Размер шрифта:

Цветовая схема:

23 шілде, 2020209

Қазақстанда шетелде тұрып жатқан табысты қазақтар жайында фильм түсірілмек

«Алыстағы ағайын». Әлемнің түпкір-түпкірінде елімізді танытып, өзге елдің назарын Қазақстанға аудартқан жерлестеріміз туралы түсірілетін фильм осылай аталмақ.

Үлкен жетістікке жетіп, өз елінде ғана емес, шетелде де танымал болған жерлестердің хикаясын біліп, тамашалау қашанда қызық. Тіпті әлеуметтік желілерді ақтарып отырып, шетелде қызмет етіп, кез келген салада биіктерді бағындырып, үлгі болар бір әрекетімен танылып жатса, сол жайындағы ақпаратқа бірінші кезекте көңіл аударатынымыз бар. Бірақ өнері мен білімі арқылы елімізді бүкіл әлемге танытатын азаматтарымыздың шынайы өмірі мен жүріп өткен жолдарын барлығымыз білеміз бе?!

Ұлттық киноны колдау мемлекеттік орталығының қолдауымен «Сан Али» компаниясы бұл сұраққа жауап беретін жаңа туындыны - төрт бөлімнен тұратын «Алыстағы ағайын» атты деректі фильмдер топтамасын түсірмек.

Сюжет желісі фильм кейіпкерлерінің өз әңгімелері негізінде, яғни жетістікке жету жолы, толғаныстары мен естеліктері бойынша түсіріледі.

Картина режиссері Бақтияр Сейітқазиев әр кейіпкердің іс-әрекеті мен оның салдарын көрермендер түсіну үшін оларға психологиялық кескін беруді ұйғарып отыр.

Айтпақшы, «Алыстағы ағайын» картинасының кейіпкерлері атақты музыкант Марат Бисенғалиев, саясаттанушы Жәмиля Стерлихова, арабшы және ерікті Зифа Әуезова, сәулетші Тоттан Күзембаев, режиссер Гүлназ Балпейісова, актриса Самал Еслямова, американдық полицей жігіт Димаш Ниязов, баскетболшы, олимпиада чемпионы Әлжан Жармұхамедов, мәнерлеп сырғанаушы Элизамет Тұрсынбаева және басқалары болмақ. Фильм түсірілімдері лента кейіпкерлерінің тұрып жатқан жерлерінде – Мәскеу, Амстердам, Нью-Йорк, Прага, Франция сияқты елдерде жүргізіледі.

Өзге елдерде жоғары билікте қызмет етіп, жердің түпкір-түкпіріндегі көремендерді тамсандырып, спортта жеңіске жетіп, көк туымызды желбіреткен жандар – еліміздің мақтаныштары. Ендеше, осындай жерлес-азаматтарымыз жайындағы фильмді асыға күтетін боламыз!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  kazakhcinema.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы