Размер шрифта:

Цветовая схема:

18 наурыз, 2021297

«Құдалар»: біздің қоғам туралы шынайы комедия

 Қазіргі таңда комедия жанрының өркендеген кезінде Нұртас Адамбаев түсірген «Құдалар» туындысы көрермен назарын қандай жаңашылдықпен таңғалдыра алады? Қазақ қоғамының салт- дәстүр мен туыстық қарым- қатынас, «ұят» сынды сөздердің түпкі мағынасы, екі отбасы арасындағы әртүрлі дүниетаным мен стереотиптер екі жастың махаббатына өз әсерін тигізіп, кедергі бола ала ма? Кино қызықтары туралы көбірек білу мақсатында «Құдалар» картинасының ерекшелігін бірге анықтайық.

Қазақстан кино бизнесінің ерекше талантты әрі дарынды продюсері, режиссері Нұртас Адамбаевтың кезекті комедиясы автордың өзіндік стилімен бірден көзге түсіп, ерекшеленеді. Нұртас Адамбаевтың «Құдалар» туындысында да автордың қалыптасқан  қолтаңбасы, комедия жанрының баяндалу мәнері, өзіндік көзқарасы айқын байқалады. Туындының режиссері, сценаристі, продюсері болған Нұртас Адамбаев өз ісінің талантты шебері. Ол еліміздегі өзінің  «Келинка Сабина», «Тараз», «Свадьба на троих» сияқты картиналарымен танымал киногер. Әр шығармашылығында өз стилімен ерекшеленетін оператор Азамат Дулатовтың керемет жұмысы айқын көрінеді. Оның «Лифт», «Жаным, ты не поверишь» , «Келинка Сабина» сияқты туындыларда операторлық дарынды шығармашылығы айқындалған болатын. 2018 жылы жарыққа шыққан комедияның басты рөлдерін Нұртас Адамбай, Жан Ізбасаров, Дархан Дайырбек, Динара Бақтыбаева , Райхан Қалиолдина сияқты актерлер сомдаған. Басты рөлді сомдаушы Динара Бақтыбаева өзінің «Черный,черный человек», «Ласковое безразличие мира» сияқты картиналарымен танымал киноактриса.  

           Картинаның сюжетіне келетін болсақ, оқиға бір-бірін сүйетін Диана және Данияр туралы болмақ. Олар үйленуге бел буған. Бірақ олардың ата-аналары, дәлірек айтсақ, аналары осы жаңалыққа қуанышты болмайды. Диананың анасы Жаннет мұндай асығыс және күтпеген шешімге үзілді-кесілді қарсы болады. Өз кезегінде күйеу жігіттің анасы Райхан да ұлынның таңдауына риза болмайды. Бірақ жастар өз шешіміне берік болады. Ата-аналардың құдалықты және тағы басқа да қазақи салт дәстүрлерді өткізуден басқа шарасы қалмайды.  Осылайша, үйдің үлкендері тойға дайындықты бастайды. Бәрі өз жөніне түсіп, жоспарланған той күнін күту ғана қалады. Алайда, екі жастың аналары Жаннет пен Райхан балаларының сезімдері уақытша деген оймен, оларды бір-бірінен алыстатуды көздейді. Екі жақтың аналары көздеген  мақсаттарына жетіп, балаларының үйлену шешіміне әсер етеді.  Бір-бірінен көңілі қалып, екі жаққа кеткен Диана мен Данияр ақыр соңында бұл тек ата-аналары үшін көрінген оң шешім, бірақ өздерінің нақты  қалауы емес екенін түсінеді. Балаларының шынайы махаббатына көз жеткізген екі жақтың құдалары жастарды қосуды көздейді.

    «Құдалар» комедиясы адамдардың бақытына, махаббатына кедергі болатын «адамдардың шексіз пікірі», ескірген өмір тұжырымдамасының қашан да дәл дұрыс бола бермейтіндігінің дәлелі бола білді. Жастардың махаббатын көбінесе ұмытып, екі отбасының әр түрлі дүниеге көзқарасы және ұстанымы өздерінің өміріне әсер етеді. «Ұят» мәселесі тікелей адамның киіну, оның қызығушылықтары, өмірге деген көзқарасын қозғайды. «Құдалар» туындысының түпкі мағынасы да - адамдардың әртүрлі болғанына қарамастан, оларды біріктіре алатын өмірдің ең басты мәні- махаббат екенін жеткізу. Туынды кейіпкерлерінің дүниетанымы, өмірге деген көзқарастары әр түрлі болғанына қарамастан, бастысы балаларының арасындағы бақыт пен махаббат екенін түсінеді. Кино желісінде адамдардың қаншалықты әр түрлі болуы махаббатқа кедергі еместігі айқын баяндалады. Туындыда  ата аналарының балаларға деген сүйіспеншілігі олардың бақытты болуына кедергі болмау керек деген тақырыптарды қозғайды. Мағынасы өте терең комедия жанрында түсірілген кино ауыл адамдары мен қала адамдарының өмірге деген әр түрлі көзқарастары туралы баяндайды.  Бірақ, адамдардың дүниетанымы бір-біріне қарама-қайшы болуы, олардың махаббатқа деген көзқарасын өзгерте алмайды. Өйткені әлемдегі бәрімізге ортақ бір тіл - ол «махаббат» екені құпия емес!                                                           

   Жеңіл әрі көтеріңкі көңіл – күй сыйлай алатын кинофильм үлгісін көргіңіз келсе, «Құдалар» отбасылық комедиясы тамаша әсер бере алатынына күмәніңіз болмасын. Фильмнің көңілді әрі күлкілі сәттерінің арқасында, өте мейірімді, тағылымды бала мен ата-ана арасындағы махаббат жайлы оқиға көптің көңілінен шыға алады деген сенімдеміз!

Поделиться
Для корректного отображения страницы пожалуйста отключите блокировщик рекламы