отан соғысы, қайғы әкелген жұтты, сонымен қатар соғыстан кейінгі Қазақстанның қиын кезеңдерін сипаттайды. Аналық махаббат, басты кейіпкерге ауыр сынақтардан аман есен қалуына үлкен күш беріп , басты мотивация болады. Картина аяулы ана образын әсерлі әрі аналық махаббатты керемет жеткізіп, қазақ киносындағы әйел бейнесінің қайсар әрі рухты мінезді екенін бейнелейді . Ауыр қиындықтарға қарамастан, аналық махаббаттың, әйел табиғатында бар баласына деген ерекше махаббат сезімінің күші туралы түсірілген туынды. Анасының көп жылдар бойы баласын сағынып, үмітін үзбей, күтуі, ержүрек, батыл әрі төзімді мінезі бар әйелдің тағдыры көптеген адамдарды шабыттандыра алады.

Фильмнің сценарийін жазған Тимур Жақсылықов. Басты рөлді сомдаған Әділ Ахметов өзінің «Астана — любовь моя», «Ради будущего», «Цена свободы» сияқты рөлдерімен танымал. Туындыда аяулы ана рөлін ойнаған актриса Алтынай Нөгербек  «Жұлдыздар тоғысқанда» ,  «Алтын Орда», «Жан жүрегім – Астана!» сияқты киноленталарда рөл сомдаған болатын. Сонымен қатар, фильмде Аружан Джазильбекова, Берік Айтжанов, Болат Әбділманов сияқты актерлер рөлдерін ойнап шықты. Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмі Бішкекте өткен VI «Ақ Илбирс» ұлттық киносыйлығының салтанатты рәсімінде Орталық Азиядағы ең үздік кино ретінде танылған.

         «Мариям»

«Мариям» фильмінің басты кейіпкері қойшының әйелі және төрт баланың анасы.  Күйеуі жоғалғаннан кейін,  далада қыс бойы жалғыз өзі қалып қойып, тіршілігін жалғастырады. Ол өмірдің барлық қиындықтарына жалғыз шыдауға мәжбүр болады. Бұл оқиға оның тағдырында маңызды шешім қабылдауға әсер етеді. Басты рөлді Меруерт Сабуссинова ойнайды, ол басты кейіпкердің прототипі.Туындының режиссері мен сценаристі болған Шарипа Оразбаева оның оқиғасымен шабыттанып, кино түсіреді. Туынды Локарно, Торонто, Пусан сияқты қалалардың кинофестивальдердің көрермендеріне көрсетілді. «Мариям» киносы Францияның Везуль қаласында  Le cyclo d’or 2020 Vesoul International film festival of Asian cinemas кинофестивальінде Гран-приді жеңіп алды.

                       «Мәншүк туралы дастан» / «Песнь о Маншук»

Кеңес Одағының батыры - Мәншүк Мәметованың ерлігі туралы түсірілген оқиға. Картинада Мәншүк пен оның жолдастарының жауынгерлік өмірінен бір күн баяндалады. Мәншүк Маметова аты аңызға айналған батыл әрі ержүрек жауынгер . Жас кезінде ата анасыз қалып, соғысқа өз еркімен аттанады. Соғыс басталғалы небәрі 18 жасында болған Мәншүк сол уақытта медициналық институтта оқыған еді.  Киноның режиссері Мәжит Бегалин болды. Фильмде бас рөлдерді Наталья Арынбасарова, Никита Михалков, Иван Рыжов, Юрий Саранцев сияқты актерлер сомдайды.Наталья Арынбасарова өзінің  «Джамиля», «Спокойный день в конце войны» , «У старой мельницы» сияқты туындыларда өзінің рөлдерімен танымал.  Ф ильмдегі басты рөлі үшін актриса Наталья Арынбасарова 4-ші Бүкілодақтық кинофестивальдің наградасымен марапатталады. Сценарийін жазған Андрей Кончаловский. Кинолентаның премьерасы 1969 жылы өтті.  

     «Қыз-Жібек»

Қыз- Жібек туралы аңыз қазақ эпосының інжу-маржаны. Қазақ киносының классикасына айналған « Қыз-Жібек» туындысы сұлу қазақ әйелдерінің эталонына айналған образды бейнелейді. Фильмнің сюжеті ержүрек жауынгер Төлеген мен Жібектің махаббат хикаясы туралы баяндайды. Батыр әрі ержүрек жауынгер Төлеген әкесінің қалауына қарсы,  Сырлыбай руының қызы Жібекті өзінің қалыңдығы етіп алғысы келеді. Бір-бірін сүйетін жандардың жолында көптеген қиындықтар пайда болады. Махаббат үшбұрышында, Бекежан атты кейіпкердің кесірінен оқиға қайғылы аяқталады. Картинаның режиссері Сұлтанахмет Қожықовтың «Если бы каждый из нас» , «Чинара на скале», « Знай наших!» сияқты киноларымен танымал. «Қыз Жібек» фильмі режиссер Сұлтанахмет Қожықовты 1971 жылы тек Қазақстанда ғана емес, сонымен қатар КСРО-да және одан тыс жерлерде де танымал қылды.  Кино музыкасының авторы Нұрғиса Тілендиев , ән өлеңдерін Қадыр Мырза Әлі жазды. Кинолента 1972 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығына ие болды. Фильм премьерасы 1971 жылы жарыққа шықты. «Қыз Жібек» киносының режиссері Сұлтанахмет Қожықов,  сценарий авторы Ғабит Мүсірепов, басты рөлдерді сомдаған актерлер Меруерт Өтекешова, Құман Тастанбеков, Асанәлі Әшімов Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.            

   «Жаужүрек мың бала» /«Войско Мын Бала»

Қазақ-жоңғар соғысы туралы түсірілген қазақстандық режиссер Ақан Сатаевтың фильмі. Кинотуындының тұсауы Қазақстанда 2012 жылы кесілді. Кино қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен  XVIII ғасырдың бірінші жартысын қамтиды. Фильм сюжетінде елі,жері үшін күрескен қайсар мінезді Сартай батыр мен жас сарбаздардың соғыста ерлігі туралы баяндалады. Жоңғарларға қарсы соғыста ерлермен бірге шайқасқан Қорлан атты әйел образы туған жерін қорғау үшін күш жігерін аямай, өмірін беруге дайын батыл,ержүрек мінезді кейіпкер. Қайсар рухты Қорлан елі үшін қатыгез күресте барлық қиындықтарды жеңуге дайын. Сценарий авторлары Жайық Сыздықов, Мұхамед Мамырбаев,Тимур Жақсылықов. Басты рөлдерді Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген ,Құралай Анарбекова,Тілектес Мейрамов, Әлия Телебарисова сияқты актерлер сомдады. Басты  рөлді сомдаушы Асылхан Төлепов «Балалық шағымның аспаны», «Шыңырау» сияқты картиналарымен халық назарын аударған болатын. Қорлан рөлін жоғары деңгейде ойнап шыққан Құралай Анарбекова «Брат или Брак» , «Ва-банк» сияқты киноларымен танымал.  

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы