Размер шрифта:

Цветовая схема:

31 қазан, 2021408

Қазақтан шыққан тұңғыш аниматор кім?

Қазақ анимация өнерінің негізін қалаушы, мультипликатор – Әмен Қайдаров. Режиссер әрі суретші Әмен Әбжанұлы ұлттық мультфильмдердің қалыптасуы мен дамуы үшін бүкіл ғұмырын арнаған. Қазақ халқы осынау ардақты ұлымен мәңгі мақтанады. 92 жасына дейін отандық анимация өнерінің дамуы мен жандануына өлшеусіз үлес қосты. Мультфильм арқылы адамның тамаша жарқын ойларын іске асыруға болады. Ә. Қайдардың «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы», «Қырық өтірік», «Айна күн», «Құйыршық» т.б. атты мультфильмдері еліміздің ұлттық мәдени рухани қазынасына қосылған қомақты дүниелері бар. 

Әмен Әбжанұлы Қайдаров 1923 жылы  Қарағанды облысы Нұра ауданында туған. Оның өмір жолы Ұлы Отан соғысы жылдарынан бастау алады. Ол  10-шы сыныпты бітірісімен, өз еркімен сұранып, бірден қан даласына аттанады. Сосын, Оңтүстік—Батыс, Дон, Сталинград шайқастарына, Бірінші Украин майданына қатысып, Корсунь-Щевченко қарулы тобымен соғыста ауыр жарақат алып, бірнеше жыл госпитальдерде жатып шығады. Үйге оралған кейін, сол кездері қазақ жерінде сирек кездесетін мамандықтың бірі суретшілікті таңдайды. Әмен Әбжанұлы 1946–1950 жылдары Алматы театр және көркемсурет училищесіне оқуға түсіп, бітіріп шықты. Алғашқы еңбек жолын «Қазақстан әйелдері» журналының көркемдік редакторлығынан бастап, сонымен қатар, әзіл – сықақ «Ара» журналында, саяси графика саласында түрлі суреттер салып, қызмет атқарды. Жасы отыздан асқанда, білімін ары қарай ұштау үшін, Мәскеудегі Бүкілодақтық кинематографиялық институтының көркемсурет факультетіне оқуға түседі. Оқып жүріп, ол өзінің ең алғашқы мультфильм сценарийін жазды. Оның ұйықтаса түсінен, ойласа есінен кетпей жүрген мультфильмі «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» деп аталған еді.

«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?»

Әмен Қайдаров 1965 жылы ВГИК-ті бітірген соң, мен «Қазақфильм» киностудиясына жолдама алған. Студияның штатында мультипликациялық киноның суретшісі қызметі болмаған, сондықтан ғылыми-көпшілік фильмдерде жұмыс істеуге тура келді. Тағдыр қанша қинасада, көкейінде сақтаған, армандаған мамандығынан бас тартпады. Сол кездері суретші Әмен «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» атты сызбалы фильмнің сценарийін дайындаған. Алайда, техниканың болмауы, құрал-саймандардың жоқтығы режиссерді бұл ойынан айнытуға тосқауыл болмады. Ол ең алдымен Камал Сейтжанұлы Смаиловға кіріп бұл фильмнің жарық көруі керектігін айтқан. «Қазақфильм» киностудиясының басшылығы алғашқы сызба фильмді түсіруге келісім бермегеніп, арнайы бөлме үлестіріп, оған қоса, болашақ мультипликаторлар отыратын  жарығы бар үстөлдерге тапсырыс берілді. Осылайша, көптен бері ойда жүрген дүниені жүзеге асыру мүмкіндік туды. Артынша, қазақ киносының тарихындағы тұңғыш анимациялық топты ұйымдастыру жолындағы қыруар еңбек басталды. 1966 жылдың сәуір айында, «Қазақфильм» киностудиясының дирекциясы «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мульфильмінің сценарийін мақұлдады. Сценарий авторы, режиссер әрі суретші Әмен Хайдаровқа бәрін басынан бастауға тура келеді. Кәсіби кадрлер, өндірістік база атымен жоқ. Бұрын-соңды анимацияда жұмыс істемеген суретшілер анимациялық фильмнің қыр-сырын енді-енді үйрене бастады. Алғашқы туындының шығару жұмысына тура 1 жыл уақыт кеткен.
«Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» мультфильмі 1967 жылдың тамыз айында жарыққа шықты. Кино топтың бірінші фильмі болған соң, мультфильм еліміздің ірі киностудиясының фильмдерімен қатар көрсетіле бастады. Жаңа мультфильмді көрермен қауым жылы қабылдады, әсіресе, оның ішінде бүлдіршіндер үшін ең тамаша мультфильм болып шықты. Кезінде кеңестік кино шеберлері де жоғары баға берді. Кейін ол, Ленинград қаласында өткен 3–ші Бүкілодақтық кинофестивалінде жүлдеге ие болады. Сондай-ақ, 48 елде көрсетілді. 1975 жылы Халықаралық Нью-Йорк мультфильмдер фестивалінде «Қола Праксиноскоп» жүлдесін жеңіп алады. Көптеген жүлделерге ие болған қазақтың тұңғыш мультфильмінің үлкен жетістікке жетуінің құпиясы – ұлттық фольклордың негізімен үндесіп, халық музыкасымен қабысып жатуында болса керек. Қазақ мультипликациясы – Қарлығаш бейнесі ретінде әлемнің барлық құрлықтарын аралап, дүниежүзілік аренада өз орнын алды. Яғни, қазақ мультипликациясының тарихы осы қарлығаш туралы аңыздан басталады.
Айтулы мультфильмде сюжеттік көріністе ою ‑ өрнектерінің ұлттық стиль элементтері кеңінен пайдаланған. Графикалық мультфильм мен шығыс миниатюрасының ара қатынасындағы сабақтастық көзге айқын көрінеді. Бұл мультфильм өзінің лирикалық нақышымен көрерменді бірден баурап алады. Кинокадрлар бояулары нәзік және ашық. Рөлдерді сомдаушы кейіпкерлер оның ішінде: хайуанаттар мен адамдар, олардың әсем көрінісі үйлесіп жатыр. Ертегіде орын алған жайттардың бәрі бейнелеу, уақыт, композия арқылы бір-бірімен байланысып жатыр. Өкінішке орай, бұл фильм жақсылықпен аяқталмаған. Атап айтқанда, бір тамшы адам қанынан далаға гүлдер шықса, ал жерге түсіп жарылған Айдаһар денесінен кішкене жыландар жан–жаққа қашады. Ол – жамандық толық жоғалған жоқтығы айқындалып отыр. Ол бар, ол уақытша жеңіліс тапты. Жамандық қайтадан пайда болуы мүмкін. Сондықтан бұл мультфильмге хайуанаттар туралы дәстүрлі ертегі емес, балалар мен ересектерге бірдей қызық пәлсапалық маңызы бар мультфильмдік аңыз түрінде қарау керек.

Шығармашылығы: 

Айта кетсек, «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?», «Ақсақ құлан», «Қожанасыр – құрылысшы» мультфильмдері жанры мен орындалу тұрғысынан әртүрлі. Бірінші туындыда қарлығаш үш басты Айдаһармен күреседі, «Ақсақ құланда» ұлы жырау Кетбұғаның әуені су мен жылқының мультипликациялық бейнесінде Шыңғыс ханның әскерімен соғысып, жеңіске жетеді. Әрине, бұл күрес шынайы етіп көрсетілмейді, тек шартты түрде ғана. «Қожанасыр ­– құрылысшы» фильмінде дәлел кері жақтан келтіріледі. Еңбекке бейімделмеген адам ойға сыйымсыз үй салып, күлкіге қалады.
Анимация режиссері тек күлкілі, психологиялық тұрғыдан оңай мультфильмнен гөрі, көркем пәлсапаға толы фильм түсіргенді көп байқаймыз. Мысалы, әйгілі әзілкеш, өткір тілдің иесі Қожанасырдың бейнесін жасаған кезде жеңіл, ойнақы, комедиялық мультфильм жасаудан қашып, өзінің көркемдік ұстанымына берік болып қалады. «Қожанасыр – құрылысшы» фильмінде автор алдыңғы фильмдеріндегідей баяндаудан алшақтайды. Көгілдір экран бейнесінде оқиға шапшаң драматургия арқылы көрініс тапқан.  Әмен Хайдаровтың бұл осы заманауи мультипликацияның осы күрделі жанрындағы дебюті сәтті шыққан. Қоса кетсек, «Қожанасыр – құрылысшы» фильмі Тбилисидегі V Бүкілодақтық фестивальде кинематографиялық ізденіс үшін арнайы жүлдемен марапатталып, Загребтегі (ЮСФР) І Халықаралық мультфильм фестивалінде көрсетілді.
Талапты суретші ретінде, Ә.Хайдаров әрдайым бағындырған белесіне  қанағаттанбайды, сын көзбен жұмыстарына қарайтын болған. Үнемі ізденіс үстінде болу – оның шығармашылық ұстанымы. «Қырық өтірік» атты тың туындысы осының айғағы. Автор бұл фильмде үйреншікті ұлттық қазақ ауыз әдебиетіндегі бейнелерден алшақтауға тырысқан. «Қырық өтірік» фильмінде кейіпкерлердің мінез-сипаты әлдеқайда кеңейген – жай ғана жақсы бала емес, нақты Тазша бала, жай ғана зұлым хан емес, өзіндік сөйлеу мәнері, мінез-құлқы айқындалған, яғни, дараланған кейіпкер.
Ә.Қайдаров бастаған қазақ мультипликаторлары қазақтың өнерін дамытумен ғана шектелген жоқ. Олар бауырлас қырғыз, түрікмен және тәжік елдеріндегі тұңғыш мультфильмдерді жасауға ат салысып, шығармашылық қолдау көрсетті. Бұл кезеңді қазақ анимациясының «алтын дәуірі» деп атауға негіз бар. Өйткені Кеңес Үкіметі тұсында қазақ мультипликаторлары түсірген графикалық және қуыршақ фильмдердің саны жүзге жетіп, ғажайып туындылар қатары молайған еді. Мысалға, режиссер-суретшілер Ж.Дәненов пен Ұ.Қыстауовтың «Алпамыс батыр», «Айдаһар аралы», Е.Әбдірахмановтың «Тапқыштар», «Бозторғай», Б.Омаровтың «Үш шебер», «Қаңбақшал», Т.Мұқанованың «Жібек шашақ», «Қайшы», Қ.Сейденовтің «Тігінші мен ай», «Қадырдың бақыты» атты мультфильмдері – қазақ мультипликациясы тарихында жоғары бағаланған шығармаларға айналды.

Еңбекқор Әмен аға қазақ анимациясының болашағы жастар екенін әуелден аңғарып, шәкірт тәрбиелеу ісін жолға салды. Өнер академиясы жанынан Өнер факультетін, кейіннен анимация кафедрасын ашуға бастамашы болып, ұстаздық етті. Бүгінде қазақ киноөнерінде Ә.Қайдаровты ұстаз тұтқан режиссерлер легі жемісті еңбек етіп келеді. Бірақ оның қазақ ұлттық анимациялық студиясын ашу арманы орындалмай бақиға аттанды.
Мультипликация өнері ‑ өте күрделі еңбекті керек ететін үрдіс екені дәлел. Суретке жан бітіру – үлкен өнер. Қазақстанда мультипликациялық киноның негізін қалаған – Әмен Қайдардың шығармашылығына зер салғанда, оны сом тұлғалы суретші-күрескер деп тануға тура келеді. Оның өмір жолы, көрген қиындығы, мультипликация саласында тәрбиеленген шәкірттерінің табыстары – оның шығармашылығына тікелей қатысты. Бұл күндері мультфильм жасаушылар қазақ мультфильмдерінің атасы Әмен Әбжанұлы салған сара жолды әрі қарай жалғастырып келеді.

Туындылары: 

«Ақсақ құлан» (1968). 
«Қырық өтірік».
«Қожа Насыр - құрылысшы» (1971).
«Күн сәулесі» (1975).
«Лаула» (сценарий авторы, 1981).
«Сиқырлы кілем» (1981).
«Құйыршық» (1969).
«Тағдыр»
«Құйыршық» (1969).
«Жанар» (1972).
«Күн сәулесінен пайда болған көжек» (1975) атты мультипликациондық фильмдерді жасаған.

Марапаттары:

1980 жылы «Ақсақ құлан» (1968 жылғы), «Қожанасыр – құрлысшы» (1970 жылғы), (Қырық өтірік) (1978 жылғы) т.б мультипликациондық фильмдер топтамасы үшін «Қазақ КСРнің Мемлекеттік сыйлығы» лауреаты атанды;
1974 жылы «Қазақ КСРнің Еңбек сіңірген өнер қайраткері» құрметті атағы берілді.
1971 жылы КСРО-ның «Құрмет белгісі» Ордені;
1985 жылы КСРО-ның «Отан соғысы» Ордені;
КСРО-ның Бірнеше мерекелік және құрметті медалдарымен марапатталған.
2004 жылы «Жуков» атаныдағы медалі;
2005 жылы «Украинаны қорғағаны үшін» медалі және т.б
Тәуелсіз Қазақстанның марапаттары:
2001 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 10 жыл» медалі;
2002 жылы «Платинды Тарлан» сыйлығының лауреаты;
2003 жылы президент жарлығымен жоғарғы мемлекеттік марапат «Парасат ордені» берілді.
Қазақстанның көрнекті өнер мен мәдениет қайраткерлеріне берілетін мемлекеттік және президенттік степендиялардың бірнеше мәрте иегері.
2011 жылы «Қазақстан тәуелсіздігіне 20 жыл» медалі;
2012 жылы «Қазақстан Республикасының Мәдениет саласының Үздігі» құрметті төсбелгісі;
2012 жылы «Қазақстан Республикасының Ақпарат саласының Үздігі» құрметті төсбелгісі;
2012 жылы елбасының жарлығымен жоғарғы мемлекеттік марапат ІІІ дәрежедегі «Барыс ордені» мен марапатталды.
2013 жылы «Жыл адамы – Алтын адам» ұлттық сыйлығының иегері. Бірнеше «Құрмет» грамоталарымен марапатталған.
«Еңбек ардагері» құрметті медалімен марапатталған.

 

 

 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы