Размер шрифта:

Цветовая схема:

30 шілде, 2020614

Қажет Смағұлов: «Қазақ киносы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз»

«Бизнес по-казахски» фильмінде Бақдәулеттің рөлін сомдап, көрерменнің көзайымына айналған танымал актер Қажет Смағұлов сиквелдің кезекті бөлімінде өнерін жалғастыра ма? Мексикадағы түсірілім жұмыстары қалай өтті? Актер тағы қандай отандық кинорежиссерлердің туындысына түскісі келеді? Осы және өзге де қызықты сұрақтарға «kaztube.kz» бейне-порталына берген сұхбатында киногердің өзі жауап берді.

- Бірден білгіміз келетіні – Бақдәулет Түркияға ұшты ма? Көрермен сүйікті кейіпкерін «Бизнес по-казахски» комедиясының кезекті бөлімінде тамашалайтын бола ма?

- Иә, Алла бұйыртса, мен Түркияға ұшатын болдым. Бірақ әлі ұшқан жоқпыз. Қазір сценарий қолымызда, күні бойы оқып танысып жатырмыз. Иә, Бақдәулет Түркияда болады.

- Қолыңызда сценарийіңіз бар екен... Олай болса, кейіпкеріңіз осы жолы қандай қызықты шытырман оқиғаға тап болатынын білсек бола ма?

- Негізі меніңсценарийдің, киноның қалай болатынын айтуға хақым жоқ. Дегенмен айтайын - шытырман оқиғалар болады. Осы Түркиядағы линия ерекше болады. Басқа киноларға қарағанда, мұнда ешкім жоғалмайды. Бұл бөлімде мүлдем басқа тарих болады деп айтайын.

- Бір сұхбатыңызда бұл фильмге кастингсіз келгеніңізді айтқан едіңіз. Білуімізше, бұл картинаға дейін Сізді халық кино актері ретінде көп тани бермейтін. Фильмге түсу туралы ұсыныс қалай түсті?

- Иә, қарап отырсам, кастингтерге мүлдем қатыспаппын. Ешбір жердегі бір кастингке барып көрмеппін, тек шақырумен ғана түстім. Осы киноға да шақырумен келдім. Ол кезде мен Тұрсынбек Қабатовтың «Әзіл әлемі» театрында болатынмын. Театрдан шығам деп жүрген кезім еді. Сөйтіп жүрген кезде осы киноға ұсыныс келді. Мен ойланбай, келісімімді бердім. Бірақ бұл киноның алдында тағы киноларым болған. Хабар арнасында көрсетілген «Өмір сабақтары» сияқты телехикая. Ал негізі менде көрінбейтін, кішкентай рөлдер болды. Бірақ нақты толықметрға түскенім осы «Бизнес по-казахски» фильмі болды. Шақыру келген соң келісіп, осылайша картинаға түскен жайым бар.

- Бірінші бөлімнің алғашқы түсірілім күнін еске түсірсек. Қандай сезімде болдыңыз? Ең алғашқы қай сахнаға түстіңіз?

- Ең алғашқы сахна менің есімде жоқ екен. Қай сахнадан бастағанымыз да есімде жоқ. Бірақ қобалжу болды, әрине. Қобалжу болғанда мондраж ұстап қобалжу емес. Мен қашан болса да: сахнаға шықсам да, той өткізсем де, камера алдына шықсам менде қобалжу үнемі болып тұрады. Қобалжымай ойнап берем деген адамдарға сенбеймін. Адам қобалжу керек деп ойлаймын. Бірінші сахна болсын, соңғы мотор болсын өз басым қатты қобалжимын.

- Біз Сізді сатира актері ретінде білеміз. Импровизацияға кенде емес екеніңіз де белгілі. «Бизнес по-казахски» картинасын түсіру барысында сценарийден тыс импровизацияға жүгінген сәтіңіз болды ма және ол режиссерлер тарапынан құпталды ма?

- Негізі импровизацияға жоқ адам емеспін. Сахнада өзің әзіл жазасың да, соны орындайсың, себебі линияны бұзып аламын деген соң, арасына қосып жіберуді қорқасын. Оған да ақырындап үйрендік қой кейін. Ал кинода импровизсіз ауыр болады. Құр текстпен жүрсең, құрғақ болады. Шектен кетпей, құрылымын бұзбай импровизация жасауға болады. Кейде импровизация негізгі тексттен де жақсы кетеді. Кейде сол тексттен көшіп, импровизация жасасаң, ол керісінше, режиссерлерге ұнайды. Қалай болғанда да режиссерлермен ақылдасасың ғой. Мысалы, артық кетіп жатсаң, режиссердің өзі айтады «жоқ, Қажеке, мына жерде текст бойынша кетіп қалайық, текст бойынша кетпесең, өзгеше мағынаны беріп тұр» деп. Әрине, импровиз деген жақсы ғой. Сондықтан текстке қарағанда, импрвизациямен көп жұмыс істейміз. Мен көбінесе импрвизді жақсы көремін. Текстті жаттап алып, өз сөзіңмен айтсаң, ол әлдеқайда жақсы көрінеді.

- Олай болса, осы картинаны түсіру кезінде қандайда импровизация болған сәтті еске түсіріп, бізге айтып берсеңіз...

- (Күледі) Енді талай жерде импровизация болды. Қайсысы текстпен, қайсы импровиз болғаны қазір еске түсе қоймайды. Бірақ Африкада көп импровизация болды («Бизнес по-казахски в Африке» фильмін түсіру барысында). Түрмеде отырғанда, бізді зынданға, қораға жауып қойған кезде сол жерде импровизация болды. Бірақ есімде аса жоқ. Содан кейін фильмде айтылатын «уважение» деген бар ғой, оның барлығы дерлік импровизация, сценарийде жоқ нәрсе. Мысалы қалың шөптің арасында біз Рамазан екеуіміз түнде тығылып отырып, мен бір кетіп қалып, Рамазанның жанына қайта қайтып келген кезде, Рамазан қорқып бір қара жігітке қарап тұратын сахна бар ғой, мен сол кезде оған қарап, не айтарымды білмей, «Ассалаумағалейкум, брат» деп айтатын жерде импровизация жасалды. (күледі)

- «Бизнес по казахски в Турции» картинасының түсірілім жұмыстары қашан басталатыны белгілі ме?

- Қазір карантин болғандықтан, әуе қатынасы жабық тұр ғой. Қазір соның ашылуын күтіп отырмыз. Құдай қалап, ашылатын болса, осы тамыз айында ұшамыз. Нақты қашан екені бізге айтқан жоқ. Бірақ күнделікті дайындық жүргізіп, сценарийді оқу жұмыстары жүріп жатыр.

- Сіздің кинодағы әзірге соңғы рөліңіз ол - «Базар жоқ, Мексика!» комедиясындағы Паконың рөлі. Бұл фильмнен қандай әсер алдыңыз? Тропикалық елде жүргізілген түсірілім кезінде қандай да бір қиындықтар болды ма?

- Иә, Мексикаға да барып қайттық. Ең біріншіден, мен мықты әсер алдым. Неден? Өзге елді бұрын теледидардан ғана көретінбіз - наркокортельдер, гитарамен ойнаған әндері, кішкентай жаман-жаман үйлер, кедейшілік, байлар, соның бәрін көргенде керемет әсер алғанмын негізі. Мен қаншама шетелге шығып жүрмін ғой өзім, ең бірінші «Бизнес по-казахски» ғана Қазақстанда түсірілген екен. Қалған киноларым шетелде өтті. Сол жарты әлемді айналып отырып, қай жерде болмасам да, өзім қазақ болып, қазақ жерінде туып-өскеніме керемет қуанамын. Өйткені бірде-бір ел Қазақстанға жетпейді екен. Бізде бәрі бар. Жауын жауатын кезде жауын жауады, қар жауатын кезде қар жауып, аязы аяздай, ыстығы ыстықтай. Самал желі де қандай тамаша! Ал Мексикада тоғыз ай жауын болмайды екен. Себебі қыс жоқ қой. Үш ай ғана жауын болып, қалған күндері қаңсырап қалады екен. Содан ыстықтан қиналдық. Қазір ыстық болып, қазір-ақ жауын құйып кетеді. Одан қайта күйдіреді. Бірақ біз барғанда әйтеуір біраз жауын болды. Содан кейін тамақтан қиналғанымыз бар. Тамағының дәмі бәрі ащы және ол жақта нан да, май да майыстан жасалады екен. Оның ерекше иісі бар, тамаққа қосқанда дәмі басқаша болып тұрады. Содан жаман қиналдық. (күледі) Тағы бір айтып кететін жағдай - Мексикада керемет қорқынышты. Олжас Абай айтпақшы, мына Мехико 70-ші жылдарға дейін дамып-дамып келе жатып, 70-ші жылдары тоқтап қалған сияқты деп. Өйткені қорқынышты рас. Кедейлік, бандитизм, рэкет – бәрі бар. Бізді күзетсіз жүргізбейтін. Бірақ съемканың ақырғы күндері тіл білмесек те, дүкенге, қала аралауға ақырындап күзетсіз шығып кетіп жүрдік. Телефонда «интернетсіз аудармашы» деген қосымша бар екен, соны көшіріп алдық та, керек нәрсемізді содан қарадық. Сөйтіп біреу бірдеңе десе, соны дауыс ұлғайтқышқа қосып, аударып, түсініп алатынбыз да, айтатын сөзімізді соған қайта аударып, өзіміз айтып беріп отырдық қой (күледі). Сол бір қызық болды. Ол жақта ағылшын тілінже көп сөйлемейді екен. Оларда испан тілі ғой. Өздерінің нақты тілдері жоқ екен. Түкпір-түкпір бір таудың арасында ма екен өз тілдерінде сөйлейтін бір жерде жатқан бір тайпалар болмаса, Мехиконың өзінде тілдерін жоғалтып алған. Соған қарап: «Шіркін, қазағымыздың өз тілі бар ғой» деп қуандық.

- Мексикадағы түсірілімдер қанша күнге болды?

- Біз ол жаққа барып, алдымен климатына, ыстық-суығына бәріне үйреніп, он күн жаттық. Түсірілімдер негізі бір айдан кішкене ғана асты ғой деймін. Қауырт режиммен тез-тез түсірдік. Таңғы сағат алтыдан бастап мотор, содан түнгі сағат 12-ге дейін жұмыс істедік. Сөйтіп түсірілді.

- Фильмде Сіздермен бірге мексикалық актерлер де өнер көрсетті. Олардың өнерлері жайында не дейсіз?

- Бізбен эпизодтарда ғана болмаса, мықты деген актерлер ойнаған жоқ. Бізді кино бойы қуып жүретін екі жігіт қана болды. Негізі - еңбекқорлар. Өйткені киноға түсу үшін оларда бәсекелестік деген мықты. Бізде сияқты емес. Бізде кино жаңа-жаңа дамып келе жатыр ғой. Оларда біріншіден арзан. Кедей халық қой. Киноға түсу үшін жанын береді. Қазақстанда сияқты емес, асықпай, жәймен түсіреді екен. Бір айда түсіріп салатын киноны олар созып жүре береді екен. «Мачете» деген кинокомпания болды. Сол компаниямен бірге жұмыс істедік. Бірінші күні олар түсінбеді. Жәй жүріп жұмыс істеді. Содан біздің режиссер «тезірек болыңдар» деп бір-екі рет бақырып қалды. Біздің костюм мен мейк-аптың департаменті тез-тез жұмыс істесе, олар қарап, түсінбей, басында үлгермей қиналып еді, содан кейін олар да қалыптасып алып, «е-е киноны осылай тез түсірген дұрыс екен ғой» деді. Сөйтіп біз оларға жаңадан Америка ашқандай болдық. (күледі)

- Қажет мырза, жалпы кино саласына қалай келгеніңіз жайында айтып беріңізші. Барлығы неден басталды?

- 2014 жылы Тұрсынбек Қабатовтың телеарнадан көрсеткен «Базар жоқ алаңы» деген үлкен тележобасы болатын. Содан бас жүлдені жеңген соң, Тұрсынбектің жанында концертке шығып, эфирге шыға бастадым. Сөйтіп таныла бастадым. Содан ақырындап астанаға киноға шықырып жатты. Телехикаялар болды. олардың көбі әлі күнге дейін шыққан жоқ. Содан көріп, мені «Бизнес по-казахскидің» ең бірінші бөліміне өнердегі, өмірдегі бауырым Жеңісхан Момышев шақырған еді. Сөйтіп бардым. Мен астанадамын, олар Алматыда болды. Мен әлі Алматыға көшкен жоқ едім онда. Сол кезде Жеңісхан мен араласып тұрдық. Ол маған бір текст жіберіп: «Қажет, мынаны қалай көріп тұрсың, ойнап берші» деп грушаны ұрып, «отбивной дайын болды» дейтін үзіндісін берді. Соны Тасқын деген досым телефонмен түсіріп тұрды, мен соны ойнап қоя бердім. Біраздан кейін хабарласып, «Қажеке, Сізді киноға шақырайық деп едік, Нұрлан Қоянбаевтың осындай-осындай кино болады деп. Сөйтіп сол жерде келістік.

-Тағы бір сөзіңізде өнерге бала кезден әуес екеніңізді айтып, мектепте монолог орындағаныңызды тілге тиек еткен болатынсыз. Сол монолог неге арналған? Қай шығармадан алынған? Әлде өзіңіздің туындыңыз ба?

- Иә, мен 13 жасымнан сахнада болдым. Біздің ауылда бұрын халықтық театр деген болатын. Бүкіл Қазақстан бойынша смотрлар өтетін. Сол смотрлардағы спектакльде мен де ойнайтынмын. Монологым төрт түлік малға пародия болатын. Өзімнің туындым болатын. Бұрын жәй ғана қой, әтеш, иттердің дауысын келтіріп айтатынмын. Сол кезде Төкей деген режиссер ағамыз «Қажет, мынауың жақсы, бірақ сахнаға шығып, малдың дауысын сала бергенің болмайды, бұған сен әңгіме құрастыр» деді. Содан жарықтық Төкей аға екеуіміз отырып, әңгіме құрып, ең бірінші монологымызды шығарған болатынбыз. 15 жасымда ауылдық, аудандық, содан кейін облыстық смотрдан өтіп, сол монологпен облыстық смотрдың лауреаты атағын алдым. Сондай қызық болған. Ал монолог «Ауыл кеші көңілді» деп аталатын. Содан кейін 15 жасымда эстрадаға кірдім. Эстрадада ойнадым. Ритм-гитарада ойнап, 15 жасымда ауылдың ансамблінде болып, ән айтып, солист болған күндерім болды.

- Осы уақытқа дейін Сіздің қоржыныңызда телехикаяларды айтпағанда, біз білетін бес картина бар: «Бизнес по-казахски» фильмінің төрт бөлімі, «Базар жоқ, Мексика!» және бүйырса «Бизнес по-казахски в Турции» туындылары болмақ. Бұлардың барлығы да комедия. Демек, осы жанрдың жаныңызға жақын болғаны ма?

- Иә, әрине, ең біріншіден, мен өзім «несчастный комедиант» емеспін (күліп айтады), бірақ әзілге өзім жақын болған соң, әзіл-ысқақшы болған соң әзіл ғой менікі. Драма емес, трагедия емес, пьесалар емес. Пьеса болғанның өзінде мен сатиралық пьесаларда ғана ойнар едім деп ойлаймын.

- Драма емес деп жатырсыз... Ал өзіңізді драма жанрында байқап көргіңіз келмей ме? Мәселен, тағы бір сұхбатыңызда тарихи тұлғаны – хан не батырды сомдағым келеді деген едіңіз... Осындай рөлдерге ұсыныс түсті ме?

- Әрине, тарихи кинода ойнағың келеді. Мысалы еуропалық актерлердің көбі мықты тұлғаларды, король Лирді сомдағысы келеді. Бірақ өкінішке қарай, бәрі сомдай бермейді. Ондай рөлдерді «мен-мен» деген майталмандар ғана орындайды ғой. Бізде сол король Лирдің орнында қай хан болмасын, тарихи бір рөл ойнағың келеді. Бірақ бізде бір жаманы – адамды ең бірінші эфирге шығарғанда, ең бірінші киносында қандай кейіпкерді ойнайды, сондай кейіпкерлердің рөлдерін бере береді. Сондай рөлдерге ғана шақырады. Мысалы, Олжас Абай соңғы Мексикада түсіп келгеннен кейін: «Мен негізі драма актерімін, сондықтан енді кинокомедияға ұсыныс келіп жатса, бас тартамын» деп отыр. Өйткені ол драманың актері. Ал мен өзім сатира, юмор, комедияның актерімін. Сондықтан білмеймін, шақыра ма, шақырмай ма, бірақ шақырып жатса, міндетті түрде басымды тартпай, сол киноға қатысуға тырысамын. Әр актер тарихи рөлдерді орындағысы келеді ғой. Менің ойымша, кез келген актер комедиант болсын, трагик болсын, үлкен бір тарихи тұлғаның рөлін сомдау арманы ғой. Біз де солардың қатарындамыз, әрине. Бірақ мені сондай тарихи туындыға шақырып жатса, әй, ханның рөлін бермейді-ау маған. (күледі) Берсе жантықтың рөлі, сатқынның рөлі, сондай антигерой болса, оған да риза боламын. Ең бастысы тарихи киноға түссем бе деген арманым бар.

- Ал Сіз қандай рөлді ойнауға келіспейтін едіңіз?

- (Күледі) Мен жеңіл рөлдерге келіспейтін едім. Эпизодтық рөлдерге келіспейтін едім. Бірақ эпизодтық рөлдерде де мағына болады. Бас кейіпкердің рөліне қарағанда, кей кейіпкерлерді эпизодта ойнаған актерлер есте қалып қояды. Мысалы, Краморов совет үкіметі кезінде сондай актер болған. Эпизодтың шебері атанған. Білмеймін, майысып сөйлейтін қызтекелердің рөлдерін орындамайтын шығармын. Өйткені маған олар жараспайды. (күледі) Мен түсінбеймін ондайларды. Ешқашанда әйелдің рөлін ойнамайтын едім. Әйелдің киімін киіп, әйелдің образын шығару мен үшін табу.

- Осыған дейін біршеше режиссермен жұмыс істедіңіз ғой. Олардан бөлек, тағы қандай отандық кинорежиссерлермен жұмыс істеп көргіңіз келеді?

- Мен кино саласына келмей тұрып, киноны қатты армандаған едім. Армандарымды кәдімгідей жазатынмын. Визуализация жасап, киноға түсу үлкен арманым болатын. Менің жақсы көретін режиссердің бірі ол – Ақан Сатаев мырза. Сол кісінің киносына түссем ғой, шіркін-ай, сол кісінің бір туындысында болсам ғой деген әлі күнге дейін арманым бар. Алла амандығын берсе, ол да орындалады деп сенемін. Ол кісі қазір, қуанышты жағдай болып отыр, «Қазақфильмнің» төрағасы болып келіп отыр. Бүкіл кино саласында жүрген актерлер, режиссерлерге, продюсерлерге қуанышты жағдай деп ойлаймын. Өйткені қазақтың киносы, Шәкен ағамыздың салып кеткен ордасы ары қарай жаңғырып, жаңарып, көтеріледі деген үміттеміз. Жалпы қазақ киносы жаңа деңгейге көтеріледі деп сенеміз.

- Өткен жылы өзімнің жеке сатиралық кешімді өткізсем деген арманым бар деген едіңіз. Сол арманыңызды жүзеге асыра алдыңыз ба?

- Ол кешімді алдағы 2021 жылдың қаңтар айына қойған едім. Бірақ пандемияның кесірінен карантинге жабылып, сол концертім арман болып қалып жатыр. Бірақ Алла амандығын беріп, әзілге оң көзімен қарайтын демеуші табылатын болса, міндетті түрде 2021 жылдың қаңтар айында кеш береміз бе деген ой бар.

- Сондай-ақ біз өткен жылы Сіздің музыкалық продюсерлікке бет бұрғаныңызды да естідік. Бұл іс қалай жүзеге асып жатыр?

- Тобым жәй отырған жоқ, жұмыс істеп жатырмыз. Қазір сол індеттің салдарынан бас қоса алмай жатырмыз. Студия жабық тұр. Бірақ альбом шығарамыз ба деген ой бар. Сол менің концертіммен бірге «Регион 05» атты тобыммен бірге олардың да концертін береміз бе деген жоспарымыз бар. Қазір аман-есен қыркүйек айында «Бизнес по-казахски в Турции» киносына барып түсіп келсек, содан кейін бірінші әнімізге клипті де түсірейік деп отырмыз.

- Көптеген адамдар болашақ жоспарларын айтқысы келе бермейді. Дей тұрғанмен шығармашылық адамы болған соң, алдағы арман-мақсаттарыңызбен бөлісе отырсаңыз...

- Армандарым көп қой. Армансыз адам, қанатсыз құспен тең дейді ғой. Сол көп армандарым ақырын-ақырын орындалып келе жатыр. Ақан ағаның картинасына түссем ғой деген ол бірінші арман, одан кейін келесі жылы өзім бір кино түсірсем бе деген арман бар. Қазір енді айту әлі ерте. Кәсіпкерлермен сөйлесіп, келісіп жатырмыз. Сәтін салса, мүмкін біз де бір туындыны түсіреміз бе деген жоспар бар. Киноны ішкі жағынан білгендіктен, халыққа не керек екенін біледі екенсің. Бірақ барлық продюсерлердің ойлары бір жерден шықпайды ғой. Содан маған бір әдемі ой келді. Жақсы бір сценарлық идея дейді ғой. Қазақ елінде қандай кино мықты болып өтер еді, содан кейін фестивальдерге қатысып, жүлде алатындай бір кино түсірсем деген арманым бар. Канн фестивалі, Оскар деп айтпай-ақ қояйық, бірақ онсыз да киноиндустрияда қаншама фестивальдер бар ғой. Қазір екі киноның идеясы тұр. Біріншісі - комедиялық боевик. Кәдімгідей жарылыстары, атыс-шабысы бар кино. Екіншісі – мистикалық фантастика деген ой бар. Екі киноның да астары болуы керек деп ойлаймын. Қандай кино туынды болмасын, әр киноның өз астары болуы керек. Сөйтіп, продюсерлікті де алып кетеміз деген ой бар. Мына арманым да орындалады деп отырмын.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы