Размер шрифта:

Цветовая схема:

27 шілде, 2020262

Қазақстанда Татарстанмен бірлесіп, жаңа туынды түсіріледі

«Көкбозат» - бұл Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы өткізген екінші питчингте мақұлданып, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің қаржылай қолдауына ие болған кинотуынды. Фильмді Қазақстан мен Татарстан елдері бірлесіп түсіреді.

Ұлттық кино мәртебесіне ие болатын Қазақстан-Татарстан елдерінің түсіретін ортақ өніміне қазақстандық продюсер Алмагүл Тлеуханова продюсерлік етпек. Әлеуметтік желіде Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығымен өткен тікелей эфир барысындағы онлайн-әңгіме кезінде продюсер фильм идеясы осыдан бір жарым жыл бұрын туындағанын айтты. Ол кезде Алмагүл Тлеуханова Қазан қаласында өткен мұсылман киносының халықаралық кинофестиваліндегі ко-өнім бойынша қазылар алқасы мүшелігіне шақырылған. Фестиваль аясында өткен питчигте дәл осы жоба таныстырылған екен. Содан қазақстандық маман өзіне бұл фильмді түртіп алып, оны қолдайтындығын айтқан.

«Міне, бір жарым жыл бойы біз татар елінің продюсері, «Татаркино» басшысы Миляуша Айтуғановамен бұл жобаға кірісіп, дайындалдық. Сөйтіп, нәтижесінде Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігінен қаржылай қолдау таптық. Осылайша ко-өнім пайда болды. Біздің жақтан да, Татарстан жағынан да барлығы жақсы өтеді деп ойлаймын», - деді продюсер онлайн-әңгіме барысында.

Алмагүл Тлеуханова жобаның оны несімен қызықтырғанын да айтып берді.

«Бұл - есею тақырыбындағы жоба. Жасөспірім, оның жылқымен достығы жайында. Фильм татар классигі Галимжан Ибрагимовтың «Алмачуар» деп аталатын әңгіме желісі бойынша түсіріледі. Бұл әңгіме өткен ғасырдың 20-шы жылдарының аяғында 30-жылдары шамасында жазылған. Біз заманауи хикаяны көрсетпекпіз. Яғни, саяси да емес, тарихи да емес хикая болады. Достық, махаббат, есею мен өмірдің мәнін түсіну үшін жас баланың қандай қиындықтан өтетінін көрсетеміз. Ұлтқа да, заманға да қатысы жоқ хикая», - деп атап өтті ол.

Қазір отбасылық фильмнің түсірілім жұмыстарына дайындық басталып кетті. Сәтін салса, күзде іске кіріспек.

«Мен тәуелсіз продюсер ретінде натураның өтіп бара жатқанын түсінемін. Себебі пандемияға байланысты барлығы біраз кідіріп қалды. Біз әдемі табиғат пен тамаша ауа-райын көрсету үшін түсірілімдерді мамыр айында бастамақ болдық. Бірақ барлығын күзге шегердік. Дей тұрғанмен дайындық кезеңі жүріп жатыр. Барлық қоюшы мамандарды бекіттік. Сонымен қатар түсірілімдерге Жайдарбек Күнғожиновтың басшылық етуімен «Nomad Stunts» та қатысатын болады. Финалдық көріністерде бәйгені көрсетеміз, сондықтан біздің жігіттерсіз бұл іс болмас. Айтпақшы, кастинг жұмыстары да жүріп жатыр», - деді продюсер.

Айта кетейік, фильмнің қоюшы режиссері Татарстан тарапынан болмақ. Ол орынға Юлия Захарованың кандидатурасы қарастырылып отыр. Ал қоюшы оператор қазақстандық жігіт Айдар Оспанов болады деп бекітілді.

«Біз белгілі бір бөлікті Татарстанда, енді бір бөлігін осында (Қазақстанда) түсіреміз деп ойладық. Бірақ әлемде болып жатқан жағдайларға байланысты олай мүмкін болмай тұр. Себебі әуе қатынасы жабық, барлық жерде карантин. Сондықтан біз түсірілімдерді осында өткіземіз деп шештік. Бізде кұз мезгілі өте әдемі. Драма үшін ол әсіресе, ерекше көңіл-күй қалыптастырады. Ал постпродакшнды бірлесіп жасаймыз. Еуропада, Қазанда, Мәскеуде, Санкт-Петербургте дегендей», - деді Алмагүл Тлеуханова.

Түсірілім жұмыстары нақтырақ айтқанда, Алматы маңында өтпек. Есік не Талғар жақта. Себебі мұнда таулар да, әдемі дала да, орман да бар. Ал, түсірілім өтетін ауыл татарлар да, қазақтар да, орыстар да тұратын шартты мекен болмақ. Фильмде өнер көрсететін актер де таңдалып қойған. Шынтуайында, фильмдегі бас кейіпкердің жасөспірім жастағы және бозбала шағындағы бейнесі көрсетіледі.

«Біз актерлерді бір-біріне ұқсас болатындай етіп таңдап алдық. Олардың кім екендіктерін әзірге айтпаймын. Оларды бейнесынақтардан өткіздік. Енді режиссер келген соң, олармен бетпе-бет кездесіп, қарайтын боламыз. Бастысы кейіпкер атқа мініп, атпен шаба алатындай болуы керек. Олардың арасында жақсы байланыс орнауы керек. Қазір жылқыны да жаттықтырып жатырмыз. Бұл ағылшын мен қазақ аттарының косындысынан туған сәйгүлік (жымияды)», - деп атап өтті продюсер.

«Егер күзде барлығын түсіріп тастасақ, бірден монтажға кірісеміз. Содан 2021 жылдың көктемінде, мүмкін Наурыз мерекесіне қарсы шығарамыз ба деген ой бар. Себебі, түркі халықтары үшін бұл мерекенің орны ерек. Дегенмен қазір барлық релиздер шегеріліп жатыр. Біз жоспарлағанмен, прокатқа шығарушылармен жұмыс қалай орнайтыны белгісіз», - деді Алмагүл Тлеуханова.

Фильмді жарыққа шығаратын казақстандық компаниямен алдын ала келісім жасалған. Ресейлік тараптан әлі таңдалып жатыр. «Көкбозат» отбасылық драмасы Ресейдің барлық қалаларында көрсетілмеуі мүмкін, дегенмен шығарушылар Мәскеу, Санкт-Петербург сияқты үлкен қалаларды қамтысақ деп отыр. Қалай болғанда да фильмді Қазақстан мен Татарстан елдерінен бөлек, Қазақстанмен шекаралар қалаларда - Омбы, Саратов, Орынбор сияқты шаһарлар мен Башқұртастанда көрсету көзделген. Сонымен қатар...

«Фильмге қазірдің өзінде Түркия, Мысыр елдері қызығушылық білдірді.Мүмкін өзге де араб елдері қызығар. Бұдан бөлек басқа да халықаралық дитрибуторлар болады. Иә, отбасылық фильмді алға жылжыту қиындау. Бірақ тақырыбы да өзекті - жасөспірімдерге байланысты. Қазір жастарымыздың өзіндік азаматтық ұстанымдары бар, барлығы белсенді, ақылды, алғыр. Сондықтан, бәлкім, кімде-кім өзіне бұл фильмнен өмірлік маңызы бар сұрақтарға жауап табар», - деп түйіндеді продюсер.

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы