Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 қаңтар, 2021417

Қазақ тілінде 35-ші Disney-лік фильм жарық көрді

Өткен жылдың соңында Қазақстанда көптен күткен «Мулан» фильмінің қазақ тіліндегі тұсаукесері болып өтті. Бұл «Болашақ» корпоративтік қоры мен әріптес компанияларының қолдауы нәтижесінде мүмкін болды.  

1998 жылғы «Мулан» мультфильмінің ремейкін әлемдік көрермендер 2021 жылдың қыркүйегінде тамашалап үлгерген. Қазақстанға премьера елде кинотеатрлар ашылғанда жетті. Тек орыс тілінде емес, қазақ тілінде де көру мүмкіндігі туды. Алайда өткен жылдың соңында шыққан картинаны үлкен экраннан отандық көрермен ашық болған тек бірнеше қалаларда ғана тамашалай алды. Дей тұрғанмен, «Мулан» және Disney, Pixar, Marvel, Sony Pictures киностудияларының қазақ тіліндегі тағы 34 фильмін киносүйер қауым онлайн-кинотеатрлардан да көре алады.

Айта кеткен жөн, Disney фильмінде тұңғыш рет Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері өнер көрсетеді. Ол – актер, «Nomad Stunts» Халықаралық кәсіби каскадерлер тобының жетекшісі – Жайдарбек Күнғожинов. Картинада отандық каскадер «қасқырлар» жасағының қолбасшысын ойнаса, оның тобы Бөрі Ханның таңдаулы әскери жасағын сомдайды. Айта кетейік, Бөрі Ханның рөлін атақты американдық актер Джейсон Скотт Ли орындайды. Атап өту керек, Жа    йдарбек Күнғожинов пен оның жұлдызды командасы бүгінде бүкіл әлемге танымал. 

Жалпы «Мулан» фильмінің дубляжын жасауға Нұр-Сұлтан, Алматы және Қарағандыдан барлығы 60-тан аса кәсіби актер қатысты. Осылайша, азиялық текті атақты голливуд актерлері алғаш рет қазақ тілінде сөйледі. Муланды мемлекеттік тілде сөйлеткен қазақстандық актриса Жанель Мақажан болса, бас антагонист - Сяньнян сиқыршы актриса, әнші әрі жүргізуші Әйгүл Иманбаеваның дауысымен сөйледі. Әнші жобада бас кейіпкерді тұңғыш рет дыбыстап отыр. Осыған дейін ол 2019 жылы жарық көрген «Ойыншықтар хикаясы 4» фильмінің дубляжында атсалысты. Джейсон Скотт Лиді қазақ тілінде сөйлеткен танымал актер Асан Мәжіт болса, Джет Лидің дауысын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері және Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Боранбай Молдабаев салды. Ал, атақты актер Бақытжан Әлпейісовтің дауысымен актер Ма Цидің кейіпкері сөйлейді. Жалпы «Мулан» фильмінің дубляжына кәсіби актерлер ғана қатысқан жоқ. Алғаш рет фильмнің бас кейіпкерінің бірін танымал тележүргізуші Әйкерім Есенәлі дыбыстады.       

Музыкасына келсек, «Мулан» фильмінің саундтрегін қазақ тілінде әнші Гүлсім Мырзабекова орындады. Отандық әртістің бұл өнерін Disney студиясының желідегі ресми каналынан тамашалауға болады. Гүлсімнің орындауындағы «Адал. Батыл. Шыншыл» композициясы түрлі елдің интернет-қолданушылары арасында оң пікірге ие болуда. Айтпақшы, өлеңнің түпнұсқасын танымал әнші Кристина Агилера орындаған.  
 
«Біз үшін бұл жоба, бірінші кезекте, әр қазақстандықтың әлемдік киностудиялардың қазақ тіліндегі сапалы контентіне қолжетімділік құқығы болып табылады. Жобаның басты құндылығы – балалардың қазақ тілінде білімдерін шыңдай отырып, сүйікті анимациялық фильмдерін туған тілінде көруі», - деп атап өтті «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Динара Шайжүнісова.  
 
Естеріңізге сала кетейік, «Өзіңнен баста» - бұл шетелдік фильмдердің дубляжын жасау арқылы мемлекеттік тілді дамытуға бағытталған маңызды әлеуметтік жоба. 9 жыл бойы оның ұйымдастырушысы болып келген «Болашақ» Корпоративтік қоры осы уақытқа дейін 35 голливудтық картинаны қазақ тіліне дубляждаған. Жобаның арқасында қазақ тілі Disney киностудиясының 39-шы, ал Sony Pictures студиясының 7-ші тілі болды.   

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы