Размер шрифта:

Цветовая схема:

18 мамыр, 2020505

Қазақстандық киногерлердің дарынды қыздары

“Баланың бас ұстазы – ата-ана” деген сөз бекер айтылмаса керек. Ата-ана баласын емес, ең алдымен өз-өзін тәрбиелеу керектігі рас. Бала анасы мен әкесінің дарындылығын, талантын, олардың әрбір іс-әрекетін  бойына сіңіретіні жасырын емес. Оның өмірлік таңдауы, мамандыққа деген махаббатын ашатын да ең алдымен баланың асқартау әкесі мен аяулы анасы.

Ал еліміздегі кино саласында айтулы табысқа жеткен танымал кинорежиссерлер мен продюсерлердің, актер мен актрисалардың ұрпақтары да ата-анасының жолын қуып, үлкен экраннан көрінуді арман етіп жатады. Бүгінгі тізімімізде танымал қазақстандық өнер адмадарының кино саласында айтулы жетістіктерге қол жеткізген ерекше сұлу бойжеткен қыздары туралы айтатын боламыз. Балаларын сиқырлы кино әлемімен таныстырған ата-аналар кімдер? Әкесі мен анасын өмірде де, өнерде де үлгі еткен сұлуларды біз білеміз бе?

 

Мәриям Сатаева

Мәриям Сатаева – қазақстандық жас актриса. Еліміздің талантты режиссерлерінің бірі, “Рэкетир”, “Жау жүрек мың бала”, “Анаға апарар жол”, “Бизнесмены”, “Районы”, “Ликвидатор”, “Бауыржан Момышұлы”,  “Томирис” сияқты атақты отандық фильмдерге режиссерлік еткен дарынды киногер Ақан Сатаевтың қызы. 1999 жылы 28 мамырда Алматы шаһарында дүниеге келген. Халықаралық “Достар” мектеп-лицейінде білім алып, кейіннен Қазақ-Америка университетіне қарасты мектепте оқуын жалғастырады. Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында  "Графикалық дизайн" мамандығы бойынша тәлім алған. Әкесінің таланты бойына дарыған болса керек, Мәриям өзін кинода да сынап көрді. Ол өзінің дебютін “Районы” фильмінде алды. Картинада басты рөлдердің бірін сомдаған жас актриса кейіннен “Органика” және “Аға” кинофильмдерінде өзін актерлік тамаша қырынан танытып жүр. Қазіргі таңда актриса 2000 жылы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Жайдарбек Күнгужинов негізін қалаған Nomad Stunt халықаралық каскадерлер тобының құрамындағы беделді мүшесі. Мәриям Сатаева жас кезінен өнерге, спортқа жақын болып өскен. Бүгінде ару ат құлағында еркін ойнап, көптеген трюктерді ешқандай қиындықсыз орындап береді.
 

 

@marysatay

 

Айым Сейтметова

Халқымыздың сүйікті әртістерінің бірі Азат Сейтметов пен Данагүл Темірсұлтановалардың тұңғышы Айым Сейтметова. Қазіргі таңда Айым Сейтметова елге белгілі актриса, жастар арасында өзінің күлкілі видеоларымен танымал блогер. 1997 жылы тамыздың сегізінші жұлдызында дүниеге келген. Айым да қатарласы Мәриям секілді Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында  “Музыкалық театр әртісі” мамандығы бойынша білім алады. Актриса өзінің жас шамасына қарамастан бүгінде көптеген отандық жобалар мен картиналарға түсіп үлгерген. Арасында бірнеше басты рөлдерді де сомдап көрермен көзайымына айналды. Актриса өзінің ата-анасы қол жеткізген жетістіктері, атақ пен абыройының арқасында табысқа кенелгісі келмейтіндігін айтады. Ол “Бәріне де өз күшіңмен жету керек” деген тұжырымдаманы ұстанады. Актриса жастар арасында кең танымал Yuframe инста-жобасының құрамында болып біраз аудитория жинап үлгерді. Қазақстандық картиналарда да жиі-жиі бой көрсетіп тұрады. Олар: “Жібек”, “Іңәр жүрек”, “Мажоры”, “Ана жүрегі”, Сүйе білсең”, “Мезгілсіз махаббат”, “Инстаграмщица” және “Әкім” сынды кинофильмдер. Өткен жылы актриса өз сүйіктісіне тұрмысқа шыққан болатын. Бүгінде Айым тек ерке қыз, талантты актриса ғана емес, сондай-ақ аяулы жар болып отыр.
 

cosmo.kz 

 

Айжұлдыз Адайбекова

Қазақ эстрадасындағы дарынды әнші Жанар Айжанованың қызы. Жанар Айжанова қазір отандық сериалдар мен картиналарда жиі бой көрсетіп жүр. Әнші көбіне ене рөлдерін ерекше сомдайды. Өнерде өзіндік орнын алған Жанар Айжанованың қызы да жас кезінен өнер әлеміне бейім болып өскен. Алматы қаласында дарында балаларға арналған Күләш Байсейітова атындағы музыкалық  мектепте 13 жыл бойы тәлім алған. Кейіннен Германия еліндегі Ахен қаласында білімін жалғастырды. Бірнеше бейнебаяндар таспалап үлгерген. Қазір халық оны жас актриса ретінде таниды. Алғашқы дебютін Сатыбалды Нарымбетов режиссерлік еткен “Аманат” кинофильмінде алды. Картина Ермұхан Бекмаханов туралы түсірілген еді. Қазір Айжұлдызды отандық сериалдардан да, фильмдерден де көру таңсық емес. Мысалы, Айжұлдыз анасы Жанар Айжановамен бірге “Тақиясыз періште” сериалының жаңа маусымында ана мен қыздың рөлін сомдайды. Сонымен қоса, Айжұлдыздың бойында әншілік, актерлік, модельдік, суретшілік сияқты өнерлер де бар. Дарынды қыз гитара, фортепиано, шаңқобыз, сазсырнай, блог-флейта, флейта және барабанда ойнай алады. Жас кезінен спортпен және йогамен айналысады. Оның ішінде таэквондоға жақын.  Киім үлгісін құрастырып, дизайнерлікке де көңіл қойған. Қазір “Mond” брендін негізін қалап, Димаш Құдайберген және Say Mo сияқты елге белгілі жұлдыздарды киіндіреді.

 

gakku.kz

 

Іңкәр Әбдраш

Танымал актриса режиссер және сценарист Рүстем Әбдірашевтің қызы. 1990 жылы маусымның алытыншы жұлдызында дүниеге келген. Мұхтар Әуезов атындағы №128 қазақ мектебін үздік бітірген. Өнер адамдарының қара шаңырағына айналған Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық академиясында режиссура бағыты бойынша білім алған. Жас кезінен вокалмен  айналысып, жаны өнерге жақын болып өскен. “Томирис” атты қыздар тобының құрамында ән шырқаған. Кейіннен әртүрлі телевизиялық жобаларда бой көрсетіп, көптеген жарнамалық роликтерде түсіп, медиа саласына қарай бет бұрған. Кинодағы карьерасы 2009 жылы басталған. Актрисаның фильмографиясында “Ағайындылар”, “Супер Баха”, “Побег из аула”, “Алдар Көсе”, “Солнечные дни”, “Ирония любви”, “Жаным” сияқты көркем туындылар кездеседі. Іңкәрдің түскен соңғы жобасы “Қазақ хандығы. Алтын Орда” кинофильмі болды. Актрисаға киноға түсуден бөлек фильмдер мен балаларға арналған мультисериалдарды дыбыстау сияқты ұсыныстар да жиі түсетін көрінеді. Ол Disney өндірісі ұсынған “Храбрая сердце” картинасындағы Мерида есімді ханшайымды дубляждаған болатын. Кино саласында ерекше орын алатын Ікәр Әбдраш өзін режиссерлікте де сынап көрген еді. Және бұл оның қолынан келіп, керемет жетістіктерге жетуге үлкен септігін тигізген болатын. Ол қысқа метражды  “Умай” немесе “Мальчик у окна” атты картинасына режиссерлік етті. Аталған кинотуынды Ұлыбритания елінде ұйымдастырылатын British International Amateur Film Festival (BIAFF) әуесқой фильмдерінің Халықаралық кинофестивалінде бірден  2 марапатқа ие болды. Қазақстандық картина "Үздік фильм" және "Үздік сценарий" номинацияларында басым болып, шетелдік киногерлердің қошеметіне бөленді. Іңкәр Әбдраштың режиссурадағы бұл алғашқы әрі дебюттік жобасы еді. Кинофильм ерке актрисаның өмірін түгелдей өзгерткен жетім бала туралы болмақ. Актриса рөлінде Іңкәрдің жақын құрбысы әрі белгілі актриса Гүлнара Сильбаева сомдаса, жетім бала кейіпкерін Алмаз Ақылбай ойнап шықты. Іңкәр бұл картинасымен шындықты көрсеткісі келгенін және коммерциялық мақсатта түсірілмегендігін жеткізді. Бұл жоба кішкентай бейкүнә балғындардың ауыр тағдыры туралы айтатын әлеуметтік драма. Актрисаны тағы қандай жобалардан көретініміз немесе ол мүмкін режиссерлікке түгелдей бет бұрдыма белгісіз, бірақ біз оған тек қана сәттілік пен шығармашылық табыстар тілейміз.
 

nurtv.kz

 

Айсәуле Бақытбек

Айсәуле Бақытбек еліміздің үздік кино және телевизиялық, музыкалық жобаларының негізін қалаған продюсер, актриса Баян Алагөзованың үлкен қызы. Баян Алагөзова отандық кино әлемінде біршама жобаларға продюсерлік еткен, оның түсірген картиналары халық арасында кеңінен талқыға түсіп, елдің қызығушылығына жиі ілігеді. Осыған дейін ол “Ғажық жүрек”, “Тракторшының махаббаты”, “Махаббатым жүрегімде”, “Станция судьбы”, “Сиситай” және “Я пышка” сынды картиналарды көрермен назарына ұсынып келді. Айсәуле 1996 жылы Алматы қаласында дүниеге келді. Ол да анасының жолын қуып шығармашылыққа әуес болды. Ол отандық арналарда біршама тележобаларда тележүргізуші, кинофильмдерде актриса болып та көрді. Айсәуле анасының продюсерлігімен түсірілген “Тракторшының махаббаты” телесериалында кішкентай қыздың рөлін сомдап шықты. Оның бұл кино саласындағы алғашқы жұмысы болса да, өз кейіпкерін жақсы орындады. Алғашқы аптаның өзінде-ақ сериал рейтингі 4,63-те жетті. Бұл қазақстандық телесериалдар үшін өте жоғары көрсеткіш. Бұл деген елде барлық теледидар тамашалайтын 15% - ға жуық көрермендердің телехикаяны көрген деген сөз. Актрисаға бұдан кейін бірқатар режиссерлерден ұсыныс түсіп, ол белгілі-бір рөлдерге шақырту ала бастады. Алайда ол шетелде оқуын жалғастырып, журналистика мамандығы бойынша білім алды. Қазір ол Hola News жаңалық тарататын сайтының бренд амбассадоры. Өзінің жеке сұлулық желісінің жетекшісі. Өткен жылы тұрмыс құрып, қазіргі таңда отбасылық міндетін атқаруда.
 

@aissaulebakytbek 

 

Өз талабы және талантымен көрерменді тәнті еткен жұлдыздардың осындай сұлу қыздары бүгінде үйінде ерке қыз, түсірілім алаңында дарынды актриса ал кейбірі отбасында сүйікті жар болып келеді. Бұл өз кезегінде кино әлеміне деген махаббат ұрпақтан-ұрпаққа берілетіндігіне дәлел болатыны сөзсіз. 

Автор:  Уйсунбай Жаннура

Фото:  Интернет желісінен алынған

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы