Размер шрифта:

Цветовая схема:

12 қазан, 2020430

Қуандық Шәкіржанов: «Ендігі кезек – тарихи киноға түсу»

«Жаңа қоныс», «Шашу», «Тақиясыз періште» дегенде бірден Сағатбек, Мұқаш пен Жомарт ойға елең ете қалады. Солай емес пе? Ал осы кейіпкерлерге жан бітіріп, қазақи болмысымен көпшілікті баурап, хикаяны тағатсыздана күткен көрерменді теледидар алдына жинайтын актер өзін қай рөлімен байланыстырады? Көрерменге экраннан жылулық сыйлайтын Қуандық Шәкіржанов өмірде де сондай ма? Бұл туралы актер бізге берген сұхбатында айтып берді. 

- Әңгімемізді Өзіңізден бастасақ. Актер болу балалық шақтан келе жатқан арманның жүзеге асқаны ма? Жалпы осы салаға қалай келдіңіз?

- Өзім мектеп кезінен, шамамен 8-9-сынып оқып жүргенде «актер боламын» деп армандадым. Содан мектеп бітіргеннен кейін Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, кейін әскерге кеттім. Әскерден келгеннен кейін екінші курстан бастап Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздан актерлік шеберлікті жалғастырып, 1993 жылы бітіріп шықтым. М.Әуезов театрындағы актерлер - Ерлан Біләл, Дулыға Ақмолда, Гүлшат Тұтова,  Шынар Асқарова, Асылбек Боранбаев, «Терісқақпайдағы» - Ұлан Нүсіпәлиев, «Бауыржан-шоудағы» Әбеке (Әбунасыр Серіков), Алмат Сақатов, Бахыт Әліпбаева бәріміз бірге оқыдық. Біз - Тұңғышбай Жаманқұловтың алғашқы шәкірттеріміз. 1993 жылы бітіргенде өзі ерекше курс болдық, алғыр курс болдық, өйткені ең үлкені - 1965 жылғылар, ең кішілері - 1972 жылғылар. Арамыз 6-7 жас болды. Әртүрлі жаста болғаннан болу керек үлкен-кіші болып бәріміз жақсы араластық. Тобымызда ауызбіршілік болды. Біз Тұңғышпай ағамыздың алғашқы шәкірттері болғаннан кейін ол кісі бар күшін салып, бізге білімін берді, сабағымыз қызықты, тартысты өтетін. Бір-бірімізбен жарысып, ойнап-күліп, төртінші курсты қалай бітіргенімізді байқамай да қалдық.

- Атақты Тұңғышбай Жаманқұловтың мектебін тәмамдапсыз. Осынау тұлғадан тәлім алу қаншалықты екен?

- Иә, бұл ағамыздың ұстаз болғанына, ол кісіден тәлім-тәрбие алғанымызға біз әрқашан мақтанамыз. Ол кісі - оқыған, көзі ашық, көкірегі ояу адам.

- Кинодағы дебюттық рөліңіз «Мент» атты комедиядан бастау алды. Сахнада талай жыл актерлік еткеннен кейін кинода өнер көрсету қиын болмаған шығар?

- Иә, толықметраждағы алғашқы қадамым «Мент» атты кинодан басталды. Оның алдында екі жыл «Қымызханада» жүрдім. Оның бірінші маусымында бір жылдай қазір астанамыздағы Жастар театрында еңбек етіп жүрген Әділ Ахметов, Дәурен Серғазиндермен бірге ойнадық. Ұлттық арнадан шыққан  өнім өте қызықты әрі рейтингісі жоғары болды. Ал екінші маусымында олар Елордаға кетіп қалды да, орындар ауысып, «Қымызхананың» екінші маусымы біріншісіне жетіңкіремей қалды. Өйткені сценарийлер әлсіздеу болды, үйреніп қалған актерлер кетіп қалды, басқа актерлер де ауысып жатты. Өзім екі маусымда да бастан аяғына дейін болдым. Кейін бір жыл Арман Дүйсеновтермен «Дудар-ай» атты әзіл-шоу бағдарламасында  жүрдік. Содан кейін барып «Мент» киносына түстім. Үлкен кинолардағы рөлдерімді айтатын болсам, ол - «Оралман из Питера», «Мент», эпизодтық рөлдерде - «Мама+папа» болды, ал сериалдарда  - әрине, «Жаңа қоныс» қой. Тәрбиесі бар, өмірдегі оқиғаларға жақын телехикая. Ол негізі трагедия, алайда біз оны комедия ретінде өткізіп отырмыз. Ұлттық арнадан көрсетілген телехикаяның үш маусымы болды. Оның екіншісінің рейтінгісі өте жоғары еді. Ал «Жетінші арнада» Жанар Айжановамен «Тақиясыз періште» сериалында ойнадық. Ол енді студенттерге, оқушыларға арналған. Ешқандай саясат жоқ. Жеңіл әзіл. Оның да үш маусымы болды. Үшеуі де «Жетінші арнада» бірінші орында. Одан кейін «Хабарда» көрсетілген «Шашу» деген телехикаяға түстім.

- Отандық телехикаяларға, шыны керек, соңғы жылдары отандастарымыз ерекше ден қойған. Бұл өте қуанышты жағдай. Сол себепті де көптеген актерлердің есімдерін көрермендер өнер көрсеткен рөлдері арқылы ғана жаттап, біліп жүреді. Сізді осы сериалдар арқылы жұрт қай рөлмен жиі байланыстырады?

- Менің атымды көп атайды. Кім қай киномды көрсе, сол кинодағы атыммен атай береді. «Қымызханадан» - «Бөдеш» деп кеткен, «Шашу» сериалын көргендер  - «Мұқаш» дей береді, «Бауыржан-шоуды» көргендер  - «Көк москвич», «Жаңа қонысты» көргендер - Сағатбек, «Тақиясыз періштені» көргендер - Жомарт деп атайды. (күледі) Мен бәріне үйреніп кеткенмін. Көрерменнің өздері көріп, ат қойып жатқан да жаман емес қой. Кімге қай рөл ұнады, сол рөлмен атайды-ау деп ойлаймын. Оларына да рахмет! Ризамыз.

- Осы аталған фильмдерде Өзіңіз үшін қиынға соққан рөл болды ма?

- Маған рөлдің ешқандай қиындығы жоқ. Актер адам өзінің мамандығы болған соң, ойнай білуі керек деп ойлаймын. Ол үшін бірінші оқиғаны білу керек. Сценарийді толық білуі керек, кейіпкердің кім екенін жақынырақ тани білуі керек, сонда ешқандай қиындығы болмайды. Рөл шығара алмайтындар олар біраз сценарийден алыс болады да, оқиғаны танымайды, содан кейін өздері кімнің рөлін ойнап жүргенін білмей қалады. Ондай қазір көп. Өкінішке қарай, бұл бір минусымыз, әрине.

- Қуандық аға, Сіз көбінесе комедиялық фильмдерде рөл сомдайсыз. Неліктен? Комедия жаныңызға жақын жанр ма?

- Бізде солай ғой.  Актер қай жағына жақын болса, оны сондай рөлдерге тарта береді. Біреу мұңайып тұрса, оны ылғи сондай бір трагедияға тартады. Менің түсінігімде актер деген жан-жақты болуы керек. Мен үшін комедия болсын, трагедия болсын, драма болсын ешқандай қиындығы жоқ. Ылғи осы жанрға шақырған соң, мені солай көретін шығар. Ал негізі рөлдерді бөліп-жармаймын. Түсе беремін.

- Ал фильмде «осыны сомдасам ғой» деп жүрген рөліңіз бар ма?

- Ендігі кезек – бір тарихи киноға түсу. Ханның рөлін бермейді ғой маған, әрине. Бірақ, отанын сатпайтын, қылыштасуды, садақтасуды білетін, ханға адал, мықты бір уәзірді сомдау арман болып жүр. Бұйырып жатса, ол да болар. Көре жатармыз. 

- «Киноның ауқымы кең, өшпес дүние» дегенмен келісесіз бе?

- Рас қой. Баяғыда бір сөз бар еді: «Өнердің ішіндегі негізгісі – кино» деп.  Кино деген ол тарих. Бүкіл тарихта болған оқиғаның бәрін кино арқылы көруге болады. Ол, былайша айтқанда, бір тірі көрініс, тірі кітап қой. Кітапты оқыған бір бөлек, ал сол кітаптан алып, кино қылып көркемдеп, кейіпкердің жасын, мінезін, елін, жерін, тілін, дінін көрсетіп суреттеу – бір бөлек. Тарихи оқиғаның қалай болғаны, не болғаны, қай ғасырда, қай күні, қандай жағдай болды – осының бәрі кейін кино арқылы көз алдыңда қалады. Бүкіл тарих кино арқылы суреттеледі. Өшпес дүние деген - ол рас. Ол солай қалады. Біздің ұлттық «Қыз Жібегіміз» де, кешегі Кеңес Одағындағы «Менің атым Қожа» да солай. Бұл фильмді қазіргі жастар көрмесе де, мен өзім он рет көрген шығармын. Амандық болса, әлі талай көремін. Өйткені сағынған кезде сол өмірге, өзіміздің балалық шағымызға барып-қайтып келеміз. Сол арқылы біз демаламыз.   

- Фильмге ұсыныс түскенде оған келіспес бұрын бірінші кезекте несіне көңіл аударасыз: Сценарийге? Образға? Әлде Сіз үшін басқа да маңызды дүниеге ме?

- Иә, киноға ұсыныс түскенде мен алдымен сценариймен танысамын, кино не жайында, қандай оқиға болады, мендегі рөл кімнің рөлі осы дүниелерге мән беремін. Ұнамаса, бас тартамын.

- Өзіңізге ұсынылған сценарийді өзгертесіз бе?

- Иә, сценарийді өзгертемін. Қазір біраз авторлар мені осы жағымнан біледі. Мәселен, кейде бір ұнамсыз сөздер кетіп қалуы мүмкін, кейде жастар аталы сөзден қателесуі мүмкін. Соны түзеймін. Актерлер бір-біріне «пас» беру керек қой, сондықтан әңгімені өзімізге ыңғайлы етіп ауыстырамын. Бірақ, мағынасынан шықпаймыз, әрине. Мен өзім қазақ тілі мен әдебиетінен жақсымын, бірақ қалай болғанда да авторлармен келісемін. Он бес, тіпті жиырма пайызға дейін өзгертіп жіберемін. «Автор өздеріңсіңдер, бірақ мен жақсы жағынан, ұтымды жағынан осылай өзгертемін» деп  айтамын. Оған көбі келіседі.

- Ал, импровизация ше? Оған жиі жүгінесіз бе?

- Импровизация міндетті түрде болады. Сол жаңағы айтып отырған сценарийді өзгертуге байланысты импровизация мысалы «Шашу» сериалында болған. Біраз әңгімелер, мысалы, студент кездегі Мұқаштың әзілдері, өтіріктері, мақтаса бөрітіп кететін сияқты тұстары көбінесе өзімнің сөздерім. Оны енді авторлардың көбі біледі, келіседі, келіспек түгілі, кейбірі рахмет айтады: «мына жері дұрыс болыпты», «жақсы өңдепсіз» деп. Олай істемесек, бізге де ыңғайсыз болады. Кез келген кинода да, «Бауыржан-шоуда» да импрвизация болды. Ол сонысымен қызықты. Импровизацияға актер үйрену керек.

- Қандай фильмнен және қай рөлден бас тартатын едіңіз?

- Менің «Әй, бекер түсіппін ғой» деген өзім өкініп қалған бір ғана кином болды. Ол кинода мен ойнамайтын едім. Актерлері алынып қойған, кейін аяқасты түспейтін болған соң, дереу керек дегеннен кейін сценариймен де танысып үлгерген жоқпын. Сөйтіп түсе салғанбыз. Кейін қарасам, тартымсыз фильм болып шықты. Оны енді өзімнің ішкі саясатым біледі. Әрине, енді жасымыз келді,сонымен қазақи, ауылдың азаматы болғаннан кейін тәртіпсіздеу, ашық-шашық, өте дөрекі фильмдерге табиғатым тартпайды. 

- Қуандық аға, көрермен түсіріліп, монтаждалып, дайын болған өнімді ғана көреді ғой. Бірақ түсірілім алаңдарында да талай қызықты оқиғалар болып жатады. Өзіңіздің түсірілімдеріңізде болған сондай қызықты жайттармен бөліссеңіз...

- Өз арамызда қызықты оқиғалар көп болады. Кейде алған аяқ киім қысып, сыймай, күн суық болса да, жалаңаяқ отыратын кездер болады. Өйткені аяғыңды түсірмейді. Аяқты түсіретін болса, уақытша ғана киесің. Кішігірім осындай қызықтар болып тұрады. Ал негізі актерлер сөзден қателесіп, неше дубльдер жасайды, сондайда көп қызықты сәттер болады.

- Дайын өнім демекші, сол фильмдерде көрермен фильмді тамашалап қана қоймай, ондағы актердің рөлі мен оны ойнаудағы мәнеріне де мән береді. Әрі көрерменді алдау мүмкін емес. Келісесіз бе?

- Иә, көрерменді алдай алмайсың. Көрермен аты айтып тұрғандай, бәрін көреді. Ол - сыншы. Баға беретін де солар. Мысалы, мен де көрерменмін. Басқа актерлерді, басқа киноларды көріп, «қап, мына жерін былай ойнаса болатын еді», «мына жерге басқа актерді алмады ма?!», «сценарийі қалай жазылған?!» деп  оның бәріне мен де өзім сыншымын. Мен де көрерменнің бірімін. Сондықтан бізді де сынайтындар көп қой. Оларды алдау мүмкін емес. Әрқашанда шынайылық керек.  

- Сізді де көпшілік шынайы қазақи болмыстағы актер деп біледі. Экранның арғы жағынан нұр шашатын бір қасиетіңіз бар. Өмірде де сондай адамсыз ба? Ашулансаңыз, ашуыңыз тез тарқай ма?  

- Мен кинода қандай болсам, өмірде де сондаймын десем болады. Алшақтық жоқ. Маған сондай рөлдер береді. Пенде болған соң, кейде ашуланасың, әрине, бірақ мен тез ашуланамын да, ашуым тез тарқап кетеді. Ары кетсе, 15 минут ашуланатын шығармын. Ал жөнсіз ашуға берілмеймін.  

- Көрермен биыл Өзіңізді тағы қандай фильмдерде тамашалай алады? Ондағы рөлдер мен фильмдердің қысқаша мазмұнымен бөлісеңіз...

- Карантин бітсе, келесі жылы қыста - қаңтар-ақпан айында көрсете ме, білмедім, «Күшік құда» деген полный метрге түстім. Ол енді бір жақсы кино болады-ау деп отырмын. Жан Байжанбаев, Баян Алагөзова шала қазақ байлар болып ойнайды да, біз ауылдағы қарапайым кедей адамдар болып ойнаймыз. Бір сөзбен айтқанда, бай мен кедейдің құдалығы ғой. Фильм комедиялық жанрда. Артық сөзі жоқ, әзілі көп, оқиғасы көп туынды. Көрермендерге 99 пайыз ұнайды деп уәде беремін. Соңғы жаңалық болады-ау деген кинотеатрдағы киноның бірі болуы керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы