Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 наурыз, 2021262

Қазақстан атынан «Оскар» кинопремиясына ұсынылған картиналар

Биыл Ел Тәуелсіздігіне 30 жыл толады. Осы уақыт ішінде Қазақстанның талай салалары - экономикасы, білімі, денсаулық сақтау, спорт, мәдениет және басқа да бағыттары қарыштап дамып, белгілі жетістіктерге қол жеткізді. Осы орайда отандық киноиндустрия да тоқтап тұрған жоқ. Қазақстандық талай картина жарық көріп, халықаралық кинофестивальдерден жүлделі оралған. Ал отыз жыл ішінде ең беделді «Оскар» киносыйлығына қанша отандық кинолента ұсынылған? Санап көрелік.

Жалпы Тәуелсіздікке дейін қазақстандықтар Американдық киноакадемияның ең көне әрі ең беделді «Оскар» кинопремиясына алғаш рет сонау 1974 жылы қадам жасады. Ол кезде сыйлықтың «Шетел тіліндегі үздік фильм» номинациясы үшін жазушы Мұхтар Әуезовтың «Көксерек» әңгімесінің желісі бойынша түсірілген «Көксерек» картинасы ұсынылған екен, бірақ фильм Қазақстан емес, КСРО атынан жіберілген. Кинолента «Қазақфильм» киностудиясында түсірілсе де, картина режиссері қырғыз азаматы Толомуш Өкеев болды. Фильмде қазақ және қырғыз актерлері өнер көрсетті. Дей тұрғанмен, картина «Оскардың» бірде-бір қысқа тізіміне іліне алмай қалған. «Оскарға» деген келесі қадам 1986 жылы жасалды. Бұл жолғы картина «Қазақфильм» мен «Мосфильмнің» «Чужая белая и  рябой » атты бірлескен еңбегі еді. Фильм режиссері Сергей Соловьев болды. Картина осы жолы да КСРО атынан ұсынылды, алайда тағы да сәтсіздікке ұшырады – фильм бірде-бір шорт-параққа енбеді.  

«Оскар» сыйлығына алғаш рет жеке мемлекет ретінде Қазақстан тек тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы ғана қатыса алды. Дегенмен ұсынылған картиналардың басым көпшілігі қазақстандық және басқа да елдердің бірлесіп түсірген жемісі еді.

«Отырардың күйреуі»/«Гибель Отрара»

Өндірісі: «Қазақфильм» киностудиясы
Жылы: 1991
Жанры: тарихи драма
Режиссері: Ардақ Әмірқұлов
Актерлер: Дохдурбек Қыдыралиев, Болот Бейшеналиев, Тұңғышбай Жаманқұлов, Қасым Жақыбаев

1991 жылы Қазақстан «Оскарға» ресейлік Алексей Герман мен Светлана Кармалитаның сценарийлері бойынша режиссер Ардақ Әмірқұлов түсірген «Отырардың күйреуі» картинасын ұсынды. Бұл тарихи кинолентада түрік хандығының билік үшін күрес кезінде монғол шапқыншылықтарына  бірнеше рет ұшыраған тұстар, яғни ХІІІ ғасырдағы оқиғалар суреттеледі. Осы кездері Шыңғысханның әскері мұсылман әлемін сәтті жаулап алып жатты. Бұқара, Тараз және басқа да қалалар небары бір күннің ішінде күйреді. Отырар шағын қаласы болса, айтарлықтай ұзақ мерзім – алты ай бойы қарсыласты. Қорғанысты ұстап тұрған қыпшақ тайпасы Отырарды ен жайлаған даланы да, туған шаһарларын да қорғап, тойтарыс беруге тырысты. Көне Отырарды жау шапқыншылығынан ерлікпен қорғауы туралы тарихи фильм «Оскарда» ешқандай номинацияға ие болмады. Нәтижесінде еліміз он бес жыл бойы «Оскар» үшін күреске қатыспай келді. 

«Көшпенділер»/«Кочевники»

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы
Жылы:  2005
Жанры: әскери драма
Режиссері: Иван Пассер, Сергей Бодров
Актерлер: Куно Беккер, Джейсон Скотт Ли, Джей Эрнандос, Марк Дакаскос, Аянат Ермағамбетова, Досхан Жолжақсынов, Тұңғышбай Жаманқұлов

«Отырардың күйреуінен» кейін Қазақстан «Оскарға» 15 жыл бойы бірде-бір картина ұсынбаған екен. Белді киносыйлыққа үміткерлер тізімінен кезекті отандық кинематографистер өнімін тек 2006 жылы ғана байқауға болады. Бұл «Көшпенділер» картинасы еді. Фильм желісіне ХVІІІ ғасырда қазақ даласында болған шынайы тарихи оқиғалар – қазақтардың жоңғар басқыншыларына қарсы соғысы енген. Фильм кейіпкерлері сол заманда өмір сүрген тарихи тұлғалар – Әбілхайыр хан, Абылай хан, Ұлы жүздің бас биі – Төле би, жоңғар көшбасшысы Қалдан Церен. Фильмдегі негізгі тұлға – Абылай хан атанған Мансұр. Жас жігіт халық көшбасшысына лайық барлық сынақтардан өтсе де, туған жеріне деген сүйіспеншігі мен өзіне ғана тән әсерлі мінезін жоғалтпай, жауынгер-қыз Гауһарға деген махаббатынан бас тартқан емес. Аталған тарихи кинолента сол кезде Қазақстандағы ең өршіл киножоба еді. Әлемдік киноолимпті бағындыру тек әлемдік жетістіктерге қол жеткізген «легионерлерсіз» мүмкін емес болып көрінген болу керек, картинаның бас кейіпкерлерінің рөлдеріне бірнеше голливуд киножұлдызы шақыртылған. Картина сценарийі азербайжандық Рустам Ибрагимовке жүктелсе, режиссерлікке алдымен чех киногері Иван Писсер, кейінгі кезеңдеріне ресейлік Сергей Бодров тартылған. Қалай болғанда да, картина байқауда ешқандай жүлдеге қол жеткізе алмады.  

«Монғол»/«Монгол»

Өндірісі: Ресей, Германия, Қазақстан

Жылы:  2007

Жанры: тарихи драма

Режиссері: Сергей Бодров

Актерлер: Таданобу Асано, Хулан Чулуун, Амаду Мамадаков

«Көшпенділерден» кейін Қазақстан «Оскарға» жыл сайын фильмдер ұсына бастады. 2007 жылы еліміз киносыйлыққа жіберген картинаның «Шетел тіліндегі үздік фильм» атануына алғаш рет жақындай түскен еді.  Шыңғысхан жайындағы «Монғол» тарихи драмасы бес кинокартинадан тұратын үміткерлердің қысқа тізіміне кірді. Алайда алдымызды австриялық режиссердің «Фальшивомонетчики» фильмі орап әкетіп, үздік атанды. «Моңғол» картинасы атақты Темуджиннің есімі адамзат тарихына жазылуына негіз болған оқиғалар жайында емес, одан да маңызды – күш пен көнбес билік жағдайында бүкіл дерлік Азияны жаулаған жеке тұлға мен мінездің қалыптасуы жайында болмақ. Сонымен қатар күш беретін, жауға берілмеуге демейтін махаббат жайынан сыр шертеді. «Моңғол» - бұл Қазақстанның  Ресей мен Германия елімен бірлескен киножобасы. Фильмде «Көшпенділерге» қарағанда Қазақстанның үлесі аздау. Режиссер Сергей Бодров те, сценарисі Ариф Алиев те ресейлік азаматтар. Бас рөлдерді сомдаушы актерлер де қазақстандықтар азаматтар емес.  

«Қызғалдақ»/«Тюльпан»

Өндірісі: Ресей, Германия, Қазақстан, Швейцария
Жылы:  2008
Жанры: комедиялық драма
Режиссері: Сергей Дворцевой
Актерлер: Асхат Күшіншіреков, Самал Еслямова, Оңдасын Бесікбасов, Төлепберген Байсақалов

2008 жылы Қазақстанның атынан «Оскар» сыйлығына ұсынылған фильм – «Қызғалдақ»/«Тюльпан» картинасы болды. Кинолента қазақ ауылы туралы заманауи хикаядан сыр шертеді. Әскери-теңіз флотында борышын өтеп келген Асхат есімді жас жігіт апайы мен бақташы жездесі тұрып жатқан қазақ даласына қайта оралады. Ешкімге тәуелді болмау үшін Асхат алдымен үйленуі керек, бірақ ен далада тұрмысқа шықпаған жалғыз қыз – Қызғалдақ қана. Ол Асхатты сүймейді, себебі оны қалқан құлақ деп есептейді. Алайда Асхат үмітін үзбей, ұлы далада бақытты отбасын құрамын деген арманынан бас тартпайды. «Қызғалдақ» картинасының режиссері әрі сценарисі – 1990 жылдардың басында Мәскеуге көшіп кеткен Шымкент қаласының тумасы Сергей Дворцевой. Қазақстан мен Ресейден бөлек, фильм өндірісіне Германия мен Швейцария елдері қатысты. Сергей Дворцевойдың дебюттық ойын фильмі «Оскардың» шорт-парағына енбей қалды.

«Келін» / «Невестка»

Жылы:  2008
Жанры: драма
Режиссері: Ермек Тұрсынов
Актерлер: Гүлшарат Жубаева, Ержан Нұрымбет, Қуандық Қыстықбаев, Ерболат Тоғызақов

2009 жылы «Оскарға» Қазақстаннан Ермек Тұрсыновтың «Келін» кинолентасы ұсынылды. Фильм кей сыншылардың пікірінше, азғын картина деп саналды. Дей тұрғанмен, «Келінге» бұл «Оскарға» ұсынылуға еш кедергі болған жоқ. Тұрсыновтың кинолентасында кейіпкерлер бірауыз сөз айтпайды, тек дыбыстары ғана естіледі. Фильмнің атауы барлығын түсіндіріп тұрғандай-ақ - келін образы таза дыбыспен ғана түсіндіріледі. Бұл картинаның ерекшелігі де осында. Отандық картина сол жылғы «Оскардың» қаңтар айының қысқаша тізіміне ілініп, үміткерлердің қысқа тізіміне енуіне шақ қалған болатын. Айта кету керек, «Оскар» үшін күреске түскен алдыңғы отандық картиналарға қарағанда, «Келін» - толықтай қазақстандық фильм.    

«Заблудившийся»

Жылы:  2009
Жанры: триллер
Режиссері: Ақан Сатаев
Актерлер: Алексей Мерзликин, Айғаным Садықова, Ілияс Садырбаев, Тұңғышбай Жаманқұлов

2010 жылы 83-ші «Оскар» киносыйлығына Қазақстан атынан Ақан Сатаевтың «Заблудившийся» фильмі ұсынылған. Бұл – режиссердің екінші картинасы еді. Алдыңғы үміткер-картинаға қарағанда, қазақстандық және ресейлік көрермендер оны жақсы қабылдады. Мистикалық триллердің бас кейіпкері, әйелі мен кішкентай ұлы далада адасып, ауылға бара жататын жолда тұрып қалады. Сол себепті олар бұл түнді көлікте өткізулеріне тура келеді. Бас кейіпкер таңертең оянса, жары мен баласы кенеттен жоқ болады. Оларды іздеймін деп шығатын ол шал мен бойжеткен тұрып жатқан жалғыз тұрған бір үйге келеді. Бұл үйдің біртүрлі тұрғындары оның өзі және отбасысы туралы білетіндей, бірақ оны жасырмақ болатын көрінеді. 

«Қара майор» /«Возвращение в «А»

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы
Жылы:  2010
Жанры: әскери драма
Режиссері: Егор Михалков-Кончаловский
Актерлер: Гоша Куценко, Берік Айтжанов, Қарлығаш Мұхамеджанова, Аша Матай, Наталья Орынбасарова

2011 жылы Қазақстан «Оскар» сыйлығына «легионер»-режиссер Егор Михалков-Кончаловскийдің «Қара майор»/«Возвращение в «А» фильмін ұсынды. Аталған картина елімізде 3D форматында түсірілген алғашқы фильм. Ондағы оқиғалар осы күндері өрбиді. Креативті әрі жас   қазақстандық және ресейлік телеарна қызметкерлерінен тұратын топ «Александр Македонскийдің жолымен» атты деректі фильмін түсіру үшін Алматыдан Ауғаныстанға жол тартады. Оларды қорғау үшін Ауғаныстанда әскери борышын өтеп, онда бір аяғынан айырылған бұрынғы интернационалшы-жауынгер Марат Аюмов бірге барады. Ол парсы тілін жетік біледі әрі жергілікті дәстүр мен ауған «заңдарымен» жақсы таныс. Жүргізушінің қателігінен топтың қарапайым жұмыс сапары қауіпті шытырман оқиғаға айналады. Оларды құтқару тек бір Аллаға және ауған соғысының аңызы Қара-майор атанған жолсеріктеріне ғана мүмкін болады. Шынайы оқиғаға негізделген әскери драма Лос-Анжелесте өткен кинододада Қазақстанға жеңіс әкелмеді.  

«Жаужүрек мың бала»

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы
Жылы:  2011
Жанры: тарихи драма
Режиссері: Ақан Сатаев
Актерлер: Асылхан Төлепов, Қуралай Анарбекова, Аян Өтепберген, Дәурен Серғазин, Артұр Төлепов, Әлия Телебарисова

2012 жылы «Оскар» сыйлығына тағы да Ақан Сатаевтың кезекті туындысы - «Жаужүрек мың бала» көркем драмасы ұсынылды. Бұл жолы мистикалық триллер емес, тарихи фильм болды. Картина жоңғар әскеріне қарсы күреске шығатын «жаужүрек мың бала» атанған жас әрі батыл жауынгерлердің ерліктерінен сыр шертеді. 2012 жылы картина отандық прокаттағы ең кассалық фильм атанған, алайда «Оскарда» кинолента өзін аса таныта қойған жоқ.

«Шал»/«Старик»

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы
Жылы:  2012
Жанры: драма
Режиссері: Ермек Тұрсынов
Актерлер: Ерболат Тоғызақов, Оңдасын Бесікбасов, Орынбек Молдахан

2013 жылы Қазақстан атынан «Оскар» киносыйлығына Эрнест Хемингуэйдің «Шал мен теңіз» повесі негізінде түсірілген Ермек Тұрсыновтың «Шал» картинасы ұсынылды. Фильм ен далада тұрып жатқан шал, келіні және немересінің хикаясын әңгімелейді. 2013 жылдың қазанында картина «Оскар» сыйлығының лонг-парақшасына үміткерлер қатарына кірді. Кино әлемінің ең беделді премиясы үшін бірінші кезеңде барлығы 76 шетелдік фильм бақ таласты. Қазақстанның киносыншылары «Шал» фильмінің «Оскардағы» әлеуетін оңтайлы  бағалағанмен, картина киносайыстан шығып қалды.  

«Жат»

Жылы:  2015
Жанры: драма
Режиссері: Ермек Тұрсынов
Актерлер: Ержан Нұрымбет, Ерболат Тоғызақов, Элина Абайқызы, Қуандық Қыстықбаев

«Шалдан» кейін Қазақстан бір жыл демалыс жасап, тек келесі – 2015 жылы ғана кезекті рет «Оскар» сыйлығына «Жат» картинасын ұсынды. Бұл жолғы үміткер-картинаның да режиссері - Ермек Тұрсынов. Кинолента шынайы оқиғаға негізделіп, 1930 жылдары тауға кетіп, жалғыз өмір сүре бастаған Ілияс есімді жігіттің хикаясын суреттейді. Өз еркіндігін сақтау жолында ол қоғамдық қысымға тап болады. «Жат» фильмінің сценарийі фильм түсірілген жылдан 25 жыл бұрын жазылған Тұрсыновтың дипломдық жұмысы еді. Кинолента 2015 жылдың тамызында кинопремияның «Шетел тіліндегі үздік фильм» номинациясынан үмітті еді, алайда өкінішке қарай отандық картина «Оскардың» шорт-парағына ілінбей қалды. «Оскар» тарихында Ермек Тұрсынов осы уақытқа дейін барлығы картинасын ұсынды.   

«Аманат»

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы
Жылы:  2015
Жанры: тарихи драма
Режиссері: Сатыбалды Нарымбетов
Актерлер: Берік Айтжанов, Қарлығаш Мұхамеджанова, Азиз Бейшеналиев, Дұлыға Ақмолда

2016 жылы Қазақстанның атынан «Оскар» сыйлығына алғаш рет режиссер Сатыбалды Нарымбетовтың туындысы - «Аманат» картинасы ұсынылды.  Тарихи драма  үш кезеңді – Кеңесары хан дәуірі, ХХ ғасырдың 60-шы жылдарын, яғни репрессияға ұшыраған тарихшы Ермұхан Бекмаханов дәуірін және жас тілші Рамазан өмір сүрген 70-ші жылдарды қамтып, елдің өткені жайында сыр шертеді. Өкінішке қарай Нарымбетовтың да тарихи картинасы «Оскардың» шорт-парағына ілінбей қалды.

«Анаға апарар жол»/«Дорога к матери»

Жылы:  2016
Жанры: тарихи драма
Режиссері: Ақан Сатаев
Актерлер:Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова

Бала кезінде анасы мен туған жерінен айырылған ер адам туралы сыр шертетін «Анаға апарар жол» драмасы 2017 жылы Қазақстан атынан «Оскар» кинопремиясына ұсынылған кезекті туынды. Картина кейіпкері ел үшін ауыр болған 30-40 жылдарды бастан өткеріп, үйіне оралу туралы арманынан бас тартқан жоқ. Алайда оның қайтар жолы да талай сынақтар мен қиындықтарға толы болады. Сатаевтың бұл картинасының да «Оскардағы» ғұмыры ұзақ болмады, кинолента шорт-параққа кірмей қалды.

«Айка»

Жылы:  2018
Жанры: драма
Режиссері: Сергей Дворцевой
Актерлер: Самал Еслямова, Сергей Мазур, Асхат Күшіншіреков

Араға он жыл салып, Қазақстан атынан 91-ші «Оскар» сыйлығына Сергей Дворцевойдың екінші туындысы ұсынылды. Ресейлік-қазақстандық картина Қырғызстаннан Мәскеуге заңсыз келген жас эмигрант қыз жайында әңгімелейді. Мұнда келіп, жүкті екенін білетін қыз баласын перзентханада қалдырып кетеді. Алайда уақыт өте аналық махаббаты оянатын Айка тастап кеткен ұлын іздеуге кіріседі. Ең беделді кино премиясында отандық картинаға мексикалық «Рим» фильмі, жапондық «Магазинные воришки», польшалық «Холодная война», ливандық «Капернаум», немістің «Never Look Away», даттық «Виновен» және колумбиялық «Birds of Passage» ленталары бәсекелестік құрды. Кіл мықты тоғыз картинаның ішінен американдық киноакадемия «Айканы» «Оскарға» лайық деп санамады.

«Қазақ хандығы. Алтын тақ»/«Казахское ханство. Золотой трон»

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы
Жылы:  2018
Жанры: тарихи драма
Режиссері: Рүстем Әбдірашев
Актерлер: Еркебұлан Дайыров, Аян Өтепберген, Қарлығаш Мұхамеджанова

2019 жылы Қазақстан 92-ші «Оскар» сыйлығына Ұлы дала үшін күрес пен қазақ мемлекеттілігінің құрылу хикаясы туралы баяндайтын режиссер Рүстем Әбдірашевтің «Қазақ хандығы. Алтын тақ» картинасын ұсынды. Тарихи кинолента Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясының бірінші романы желісі бойынша түсірілген. Маусым Жәнібек ханның таққа отыруымен аяқталады.

«Ұлы дала зары»/«Плач великой степи»

Өндірісі: Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы
Жылы:  2019
Жанры: тарихи драма
Режиссері: Марина Кунарова
Актерлер:Саяжан Құлымбетова, Ақылхан Алмасов

Өткен жылы Қазақстан АҚШ-тың бас киносыйлығының «Шетел тіліндегі үздік фильм» номинациясына режиссер Марина Кунарованың «Ұлы дала зары» картинасын ұсынды. Фильм шынайы оқиғаға негізделіп, өткен ғасырдың 20-30 жылдары Қазақстан халқының басына түскен ауыр қасірет – ашаршылық жылдарын суреттейді. 93-ші «Оскар» сыйлығында 93 ел бақ сынаған лонг-парақшаға отандық картина да ілінген болатын, алайда 15 фильмнен тұратын шорт-парақшаға «Ұлы дала зары» өкінішке қарай іліне алмай қалды.  

Еске сала кетейік, 2020 жылдың қорытындысы бойынша кинематограф саласындағы еңбектері үшін «Оскар» сыйлығын табыстаудың 93-ші салтанаты 2021 жылдың 25 сәуірінде Лос-Анжелесте өтеді.

Осылайша, отыз жылдың ішінде Қазақстан «Оскар» кинопремиясына барлығы 15 картина ұсынған. Олардың тек біреуі – «Моңғол» фильмі сыйлыққа үміткер атанды. Екі картина – «Келін» және «Айка» драмалары тоғыз фильмнен тұратын шорт-параққа кірді, бірақ қорытынды номинацияға бұл туындылар ілінбей қалды. 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы