Размер шрифта:

Цветовая схема:

29 шілде, 2020355

Қазақстандық көрермен назарына

Тамыздың 6-сы мен 9-ы аралығында «Qara Film Festival» деректі фильмдердің онлайн кинофестивалі өтеді. Биылғы жылдың бағдарламасына Еуропа мен Американың 8 деректі киносы қатысады. Олардың көрсетілімі тегін әрі тек Қазақстан аумағында мүмкін болмақ.

«Qara Film Festival» - бұл деректі фильмдердің тәуелсіз кинофестивалі. Шараны ұйымдастырушылар фестивальді сәуір айында кинотеатрда өткізбек болған. Алайда, карантин жарияланғандықтан, өту мерзімі кейінге шегеріліп, фестиваль онлайн режимде өтеді.

Сонымен фестивальдің 4 күнінде көрсетілетін фильмдермен таныс болыңыздар.

Бірнеше жыл төңірегінде соғыс болып жатқан тұста шығармашылықпен айналысып, ежелгі арманыңды жүзеге асыру мүмкін бе? Бұл сұраққа фестивальдің алғашқы күні, яғни 6 тамызда бірінші болып көрсетілетін украиндық режиссер Ирина Цилыктың «Земля голубая, будто апельсин» дебюттық картинасы жауап беруге тырысады.

Донбасстың қауіпті аймағында тұрып жатқан Анна мен оның төрт баласының өмірге деген қызығушылықтары мен өнерге деген ұмтылыстары зор. Аннаның үлкен қызы Мирослава кино өнеріне үйрететін жоғары оқу орнына түсіп, оператор болуды армандайды. Сөйтіп анасы мен Мирославаның іні-сіңлілері әпкелерін қолдап, режиссер Ирина Цилыкқа айналада болып жатқан оқиғалар жайында фильм түсіруге көмектеседі.

Украиндық режиссердің дебюттық туындысы биылғы жылдың қаңтарында Sundance кинофестивалінде деректі фильмнің үздік режиссурасы үшін сыйлыққа ие болды. Киногер бұл фильм арқылы соғыспен емес, өнермен айналысқан жөн дегенге саяды. Бұдан бөлек, картина Берлин фестивалінде де көрсетілген еді. Ал, туынды түсірілімдері Украина мен Литва елдерінде жүргізілді.

Фестивальдің екінші күнінде көрермендер назарына жол тартатын - итальяндық режиссер Беньямино Баррезенің «Исчезновение моей матери» картинасы мен ағылшындық режиссер Элизабет Сэнкидің «Романтикалық комедия» фильмі.

Алғашқы туындының желісіне режиссердің анасы – өткен ғасырдың 60-шы жылдарының топ-моделі болған Беньямино Баррезенің хикаясы енді. 75 жастағы танымал тұлға камералар объективі мен фото жарқылдардан жалығып, бұл өмірден ғайып болғысы келеді. Алайда бейнелер әлеміне ғашық оның режиссер ұлы анасының қарсылықтарына қарамастан, сөніп бара жатқан бейнесін ұстап қалғысы келеді. Сөйтіп, жақындар арасында әсерлі шиеленіс туындайды.

Бұл күні көрсетілетін ендігі бір туынды - «Романтикалық комедия» картинасында режиссер Элизабет Сэнки романтикалық комедиялардың өткені, бүгіні мен болашағын зерттейді. Режиссер 1961 жылғы «Завтрак у Тиффани» романтикалық картинасынан 2000-шы жылдардың басында түсірілген «500 дней лета» фильміне дейін кейіпкерлердің өзгеруін бақылайды. Фильм экрандағы кейіпкерлердің көрермендердің шынайы өміріне әсер етіп, олардың саналарында махаббат жайындағы түсінік пен қарым-қатынастардың қалай өрбуі керектігін қалыптастыратынын көрсетеді.

Ал 8 тамыз күні көрермен назарына бірден үш картина ұсынылады. Олар - «Не будь придурком!», «Страна меда» және «Маленькая смерть».

«Не будь придурком!» фильмінде екі ағайынды жігіттің ара-қатынасы көрсетіледі. АҚШ-тың Мэриленд қалашығында жаз мезгілі болып жатыр. Ағайынды Питер мен Мэтью демалыстарын үйде өткізуде. Питер «Выживший» реалити-шоу көруге құштар. Кеш сайын бағдарламадағы көріністерді көрсетіп, отбасы мүшелерін оның қатысушылары деп елестетеді. Мэтью болса, иттерден қорқады. Қорқынышты жеңу үшін күнделікті иттер саябағында қыдырады. Өзге бозбалалар сияқты олар да бір-бірін келемеждеп, осылайша махаббат сезімдерін білдіреді.

Американдық режиссер Бен Мулинкоссонның «Не будь придурком!» фильмі фестивальде ұсынылған картиналардың ішіндегі ең үлкені – осыдан үш жыл бұрын, яғни 2017 жылы түсірілген.

Тамара Котевска мен Любомир Стефановтың «Страна меда» картинасы қауіпті саланың бірі – жабайы аралардың балын жинаушылардың соңғы тұяғы жайында баяндайды. Хатидже Македонияның шалғайында тұрып, қарт анасына қарайлайды. Өз ісін жақсы көретін әйел бал жинап, оны сатып, тапқан ақшасына анасымен күн көреді. Алайда балдың барлығын әкетпей, аралардың да үлесін ескереді. Бұл тепе-теңдік ұзаққа бармайды. Қалыптасқан өмірді жаңадан көшіп келген көшпелі көршілері бұзады. Олар да бал жинамақ болады. Тек олардың бұл істе өз ережелері бар. Картина Македония мен Түркия елінде түсірілген.

Бұл күні көрсетілетін үшінші фильм - «Маленькая смерть». Швейцариялық режиссер Анни Гислер өзінің картинасын әйел адамның жыныстық сезіміне арнайды. Картина 2018 жылы түсірілді.

Фестивальдің соңғы күні көрермендерге «Женаты» мен «Преступление + наказание» фильмдері ұсынылады.

Даниялық режиссер Эмиль Лангабелленің «Женаты» картинасы ескі достарды махаббатын суреттейді. Кристиан мен Сидсель танысқандарына он жыл болды. Оның алты жылын бірге өткізіп, енді міне, үйленуге бел буады. Кристен – қарапайым фермерші, Сидсель – қиылшыл жан. Екеуі бірін-бірі жақсы көреді. Алайда махабаттарының мықтылығына қарамастан, бұл ерекше жұп кейде ортақ мәмілеге келе алмай жатады. Кристен мен Сидсель әр ерлі-зайыптының ерте ме, кеш пе кездесетін қиындықтармен жүздесіп, оларға төтеп беруге тырысады.

Американдық режиссер Стивен Маингтың «Преступление + наказание» фильмі фестивальде көрсетілетін соңғы туынды. Абыройы мен атағынан бөлек, Нью-Йорк полициясы департаментінің екінші жағы да бар. Жүйеге сәйкес, полицейлер бір айда белгілі мөлшердегі адамдарды ұстап, түрмеге отырғызуы керек. Басшылықтың қысымынан кей офицерлер кінәлі емес адамдарды заңсыз тұтқындайды. Олардың көбі қара нәсілдің өкілдері. Алайда бес саусақ бірдей емес. Он екі батыл полицей жігіт бірігіп, бастарын бәйгеге тігіп, өз тергеулерін бастайды. Сөйтіп өз полиция департаментін сотқа береді.

Айта кетейік, әр фильмді алғашқы 500 көрермен тамашалай алады. Барлық жұмыстар көрсетілімнен кейінгі 12 сағаттың ішінде қолжетімді болмақ. Картиналарды тек Қазақстан аумағында ғана қарауға болады. Онлайн-көрсетілім жайындағы толық ақпаратты кинофестивальдің сайтынан біле аласыздар!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  qarafilmfest.kz

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы