Кіру/ Тіркелу
«Қазақфильм» отандық кинотеатрларға қолдау көрсетуге дайын
Ш.Айманов атындағы қара шаңырақ қазақстандық кинотеатрларды қолдауға әзір екендіктерін жариялады. Осыған байланысты киностудия президенті Ақан Сатаев жуырда ірі отандық кинотеатрлар желісінің бірінің басшысымен жүздесті. Бұл туралы киностудия әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлады.
Басқосуда «Қазақфильмнің» биылғы жылы прокатқа шығуға дайын тұрған жаңа туындылар жайы сөз болды. Атап айтқанда, «Мұқағали» кинолентасы, Қазақстан мен Жапония елдерінің бірлесіп түсірген «Барымташылар. Уақыт жолдары», сонымен қатар осы жылдың желтоқсан айында премьерасы жоспарланып отырған Қасым хан жайындағы тарихи картинасы тілге тиек етілді. Бұдан бөлек, кездесу барысында «Қазақфильм» ленталарының ретроспективасын да прокатқа шығару ұсынылды. Онда қазақ киносының классикасынан бастап, соңғы жылдары түсірілген 50-ден астам фильм көрсетуді көздеп отыр.
«Қазақфильм» киностудиясының хабарлауынша, қарашаңырақ әлемдік кино қауымдастығы сияқты индустрияның толықтай қалпына келуі үшін кинотеатрлар жұмысының шектеулерін алып тастауын аса күтіп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, осы айдың басында Қазақстандық кинотеатрлар иегерлері қауымдастығы өз кинотеатрларын ақпаннан бастап жабуы мүмкін деген мәлімдеме жасаған еді. Оның себебін қауымдастық мүшелері прокатқа шығатын фильмдердің жоқтығымен түсіндірді. Мәселен, отандық көрермендер тарапынан сұранысы жоғары голливудтық картиналардың ғана емес, отандық фильмдер продюсерлері де премьераларын кейінге шегермек ниетте екендіктерін жеткізген.
Айта кетейік, Альянс құрамына елдегі бірқатар ірі кинотеатрлар желісі кірмейді. Сол себепті жұмыстарын да тоқтатпаймыз деп отыр.
Бір қуантарлығы, елімізде голливудтық туындылармен қатар бұл күндері отандық өнімге де қызығушылық артқан. Пандемияның салдарынан американдық релиздердің жоқтығы көршілес Қытай мен Ресей елдерінде де жергілікті контентке сұранысты күшейткенін көрсетеді.
Фото: @kazakhfim_official