Размер шрифта:

Цветовая схема:

28 мамыр, 2021362

Қазақстандық ең үздік веб-хикаялар топтамасы

Соңғы бір жылда қазақстандық веб-сериалдар, оның ішінде Salem Social Media видео-студиясының жобалары, ел ішінде де, орыс тілді көрші көрермендер арасында да өте үлкен танымалдылыққа ие болып жатыр. Бүгін біз қазіргі замандағы Қазақстанның, жалпы өмірдің шындығын бейнелейтін әдемі картиналардың өзіндік ерекшеліктеріне тоқталып өтуді жөн көрдік.

Бүгінде медианы тұтыну тәсілдері түбегейлі өзгеруде, қазір көрермен жаңа форматтарды, қысқа эпизодтарды, маңызды тақырыптар мен цензурасыз диалогтарды қалайды. Мұның бәрі веб-хикаяларды телевизиялық өнімдерден ерекшелейді және оны жасаушыларға үнемі жаңа тәжірибелер жасауға мүмкіндік береді.

Веб-хикая – бұл Интернет арқылы тарату мақсатында шығарылған сериал түрі, бірақ ол кейін теледидарда да көрсетілуі мүмкін. Мұндай сериалдың бір эпизодын көбінесе веб-эпизод деп атайды.

Соңғы кезде бұл сериал жанрының танымалдылығы тұжырымдамасы жаңа болғанына қарамастан тұрақты түрде артып келеді. Ғаламторда әлемде алғашқы веб-хикаяны американдық продюсер Скотт Закарин түсірген делінеді. Ол Homicide: Second Shift (Кісі өлтіру: екінші ауысым) видеохикаясын 1995 жылы түсірген. Веб-хикаялардың қарқынды өндірісі 1997 жылдан басталады, бірақ кейін қаржылық және технологиялық шектеулерге байланысты сәл тежеліп қалды. Кейін олардың танымалдылығы Интернеттің қол жетімділігі мен бейне ағынының технологиясының жақсаруы нәтижесінде қайтадан арта түсті. Бұл тәуелсіз продюсерлерге шағын бюджетті фильмдер мен сериалдар жасауға және оларды Интернет арқылы таратуға мүмкіндік берді.

Қазақстандағы алғашқы веб-хикая ретінде актер әрі блогер Ерден Төлемісовтың дебюттық режиссерлық жұмысы «Всемогущий» («Құдіретті) фильмі аталады.

Режиссердің өзінің айтуынша, оның жұмысы Қазақстанда түсірілген тұңғыш веб-сериал,  ол Интернет кеңістігіне жол тартқаннан кейін-ақ Ресейде өткен Realist Web Fest халықаралық фестивалінің жеңімпаздарының бірі болды. Хикаяның бірінші маусымы көптеген кейіпкерлері мен оқиғалары бар сегіз бөлімнен тұрады, бірақ олар басты сюжеттік желімен біріктірілген. Туындының басты кейіпкері – блогер болуға шешім қабылдаған Ерден Төлемісовтің өзі ойнаған мейірімді әрі тапқыр жігіт Ердеш. Алайда 2019 жылдың 10 қаңтарынан бастап Youtube желісінде қолжетімді болған веб-хикая қазақстандықтар арасында аса танымалдылыққа ие болған жоқ. Оның көрілім саны шамамен 20 мыңдай болды.

         Ал қазір веб-хикая өндірісі дамып, бәсекелестік артқан сайын көрерменнің үддесінен шығатын, қоғамдағы өткір мәселелерді көтеретін тамаша туындылар бірінен кейін бірі желіге шығып көңіл қуантып жатыр. Бүгінге дейін Youtube платформасында ең көп қаралым жинаған веб-хикаялардың қатарында «Пизнесмен Канат», «Шекер», «Қарапайым Қайрат», «Саке», «Жайна», «Zomбеты», «Сержан братан», «Көрші», «240 часов» картиналары бар.

         Ал енді оларға сипаттама беріп, әрқайсысына жеке-жеке тоқталайық.

SERJAN BRATAN веб-хикаясы

Режиссері: Алишер Утев

Бөлім саны: 12

Орташа ұзақтығы: 31 минут

Орташа қаралым саны: 3,3 миллион

Желіге жарияланған уақыты: 4 наурыз – 42 мамыр, 2021 жыл

Аталған веб-хикая аз уақыттың ішінде көрермен жүрегенін жол тапқан кино туындылардың бірі де бірегейі. Оның алғашқы эпизоды желіге «SERJAN BRATAN / SHEKER / Пацанские Истории» (1, 18 жазылманы бар) ютуб арнасына осы жылдың 4 наурызында салынғанына қарамастан, 6,2 миллион қаралым жинаған. Әрине, олардың барлығы қазақстандық аудиторияны құрайды десек қателесеміз. Бұл хикаяны отандастарымыздан бөлек, орыстілді басқа халықтар да тамашалағаны пікірлерден айқан көрініп тұрады. Жалпы 12 эпизодтың орташа көрілім саны 3,3 миллионды құрайды. Бұл – қазақстандық ютубтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

«Сержан братан» сериалы жарияланған ютуб арнаның бүгінде 1,18 млн жазылманы бар. Хикаяның соңғы бөлімі мамыр айының 20-сында яғни бір апта бұрын жарияланып, қазірдің өзінде 1,2 миллион қаралым жинаған.

Жалпы веб-хикая өткен ғасырдың 90-жылдарының соңында қарақшылықпен, ірі-ірі бизнес өкілдерін қорқытып қаражат табуды көздеген Сержанның ерекше оқиғасын баяндайды. Оны барлық таныстары «Сержан братан» деп атап, сыйлап жүреді, сондықтан да оның отбасы қиын-қыстау кезеңде ешқандай таршылық көрмей, жақсы жағдайда өмір кешеді. Алайда қақаған қыстың бір күнінде басты кейіпкер аяғы тайып құлап, жан-сақтау бөлімінен бір-ақ шығады. Құлаған күйі есін жимаған ол осы қалыпта 22 жыл комада қозғалыссыз жатады. Күйеуінің мұндай жағдайға ұшырағанын оның жасаған қараңғы тірліктерінің жазасы деп білген жұбайы іштегі баласымен, бастауыш мектепте оқитын қызымен жалғыз қалады. Базарда ет сатып күн көреді, бала-шағасын жеткізеді.  Алайда аяқ астынан 22 жылдан кейін оның күйеуі көзін ашып, комадан шығады. Ширек ғасырдай ұйықтап жатқан Сержан әуелгі уақыттарда өзіне не болғанын түсінбей біраз дел-сал боп жүреді. Кейін өзінің  сүйікті әйелі қартайып, баласы ер жетіп, аяулы қызы да өз жолын тапқанына көндігеді, өзінің шаңырағының қирап, құлайын деп тұрғанын көріп, жаңа заманға үйреніп жаңаша жұмыстар іздей бастайды. Бұл хикая отбасы құндылықтарын сақтауға, әрқашан адал жолмен ақша табуға үндейді. Әр эпизодта әртүрлі оқиғаларға тап болатын, жиырма екі жыл бұрынғы әрекеттерін мүлде бөлек әлемде жасауға тырысатын Сержанның қызықты оқиғалары кімді де болса ойландыратыны әрі күлкіге қарық қылатыны рас. Мұнда басты кейіпкердің жас кезін Рүстем Жаныаманов, ал қазіргі кезін Дулыға Ақмолда сомдайды. Эпизодтардың астына жазылған пікірлерге қарағанда, бұл екі актердің да өз рөлін сомдауы көрермендердің көңілінен шыққан. Тіпті «Сержан братанның» жас кезінде жұрт арасында қалай бедел жинағанын көрсететін актер Рүстемнің тамаша ойынын танытатын тағы бір хикая түсірілсін деген де ұсыныстар жазылған. Фильмдегі басқа да Гульмира Жакилина, Ербол Әлмұханов, Жанель Сергазина, Бейнұр Баймұхамбетов секілді актерлар өз кейіпкерлерін шынайы ойнаған. Веб-туындының атқарушы продюсері – Мағжанов Ади, қоюшы операторы – Бағдат Арғынов, сценарий авторлары – Алишер Утев пен Сергей Литовченко, екінші режиссері  – Азиза Мансур, қоюшы суретшісі – Арай Исаева, костюм дизайнері – Айтолқын Рүстенбекова және визажисті – Шахида Мухатаева, ал кастинг режиссері –  Мадияр Сарыбай, монтаж режиссері – Айбын Ислам болды. Бүгінде фильмнің негізгі саундтрегі «Ақ сәулем» әні қайтадан өз тыңдарманын тауып, хитке айналды деп айтсақ артық емес.

 

Sheker веб-хикаясы

Режиссері: Айтөре (qazaqbro)

Бөлім саны: 8

Орташа ұзақтығы: 18 минут

Орташа қаралым саны:  2,7 миллион

Желіге жарияланған уақыты: 20 қазан 2020 – 2 ақпан 2021 жыл

«Шекер» веб-сериалы ең бір резонанс тудырған қазіргі кей жастардың шынайы өмірінен сыр шертетін кинотуындылардың бірі. Ол да «SERJAN BRATAN / SHEKER / Пацанские Истории» ютуб арнасында жарияланып, әр эпизоды 3 миллиондай көрілім жинады. Бұл веб-хикая да негізінен орыс тілінде түсірілгендіктен ТМД аумағындағы елдерде де танымалдылыққа ие болып, көрерменнің ықыласына бөленді. Тек көрермендер тарапынна болған ең үлкен сын – эпизодтардың шығатын уақытының нақты ретті болмауы. Яғни сериалдың бірінші бөлімі қазанның 20-сы шықса, екінші бөлімі екі аптадан кейін 3 қараша күні жарияланды. Келесі бөлім 10 күннен соң көруге қол жетімді болып, қуантса, 4-ші бөлімді 1-ші желтоқсанға дейін күтуге тура келді. Мұндай ретсіздік хикаяның жалғасын тез көргісі келген жандардың әбден ашуына тиген еді. Осы Sheker веб-туындысының ерекшеліктерінің бірі –елімізде көп қозғала бермейтін жастардың наша сатумен  айналысу оны қолдануы секілді тыйым салынған тақырыпта түсірілуі және интимді қатынастардың ашық көрсетілуі.

Басты кейіпкер Алдияр Алматыдағы жоғары оқу орындарының бірінде екінші курс студенті. Бір күні ол өзінің университеттен қуылудың аз-ақ алдында тұрғанын ьіледі. Бұны болдырмау үшін оған үлкен көлемдегі қаражат табу керек болады. Ата-анасынан сұрауға беттемеген ол жарты миллион теңгені өзі тауып көруге тырысады. Жақын досынан синтетикалық есірткі тасу деген жұмыстың жай-жапсарын біліп, бұл қылмыстық әрекетке ол қорқасоқтап кіріседі. Алайда уақыт өтіп, қолына қомақты қаржы түскен соғ ол негізі мақсатын,  «оқуға керек ақшаны табамын да кетем» деген сөздерін ұмытады. Қалтасынан қаржы түспейтін оған өз арманындағы қыздың назары да ауа бастайды. Осылайша ол өзінің жұмысын жалғастыра береді. Алайда оның өмірінде тойымсыз полиция қызметкері тап болып, оның жағдайын шиеленістіре түседі. «Адам баласы – тойғанын ешқашан түсінбейтін жаратылыс» деп Алдиярдың өзі айтқандай полиция да, өзі де жеңіл ақша табуды қоя алмайды. Жалпы хикая қазіргі заман үшін өте өзекті, себебі есірткі саудасы, азартқа кіру, жеңіл ақшаға құмарту – барлық жастар арасындағы маңызды мәселелер. Фильмде бір қылмыстың артын жабу үшін екінші қылмысқа бару мүмкіндігі жоғары екені, өтіріктің күн өткен сайын үлкейіп, түбі еш жақсылыққа әкелмейтіні баяндалады.

Бұл қысқа ғана эпизодтар өте тартымды әрі әдемі түсірілген, сондықтан желі қолданушылары веб-хикаяның екінші маусымын асыға күтуде. Бұл фильм арқылы қазақстандық жас музыканттардың шығармашылығы ТМД деңгейінде тынылып, жақсы-жақсы фидбэктерге ие болып жатыр. Көрермендер басты рөлді сомдаған Азат Жұмаділ мен полиция қызметкерінің кейіпіне енген Шәріп Серіктің актерлік шеберлігіне тәнті болды. Қосымша кейіпкердерді ойнаған Мадина Кәкімсейітова мен Ілиясов Ансар да жақсы әртіс екендіктерін көрсете алды. Фильмнің режиссері – Айтөре (qazaqbro), қосымша режиссері – Ерғазы Бегіліков,  идея авторлары – Қуат Садықов, Арыстан Каунев, сценарий авторлары – Арыстан Каунев, Нұрсұлтан Жұмабеков, шығармашылық продюсерлері – Дархан Ақылбекұлы, Арыстан Каунев,  атқарушы продюсер – Александр Ерещенко, сурет қоюшы режиссері – Бағдат Арғынов, қоюшы-дизайнері – Әділ Абабахриев.

 

«Қарапайым Қайрат» веб-хикаясы

Режиссері: Әділет Жұмабек

Бөлім саны: 24 (2 маусым)

Орташа ұзақтығы: 18 минут

Орташа қаралым саны:  4,4 миллион (I маусым), 1,8 млн (II маусым)

Желіге жарияланған уақыты: 13 қыркүйек 2019  – 5 наурыз 2021.

Бірінші маусымның 12 эпизодының орташа көрілім саны 4,4 миллион адам, ал екінші маусымның орташа қаралым одан  азырақ – 1,8 миллион. Ең алғашқы «Қайрат болма, адам бол» деп аталатын алғашқы эпизоды 8 530 256 қаралым жинаған. Бұл – қазақстандық веб-сериалдар арасындағы ең жоғары нәтиже. Ол жарияланатын  интернет-алаң «Qarapaıym Qaırat / Пиzнесмен Қанат» ютуб арнасында бүгінде 1,2 миллион жазылман бар.

Қайрат – ауылдық  жерде өмірге келіп сонда өсіп-өнген қарапайым жігіт. Оның өзінің өмірге деген көзқарасы, арман мен мақсаты, алға жүруге  құлшынысы бар. Оның бойындағы кей ерсі қылықтарын, жағымсыз әдеттерін көптеген жаннан байқауға болады. Алайда, жақсы болуға ұмтылуға, өзін тәрбиелеу – адам баласының міндеті.

Қайрат та оның достары да көрінген нәрсені ермек етіп жүре бермей, жақсы жұмыс істеп, лайықты ақша тауып дұрыс адам болуға шешім қабылдайды. Жоғарыда аталған фильмдерден ерекшелігі бұл сериал қазақ тілінде түсірілгеніне қарамастан, ең көп қаралым жинаған әрі ең көп эпизодты веб-хикая. Кино тілі негізінен ана тілімізде сөйлесе де мұнда да шетелдік көрерменнің қатары аз емес. Орысша субтитрмен туындыны тамашалап жатқан өзге тілділер саны көп. Сериалдың ең үлкен артықшылығы немесе тіпті керісінше, кемшілігі, оның шынайылығы. Басты кейіпкерлер лексиконының бейпіл сөзге толы болуы мақтанарлық нәрсе емес, ешқандай цензурасыз қалай болса солай сөйлеген жандарды халық біз өмірде де дәл солай солай сөйлейміз деп қабылдап, көруге құлшыныс танытып отыр. Бірақ бұл көріністі көргенде ел адамдарының жаңа білім алудың, білім беретін немесе сараптамалық бағдарламаларды көрудің, тым болмаса өткір мәселелерді қозғайтын фильмдерді тамашалаудың орнына, «Қарапайым Қайрат» секіоһлді арзан күлкі мен бейпіл сөзге құрылған өнімдерді жастана қарап уақыт өткізетіні көңіл қынжылтады.

Қазір бізге аталған веб-хикаяның 3-ші маусымы түсіірілетіні белгілі, себебі 5 наурыз күні жарияланған соңғы эпизодтың басында Qarapaiym Qaairat-тың кастинг директоры Марина Сүлейменова келсеі маусымға түсу үшін жас қыз-жігіттерге онлайн кастинг жарияланып жатқанын хабардар еткен болатын.

Басты рөлді соидайтын актерлер – Едил Анарбай, Рауан Рамазанов, Рамис Кулахметов, Marina Suleimenova. Максат Мамраимов, Азамат Рзагалиев. Халықтың эпизодтар астына жазған сын-пікірлеріне қарағанда, олар өз рөлдерін өте жоғары деңгейде, тіпті өздерінің болмысын көрсетіп жатқандай өте шынайы орындаған. Веб-хикаяның негізгі  саундтрегі – 3038 – Молодец және Арғын Аусаров(Аргоня), режиссёрі – Әділет Жұмабек, операторы –Антон Касьяненко, digital-продюсері – Алтынай Идрисова.

(Жалғасы бар)

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы