Размер шрифта:

Цветовая схема:

08 сәуір, 2020451

«Қажымұқан» фильмінің жайы қалай? 

Қазақстандық режиссер Қанағат Мұстафиннің «Қажымұқан» атты фильм түсіре бастағанын бір ай бұрын хабарлаған едік. Карантин жарияланғалы бері түсірілім жұмыстары тоқтап қалды. Осы орайда, режиссердің бос уақытын пайдаланып, әңгімеге тарттық. Тарихи туынды жайында көбірек білгіңіз келсе, сұхбатқа зер салыңыз. 

- Қанағат мырза, армысыз! Білуімізше, карантин жарияланғанға дейін екі апта бұрын Сіз «Кажымұқан» атты фильміңіздің түсірілімін бастаған болатынсыз. Қанша бөлігін түсіріп үлгердіңіз? 

- Иә, біз қыркүйек айынан бастап дайындық жұмыстарын бастадық. Алты ай дайындалып, түсірілімімізге карантин басталмай тұрып, екі апта бұрын кірістік. Негізі қыстық кезеңде үш сахнамыз бар болатын. Карантиннің алдында бір ғана сахна түсіріп үлгердік. Он бесінші наурызда карантин басталғаннан кейін екі сахнаны түсіріп үлгере алмадық. Енді оны бұйырса, жазға қалдырамыз. Олар сценарий бойынша қыстық сахналар еді. Қазіргі таңда оларды жазғы сахналарға ауыстырып қойдық. Карантин жариялану себепті сценарийді осылайша сәл өзгерту керек болды. Түсірілім тобының бәрін карантинге жібердік. Ендігі таңда онлайн, «дистанционно» деп айтамыз ғой, группалар ашып, қашықтықтан жұмыс істеп жатырмыз. Кастинг де жүріп жатыр. Жанат Қасабеков деген сценарист екеуіміз сценарийді бұрыңғыдан да жақсартып жатырмыз. 

- Жалпы, атақты балуан жайында фильм түсіру кімнің идеясы?

- Жалпы, бұл жобаны дайындап жүргеніме 10 жылдай болды. Бұл өте ауқымды жоба. Оған мұқият дайындалып келдім. Оны түсіру туралы идея маған 2009 жылы «Рывок» картинасының монтажын жасап жатқан кезде келді. «Қажымұқан туралы неге фильм түсірмеске?!» деген ойға кенелдім. Сол оймен үйге келіп, әкемнен: «Қажекең туралы кітаптар бар ма екен?» деп сұрадым. Себебі, әкем Құрманғазы Қараманұлы - белгілі жазушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ондағы көркем аударма жөніндегі кеңестің төрағасы. Үйімізде үлкен кітапхана да бар. Содан әкем «бар» деп, екі кітап тауып берді. Соларды мұқият оқып шықтым. Ол кезде ауладағы жасөспірімдер «Аватар», «Робокоп», «Терминатор», Ван Дамм, Чак Нористерді көріп, «Мен - терминатормын», «Мен - робокоппын» деп жүргендерін байқайтынмын. Сонда «неге қазақ батырымызды сондай пір тұтар тұлғаға айналдырмасқа», «неге балаларымыз «мен – Қажымұқанмын, мен бәрін жеңемін» деп айтып ойнамайды» деген ой келді. Негізі, кино деген бұл үлкен идеология ғой. Кинотеатрға баратындардың 80 пайызы 14 пен 25 жас аралығындағы жастар ғой. Сол себепті біз сол 2010 жылы саябаққа барып, жастармен «Қажымұқан Мұңайтпасов деген кім екенін білесіз бе?» деген сауалнама жүргіздік.  80 пайызы білмеді. Тек, 20 пайызы ғана білді. «Иә, сондай бір балуан болған» деді. Басқа ештеңе айпады. Кейбірі Фурманов, қазіргі Абай көшесінен жоғары Қажымұқан деген көше бар деді. Барлық білетіндері сол еді. Сол себепті Қажекең туралы кеңестік заманда кино түсірген бе деп сол 2010 жылы іздестіріп қарадым. «Знай наших» деген киноны таптым. Ол кезде интернет енді-енді дамып келе жатқан кез. Сол киноны жүктеп алып көріп шықтым. Бірақ Ходжиковтың түсірген киносы, әрине, ол дәуірді түсінуге болады, идеология басқа еді. Батырымыз Поддубныйдың көлеңкесінде қалып қалды десе де болады. Ол үшін мен фильм авторларын айыптап отырған жоқпын, өйткені заман сондай еді. Енді өзіміз тәуелсіз Қазақстан болғалы бұл фильм Қажымұқан есімді белгілі балуан жайындағы тұңғыш кино болайын деп тұр.

- Фильм сценарийінің авторы өзіңіз екендігін білеміз. Оны жазарда көп ізденген шығарсыз...

- Иә, сценарий жазу кезінде 8 нұсқа болды. Оны жаза бастаған кезде мен де жас едім. Идея келген кезде жасым бар болғаны 23-те еді. Одан кейін енді талай көзқарас өзгерді, технологияларымыз дамыды. Негізі бәрі қалай болды? Мен сценарийдің бір нұсқасын жазатынмын, сосын үш айдан кейін ашып қараймын. Қараған кезде ештеңе ұнамайды. Сосын оны өшіріп тастаймын. Бірінші нұсқа кетті деген сөз. Сөйтіп арасында телехикая түсіремін, кино түсіремін, бірақ Қажымұқан туралы фильм идеясы ылғи ойымда жүретін. «Оны қалай жетілдірсем екен», «ана сахнаны қалай жазсам екен» деп жүретінмін. Өйткені бұл жобаға мен асыққан жоқпын. Бұл өте үлкен жоба. Мұндай аңыз адамдар мың жылда бір рет туады. Сол себепті бұл жобаға мұқият, жаңағы 200 пайыз білімімді салып, асықпай зерттедім. Талай Қажымұқантанушылармен жүздестім. Маркс Қызыкенов деген кісімен кездесіп, ол кісінің кітабын алып оқыдым. Қажымұқан туралы шыққан қанша кітап болса, барлығын оқып шыққан шығармын. Барлығы менде бар. Бірақ енді аңыз адам болғаннан кейін Мұқаң туралы бір оқиғаны үш автор үштүрлі айтады. Себебі адамдар бір-біріне ауызекі сөзбен жеткізгеннен кейін өзгеріп кете берген. Бұл деректі кино емес, көркем шығарма болғаннан кейін біз дұрыс нұсқасын таңдап, Жанат Қасабеков екеуіміз осы соңғы үш жылда сценарийімізді жазып, жетілдірдік. Бірақ қазіргі таңда әлі де өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Оның барлығы жобаның жақсы болып шығуы үшін жасалып жатқан дүние. 

- Ал, басты рөлге келетін болсақ. Оны кім сомдайды және актер қандай критерийлер бойынша таңдалды?

- Иә, Мұқаңның басты кейіпкерін біз таптық. Үлкен кастинг жасадық. Бірақ қазір атын айтпаймыз. Бұл құпия. Үлкен жаңалық қылып өзіміз карантин біткеннен кейін жариялаймыз. Ол - жас жігіт. Бұл - оның дебюті. Т.Жүргенов атындағы өнер академиясын бітірген. Кастинг, бейнесынаманың бәрінен өтті. Енді бұл жігіттің, бұйырса, бағы жанайын деп тұр. Алайда, кім екені әзірге құпия болсын. 

- Төрткүл дүниеге аты мәшһүр балуан туралы туынды түсіріп жатқан соң әрине, оның спорттағы бейнесін ашуға тырысасыздар. Бұдан бөлек, фильмде Қажымұқанның өмірінде болған қандай оқиғалары көрініс табады?

- Иә, әрине, Мұқаңның әлем чемпионы болғанын міндетті түрде көрсетеміз. Фильмде Қажымұқанның өмірбаянын да кеңінен қамтитын боламыз. Атақты балуан талай оқиғаларды бастан кешірді. Ашаршылықты де көріп, екінші дүниежүзілік соғысты да өткен. Соғысқа барғысы да келген, бірақ жасы үлкен болғаннан кейін оны алмады. Дегенмен, «не болса да өзімнің үлесімді қосамын» деп 100 мың рубль жинап, ұшақ алып, оны Жеңіс қорына сыйлаған. Осы секілді басқа да қызықты неше түрлі шытырман оқиғаларын көрсетеміз. Мұқан енді тірі адам болғаннан кейін былайша айтқанда, оның да кемшін тұстары бар болатын, әрине. Оның қандай адам болғанын, қандай қателік жасағанын, алайда қандай қиыншылық көрсе де, өзіне, өзінің сенімдеріне берік бола білді. Сол қиындықтардың барлығын жеңіп шыққанын көрсетеміз. Бірақ нағыз «месседж» деп айтамыз ғой, оны қазір айтқым келіп тұрған жоқ. Себебі кинотеатрда көрген кезде қызық болмай қалуы мүмкін. Сол себепті бұл құпия болып қалсын. «Знай наших» бар болғаны Қажымұқанның екі жылдағы өмірінен үзінді алған. Ал, біз оның туған сәтінен бастап, соңғы күніне дейінгі кезеңді көрсетеміз деп отырмыз. 
 
- Фильмнің түсірілім жұмыстары қайда жүргізіледі?

- Түсірілімдеріміз, бұйырса, Минскіде, Еуропада, Түркияда, Бакуде, яғни Әзербайжанда өтеді.  Және де бүкіл Қазақстан бойынша да түсіреміз. Бұл өте үлкен жоба.  

- Балуан өмірінде талай елде өнер көрсетті. Осы орайда, білгіміз келетіні: фильмде шетелдік актерлер бола ма?

- Иә, шетелдік актерлер болады. Қазір Түркияда, Әзербайжанда және Ресей Федерациясында кастинг жасап жатырмыз. Себебі, өзіңіз жаңа айтқандай, Мұқаң 66 елде болды. Оның жарыстардағы қарсыластары афроамерикандықтар, жапондықтар, аргентиналықтар және де Еуропаның жігіттері еді, Шмидт сияқты. Сол себепті Еуропада да кастинг өткізіп жатырмыз. 

- Қанағат мырза, қателеспесек, «Қажымұқан» фильмі Сіздің режиссерлік тәжірибеңіздегі алғашқы биографиялық картинаңыз. Осы уақытқа дейін талай фильмдер мен сериалдар түсіріп келесіз ғой, әрине, дегенмен тарихи тұлға жайында фильм түсіру деген жауапты іс шығар? Оны түсірер алдында ешқандай қорқыныш болмады ма? 

- Иә, бұл осы таңда менің ең үлкен жобам болайын деп тұр, бұйырса. Егер де 10 жыл бұрын бастасам, мүмкін - иә, қорқыныш болар еді. Бірақ қазіргі таңда ондай ешқандай сезім жоқ. Карантин жүріп жатуы себепті дайындықты ең қызу кезінде тоқтатып қойдық. Маусым мен шілдеде түсіреміз деп ойлағанбыз. Бірақ енді шілде мен тамыз, қыркүйекке көшетін болды. Екі айға. Одан кейін монтаж бен постпродакшн-ды күні-түні жасау керек болады. Премьераға дейін үлгеру үшін. Жоба үшін ең қиындығы сол болып тұр. Бірақ бастысы - вирус тезірек кетіп, еліміз аман-сау, бүкіл әлем осы індеттен құтылса деген тілегіміз бар.

- Картинаны қалың көрермен назарына қашан ұсыну жоспарда бар?

- Бұйырса 2021 жылдың наурызында премьерасы болады деп дайындап отырмыз. Өйткені сол жылы Қажекеңнің 150 жылдық мерейтойы болады. Соған арнап 150 жылдығына шығарайық деп отырмыз. Бірақ бұл әдейі 150 жылдыққа жасалып жатқан дүние емес, бұл сәйкестік болып тұр. Оң сәйкестік деп айтайын. Бұйырса, келер жылдың наурызына жоспарлап отырмыз.  

- Әлемде жарияланған короновирус пандемиясына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланды. Осыған байланысты барлық мекемелер, оқу орындары онлайн-режимге көшті. Сәтін салып, барлығы аяқталған соң, кейін карантин жағдайында елге қалтқыссыз еңбек етіп тұрған электрондық үкімет жайында, болмаса, цифрландыруға бет алған Қазақстан жайында ма фильм түсіру идеясы туындамады ма? 

- Басқа жобалар туралы идеялар бар, бірақ қазіргі таңда айтпай-ақ қояйын. 

- Білуімізше, өткен жылы Сіз Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Режиссура» мамандығы бойынша магистратураға оқуға түстіңіз. Осы орайда, оны тәмамдаған соң, болашақ режиссерлерді дайындайтын өзіңіздің бір шағын мектебіңізді ашу ойыңызда жоқ па?  

- Иә, мен магистратураға оқуға түстім. Келешекте өзімнің курсымды ашамын деген ой бар. Бірақ ол қазіргі таңда емес. Бұйырса, бір 10-15 жылдан кейін шығар. Өйткені өзімнің білген, жиған-тергенімді жастарға неге үйретпеске?! Америкада оқыдым, сол Америкада алған білімімді, өзімнің осы жақтағы тәжірибем мен теорияны жас балаларға үйретемін. Ол бұйырса міндетті түрде болады. 

- Және соңғы сұрағымыз. Карантинде оқырмандарымызға қандай қазақстандық кино көруге кеңес берер едіңіз?

- «Менің атым Қожа», «Жизнеописание юного аккордеониста», «Остров возрождения», «Записки путевого обходчика», «Ангел в тюбетейке». 

- Сұхбатыңызға рахмет!

Автор:  Зарина Смагулова

Фото:  режиссердің жеке мұрағатынан

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы