Размер шрифта:

Цветовая схема:

20 сәуір, 2021362

Қазақстанда өтетін халықаралық кинофестивальдер

Кино әлемі дегенде ең бірінші ауызға алынып, көп талқыланатын тақырыптардың бірі – аты шулы «Оскар» кино марапаты. Биыл «Оскардың» 93-ші салтанатты марапаттау рәсімі сәуір айының 25-ші жұлдызында өтпек. Әзірше 2007 жылы жарыққа шыққан «Моңғол» фильмінен кейін әйгілі марапаттқа номинанттар қатарына отандық кинотуындылардан ілініп үлгергені жоқ. Дегенмен елімізде кино өндірісі тоқтап қалмай, белсенді бой көтеріп жатқаны қуантады. Осы орайда отандық киноматография саласының мамандарына шабыт беріп, жыл сайын өткізілетін Қазақстандағы ең ірі кинофестивальдер тізімін назарларыңызға ұсынамыз.

Еуразия кинофестивалі

Халықаралық Еуразия кинофестивалі қоғам  және мемлекет қайраткері, режиссер, кинопродюсер Ораз Рымжановтың бастамасымен 1998 жылы алғаш рет өткізіліп, сол жылы елдің мәдени өміріндегі ең ауқымды іс-шара болды. Фестивальдің құрылтайшысы – ҚР Мәдениет және спорт министрлігі және ол – Халықаралық продюсерлер қауымдастығы (FIAPF) аккредитациялаған Орталық Азиядағы жалғыз кинофестиваль. 

ТМД мен Балтық жағалауы елдеріндегі ең маңызды кинофорум саналатын «Еуразия» фестивалін 2012 жылы Ұлыбританияда шыққан International Film Guide – «Халықаралық фильмдер нұсқаулығы» жылнамасы «Еуразия» ХКК-ні әлемнің 35 жетекші кинофестивалінің тізіміне қосты. Фестивальдің Қазақстанда ұйымдастырылу идеясы елдің Батыс пен Шығыс мәдениеттерінің тоғысындағы орналасқан геосаяси жағдайына тікелей байланысты. Конкурстық бағдарламаға жыл сайын Еуропа, Азия, ТМД елдері мен Орталық Азия елдерінің фильмдері қатысады.

«Еуразияның» маңызды мақсаттарының бірі – кино саласындағы іскерлік қарым-қатынасты дамыту. Фестиваль еуропалық және азиялық елдердің продюсерлері мен дистрибьюторлары арасындағы байланысты күшейту үшін, қазақстандық және ортаазиялық фильмдерді бірлесіп түсіру және насихаттау мақсатында дөңгелек үстелдер өткізіп тұрады.

Аталған кинофестивал – өнер қайраткерлерін біріктіретін ерекше оқиға ғана емес, бұл Қазақстанның экономикалық, саяси және әлеуметтік дамуына зор үлес қосатын, тілдің әртүрлілігіне қарамастан сан алуан мәдениеттердің диалогын орнататын және кеңейтетін ірі мәдени жоба. «Еуразия» ХКК –ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды одан әрі нығайтудың қуатты серпіні.

 

«Шәкен жұлдыздары» кинофестивалі

2013 жылға дейін «Шәкен жұлдыздары» атымен белгілі кинофорумының тарихы 2003 жылдан басталады. Фестиваль атауы әйгілі актер әрі режиссер Шәкен Аймановтың құрметіне қойылған. Бұл мәдени іс-шара ойындық және анимациялық фильмдер фестивалі ретінде 2013 жылға дейін жыл сайын өткізіліп тұрды. 2013-2018 жылдар аралығында «Шәкен шоқжұлдыздары» деген атаумен тек екі мәрте «Еуразия» кинофестивалінің бағдарламасы аясында өтті. Ал 2018 жылы фестиваль атауы мен форматын өзгертіп қайта жанданды. Бұрынғы байқау жас киногерлер мен Орталық Азияның дебюттік фильмдерін қолдауға бағытталған болса, кейінгі формат түркітілдес халықтардың кинематографтарының басын біріктіруге арналған. Басты мақсат – бір ортада жиналу арқылы Қазақстанның экономикалық, саяси, әлеуметтік және мәдени дамуына үлес қосу, түркітілдес елдер арасындағы диалогты нығайту, шет елдермен рухани, мәдени және кинематографиялық байланысты кеңейту.

Кинофестивальдің президенті (бұрынғы «Шәкен жұлдыздарының» да) – КСРО халық әртісі, танымал қазақстандық актер және режиссер Асанәлі Әшімов, ал бас директоры – қазақстандық кинорежиссер және сценарист Ермек Тұрсынов ( «Шәкен жұлдыздары» фестивалінің бас директоры Венера Нигматулина болған). Кинофорум ұйымдастырушылары – Қазақстанның Мәдениет және спорт министрлігі мен Қазақстан кинематографистер одағы.

Бұрынғы «Шәкен жұлдыздары» фестивалі «Дебют», «Жастар киносы», «Студенттік кино» деп аталатын үш секциядан тұрса, жанданудан кейін кинофорум үш бағдарлама аясында өткізілетін болды. Барлық бағдарламалар атауы  Шәкен Аймановтың фильмдерімен аттас: «Жол түйісі», «Атамекен» және «Біз осында тұрамыз». Алғашқы бағдарлама – халықаралық киноларға, екіншісі – маңыздылығы жағынан үлкен, түркітілдес елдер фильмдеріне, үшіншісі  қазақстандық кинотуындыларға арналған.
Әлемдік кино саласы мамандарының арасында халықаралық байланыс орнатуды көздейтін халықаралық фестиваль соңғы рет 2018 жылы 17-21 қараша аралығында Алматыда  өткізілді.

 

«Бастау» кинофестивалі

Студенттік фильмдердің Халықаралық кинофестивалі «Бастау» жыл сайын Еуразия мен Американың жас кинорежиссерлері арасындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында өткізіледі, мұнда Еуропа, Азия және Американың кинотуындылары бірдей ұсынылады. Фестивальдің басты мақсаты – қатысушылардың жалпы кәсіби деңгейін көтеру, олардың жұмысын қолдау және насихаттау, түрлі жанрдағы фильмдер жасауға қызығушылықтарын арттыру.

Фестиваль алғаш рет батыс пен шығыстың арасындағы мәдени көпірге айналған ежелгі Жібек жолының қақ ортасында орналасқан Қазақстан Республикасының оңтүстік астанасында өтті. Содан бері мәдениет құндылықтарын киноның тілі арқылы өзіндік ерекшелігімен және әртүрлілігімен білдіретін режиссерлар мен зерттеушілерді біріктіріп, жыл сайынғы жаңалықтарымен ұуантып келеді.

Фестивальдің дас директоры – Сергей Азимов, ресми тілдері: қазақ, орыс, ағылшын. Бұрын тек көркем-суретті, деректі және анимациялық кино бағыттарында түсірілген дебютті және студенттік қысқаметражды картиналарды қабылдайтын мәдени форум 2019 жылы ауқымын кеңейтіп, алғаш рет толықметражды фильмдердің байқауын жасады.

«Бастау» ХКК шеңберінде ұйымдастырылған халықаралық байқау еліміздің Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Әзірбайжан және басқа да Орталық Азия мен Еуразиядағы киногерлердің кинематографиялық орталығы болуына мүмкіндік береді. Бұл алаң тек кинематографияның жаңа формаларын іздеудің, мәдени құндылықтарға деген сағынышты білдірудің ғана емес, сонымен бірге бүгінгі өзіндік ізденіске және мәдени шығармашылыққа қатысудың тәжірибелік алаңына айналып жатыр.

Жоғарыда аталғандардан бөлек, тәуелсіз Қазақстанның тарихында «Жаңа көзқарас» (1999 жыл), «Дидар» республикалық жастар кинофестивалі, (2006-2010 жж.), «Құлагер» Қазақстан Ұлттық кинематография кино­бай­қауы (2007 жыл), «Мо­бильный взгляд» кинофестивалі (2008 жыл), «Алтын Жебе» анимация фильмдер фестивалі (2008 жыл), «Астана экшн» кинофестивалі (2010-2012 жж), «Ер төстік» анимация фильмдер фестивалі (2011 жыл), Almaty Film Festival ХКК (2018, 2019 жж.) секілді сан алуан кино байқаулары мен форумдары өтіп, тек қазақстандық ғана емес, шетелдік кино саласының мамандарына да жаңа серпін сыйлаған болатын.

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы