Размер шрифта:

Цветовая схема:

19 маусым, 2020319

Қазақстандық "Киелі би" арт-фильмі Канн кинофестиваліне өтті

Отандық "Киелі би" немесе "Қасиетті би" деп аталатын эксперимент түрінде түсірілген арт-картина Нью-Йорктегі Dance on Camera фестивалінің ресми селекциясында көрсетіліп, сондай-ақ Канн кинофестивалінің конкурстан тыс өтетін арнайы бағдарламалық іріктемесіне енді. 

Қазақстандық хореографтың қатысуымен жүзеге асқан картина еліміздің көркем өлкесі саналатын Маңғыстау жерінде түсірілген. Фильмде орындалған әсем биден бастап, картинада бейнеленген әрбір кадрдың сұлулығына дейін көздің жауын алады. Кинокартинаның авторы және бидің қоюшысы Қазақстаннан шыққан қазіргі таңда Франция мемлекетінде тұрып келе жатқан кәсіби балерина әрі хореограф Дана Мұса болды. Сонымен қоса, бидің әсерлі шығуына өз үлестерін қосқан халықаралық энтузиастер командасы зор күш салды. Жобаны өз қаражатына түсірген олар фильмнің алғашқы көрсетілімін Ақтау қаласында ұйымдастыруды шешкен. Аталған кинокартинаның басты ерекшелігі әрі мақсаты - адам мен табиғаттың өзіндік байланысын көрсету. Әйел адамның бойындағы энергияның маңыздылығы, онымен табиғат ананың жақындығы, рухтық қасиеттерді би арқылы жеткізу болды. Бұл тақырып шетелдік аренада үлкен сұранысқа ие, халықаралық киногерлер мен эксперттер арасында қызу талқыға түсіп, өзгеше қызығушылыққа ие болатын тақырып екендігін картина авторлары еш жасырмайды. 

weproject.media

Дана Мұса, хореограф, фильмнің авторы:

Мен жүзеге асырып, жарыққа шығарған барлық жобаларым табиғатпен тікелей байланысты, олар осынысымен-ақ бір-біріне ұқсас келеді. Әйел азаматы өз жаратылысының қасиеттілігін, оның қоршаған ортаға жақындығын өзінің тәнімен көрсете алатын еркін жан. Картинада 7 архетип көрсетілген, мен ол жерде  билеймін, осы би арқылы өз ойым мен мені толғандырған дүниелерді көрсете аламын. Бұл мен үшін аса маңызды әрі құнды. Әйел кісінің дене мүшесіндегі әрбір сантиметр қасиетті, сол үшін де фильм "Қасиетті би" деп аталады.

 

Дана Мұса 2010 жылдары Франция еліне оқуға түсіп, кейіннен өз өмірлік және карьералық жолын құрастырды. Алғашқы мамандығын Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясында режиссерлік факультетте алған болатын. Арман қуалап Франция астанасы Париж қаласына келіп, “Париж-8” атты жоғарғы оқу орнындағы би факультетіне түседі. Арманы адастырмады. Қазіргі таңда Дана Мұса Франциядағы Ethno Ballet балет қауымдастығының негізін қалаушысы. Қазақстаннан шыққан кішкентай қыздың мақсаты орындалып, бүгінде ол шетелдік мәдени өнерді бағындырып келеді. Енді Дана Мұса балет өнерінің нағыз отаны әрі жүрегі саналған Парижде сұранысқа ие талантты әрі дарынды биші. Ол Ұлы Дала мен классикалық балеттің этно өнерін бүкіл әлемге танытып келе жатқан балет өнерінің нағыз маманы. Оны біз дәл осы жарыққа шыққан "Киелі би" арт-фильмінен-ақ байқауымызға болады. 

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы